ҰЛТТЫ СҮЮДІҢ ҮЛГІСІ
15.12.2025
47
0

әріптесіміз, академик Зиябек Ермұханұлы Қабылдинов туралы

Жалпы, мен ұзақ жылғы өмір тәжірибемді таразыға салып қарасам, ұлтқа қызмет ету, өз жұртыңды жаныңдай жақсы көру, оның дамуына аз да болса үлес қосуға ұмтылу адамның қай жерде туып, қай жерде өскеніне қатысты емес сияқты көрінеді. Ол жеке тұлғаның алған тәрбиесіне, біліміне, ішкі мәдениетіне және бала кезден қанына сіңген қасиетіне байланысты-ау деген ой келеді.
Сол айтқандай, бүгінде Қазақ елінің тарихына, оның кемелденуіне, тарихтың ұлтымыздың, шын мәніндегі, шынайы жылнамасына айналуына өлшеусіз үлес қосып жүрген ғалым, академиялық Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлт­тық Ғылым академиясының академигі Зиябек Ермұханұлы Қабылдиновты сондай жандардың бірі және бірегейі деуге әбден болады.
Зиябек Ермұханұлы 1965 жылы, 13 желтоқсанда Ресей Федерациясы, Омбы облысы, Таврия ауданы, Байдалы ауылында дүниеге келген. Ол басқа елде туып, басқа тілде білім алса да, оны қоршаған адамдардың көбі өз ұлтымыздың өкілдері болды. Олар бас қоса қалса, қазақ тілінде сөйлеп, қазақтың дәстүрлері барлық жерде салтанат құрып жататын. Бұл Зиябектің кішкентай күнінен санасына сіңіп, түбінде өз ұлтыма еңбек етсем деген үмітін үрлеп, арманына айналдырған сәттер еді.
Ол 1991 жылы Омбы мемлекеттік университетінің тарих факультетін, 2000 жылы Құқықтану және халық­аралық қатынастар институтын құқықтану мамандығы бойынша бітіріп шықты. Университетте оқып жүргенде университеттің тарихи және этнология экспедициясына қатынасып, Батыс қазақстандағы қазақтардың тарихы мен этнографиясы туралы көп материалдар жинақтады. Бұл жас ғалымға өзімнің туған халқымның өткені мен бүгінін әлі де болса тереңірек білсем деген ерекше ықыласын туғызды.
Ол сол жылдары Омбыдағы «Қайнар» қазақ қоғамының жұмысына белсене араласып, Омбы қазақтарының өз Отанымен байланысын нығайтуға, қазақ тілін үйренуге, мәдени-рухани байланыс орнатуға көп үлес қосты. Осы жерде мұғалім болып жұмыс істеп, оларды Қазақстанда болып жатқан барлық саяси, мәдени жаңалықтармен үнемі хабардар етіп отырды.
1996 жылдан бастап Зиябек Ермұханұлы қалай болғанда да Қазақстанға қоныс аударуға ден қойып, ол жақтағы тым жақсы жұмысын да, жайлы тұрмысын да өз еліне деген перзенттік парызға айырбастап, бір күнде көшіп кетті. Алғашқы кезде Павлодардағы С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университетте жұмыс істеп, өзінің іскерлігімен, білімдарлығымен, ізденгіштігімен көзге түсті. Көп кешікпей осы университеттің Қазақстанның және дүниежүзінің ортағасырлық тарихы кафедрасының меңгерушісі дәрежесіне көтерілді. Бұл қазақ тарихына деген ерекше ықыласы ауған жас ғалымға даңғыл жол ашты, ол ғалымдар қауымына танымал бола бастады, өз жұртының керемет қолдауына ие болды.
Сондықтан да болар, Зиябек Ермұханұлын 2004 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық университетке жұмысқа шақырады. Алғашқы әзірде қызметін жай оқытушы болып бастаған ол, арада бір жыл өткенде осы университеттің тәрбие жұмысы жөніндегі проректор дәрежесіне көтерілді. Бұл жас ғалымға көрсетілген үлкен сенім еді.
Осы жылдың соңында университеттің «Еуразия» ғылыми-зерттеу орталығының директоры қызметіне тағайындалды. Жұмыстан қол үзбей жүріп, 1997 жылы кандидаттық диссертациясын қорғаса, бұдан кейін «Ресей аумағындағы Батыс Сібір қазақтары диаспорасының қалыптасуы» тақырыбында докторлық диссертациясын абыройлы қорғап шықты. Мұның өзі қазақ ғалымдарының ерекше қызығушылығын туғызды, себебі өзінің байырғы мекенінде тұрып жатқан қазақтардың тәуелсіз Қазақ елімен байланысы, болашақтағы даму тенденциясы бұрын көп жазыла да, айтыла да бермейтін тақырып болатын.
Зиябек Ермұханұлы жоғары оқу орындарында тек қана дәріс берумен шектелмеді, ол сабақ бере жүріп, 500- ден астам ғылыми мақалалар мен зерт­теулерін жарыққа шығарды. Мысалы, XVIII–XX ғасырлардағы Батыс-Сібір қазақтары, Абылай хан және Ресей, Қазақстан тарихы мен Астана тарихы, танымал тұлғалардың өмір тарихы жайлы монографияларды жазып шықты. Бұл қазақ тарихын әлдеқайда тереңірек тануға жол ашты. Сонымен бірге «Омбы қазақтары» энциоклопедиясын және «Атырау облысының тарихын» 3 том етіп шығарып, ол мыңдаған данамен оқырмандарға таратылды. Ол 2004 – 2025 жылдар аралығында 50-ден астам халықаралық, оның ішінде еуропалық одақ жобаларына қатысып, мектеп оқулықтарын қайта жазуға араласты. Сондай-ақ «Ежелгі дәуірден бүгінгі Қазақстанға дейін» деген тақырыптағы академиялық 7 томдық тарихи іргелі еңбекке де Зиябек Ермұханұлы жетекшілік етіп отыр.
Ол 2021 жылдан бастап Саяси құрбандарды ақтау жөніндегі комиссия­ның жұмысына белсене араласып, тарихи әділеттіліктің орнауына өлшеусіз үлес қосты. Сонымен бірге ол өз тілін жетік меңгерумен қатар, ағылшын тілін де жақсы үйреніп, шетелдік ғалымдардың тарихи еңбектеріндегі жаңалықтарын аударып отырумен де айналысады. Мысалы, көптеген шетел жоғары оқу орындарында өткен ғылыми басқосуларға қатынасып, олардың озық үлгілерін отандық оқу орындарына енгізуге үнемі күш салып келеді. Ол жергілікті, республикалық, шетелдік баспасөзбен де тығыз байланыс орнатып, 400-ден астам мақалалар мен аудармалар, түрлі ғылыми пікірлер жариялаған. Телеарналармен де тұрақты байланыс орнатып, ғылымдағы, оның ішінде тарихтағы жаңалықтарды көзі қырағы көпшілікпен бөлісіп отырады. Мысалы, 2017–2025 жылдар аралығында 250-ге жуық архив, университеттер, ғылыми-зерттеу инистуттары мен шетелдік музейлермен ғылыми ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылған.
Зиябек Ермұханұлының осындай ұзақ жылғы ғылыми қызметі елеусіз де қалып жатқан жоқ. Ол талай рет өзі жұмыс істеген ортада үздік ғылыми қызметкер аталып, талай рет жоғары атақтарға, бағалы сыйлықтарға ие болды. Бірақ ол Қазақстан тарихының жоғын түгендеп, барын халықтың игі­лігіне айналдыру басты мақсатым деп біледі. Сол мақсат жолында ғылыми жұмыстармен айналысумен бірге, университеттерде дәріс береді, кездесулерге қатысады, басқосуларда баяндама жасайды, шетелдерге шығып, қазақ тарихына қатысты барлық мәліметтерді жинап, әріптестерімен бөліседі, әйтеуір қарап отыратын бір күні жоқ. Бұл – ғылымға берілген, соны өз ұлтын сүюдің өмірлік ұстанымына, азаматтық парызына айналдырған парасатты адамның ісі. Бүгінде 60 деген асқаралы жасқа енді толып жатқан әріптесіміздің алдағы қызметіне сәттілік, алға қойған мақсаттарының орындалуына шын жүректен тілекшіміз.

Ғабит КЕНЖЕБАЕВ,
академик,
Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық
университетінің тарих және құқық
факультетінің деканы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір