ҰЛТТЫ ЖОЮДЫҢ «ҰЛЫ ЖОСПАРЫ»
23.08.2023
381
1

Басқаны қайдам, әйтеуір біздің қазекең – жаңалыққа құмар халық. Әрине, адам-пендеге берілген «қамшының сабындай» келте ғұмырдың өзі таң атып, күн батқанша бір күннің ішінде бірде бетін, бірде сыртын беріп жеңілтек ұрғашыдай, он өзгеріп, қырық құбылып жатқанда, сол аумалы-төкпелі тіршілікке бейімделіп, замана көшіндегі жаңалық атаулыдан қалғысы келмейтін де шығар.

Бірақ ұзыннан-шұбақ сол замана керуенінің әр сәт сайын ана басында біртүрлі, мына басында бір түрлі жағдаяттар болып жататыны сияқты жаңалық атаулының жақсысы мен жаманын таңдап, талғап ала білу қажет екеніне тілі бір, діні бір түркітектес ағайындардың ішінде, әсіресе біздің қазекең көп мән бере қоймайды ма деп те қорқамыз. Тіпті, күні кешегі кеңес заманында ел басқарған басшылыққа да, қаратабан қосшы халыққа да сыйлы болған атақты бір жазушымыз бір сөзінде басты мақсаты қазақты христиандандыруға, яғни шоқындыруға ағартушы-педагогтық бетпердемен бетін бүркеп келген Алекторовты мақтап, «қазақ халқы Алекторовқа үлкен қарыздар» деп жазғаны бар. Ал қазақ даласында мектеп ашып, қазақ балаларының сауатын ашамыз деп келген сол Алекторов пен Ильминский қазақты ислам дінінен, бауырлас түркітілдес халықтардан алшақтатып орысқа жақындату үшін ол жұмысты әуелі қазақтардың қыз-келіншектері мен қатын-қалаштарына тән тәртіп-тәрбиесін бұзудан бастау керек, өйткені олардың әйел жыныстылары сөзге ергіш, жақсы жаман деп толғап, талғап жатпай жаңа бірнәрсе көрсе, соған еліктегіш, үгітке тез көнгіш келеді деген. Ақиқатын айтар болсақ, бұл екеуі де, өте білікті, адам жанын тез түсінетін педагог, психолог болған. Олар әуелі орыс-қазақ мектептерін, кейін қыз балаларға арналған мектептер ашты. Осы жерде мына бір жағдаятты айта кету керек. Әлгі ашылған мектептерде қазақ жастарына христиан дінін уағыздайтын кітаптардан дәрістер оқылып, оларды шоқындыру жұмысы ашықтан-ашық жүргізілетін болды. Күндердің күні болғанда оқушы қазақ балаларының асына шошқаның етін қосып беріп жүргені мәлім болып қалады. Сөйтіп, үлкен дау-жанжал болып, оның аяғы қантөгіске ұласады. Ақыры, қазақ балаларын христиандандырудың бұл сұрқия жоспары әшкере болғаннан кейін, мектептерде ислам дінінің негіздерін оқыту қайтадан қолға алынады. Жасыратыны жоқ ол кезде татарлар Қазан қаласы сияқты сәулетті астанасы бар, арабша да, орысша да сауатты отырықшы болды бізге қарағанда. Сөйтіп, бұл іс қазақ балаларына арнап ашылған мектептерде христиандандырудың тоқтатылуымен, татар мұғалімдерін алдырып, арабша және мұсылманшылық сауат ашуға бет бұрумен тәмамдалды.
Иә, Қазақты орыстандыру саясатын өте оңай жүзеге асыру үшін орыс билігі ең басты қару етіп екі тәсілді қолданды, яғни әуелі ислам дінінен айыру, екінші қазақтың қыз-келіншектерін әйел жыныстыға тән биязылықтан ұлттық ибалылықтан, ұлттық ізеттіліктен айыруды қатты қолға алды. Кейде басқаларды қорлық-зорлықпен уысында ұстап отыру, өздерін басқалардан артық санау – орыстардың қанында бар кесел емес пе екен деген де ойға кетесің. Қараңызшы, бұл сұрқиялықты орыстың біздер оқып өскен деабрист ақыны П.И.Пестель сияқты зиялысының өзі қатты қолдап, «Ресейдегі басқа халықтардан бір ғана халық жасауымыз керек. Ресейдегі халықтар түгелімен орысқа айналуы керек» деп жазыпты. («Русская правда». С-Петербург 77 бет. 1906 жыл).
Ал атақты профессор Н.П.Остроумов аты әйгілі психолог Ильмннскийдің ұсынысымен ұялмай-қызармай «Противомусульманское отделение» дегенді басқарған. И.Смирнов деген психолог ғалымның «Обрусение инородцев и задачи обрусительной политики» деген еңбегінен қазақты ұлт ретінде жоюдың басты құралы оны ислам дінінен айыру екенін анық аңғарамыз.
Әлгі Алекторов деген психолог-бәлекет қазақты шоқындыру, яғни ислам дінінен айырып, христиан қылудың ең оңай жолын олардың қыздары мен қатындарын орысша сөйлету, орысқа еліктету деген ұсынысымен бірге кедей, кембағал қазақтардың мұқтажына қарай шоқындыру оңай болады деген. Ол Омбыдағы оқу орындарындағы наразылық көрсеткен қазақ жастарын әскер күшімен басып-жаншуды ұсынады. Оны Омбы гимназиясының шәкірттері өлтірмек болғанда ол қашып құтылған. Қазақты қасиетті ислам дінінен айырмақ болып, сонша жанталасқан Алекторов бұл сұрқия саясат үшін мектептерді де пайдаланбақ болған. Оның 1892 жылы «Астраханский листокта (№207)» жариялаған «Что нужно для обрусения инородцев» «Задачи русской школы в инородческой орде» деген еңбектері бар. Мектепте оқып жатқан қазақ балаларының ауқатына шошқа етін қосып, пісіріп берген мұғалім (аты-жөні есімде жоқ) онысын біліп қалған қазақ жасөспірімдері өзін өлтірмек болғанын естіп қалып ол да қашып құтылған. Міне, осыдан кейін қазақ балаларына арнайы мектептер ашып, оған Қазан қаласынан татар, ноғай ұстаздарын алдырып, олардың мұсылманша сауаттарын ашатын сабақтар жүргізіліп, дәрістер оқыла бастады. Осы орыс шовинист миссионерлерінің қазақты исламнан айыру әрекеттерінің кейбір тәсілдерін қазір Қазақстанда қазақ атын жамылған тенгрист деп аталатындар ислам діні туралы неше түрлі өсек, өтіріктер, Құдайды, хадистерді бұрмалау арқылы жалғастырып жатқан тәрізді. Осы жерде кешегі КСРО көсемі В.И.Лениннің «Обрусевший инородец в большей степени шовинист, чем сами русские» дегені еріксіз есіңе түсе кетеді екен.
Ресей патша өкіметінің қазақты орыстандыру, ислам дінінен айыру саясатын қазақтың қыз-келіншектерінен бастау саясатын Кеңестер Одағы одан әрі патшалық Ресей кезіндегіден де әрі шебер, әрі өте қызу да қулық тәсілмен жалғастырды. Бұл сұрқиялық әуелі әйелдерге кеңес өкіметі сендерді еркектермен тең құқылы қылады, яғни тең праволы боласыңдар. Осы уақытқа шейін сендер өз үйлеріңде де, басқа көпшілік орындарда да ешқандай ерік, құқықсыз, не өз ойын, не пікірін айта алмайтын, еркектері не айтса соны орындауға міндетті жәй тірі қолданыс құралы сияқты болып келдіңдер. Сендердің бүкіл өмірлерің қорлықпен, зорлықпен өтіп келді. «Енді сендер ерлеріңнің айтқанына ғана көніп, айдағанымен жүретін малдық өмірден азатсыңдар. Бұрынғыдай еркектердің, ақсақалдардың алдында қорқасоқтап, тартыншақтап, именіп жүрмейтін өз еркі өзінде, ойына келгенін істеп, аузына келгенін ашық айтатын өзі қалаған еркектен өз бақытын, өз ләззатын табатын нағыз азат әйел боласыңдар» деп желіктіруден бастады. Бұрын ер азаматтар отанасы болған жарын қатын деп шақырса, кейін қатын сөзі ерсі сөздер санатына еніп, енді әйелім дейтін болды. Келе-келе әйелім деген сөздің өзі де қараңғылық, надандық мәдениетсіздік болып есептеліп, ер азамат қатынын жолдасым деуге көшті.
Бізде университетте ауыз әдебиетінен дәріс оқыған академик, Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин: «Айналайындар, әйел деп айтпаңдар, әйел деген ұят болады. Ата-бабаларымыз қатын деп сөйлеген. Қатын деген қазіргі қазақтар ойлағандай дөрекі сөз емес, қайта ол қадірлі сөз, ертеде патшайымдарды «қатын патша» деп атаған» дейтін еді. Сөйтіп, қатын деген атаудан әйел, одан кейін жолдас атанған, қазекем сыпайылап қана, «төмен етектілер» деп атайтын қатындар Кеңес өкіметінің қот-қоттауымен басындағы орамалын сыпырып тастап, шаштарын желбіретіп жалаңбас желкілдеп шыға келді. Бұрын ер адамның алдын кесіп өту жаман ырым, еркектің жолы болмауына әкеп соқтыруы ықтимал деп есептелгендіктен үлкендердің, жалпы ер адамның алдын кесіп өтпейтін мұсылман қазақ қатындары жиналып тұрған ақсақал, қарасақал ер-азаматтардың ортасын ешкімнен именбестен қақ жарып қайқаңдап өте шығатын болды. Оларға сендерді дін бұғауынан, дін қорлығынан құтқаруды кеңес өкіметі өзінің басты міндетінің бірі деп біледі деді. Жоғарыда айтқанымыздай бұл да – қазақтың төмен етектілерін яғни, әйел жыныстысын бейәдеп көргенсіздік жолға түсірумен бірге ислам дінінен бездірудің өте оңтайлы сылтауы болатын. Олай дейтініміз, жер бетіндегі басты-басты үш-төрт діннің ішінде әйелді ең жоғары деңгейде құрметтейтін дін – ислам діні. Бір ғана мысал, келтірейік: Қасиетті Құранда егер сені анаң мен әкең сонадай жерде тұрып бір мезетте екеуі бірдей қатар дауыстап шақырса, сен ең әуелі әкеңе емес, анаңа жүгіріп жет дейді. Ол аз болса, «Емшегінен ақ сүтін беріп, түн ұйқысын төрт бөліп өсірген анаңды Меккеге жаяу арқалап жеткізсең де анаңның алдындағы парызыңнан құтыла алар ма екенсің? Оны анаңның разылығы шешеді» дейді. Міне, бұдан мың жыл бұрынғы ата-бабаларымыздан бастағанда күні кешегі арманда кеткен Алаш арыстары тұтынған қасиетті дініміз әйелді осылай құрметтеген болса, Кеңес өкіметі қазақты жою жоспарына оның асыл тәрбие-тағылымының өзін солай бұрмалауды оның әйелдерін бұзуға пайдаланды. Сөйтіп, қазақ әйелдері ерінің, ата-енесінің бабын тауып, шаңырақ ұйытқысы болудан қала бастады. Арада айлар, жылдар өте келе қазақтың нағыз бала табатын жастағы келіншектері мен сақа әйелдері де бала тууды да көненің қалдығы, ескінің сарқыншағы деп білетін болды. Сонау Кеңес Одағы парша-парша болған 1990 жылдардың бас кезінде қазекемдер өзінің он миллион болғанын дүркіретіп тойлады. Сөйтіп, дүркіретіп жатып, бұл қалай өзі? Саны бірнеше ондаған, бірнеше жүздеген миллион болған халықтар бұған күледі-ау деген ой миымызға кіріп те шыққан жоқ. Ал сол кезде 16 миллионға толса да бізге ұқсап дүниені дүркіретіп той жасамай, үнсіз отырған көршілес өзбек халқы бүгінде 36 миллионнан асып кетті. Біз әлі 12-13 миллионнан сәл-ақ асыппыз.
Егер отанасы, яғни қатын ерін сыйлап, шаңырақ астында өзінің отағасы алдында табиғи инабаттылығын сақтамаса, ондай отбасынан саналы үлгілі, ел қамын, ұлт қамын ойлайтын, ақыл-есі түзу азамат өсіп шықпайды. Әйел ерімен тең праволы дегеннің аржағында уы мен зәһары тығылып тұратын кеңестік идеологияны миына құйып өскен қатын өзінің ожар, дөрекі қылығымен-ақ, ері « ә, десе, мә дейтін» көргенсіздігімен-ақ баласының алдында әкенің абырой, беделін жермен-жексен етеді. Ал әкесінен сәл де болса ықпай, әкенің сөзін қыңбай тым емін-еркін өскен бала сол отбасының, әрі-берідесін ұлттың келешегі бола алмайды, ондай ұрпақты – ұлттың жойылуының кезекті бір сатысы деуге толық негіз бар.
Өйткені, өзі ұлттық тәрбие көрмеген ұрпақ күні ертең әке болғанда өз ұрпағына қандай тәрбие беретінін айтпасаңыз да болады. Атам қазақ басқа көптеген шаруаға онша әтібірлі болмаса да, ұрпақ тәрбиесіне қатты көңіл бөлген. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер», «Әке тұрып ұл сөйлегеннен без, ана тұрып қыз сөйлегеннен без» деген екі ауыз сөзі арқылы-ақ өмірде еркек пен қатынның әрқайсысының алар өз орны болуы, ер бала қандай, қыз бала қандай болуы керектігін жеріне жеткізе айтып кеткен. Өзінің ұлттық дәстүрін, ислам дінін ұстанған қазақ патшалық Ресейдің Алекторов, Ильинскийдей миссионер-мұғалімдері мен Ресейлік-кеңестік идеологияда айтылғандай ешқашан әйел затын қорлап, малша ұстамаған. Керісінше, балаға «Жұмақ қайда десең, жұмақ анаң тұрған жерде, анаңның аяғының астында» деп үйреткен. Өмір, отбасылық тіршілік ең әуелі әйелге байланысты екенін айта келе «жақсы әйел жаман еркектің басын төрге сүйрейді, жаман әйел жақсы еркектің басын көрге сүйрейді» деп маңызы зор әулиелік тұжырым айтқан.
Иә, заман өзгерсе қоғам өзгереді, тұрмыс өзгереді. Қоғам мен тұрмыс өзгергесін адамзаттың мінез-құлқы, дүниетанымы, осынау жалған дүниеге деген жалпы көзқарасы өзгереді. Кейбір бүгінгінің қатындары ер мен қатынның өмірдегі орны туралы айта қалсаң, «Қазір заман басқа, күнкөріс қиын» дейтін болды. Бұл – жәй сылтау ғана. Қазақ әйелдері қазақтың басына, түскен небір зобалаң мен зұлматты шақтарда да Құдай қосқан қосағының жанына демеу болып, жарының ең жақын жанашыры болған.
Егер қазақ ұлтын құртудың, жоюдың патша заманында басталған «ұлы жоспарын» Кеңес өкіметі одан да қызу жүргізді десек, сол кеңестік сайқал саясаттың жемісті жүзеге асуына күні кешеге шейін өзіміз пір тұтып ұлы жазушы, кемеңгер жазушы деп келген ағаларымыз бен әкелеріміз «орасан зор үлес қосты». Мұндайда біз кінәні тек Б.Майлиннің «Раушан коммунисіне» ғана арта саламыз. Жасыратыны жоқ, біздің әлем таныған, қазақты әлемге танытқан корифейлеріміздің күні кешеге шейінгі дүниеге әкелген атақты шығармаларындағы қазақ қатындарын – әйел жынысты дегеннен гөрі еркекті «беттен алып, төске шауып» еркекке де, үлкен-кішіге де есесін жібермеуге, қарсы келген дұшпанға қарай қасқая шабатын нағыз қаһармандар деуге лайық. Енді біреулері түнімен басқа жақта, басқа еркекпен түнеп келіп, өзіне сұраулы жүзбен қараған еріне «Қайдан келгенімде нең бар? Білгенімді істеп келдім, не істейсің, ал маған» деп онан сайын жер қылады. Енді бір атағы дардай кітапта ері соғысқа кеткен қатын кішкентай сәбиін қарт ата-анасының үйіне апарып тастап, тоқалдыққа екінші біреудің үйіне өз аяғымен барып кіріп алады. Қазіргі қазақ сериалдарындағы қазақ қыздары мен қатын-қалаштарының «тең праволығындағы» ұлтымызға жат, жалпы әйел затына жат қылықтарын көріп отырып, әйел жынысты атаулыдан түгел безіп кеткің келеді. Ал мектептерде жас ұрпаққа дәріс оқитын да, тағлым-тәрбие беретіндер де тек әйелдер ғана, балалар мектептерде тек әйелдерді ғана көреді. Әрине, біреулер бұған қарсы мұғалім еркек не әйел болғанында тұрған не бар, дұрыс тәрбие берсе болғаны емес пе деп дау айтуы әбден ықтимал. Бұл тек аңқаулық қана емес, бұлай деу үлкен кесір, кесапат. Неге десеңіз, тағы да айтайық ұрпақ ер адам тәрбиесі мен әйел адам тәрбиесін қатар көруі, керек десеңіз ер бала ерлердің, қыз бала тәрбиелі әйел жыныстылардың ортасында көбірек болғаны ләзім. Ал біздің бүгінгі мектептерде тек әйел мұғалімдер ғана басым екенін көріп отырғанда, мектептерімізді нағыз феминизациялау жүріп жатыр деуге әбден болады. Бұның түбі басқаны қайдам, азғантай ғана қазақ халқын жақсылыққа әкелмейді.
Осыдан 15 жыл бұрын жазғы демалыста Шалқар қаласына барғанда дастархан басында бұрын мұғалима болып зейнетке шыққан екі әйелдің әңгіме үстінде «қазір қыздар күйеуге тимейтін болды, күйеуге тисе бала тумайтын болды» деп қапаланып отырғанын тыңдадым. Біреулер бұның себебі тұрмыстың ауырлығынан дейді. Бұл ақиқаттан өте аулақ айтылған сөз. Неге дейсіз ғой?! Ау, біз әшейінде Қазақстанда халықтың жағдайы басқалармен, көршілес Өзбекстанмен салыстырғанда көп жоғары деңгейде деп күмп-күмп ететін едік қой. Ендеше, біз тұрмысы, ілім-білімі бізден төмен болса да, аузынан Алласын тастамайды деп мазақ қылатын өзбектер әлгінде айтқанымыздай сонша жылдың ішінде 16 миллиондай көбейіп, қазекем 2-3-ақ миллионға өскені несі? Ол былай еді, судың түбі лай еді деп жылпылдатпай-ақ расын айтқанда, оның басты себебі екеу-ақ. Біріншіден, өзбек халқы тәуелсіздік, яғни мұстақиллиқ алған сол 32 жыл ішінде дінін, тілін, салт-дәстүрін саф күйінде сақтауды әп дегеннен қолға алды, жолға қойды. Өзбектің «қотиилары аборт қылдырмайды, күйәуләрідән ажырашу деген һәм иоқ». Өйткені, олар дінді құрметтейді, Құдайдан қорқады, бала алдыру – адам өлтіруден өткен күнә, қылмыс екенін біледі. Ал қазақтың мини шорты киіп, емшегін ашып, кіндігін самал желге тосып жүретін қыздары күйеуге тиюге, тисе перзент сүюге «асықпайды». Ал әйел болғаннан кейін Құдай оңдап буаз бола қалса, баланы алдырып тастау қазекемнің қатындары үшін шашын қырқып, тырнағын алып тастаудан қиын емес. Ал ерімен ажырасуға көп сылтау іздеп те жатпайды.
Сонымен манадан бері оғыңды кезеп, тіліңді безеп, ойдан-қырдан уайым-қайғы атаулыны қалдырмай жинап-теріп не басыңа күн туып отыр дейтін шығарсың оптимист – оқырман?! Былай ғой: бір жыл емес, он жыл емес бірнеше ғасыр бойы өз жерінде, өз елінде мойнынан өзге бір үстем ұлттың қорлық қамыты түспей келген ұлт тәуелсіз, азат, еркін өмірді аңсағанда көңіл көкейінде ең алдымен ұлттық болмысым, тілім, дінім, салт-дәстүрім деген үш киемді пәкизат қалпына келтірсем, ең әуелі бір Жаратушы Иемізден кейін сол үшеуін пір тұтатын ұрпағымды өсірсем деген бір үрзада үмітін үздіге күтетіні ақиқат. Ұрпағының ұлттығы аман елді ешбір жат жұрт жоя алмайды. Ал ондай ұрпақ әкенің қанымен, ананың сүтімен келетіні тағы да ақиқат!
Адамзатты азғындатып жойып жіберудің алуан-алуан айла-шарғысы аспандап та, асқақтап та тұрған алмағайып мына заманда қазақ сияқты аз миллетті аман сақтаудың басты шартының бірі – әйел жыныстымыздың өзінің өмірдегі әйелдік орнын, әйелге тән инабаттылығын, ибалылығын, ізеттілігін, ұлттық салт-дәстүрін, тілін дінін сақтап, құрмет тұтуына тікелей байланысты.

Мырзан-Қайғы

ПІКІРЛЕР1
Аноним 25.08.2023 | 10:03

Автордың біраз оқыған-тоқыған кісі екені байқалды. Бірақ ақыл айтуға әуес екен. Қателігі: 1. Мұның да: «орыстар» деп жалпылап жамандауы бар. Қай халықты, қай ұлтты болсын даттауға ешкімнің құқы жоқ! Оның жекелеген өкілдерінің қиястықтарын дәлелдеп айт, жаз, — еркің. Орыстың шовинистері болды, бүгін де бар. Ресеймен терезесі тең Украинаға басқыншылық шабуыл жасағандар — солар. Ал оларды жындандыруды бастаған — «орыстың ұлы патшасы» — 1-Петр. Оның Ресей тұрған құрлықты тездетіп орыстандыру туралы ресми жарлығы болды, сөзді содан бастауы керек еді. 2.Кеңес өкіметі «әйел теңдігі мәселесін» Қазақстанға ғана айтқан жоқ, Ресей бастаған одақтас республикалар үшін жалпылап және дұрыс айтты. Қазекем десек, қонышынан басқандары 2-3-4 қатын алды. Ешқайсысының еркінсіз, келісімінсіз. Ол кемсіту болмады ма? «Қатынның борышы — бала табу», «қатынның шашы ұзын, ақылы қысқа», «байтал шауып бәйге алмас», «қатын билеген үйде береке болмайды», «қатын ашуланса, қазан қайнатар» дегендей «қағида» аз болды ма? Олдай рухани езгі басқа республикалардың біразында болды. Кеңес өкіметі соны тиды. 3.Кеңес өкіметін жамандауды ғана білетіндер бар. Ол өкімет орнамаса, біз де петр-романовтарға жем болып, солтүстітіктегі , Қиыр Шығыстағы халықтарша шоқындырылып, аты-жөнімізден, дінімізден, тілімізден айырылар едік. Ал бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның кешегі кеңестік республикадан «Әп, бәрекелді!» дегізген артықшылың не? Назарбаевтардың 30 жыл бойы тонауына ұшырап, бай, кедей болғанымыз ба? Тегін білім алудан, тегін емделуден айырылғанымыз ба? «Арзандады» деген сөзді ұмытып, үнемі қымбаттаушылық қамытын киіп жүргеніміз бе? Жұмыссыздықтың пайда болғаны ма? Назарбаевтың шешімімен орыс тілінің дәрежесі көтеріліп, мемлекеттік қазақ тілінің «жыры» айтылып жүргені ме? Рахым Әбен.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір