ТҰНЫҚ ТАЛҒАМНЫҢ ҮЛГІСІ
Қазақ әдебиетінің классигі Қуандық Шаңғытбаевтың туғанына 21 наурызда 100 жыл толды. Қуан аға көзі тірісінде, әсіресе сауық-сайранға қуаты жетіп тұрған уақыттарда, айталық, 60–70 жылдары Ақтөбеге көп келіп жарытқан жоқ. Жалпы, тек бір Қуан аға ғана емес, сол кездерде Ақтөбе өңірінен шыққан ақын-жазушылар туған өңіріне еркелей алмады. Оның себебі, сірә, сол кезде облыс тізгінін ұстағандардың бірыңғай өзге ұлт өкілдерінен болғанынан шығар. Олар қазақтың өлеңін қайтсін, қазақ ақынының (классик болса да) оларға қажеті бар ма еді?!
Қосымша дерек ретінде айта кетсек, бала шағында да Қуан ағаны Ақтөбе басынан сипаған емес-ті. 1937 жылы әкесі Төлеген «халық жауы» ретінде он жылға айдалып кетті. Ал Төлегеннің ағасы Жоныс пен Қуандықтың өз нағашы ағасы Сауда атылып кетті. Әуелден бақ дарыған бұл отбасын біржола тұқыртуды ойлағандардың қолшоқпарлары бала Қуандықты пионер қатарынан шығарып жібереді. Ақынның өмірдерегінде алғашқы қаламақысын Қуандық әкесіне жасырын түрде, қазыға тығып жіберетіні де айтылады. Қалай болғанда да, жас баланың алдынан кедергілер шығады да отырады. Сөйткен Ақтөбенің есейіп, ержеткен ақынға да кейін бауыры елжірей қоймайды.
Бұл жағдайларды ол кезде біз білмейміз. Ақындарды маңдайына шаң тимейтін қадірлі тұлғалар деп есептейміз. Жерлес ағаларымызды Ақтөбеден көргіміз келеді. Бір қызығы, сол шақтарда Сырағаңның (Сырбай Мәуленовтің) немесе Ғафаңның (Ғафу Қайырбековтің) Қостанайға, Торғайға арнаған жол сапар топтама өлеңдері газет-журналдарда үнемі жарияланып жататын. Сондайда көңілімізді «осы кісілер секілді Қуан аға да неге келіп-кетіп жүрмейді екен», «неге туған жер туралы топтамаларын бұрқыратып жарияламайды екен» деген тәрізді жасқаншақ ойлар түртпектеп қалатын.
Әйтпесе Ақтөбені Қуандық Шаңғытбаевтың жатсынатын реті жоқ-ты. Жоғарыда айталғандай шытырман оқиғалар болмаса, осы өлкеде, Қарабұтақ аймағында туып-өскенін былай қойғанда, жілігі толып, жігіт болған соң да, осы облыста қызмет атқарғаны бар еді ғой.
Бұл енді ұзақ әңгіме. Біз қысқартып айтып өтуге тырысалық.
1945 жылы Қуан ағаның «Ар» деп аталатын алғашқы жинағы жарық көрді. Алғы сөзін сол кезде «Абай жолын» шығара бастаған Мұхтар Әуезов жазды. Қуанарлық-ақ оқиға ғой. Бірақ олай болмады. «Арды» қазақтың бірқатар ақын-жазушылары араша талады. «Ұлтшылдықтың сарыны бар» деді, «ескіні көксей береді» деді, «айтпақ ойын күңгірттейді» деді, не керек, шағын кітапшаның жер-жебіріне жетті. Сірә, жиырма жасқа да толық толып үлгермеген талантты ақынды әйгілі жазушының (Мұхтар Әуезовтің) мақтағаны тобан аяқ торшолақтардың жүйкесіне тисе керек. Бәлкім, Мұқаңның өзіне тура шабуға шамасы жетпейтін болған соң осы жас ақынды жоққа шығару арқылы үлкен қаламгерге де жанамалай тіс батырғысы келген болар. Сол «сыншылардың» қатарында кейін қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің санатына енген ағалар да болды.
Біз оларды санамалап жатпаймыз. Себебі көзі тірісінде, айталық, мерейтойлық сұхбаттары кезінде, яғни «барлық гүлдер ашылсын, барық бұлбұл сайрасын» дейтіндей жариялылық кезінде де бұл туралы Қуан аға ештеңе айтпай кетті, ештеңе жазбай кетті. Жазғаны бір-ақ нәрсе: кезінде, еліміз тәуелсіздік алған соң республикалық бас газетіміз «Егеменді Қазақстан» атанды да, Қуан аға қазақ тілінің ережелеріне бағынғанда бұл дұрыс болмайтынын, газет «Егеменді…» емес, «Егемен Қазақстан» деп аталуы керегі жөнінде дабыл көтерді. Солай болды да, қате түзетілді. Сонымен, Қуан аға да тынышталды.
Ал ақынның 1944–1955 жылдары, яғни он жылға таяу уақыт бойы Ақтөбеде жүруінің себебін де ашып айту қиын. Бәлкім, әлгі арадай талаған айтқыштардың ашуы басылсын деді ме екен, әлде басқалай себептер болды ма, әйтеуір, туған өңірін саялап жүрді. Дегенмен аса білімдар адам кімге керек емес. Керек. Қуан аға сол жылдары облыстық орыстілді газетте («Актюбинская правда» деп аталған болуы керек) бөлім меңгерушісі болды, Ақтөбе педагогикалық институтында кафедра басқарды. Не керек, астанада жүрмеді демесеңіз, Ақтөбеде Қуан аға абыройсыз болмады.
Ал өлеңге келсек… Алғашқы жинақтың соншама қатал сынға (сынға емес-ау, қатал үкімге) ұшырауы, Қуан ағаның санасын сансыратқан тәрізді. Әйтеуір, араға тек ширек ғасырдай уақыт салып (1968) «Аққу әні», отыз жылдай уақыттан соң «Арма, республикам!» (1974) кітаптарын шығарды. «Аққу әні» жарыққа шыққан шақта Жұмекен Нәжімеденов былай деп жазыпты:
«Әрине, ширек ғасыр ішінде ақынның талай жинақ беретін мүмкіндігі бар еді. Мүмкіндік – мүмкіндігімен, ал талғамның аты – қашан да талғам ғой. Қуандық Шаңғытбаевтың: «Мен ақын емеспін ғой, мына сендер ғой ақын», — деген сөзін біз талай естідік. Бұл, әрине, сыпайылық. Оның үстіне, осы сөздерде ақынның өзіне қойған қатаң талабы да жатқанын біз енді аңғарғандаймыз».
Қалай болғанда да, осы жылдар ішінде ақынның соншама сараң жазуына, бейнелеп айтқанда, бесігінен белі шықпай жатып таланғанының да әсері болған шығар-ақ. Дегенмен бірден биікке шыққан сол алғашқы деңгейден төмендемеу керек дейтін мақсат та ақынды сабырлы болуға шақырып, дәмсіз шумақтар құраудан, көпірме ұраншылдыққа елігуден сақтап отырған шығар. Бәлкім, сол себепті анау алғашқы жинақтағы:
…Ұшқын ұшып жанарыңнан,
Жан шыдатпай шалқиды.
Самал есіп сағағыңнан,
Иісің жұпар аңқиды.
Кербез, кемел сауалыңнан,
Күдік оты шарпиды.
Кесір, кердең жауабыңнан
Күйге түстім әрқилы, —
деген тәрізді дәмді шумақтарымен оқырманды әу баста мықтап үміттендіріп тастаған жас ақын енді қайтіп екінің бірі қайталай беретін, ешкімнің де көңілін бүлк еткізбейтін үйреншікті тіркестерден бойын аулақ ұстаған сияқты.
Ал бұлайша сырбаз жазудың бір себебі осыған дейінгі қазақ әдеби мектебінің сол кезде уылжи піскен жемісі демеске амалымыз да жоқ. 1937 жылдың о жақ, бұ жағындағы жаппай саяси қуғын-сүргінге дейін, мысалы, орыс символистерінен үлгі алған Мағжанның немесе Бернияздың өлеңдері тұрақты жарияланып тұрды ғой, кітаптары да шықты. Қуандық Шаңғытбаевтың жадында, сірә, солардың жаңғырығы сақталып қалған болуы керек. (Кейін, бертінде ағамыз «Мағжанның жаза алмай кеткен өлеңдері» дейтін топтама жазды). Ал ол кезде, «Түркістан — екі дүние есігі ғой, Түркістан— ер түріктің бесігі ғой» деп жырлай алмады. Дегенмен 18 жастағы балаң жігіттің Алматы–Мәскеу поезында келе жатып жазған «Дала» дейтін өлеңі сондай бағзы жырлардың бодауы болды:
Дала, дала, ұшан дала,
Мен далада келемін.
Алсам, әттең, құшағыма,
Қысып байтақ көлемін.
Бұлты көшіп, самалы есіп,
Тұр ғой толқып тамаша.
Боз көдесін келем кешіп,
Гүлін терем балаша.
Дала менің есі-дертім,
Көрсем көңіл жадырар.
Сүйем оның азат көркін,
Менде дала жаны бар.
Сол даланың сызы еді ғой,
Арқам алғаш тигені.
Сол даланың қызы еді ғой,
Жүрек алғаш сүйгені.
Дала, дала, ұшан дала,
Мен далада келемін.
Алсам, әттең, құшағыма,
Қысып байтақ көлемін.
1940 жылдардың өресінде толық социализм орнатуды мақсат еткен Қазақстанда да поэзия тым қарабайырланып кеткен еді. Бесжылдық міндеттер, колхоз құрылысы, еңбек майданында Алексей Стаханов, Паша Ангелина тәрізді жаңа рекордтарға жету, өндірісті өркендету тәрізді науқандарға ақын-жазушыларды жұмылдыру күш алған кезде өлеңнің сапасына емес, әуелі санына, олардың социалистік қоғамның мүддесіне қайтіп атсалысып жатқанына мән берілген кезең еді бұл. «Мен, мен едім, мен едім, Мен Нарынның бойында еңіреп жүрген ер едім» деген сияқты асқақ шумақтар құрастыру қаншалықты қауіп екенін қаламгерлер түсініп қалған-тұғын. Ал Мағжанның немесе Бернияздың ізімен сұлу жырлар жазудан ақындар кәдімгідей қашқақтап қалған. Жалғыз үлгі В.Маяковскийдің саясат араласқан ұраншыл жырлары болды. Жүрек байғұс ынты-шынтымен кіріспегесін өлең де жұп-жұмыр болып тумайтыны белгілі ғой. Абайдың өзін әрі итеріп, бері жыққан тұрпайы сын-ескертулер қазақ поэзиясын сол шақта кәдімгідей кібіртіктетіп тастап еді. Кібіртіктемеген аз ғана ақындардың бірі Қуандық Шаңғытбаев еді.
Әлгінде өзіміз мысалға алған 18 жаста жазған өлеңінің әуезін Қуан аға кейін еш бұзған жоқ. Тың тақырып қуып елеуремеді. Тіпті таныс тақырыптың өзін қағазға түсірерде әбден егеп-екшеумен болды. Номенклатуралық қызметтерге өліп-өшпеді. Билік басындағы әлдекімдерге өлең арнап елпілдемеді. Сонда бұл кісі не істеді? Оны өзі, өлең арқылы мәдениетті түрде айтып берді.
…Ойнаған жоқпын мен бірақ,
Өлеңмен оңай сайқалдай.
Сондықтан кейде солбырап,
Тасада қалдым байқалмай.
Түн болып бірақ тұндым мен,
Күзеттім бала ұйқысын.
Күн болып жалқын ұрдым мен,
Қыздырып қыздар күлкісін.
Асқардан аунап құладым,
Бұлақ та болып бұрқадым.
Құладын ұшқан құба құм,
Далада жыр боп шырқадым.
Қазбауыр бұлттай қалықтап,
Ыңырана шөктім шөлдерге.
Сұңқар боп ұштым шалықтап,
Шадыман және шерменде.
Нұр қағып күннің көзінен,
Жұлдызды жұлқып үздім мен.
Қазақтың гауһар сөзінен,
Өлеңнің зерін ыздым мен…
Расында да, Қуан аға шамамен осылай ғұмыр кешті. Барша пендені айналшықтап жүретін тұрмыстық проблемалар, әрине, Қуан ағаны да жайына қалдырған жоқ. Бірақ ақын әуелі өлеңге, қазақтың қара сөзіне адал болды. Бертінде жазған «Ана тілі» дейтін өлеңінде: «Қазақ үшін бақыттың бәрісің сен» дейтіні бар. Басқаларды кім білген, тап осылай айтуға Қуан ағаның толық құқы болды ғой деп ойлаймыз. Ағамыз осы бақытты үркітіп алмауды әу бастан өзіне парыз санады.
Өзінен кейінгі әр буындағы ақын інілерін де сырттай осыған баулыды.
Жұматай Жақыпбаев, Нармахан Бегалиев, Кеңшілік Мырзабеков, Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғай, Есенғали Раушанов, Шәкизада Әбдікәрімов, өзі алғашқы кітабына алғы сөз жазған Ұлықбек Есдәулетов сияқты толып жатқан көрнекті қалам иелері сөзге адалдықты ең бірінші осы Қуан ағадан үйренген сияқты болып елестейді де тұрады.
Бұлай дейтін тағы бір себебіміз, осы ақындардың әрқайсысы қазақ поэзиясына жақсы өлеңдер ғана емес, жаңа сөздер, жаңа тіркестер де енгізіп отырды. Қуан ағаны алайықшы. Ол қазақ тіліне сахи, шәрбат, жонас, қарқалләзи, мүбәдә, илһам, тарлауыт, тақыс, гүлтәж, аңаза, қарқалләзи, саф, шифа, ғадауат, ілфат, шайыр, шүлен, шүкірәна, зүмрат, тамам, хайыр т.б. қаншама сөздер қосты. Нармаханның немесе Шәкизаданың өлеңдерінен әуелгіден құлағымыз үйрене қоймаған осындай жаңа сөздер көріп қалсақ, еске еріксіз Қуан аға түсе кетеді. Кез келген тіл үздіксіз дамып отыратыны қандай заңдылық болса, оны әр заман ақындары әрқалай дамытып отыратыны да сондай заңдылық. Ал бұндай заңдылықты қазақ поэзиясына енгізіп жіберген, біздіңше, Қуан аға секілді.
Өйткені бұндай жаңалықтар әркімдерде де кездесуі мүмкін болғанымен, ол Қуандық Шаңғытбаев тәрізді классик ақынның қаламынан туған соң жалпы жұртқа тез таралады. Әрі-беріден соң сол сөздердің түп-төркінін табуға тырысасың.
Осы ойымызды түйіндей түссек, Нармахан Бегалиевтің өлеңдерінен мейрамкөз, тазагер, меңзелдес, сәулеңке, көзсұрақ, сылқымсоқ, мұқылыс, гүлнәзік, кеуім, бейсәрі, әсемсал, қиракезік, тұқырылған, дүмбілденген, зеккісіз, дәмегей, демеугөй, күмілжім, бейтойымдық, жермешел, күйзеу, жылтыңшыл, желпең, аңырт деген тәрізді бұрын-соңды ести де, оқи да қоймаған жаңа сөздерге кезігіп, мейірленіп қалғанымыз бар. Демек, Қуан ағаның мектебіндегі сабақ үзілмейді екен. Жаһандану дегенді тек саудадағы алыс-беріспен шектеу дұрыс еместігін, алыс-беріс тіл қатынасын да айналып өтпейтінін осы мысал да дәлелдей түседі.
Енді осыған ұқсас тағы бір ойымызды сабақтап көрейік.
Қазақтың сөз зергерлерінің бірі Тәкен Әлімқұлов ертеректе, әдеби жыл қорытындысында 1976 жылы шыққан кітаптарға шолу жасағаны бар. Сонда Тәкен аға былай дейді:
«…Қуандық Шаңғытбаевтың «Лирика» аталатын біртомдығы. Бұл, негізінен, үш кітаптың — «Ардың», «Аққу әнінің», «Арма, республикамның» басын құрайды. Екінші сөзбен айтқанда, ақынның көп жылдар бойында жинап-тергені бірігіп, автор туралы толық мәлімет береді. Томдықтың тарихы осындай болғандықтан, онда республика өмірінің кезеңдері көрініс табуы табиғи. Осының ішінде маған ұнайтыны — дөңгеленіп келген пішімді өлеңдер. Қуандық «Қыз қуу» дейтін өлеңінде халық ойынына сәулет бітіріп, жырға айналдырады.
Төрт өрме қамшы сарт етті,
Арғымақ атқып жұлқынды.
Жанары қыздың жалт етті,
Жарысып желмен ұмтылды.
Жігіт те шықты сыдырып,
Орамал таңып басына.
Жұмылған бейне жұдырық,
Жабысып ердің қасына.
Топылдап тиген тұяқтан,
Тозаңы жердің өрілді.
Дүйім ел тұрып бұл жақтан,
Күледі гулеп көңілді.
Сырбай-ау, әне, қарап бақ:
Қуалай өрлеп даланы,
Айтылмай жүрген махаббат
Құйын боп ағып барады.
Осынау шағын өлеңнің жұрттың аузына іліну себебі неде? Суреттің тұтастығында! Осы өлеңге «халық ойыны ғажап қой» деген тәрізді бір жол қоссаң шығарманың шырқы бұзылар еді. Ақын оған бармайды…»
Осылай дей келе Т.Әлімқұлов ақынның тағы бір шумағын сөз етеді:
«…Екінші бір өлеңінде өзі туралы былайша тебіренеді:
Қанатын сермеп тілсізге,
Кетер-ақ талай жыл құсы.
Секундтар егеп жастықтың,
Мүжілер әлі-ақ тұрғысы.
Таусылар ойдың мұхиты,
Кібіртең тартар, қақ болар;
Топшысы тозып көп арман,
Қызық пен қиқу сап болар.
Бұнда өзін асыру да, кеміту де жоқ, ақын қиялының елесі бар. Жалпы, өзі туралы жазғанда ақын шыншылдығымен ұтпақ. Жұртты таңғалдырамын деуден еш нәрсе өнбек емес. Қайта кішіпейілділік жарасып тұрмақ. Оқушының ішін жылытып, сүйіспеншілік сезімін тудыратын да – осы қасиет…»
Ал ақынның аудармашылығына тоқталсақ, бұл – тіпті бөлек әңгіме.
Өз жазғанынан өзі қате тауып, арада пәленбай уақыт өткен соң қайтадан қырып-жонудың азабын (бәлкім, рақатын) көргендердің бірі – Әбдіжәміл Нұрпейісов секілді осы Қуан аға еді. Орыс өмірінің энциклопедиясына баланатын, А.С.Пушкин жазған «Евгений Онегин» өлең-романын аударуды творчестволық биік белесінің бірі ретінде есептеген Қуан аға ілкі кезде жасаған аудармасына бертінде, қаламгерлігі әбден толысқан шақта қайта оралып, жас шағында жасаған дүниесіне енді байыптылықпен үңіліп, өзі тапқан кем-кетіктерін қайта жөндеді. Соның арқасында «Евгений Онегин» қазақтың төл туындысындай жарқырады.
Ал Омар Хайям ше? Шығармалары Орталық Азияның ғана емес, бүкіл Шығыстың, одан да дәлірек айтсақ, күллі адамзаттың алтын қазынасына айналған шайырды Қуан аға сөзбен емес, ішкі қазақы жан дүниесінің сезім-тынысымен аударғаны көрініп тұрады. Мысалы, мына шумақты кім аударма деп ойлайды, әуелден жалпақ далада өсіп келе жатқан байырғы қазақтың аузынан төгілген жолдар секілді:
Өлімді неден қорқып жатсынамын?
Білемін, о дүниенің жақсырағын.
Құдайдың аманатқа берген жанын,
Өзіне, мерзім жетсе, тапсырамын.
Бұл тізімге сексенінші жылдардың басында жеке кітап болып шыққан Роберт Бернс өлеңдерінің аудармаларын да қосқан мақұл болар еді. Жылтыр мұқабамен, дәл сондай парақтармен басылған бұл кітап бірден-ақ сол заманғы оқырманның кітапханасынан берік орын алды. Өлеңдері ирония, сарказм, лиризм, юмормен әдіптелетін осы бір ер көңілді шотланд ақынының жазғандарын аудару өзі де сондай ер мінезді Қуан ағаға бұйыруы тағдырдың алабөтен сыйы секілді болды.
Мейлі, осы аудармаларды зерделеңіз, мейлі, төл шығармаларын оқыңыз, ақынның көкірегінен ұшып шыққан қай шумақ та әлжуазданып көрген емес. Әр сөз, әр тармақ хас зергердің қолынан шыққан бұйымдардай көз тартып тұрады, көңілдердің тоңын жібітеді, қаймақ қатқан үнді шайындай мейірлендіреді. Жадағайланбайды, жалаң баяндалмайды.
Қуан ағаның қолынан шыққан табиғат көріністері мен пейзаждар, әдетте, тың теңеулер мен әсем эпитеттерге бай болады.
Жұпар мен сәуле аралас,
Көк думан келді оралып.
Зүмірат, зипа қарағаш,
Жайқалды торқа оранып, –
деген тәрізді ерніңе тисе балдай еритін жолдарды ақын өлеңдерінің қай-қайсысынан да табуға болады. Осы және осыған ұқсас шумақтарды оқығанда бұл басқаның емес, тек Қуан ағаның бояуы екенін бірден аңғарасыз. Теңіз түбінен інжу-маржан тауып алғандай масаттанасыз.
Сөйтіп, әуелде пионер қатарынан қуылған Қуандық Шаңғытбаев бертінде небір дүрбелеңдер басылған соң байсалды ақынға айналды. Жоғарыда біз атап өткен үш жинақтан соң дүниеге топырлап «Жыр жаһаны», «Гүлтолқын», «Саршатамыз», «Жыл құсы», «Махаббат пен ғадауат» атты лирикалық жинақтары шығып жатты. Пьесалары қойылып жатқаны өз алдына. Әуелден-ақ алып-ұшпалықпен қоңсы қонып көрмеген шайыр өзіне лайықты құрмет те көрді. Қазақстанның халық жазушысы атанды, аудармашылық қызметі үшін Халықаралық «Пушкин» сыйлығына ие болды. Ең алғашқы кітабында жазған:
Тәңірім сен! Жаббар, саған бағынам,
Жалбарынам, жалғыз саған жалынам.
Патша тәжі жолда жатса, қайрылмай,
Теуіп өтіп, тап алдыңа табынам.
Сен сау болсаң, сана, сабыр сарқылмас,
Әділетімнің толы арнасы тартылмас.
Қара дүние қаптап келсе, қаймықпан:
Ажал қаупі ар күшінен артылмас, –
деген сөзіне, ар алдында берген антына берік болды.
Ақынның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында жазған аз ғана сөзіміз осы болды. Нәрсіз көп сөзді талғамшыл қалам иесінің өзі де жақтырмайтынын ұмытпайық…
Бауыржан ҚҰРМАНҚҰЛОВ,
ақын, Қазақстан
Жазушылар одағының
Ақтөбе облысындағы өкілі