ҚАМҚОРЛЫҚТЫҢ ҚАЗАҚЫ ҮЛГІСІ
Әдетте «Отан – отбасынан басталады» деп жатамыз. Сол «отбасының» әлеуметтік жағдайы әр кезеңде әр түрлі болатынын, әрине, уақыт дәлелдейді. Кешегі ел аузында мадақталған қайсыбір тұлғаларымыз бүгін кәріліктің отына күйіп, суығына тоңып жатады. Қайсыбір тұстарда мұны табиғи заңдылық ретінде қабылдайтынымыз да рас. Қыздарын қияға ұшырып, ұлдарын ұяға қондырып жүрген кейбір қарттарымыз бен кейуаналарымыз күн өте келе жалғызіліктің зардабын шегетіні жасырын емес. Қиядағы қыз барған әулетінің түтінін түзу ұшыруға тырысып жүріп, бергі жаққа бұрылуға шамасы келмей қалады. Жер шалғайлығы кедергі келтіретіндері де бар. Ұядағы ұл тәңірдің татырарын күйттеп, отбасын асыраудың қамымен басқа облыс, аяқ талдырар аудандарда, тіпті, шет елдерде тірлік құрады. Қара шаңырақты күйттеп қалатындар ана-кейуаналар мен әке-қариялар. Жастары ұлғая келе аурушаңдыққа ұшыраған, міне, осы ардагерлер – аса құрметпен қарауды қажет ететіндер. Бұларға жылыұшырай сәлем берудің өзі жандарын марқайтады.
МЕЙІРІМДІ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ
Алматы қаласындағы №146 мектеп-лицейінің ұстаздары мен оқушылары еліне, халқына еңбегін сіңірген, зейнетін көре жүріп жалғыздықтың қамытын кигендерге шефтік көмек көрсетуді қолға алғандарына да бірнеше жылдың жүзі болды. Кезінде батыс өңірдегі бір мұнай компаниясының директоры қызметін атқарған Ғалымжан ақсақал бақайдан басталған ұлғаймалы бір аурудың кесірінен сексеннен асқан шағында оң аяғын қарасаннан төмен кестірді. Құдай ешкімнің басына бермегір бұл зардап алғашқыда қос балдақпен жүруге итермелесе, біртіндеп арбаға отырғызды. Енді жақын маңдағы дүңгіршектер мен дүкендерден нан, су әкелудің өзі мұң болып қалды. Ауру жағадан алған тұста «Аталап» келіп, керек-жарақтарын дүкендерден әкеліп, үй-ішін тазалап, асын пісіруге дейін көмектескен №146 мектеп-лицейінің өткен оқу жылындағы 7-сынып, биылғы 8-сынып оқушыларына айтар алғысы мол.
– Директор болып дүрілдеп тұрған кезімде жарыққа үймелеген жынды көбелектерше үйіріліп, босағамды босатпайтындардың бүгіндері сәлемдері сатулы сәтте өз немерелерімдей мерей танытып, балалардың адал жүректерімен «Аталап» арқамнан қағулары көңілімді босатты, – дейді Ғалымжан қарт көз жасына ерік беріп.
Маржан және Надя апалардың да қараша тамдарда тұрып жатқандарына жарты ғасырдың жүзі болып қалыпты. Екеуі араларында екі-үш үй бар көршілер.
«146-мектеп-лицейдің басшылары мен мұғалімдеріне ризашылығым шексіз. Қыстың түнімен қар жауған сарышұнақ аязды күндері: «Енді есік алдына қалай шықсам екен», – деп қыраулы терезеден аулаға көз жүгіртсем, зыр жүгіріп қар күреп, ара-арасында сол қармен атысып ойнап, көңілді жүрген балаларды көріп, қуанғанымнан өзімді қоярға жер таппай қаламын. Ауылды жердегідей үлестіре қоятын құрт, майым да жоқ. Отыныма дейін бұталап, жарып, құдықтағы суыма дейін шелектеп үйіме кіргізіп береді. Жаратқан Иеміз болашақта осылардың бақытын жандырса екен деп тілеймін», – деген Маржан кейуана өз балалары мен немерелерінің қызығына кенеліп отырғандай рахат күй танытады.
– Бабуля, алаңсыз тірлік құра беріңіз. Біздің де сіздей апа, әжелеріміз бар. Кез келген уақытта қасыңыздан табылатын боламыз. Біздің біреуіміздің жетелеуімізсіз ауладан алысқа шығып кетпеңіз. Сүрініп кетсеңіз, бір жеріңізді майып етіп алуыңыз мүмкін, – дейді Әлихан Жарылқасынұлы есімді оқушы.
– Өз немерелерім мен шөберелерімнен бетер жанашырлық танытулары түсе бастаған еңсемді биіктетіп-ақ жібереді, – Бұл тоқсан жасты торуылдап қалған Надя әженің жан тебіренісі.
Мектеп-лицей оқушылары үлкендерге деген мейірім, қайырымдылықтарын жыл бойы үзіліссіз жасауды дәстүрге айналдырған. Жазғы демалыс кезінде де топ-топқа бөлініп, жолсапарға, шалғайға демалуға кеткендерінің орындарын алмастырып отырады. Болашақта тәрбиені де, тағылымды да осындай жастарымыздың бойынан іздейтін шығармыз. Бұл келешегі баянды, елдігіміздің ертеңінің бір ғана көрінісі. Осы іс-шараларды ұйымдастырып отырған №146 мектеп-лицей коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Нұрғали Мұхитұлы Нұрадинов пен лицейдің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Уралхан Байзақова, биология пәнінің оқытушы Жанат Жақамбайқызы Сатоваға мектепке жақын маңда тұратын жалғызілікті ардагерлердің айтар алғысы мол.
АЛАШЫН АЛҚАҒАН АЗАМАТ
Кейінгі жылдары министрліктеріміз де, үкіметіміз де баса назар аударып, балалар әдебиетін барынша дамытып, әлемдік биікке көтеруді қолға ала бастады. Осы оңды шешім құлағымызға жылы естілген сайын көз алдымызға ықшам да ширақ денелі, сол дене бітімінен қайтпас, қайсарлығы, тік мінезі танылып тұратын Бауыржан Оспанов елестейді. Осыдан 20 жылға жуық уақыт бұрын ұлттық әдебиетіміздің тұралап жатқан жанрларының бірі – балалар әдебиетін өркендете, өрістете дамытуға қозғау салатын «Дарабоз» бәйгесін жариялаған «Жер-Су» корпорациясының президенті Бауыржан балалар шығармашылығынан қол үзіңкіреп кеткен қайсыбір қаламгерлердің көшбасшысы болған жанрларына қайтып оралуларына әрі жүздеген жаңа есімдердің оқырмандарға кеңінен танылуына жол ашты. Бас жүлдегерлері 1 млн теңгені (жиырма жыл бұрынғы құнымен) шытырлатып санап, қалталарына сала бастағанда әдебиеттің өзге жанрларындағылардың да кейбіреулерінің мойындарын бұрмасқа шаралары қалмаған еді. Өйткені бәйге алған шығармалар іле-шала кітап болып жарияланатын.
Сол «Дарабоз» бәйгесінің халықаралық деңгейге көтерілу іс-шарасын ұйымдастыруда басы-қасында балалар әдебиетінің маңдайалды тұлғалары Шәкен Күмісбайұлы, Сұлтан Қалиев, кеше ғана дүниеден өткен Серік Байхонов марқұмдар жүрді. Байбота (Серікбаев) Қошым Ноғай, Арасанбай Естен, Қанат Қайым сынды қаламгерлер байқаудың кеңге қанат жаюына мұрындық болды. Кейінде бұл «Дарабоз» бәйгесі орыс балалар әдебиетін де қолтығына алды. Міне, Бауыржан Оспановтың ұлт руханиятының мерейін тасытып, құндылықтарымызды орнықтыруға бағыттаған қамқорлығының бірер тамшысы – осындай.
Бауыржанды өзінің кіндік қаны тамған қазіргі Жетісу облысы, Алакөл ауданы, «Жыланды» ауылының тұрғындары да асыға күтеді екен. Өйткені Бауыржан қызмет тізгінін қолына ұстаған жылдан бастап-ақ жыландылықтар назарын өзіне аудара бастады. Өзі оқыған мектеп үйін жаңарта жаңғыртып, уақыт сұранысына сай технологиялармен жабдықтады. Балабақшалар кешенін шуақты нұрға бөледі. Ауылдың баскөтерлерімен, ақсақалдарымен ақылдаса жүріп көпбалалы отбасылардың қуықтай шағын бөлмелі үйлерінің орнына жаңа қоныс тойына барғандардың көздері тояттап, көңілдері марқаяр баспананы өз қаржысына салдырып беруді қолына алды. Алғашқы жылдары қара сирақ, көгенкөздері молдарды «өз үй, өлең төсектеріне» «бөлеумен» айналысса, араға жылдар жылыстата келе ақылдас, пікірлестерімен бірге ауылды аралап жүріп, тозығы жетті-ау деген тамдардың тұрғындарын өзі салдырған жаңа қонысқа көшіруді дәстүрге айналдырды. Отбасыларының бүгінгі сәулет талабымен салынған баспанаға көшетіндерін тұтқиылдан естіген қайсыбір отағасылар мен отаналарының «Біздің де көзжасымызды Жаратқан Иеміз көрген екен…» – деп көздеріне қуаныш жасын алғандары да аз емес.
Бауыржанның еңбек ардагерлері мен көпбалалыларға, қамқорлықты қажет ететін мүгедек жандарға беріп жатқан қаржылай көмектерінің жөні бір басқа, ұлт қаламгерлерінің демеушілікпен кітаптарын шығарып, өнер саңлақтарының концерттік кештерін өткізіп беруді де міндетінше қабылдаған. Бүгінде қалың жұртшылық «қайырымы мол қазақ» деп таныған Б.Оспановты ауылдастары арқасүйерлері санайды.
Ауылдың ардагерлері әлеуметтік тұрғыдан қиыншылық көре бастаған тұста: «Бауыржан қарағым тезірек келсе екен», – деген ән ырғағына бергісіз мақалды «тәубә», «шүкіршіліктеріне» қоса айтып, қамқоршы азаматтарының келер жолына екі көздері төрт бола қарап, Құдайдан тілеуін тілеп отыратындары да шындық.
Еркін ЖАППАСҰЛЫ