ТӨЗІМ мен ЖІГЕРДІҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ
Ештеңеден қаперсіз ойын баласы үшін жасырынбақтан қызықты дүние жоқ секілді еді. Көз ұшында көлкіген көкжиекке қарап, бар әлемді шетсіз-шексіз деп елестеткен бала көңіл осынша кеңістіктен жасырынатын жер таппай аласұрып кететін. Сондай күндердің бірінде ойнап жүрген қатарластарымен жарыса трансформаторға тығылды. Ойында жалғыз сөйлем ғана: «Мені ешкім тауып алмауы керек!». Жоғары кернеулі трансформатордың ең түбіне қарай беттей бергені сол, аяғы токқа тиді. Дүние дөңгеленіп жүре берді…
Бірінен кейін бірі жасалған үш ота оның жанын аман алып қалды. Бірақ бір аяқ, бір қолынан айырылды. Ол кезде Ержан тоғыз жаста болатын. Мектептегі дзюдо секциясына қатысып, алғашқы жақсы нәтижелерін көрсете бастаған кезі еді. Үйірмеге барып жүргенін, жаттықтырушысы: «Кимоно алып кел», – дегенін ата-анасына айтып та үлгермеді. «Спортшы боламын» деген бала арманына нүкте қойылғандай күндер өтіп жатты. Жарты жыл арбаға таңылып, одан кейін балдақпен жүруге көшті.
Адамның өмір сүру стилін мінезі қалыптастырады. Басыңа түскен іске боркемік болып, бордай тозасың ба, әлде жігеріңді жанып, қатарыңнан озасың ба, ерік өзіңде. Ержан екінші нұсқаны таңдады. Табиғатынан бірбеткей, намысшыл ұл ешкімнен мүсіркеу күтпеді. Қоғамның толыққанды мүшесі болуға деген талпынысы оны әр таң сайын сеніммен оятты. Көкірегін әлдилеген, жанының ең түкпіріндегі «спортшы боламын» деген аяулы арманының шырағын қайта жақты: жүзу үйірмесіне жазылды.
Жайық жағасында өскен қағілез ұл үшін суда жүзу – еркіндікке құлаш сермеумен тең. Алғашында ата-анасына да айтпай, шілденің алапат ыстығында, қаңтардың ақтүтек боранында қала іргесіндегі ауылынан орталықтағы стадионға жаяулап-жалпылап барып жүріп, бір де бір жаттығуын қалдырмастан қатысты. Осылайша, оның кәсіби спорт жолындағы алғашқы қадамы «Мұнайшы» стадионынан басталды. «Шешім қабылдадым ба, соңына дейін баруым керек», – деген намыс жігерін жаныды. Сөйтіп, 2015 жылы алғашқы үлкен жеңісіне қол жеткізді. Республикалық спартакиада ойындарында суда жүзуден алтын медальды жеңіп алды.
Одан берідегі жеңісті жолды да мақтанышпен атап өтуге болады: 2016 жылы Қазақстан чемпионатына қатысып, үш түрлі қашықтықта да алтын медаль еншіледі. Бұл көрсеткіші Қазақстан рекордын үш мәрте жаңартты. Суда жүзуден Қазақстан Ұлттық паралимпиада құрамасының мүшесі атанды.
Ержан Сәлімгереев 1989 жылы Атырау облысында дүниеге келген. Бүгінде оның есімі паражүзуден әлемнің үздік спортшыларының қатарында аталады. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазақстан Республикасының рекордсмені. Азия ойындарының, әлем кубоктарының бірнеше дүркін жеңімпазы. Токио қаласында өткен Паралимпиада ойындарының финалисі. «100 жаңа есім – 2018» республикалық жобасының жүлдегері. «Жыл спортшысы – 2019» номинациясы бойынша «Алтын Адам» сыйлығының иегері.
«Мыңды жеңген батыр емес, өзін-өзі жеңген – батыр». Бұл табыстың бәрінің артында жанкешті еңбек, өз-өзімен күрес, өзін жеңу, мақсатқа деген үздіксіз ұмтылыс жатқаны анық. Осы жолда оны ата-анасы, бауырлары қолдаса, жаттықтырушылары жігерлендірді. Бүгінде жүзуден Ержан Сәлімгереевтің авторлық техникасы бар.
«Өмірім туралы кітап жазып, фильм түсіргім келеді, – дейді ол. – Сәл ғана сәтсіздікке налып, күйзеліске түсіп жүретін жастарды кездестіремін. Соларға үлгі болсам, сенім сыйласам, бұл да бір миссиям деп білемін».
2020 жылы паралимпиада ойындарына қатысқаннан кейін тізесіне ота жасатып, спорттан үзіліс алған Ержан қазір ортасына қайта қосылды. Бұл жолы бұрынғыдан да үлкен сеніммен, дайындықпен, құлшыныспен кірісті. Жақында Германияда өткен әлем кубогінде үздік көрсеткішімен қуантып, Париж ойындарына қатысу нормативін орындады. Ендігі мақсаты да биік – Париждегі паралимпиадаға қатысып, ел намысын қорғау.
…Жасырынбақ ойнап жүріп, жазатайым оқиғаның кейіпкеріне айналған Ержанның тағдыр жолы – тауқыметке қарсы тұрған төзімнің үлгісі. Кез келген жағдайда алға қарай нық қадам бассаң, алдыңнан мыңдаған мүмкіндік шығады. Қайсар жігіттің қайратты жігері қазақ атын әлі талай додаларда асқақтата берсін, біз соған сенеміз.
Бақытгүл БАБАШ,
Атырау облысы