«Менің ағаларым»

ҚР Ұлттық кітапханасында мемлекет және қоғам қайраткері, заң ғылымдарының докторы, тарих ғылымдарының кандидаты, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедтің «Менің ағаларым» атты эсселер жинағының тұсаукесері өтті.
Кітапқа 2005–2025 жылдар аралығында жазылған, елдің ықыласына бөленген, қазақ руханиятының көрнекті өкілдеріне арналған таңдаулы эсселер топтастырылған.
Алғашқы эссе – академик Манаш Қозыбаевқа арналған «Ғұлама» туындысы ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани үндестікті баяндайды. Академик Салық Зиманов туралы «Ақсарағат» атты эссе-майдан мен ғылым жолындағы ерлік пен парасатты суреттейді.
Жинақта Шаһмардан Есенов, Рымғали Нұрғали, Төрегелді Шарманов, Өмірбек Жолдасбеков, Зейнолла Қабдолов және Темірбек Қожакеев сынды ғалымдар мен қайраткерлердің өмірі мен еңбегі туралы тебіреніске толы толғамдар қамтылған.
Сондай-ақ Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев пен партизан-жазушы Қасым Қайсеновке арналған «Жаужүрек» және «Қаһарман» эсселері тарихи деректермен негізделіп жазылған.
Камал Смайылов, Қалтай Мұхамеджанов, Шот-Аман Уәлиханов секілді қоғам қайраткерлері туралы эсселер де мазмұн тереңдігімен ерекшеленеді. Жинақтың шарықтау шыңы – Мұрат Әуезовке арналған туынды. Онда қайраткердің балалық шағынан бастап, ел алдындағы еңбегі көркем тілмен суреттелген. Ал «Асылзада» эссесі автордың әкесі Абрар Әкетайұлына арналған.
Әдеби жиынға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, БАҚ өкілдері мен оқырмандар қатысты.
Өз тілшімізден