МЕНІҢ АБАЙЫМ
01.08.2025
332
0

Н. Крутильников. Абай өлең жазуда, 1927–1928

1. Алаштың рентгені

       Бәріміз де кеудемізді ашып соның алдында тұрмыз: кеудемізде қандай өрт? Көкірегімізде нендей дерт?!. Соның бәрі Абайдан айнаға түскендей көрініп тұр! Мұхамед (с.ғ.с): «Менен ке­йін бұ дүниеге пайғамбарлар келмейді, ақындар келеді!» деген. Бұл енді адамзат қоғамдастығындағы пайғамбарлық миссияны ақындар атқарады деген сөз-ді. Пушкиннің «Пайғамбар» ат­ты өлеңінде Тәңірі ел-жұртына бір ауыз лебіз айтсам деп, қолына қалам ұстаған адамның көкірегіндегі өлі ет­ті суырып алып, оның орнына берісі – ұлтының, әрісі – адамзат­тың асау рухы атойлаған асау жүректі ат ойнатып қоятыны хақында айтылған. Өлең емес – «Інжілдің» хикаясы бұл: Құдайдың осындай рухани операциясынан аман қалған адамның құлағына тірі жанға естілмейтін сиқыр дыбыстар шалынып, көзіне өзінен басқа жұмыр басты пендеге көрінбейтін құбылыстар көрінеді. Оның атын поэзия дейді. Пушкиннің өзін пайғамбардай сезінетінінің түбі сол тәңірлік тезден төркіндейді. Қолына қалам ұстағанның бәрі жер бауырламай, өздерін Пушкинше ұстағанда, Алла адам баласынан дәл бүгінгідей теріс айналып кетпес еді… Пушкиннің «Пайғамбарының» тебіренісіне кенеліп, тереңіне бойлай алмаған пенденің қолына қалам ұстауға хақысы жоқ! Абай-Мағжан-Сұлтанмахмұт, Ілияс-Қасым-Мұқағали-Әуезов-Мағауиндер сол тұңғиықтың тереңіне жеткен соң телегей теңіздей тебіреніп, жазушының пайғамбарлық миссиясын атқарып кет­ті…
          Абайдың жазған-сызғандарына қарасаң – бір-ақ том! Академиялық түсіндірмелерімен ғана әрең дегенде екі-үш том болып тұр… Мен де шатып, инерциямен көп шимайлап тастаған екем. Абайды телміріп оқыған соң, енді есімді жиып отырмын. Жинақтап қарасам, әрқайсысы 20-25 баспа табақтан 10 томдай дүние шықты. Алпыс алты жыл жазғаным екен. Іштен шыққан шұбар жылан. Алты том – өлеңдер мен поэмалар, бір том – қарасөзді компьютерден жойып жібердім! Үш том болды бәрі. Меніңше, бұ да көп…
          Көз алдыңда тұра берсе, алаңдап, ақырында қимай қалады екенсің. Біз Абайдан кері, ке­йін шегініп барамыз! Біздікі бос әуре екен. Әт­тең, өлең жазудың техникасын меңгеріп алып, бұрқыратып жаза беретін профессианалдық ақындықтың да айықпас бір дерт екенін Александр Блок баяғыда-ақ айтып кетіпті. Алдымызда Абайдай ұлы үлгі тұрғанда мұнымыз не?! Абайдың томын ашқан сайын өзімнің ақымақтығым мен дарынсыздығымды аңғара бастағандаймын (бас қойып оқымайтыным – содан!). Мына опасыз дүниеден көресіңді көрген сайын Абайдың кітабын жаңа ашқандай боласың! Басына күн туғанда ғана Алласын еске алатын өлімге бола туған маңдайы қушық пендеге ұқсап, мен де тағдырдың тәлкегіне түскенде Абайдың қара томдарына үңілемін, сонда ол сол сәт­тегі көңіл күйді тап басады! Дертіме одан басқа дауа таппай барамын. «Абай 1902 жылдан ке­йін өлең жазған жоқ» дейді Мұхтар Әуезов. Ол сонда елу төрт жаста екен. Алпыс сегіз жаста мен де бұрқыратып жазып жатырмын. Не тындырдым?! Қаламдастарыма қарасам, өзіме деген бір қанағат сезім лып етіп, Абайға қарасам… көкірегім сыздап, көңілім құлазып кетеді. Екі от­тың ортасында жүрмін мен. Оны оқыған сайын өзгелерге ғана емес, өзіме өзімнің көңілім толмай, көкірегім қарс айырылып барады…
         «Негізі, шын ақындардан гөрі нашар ақындар көп. Ақын көп болмайды ғой. Абайдың тұсында, Мағжанның, Қасымның тұсында қаншама ақындар болды. Абайдың тұсында да қора мен қопсының айналасындағы ақындар болған. Бірақ Абай бір өзі тарихта қалды. Негізі, шын ақындардан гөрі нашар ақындар көп. Оның бәрін уақыт сұрыптайды. Мәселен Мұқағали, Жұмекен, Қадыр, Тұманбай дегеннен ке­йін сен өзің тосылып қаласың. Сол сияқты уақыт бәріне төреші», – дейді ХХІ ғасырдағы тегеурінді ақын Темірхан Медетбек.
         Пенде атаулыдан көңілі қалған қайран Абай «Ғақлиясының» 38-сөзінде тек Тәңірі хақында ғана ой толғап, «Алланың өзі де – рас, сөзі де – рас» деп, ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында Аллаға жеткен еді. Бүгін Алаш кеудесіне Құранын ұстап Алланың алдына келіп тұр! ХІІ ғасырда Оған «Құлдарыңды Құдайына қараған, Сұқбан Ием, сақта, пәле-жаладан!» деп, Қожа Ахмет Ясауи барған. «Айтар болсаң, Алланы айт!» деп, ХVІІІ ғасырда Бұқар Жырау – Көмекеей Әулие барған-ды. ХХ ғасырда «Жүрегім, мен зарлымын жаралыға, сұм өмір абақты ғой саналыға. Қызыл тіл қолым емес кісендеулі, сондықтан жаным күйіп, жанады да. Қу өмір қызығы жоқ қажытқан соң, толғанып қарауым сол баяғыға… Ертегі уатпай ма баланы да, сөз сиқыр ғой, жазбай ма жараны да? Ақын да бір бала ғой Айға ұмтылған, Еркімен өзі-ақ отқа барады да; Жай тақтақ жабайыдан жол қалғанда, Қанды өрт боп ақын жолы қалады да; Ойлайды, күңіренеді, толғайды ақын, күрсініп көзіне жас алады да, Ақында адамзат­тан дос болмайды, жалғыз-ақ сырын сөйлер қаламына!» деп, Тәңірінің алдына Мағжан барған. ХХ ғасырдың соңын ала оған «Иә, Аллам! Жаратушы Жалғыз Ием, медет бер, жапандағы жалғыз үй ем; Хал сұрар, жай түсінер бір пенде жоқ, Жүрек – жүн, ойым – опат, жанды – жүйем. Иә, Аллам! Жаратушы Жалғыз Ием!» деп Мұқағали келді! ХХІ ғасырда «Шалқайып күлдім. Талтайып тұрдым!» деп Темірхан Медетбек келіп тұр Көк Түріктер Жұртынан! Оған ілесе, «Жоқтық деген немене – барлық делік, Бақыт деген дүние ме – алдық бөліп. Дүниедегі ең ұлы көрініс не? Ол шідерін үзген ат қарғып келіп. Мен қайрылдым, сен-дағы бұрылшы, інім, қалай не деп ұғамыз мұның сырын. Аяғыма қараймын – шідерім жоқ, неге қақсай береді жіліншігім?» деп Есенғали Раушанов шықты…
          Мемлекетінде меншіктеп армия ұстамаған ел бұл. Әлемде ешбір елді баса көктеп басып алмаған жұрт! Полиция, түрме дегенді ХІХ ғасырда көріп, аң-таң қалған халық бұл: «Еңкейгенге еңкей, ол – атаңның құлы емес, шалқайғанға шалқай, ол – Құдайдың ұлы емес!» деген асқақ жұрт осы еді. Алла, сонсоң, осы күнге де­йін аялап тұр оны!
        Сонау Көк Түріктер заманында Көк Тәңірмен тілдескен, Ұлы Қағанат құрып, Шыңғыс ханмен бүкіл Еуро-Азияға әмірін жүргізген бұл жұрт­тың да шалыс басып, шалқасынан құлаған, бармағын тістеп, егіле жылаған кез­дері де аз емес. Неге? Құдайдың айт­қанын, Құранның сөзін тындамаған кез­дері көп-ті – пенденің айт­қанына еріп, айдағанына жүріп қателесті… Алла не дейді? «Әй кәпір! де – сен табынған дәлдүрішке мәңгіріп, Тәңірі бар да мен бас имен – Мәңгілік!» (Құран, «Мағұн» сүресі). Тәңірі бәрін көріп тұр. «Алла көнбес аярыңа не түрлі» дейді Құранның «Мағұн» сүресі. Халықтың қазына байлығын көзін бақырайтып қойып ұрлап алып, кот­тедж-виллаларда ықылық атып отырғандар Құранның «Һұмаза» сүресін оқыса, не бетін айтады: «Өңшең тексіз! Сұм-зымиян! Қайда қырт?! Малын санап, алған іші майланып! Күннің күні Хұтамаға түседі ол, Алла алдына келеді қайтсе де бір, айналып!»
         Алаш – ана Абай томдарын кеудесіне басып, Алланың алдында тұр. Адамзат­та маңдайы жарқыраған небір марқасқа ғұлама айтпаған сөзді біздің Абай айт­қан: «Біз жаратушы емес, жаратқан көлеңкесіне қарай білетін пендеміз. Сол махаббат пен ғадалетке қарай тартпақпыз, сол Алланың хикметін біреуден-біреу анығырақ сезбекпен артылады». Пендеден–пенде ғана емес, мемлекет­тен – мемлекет те бірінен-бірі Алланың хикметін анығырақ сезінуімен асып, асқақтайды. «Адамшылықтың алды – махаббат, ғаделет, сезім» (Абай). Ата заңында махаббат, ғаделет сезімі айқұлақтана көрініп тұрған мемлекет­тер өркениет өріне бет алып барады. Біз де содан қалмауға тиіспіз. Сапарың сәт­ті болсын, Абайды алдына ұстаған Қазақ Елі!

2. «Түсініксіз» Абай

         Осыдан он шақты жыл бұрын Ресей тағы бiр дүрлiктi. Алты ай қыс ұйқыда жатқан орыс аюы орнынан қорбаңдап тұрған. Соңғы президент сайлауына көңiлi толмаған орыс оппозициясы Мәскеудегi қарсылық акциясына қарай ағылды. Оппозиционер-блогер Алексей Навальный ереуiлшiлердi «Чистые пруды» бульварындағы «түсiнiксiз қазақ» – Абай ескерткiшi басына жиналуға шақырды. Сол-ақ екен, саяси шеруден хабардар болып, интернетке көз телмiртiп отырғандардың бiреуiнiң: «Ех, Алеша, Абайдың кiм екенiн бiлмегенiң атыңа ұят емес пе?! Нағыз от ауызды оппозиционер Абай емес пе?!» – дегенi күллi жер-жаһанға жарық жылдамдығымен тарап кет­тi. Содан бастап, Батыстағы «окупайуоллстрит» қозғалысына пара-пар «окупайабай» шеруi басталды да жөнелдi. Ресейдiң «Альпина нон фикшн» баспасы сол кез­де Абай шығармаларын 330 данамен шығарды. «Өте ме, өтпей ме?» деген күдiгi болған. Баспа директоры Павел Подкосов оның бiрiншi күнi-ақ сатылып кеткенiн аң-таң қалып айтады. Сонан соң iле-шала 3 мың тиражбен қайта шығарған. Ол да лезде жоқ болады! Күндердiң күнi ол 30 мың, 30 миллионға жетуi мүмкiн…
       Сыңсыған қалың орманның iшiнде аузы аққа жарымай, аш-жалаңаш, шыңылтыр аяз, азынаған жел өтiнде еркiндiк пен тоқшылықты аңсап өсiп, патшалық-совет­тiк империялардың темiр шеңгелiне түскен шерлi орыс жұрты Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Блок, Есенин, Евтушенко, Вознесенский сынды аузымен құс тiстеген арқалы ақындарын ат­тап өтiп, неге Абайдың басына келiп, ботадай боздап тұр? Орыс тарихының арғы жағына бармай-ақ, бергi жағын шолып өтсеңiз, бiрiмен-бiрi iркес-тiркес, қым-қуыт тарихи оқиғалар көз қарықтырады. 1917 жылғы Қазан төңкерiсi, жекеменшiктi жаппай тәркiлеп, бай-бағландарды жер аударып, атып-асу, қанды қасап репрессия, Ұлы Отан соғысы, халық шаруашылығын қалпына келтiру, қырғиқабақ соғыс, соңынан Кеңес Одағы секiлдi алып империяның шаңырағының ортаға түсуi – ормандай орыс жұртының жүрегiне зiлдей салмақ түсiрiп, қабырғасын қақыратып-ақ кет­тi. Содан берi жиырма тоғыз жыл өткен екен. Бұл – ер жiгiт­тiң ат жалын тартып мiнiп, азамат атанар тұсы. Не өзгердi?
        «Адамның адамшылығы iстi бастағанынан бiлiнедi, қалайша бiтiргенiнен емес» дейдi Абай. Кеңес Одағының заңды мұрагерi Ресей құқықтық мемлекет, азамат­тық қоғам құрудың алғышарт­тарын да жасай алмай, феодалдық-патриархалдық, патшалық-совет­тiк, тоталитарлық- авторитарлық қоғамның ұрандарын ұстанып қалды. Ресейдiң тарих тақсыретi таңдайына әбден татыған мемлекет ретiнде соңынан ерген бiздей еншiсi бөлiнбеген елдерге үлгi-өнеге көрсетiп, өркениет өрiне қаймықпай қадам басатындай қақысы бар едi ғой? Ақыры не болды? Сахара ойшылының ХIХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында сын тезiне алған «сабырсыз, арсыз, ерiншек, көрсеқызар, жалмауыз, өсек, өтiрiк, мақтаншақ, бекер мал шашпақтық» сынды антиадамзат­тық мерез мiнездердiң ХХI ғасырдың басында Ресейде (бізде де!) одан сайын ордаланып, ойнақ салып бара жатқаны орыс оппозициясының да өзегiне өрт түсiрiп, Абайдың басына жетектеп алып келдi. «Чистые пруды» бульварындағы шерудiң түп-төркiнi, мiне, осында жатыр!
        «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа, Аларында шара жоқ алдамасқа. Табысына табынып, қалтаң қағып, Тойғанынан қалғанын берсе алашқа. Мал жияды мақтанын білдірмекке, Көзге шұқып, малменен күйдірмекке. Өзі шош­қа, өзгені ит деп ойлар, Сорпа сумен, сүйекпен сүйдірмекке. Ақылды деп, арлы деп, ақпейіл деп, Мақтамайды ешкімді бұл күнде көп. Осы күнде мал қайда, боқ ішінде, Алтын алсаң, береді боғынан жеп. Осыны оқып, ойлай бер, болсаң зерек. Еңбекті сат, ар сатып неге керек? Үш ақ нәрсе адамның қасиеті: Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» (Абай). Бiздегi нарықтық экономиканың бүгiнгi сықпыты осы! Адамзат­тың сан ғасырлық шежiресiнде әбден сыннан өтiп, мойын­далған, күнделiктi әдет-ғұрып, тұрмыс-салтқа айналуға тиiстi адамдық-гуманистiк мұрат­тар аяқ астына тапталған! «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» жөнiнде әңгiме қозғаудың өзi күлкiлi… Аспанмен таласқан, алтынмен апталып, күмiспен күптелген сарайларда халық қазынасына суық қолын салған ұры-қарылар тұрады! Ашқұрсақ халық – қараша үйлерде… Билiк – бiр жақта, халық – бiр жақта. Жұрт «бiрi қан, бiрi май боп екi ұрты, жақсы менен жаманды айырудан қалғалы» қашан?! «Аузымен орақ орған өңкей қырт, өз сөзiнен басқа сөздi ұқпайды», «бас-басына би болған өңкей қиқым елдiң сыйқын бұзып» бiт­тi!
        Абай «измдердiң» бәрiнiң төбесiнен асқақ қарап, Аллаға қарай бет алып келе жатқан тұлға. Ол өзi ғұмыр кешкен феодализмге де, әлеумет­тiк әдiлет­тiлiк деп ұрандатқан социализмге, тiптi бiздiң бүгiнгi жабайы капитализмге де жақпай отыр! Абай жолы – адамзат­ты Аллаға жетектейтiн сүрлеудiң басы екенiн бажайлатады. 30-жылдары совет өкiметiнiң одан зәресi ұшып, қорыққаны да содан!
        Абайдың «Көңiлiм қалды достан да, дұшпаннан да, алдамаған кiм қалды тiрi жанда?!» дегенiн белгiлi бiр тарихи тұлғалар, таптар мен топтарға, саяси ағымдарға қарата да айтуға болады. Ресей «Еуропаны кезiп жүрген коммунизм елесiне өзi ессiз сенiп қана қоймай, өзiмен қоса бiз секiлдi боданындағы «бұратана» елдердi де қоса алдап соқты! «Пайда үшiн бiреу жолдас бүгiн таңда, ол тұрмас бастан жыға қисайғанда» дейдi тағы сол «түсiнiксiз» Абай! Ресей мен бүгiнгi Еуропалық одақ, бiрыңғай экономикалық кеңiстiктегi елдердiң болмыс-бiтiмi, мiне, Абайдың осы сөзiнен айқұлақтана көрiнiп тұр ғой!
       Мұхтар Әуезовтiң «Абай» романы жарық көргеннен кейiн 70 жыл өткенде 2012 жылдың 25 шiлдесi күнi орыстарды шуылдатып, Мәскеудiң «Чистые пруды» бульварына алып шыққан айықпас дерт­тiң атауы, мiне – осы! Батыс Еуропа, Балтық жағалауындағы бауырларымыздан басқа, ТМД елдерi деген атқа ие болып, айдар тағып алған бұрынғы Кеңес Одағындағы жұрт­тың басындағы жағдай осындай! Орыс халқы ғұмыр бойы қолына шырақ алып, сандалып, сарсыла iздегенiн Абайдан тауып алып, ендi Аллаға бет қойғалы жатыр! «Алланың өзi де – рас, сөзi де – рас» (Абай) болып шықты. «Замана, шаруа, мiнез күнде өзгердi, оларға кез-кезiмен Нәби келдi. Қағида, шариғатпен өзгерсе де, Тағриф Алла еш жерден өзгермедi» (Абай).
         Абай шығармалары орыс тiлiне әлi өз мәнiнде тәржiмаланып жеткен жоқ. Шала аудармасының өзi құдайы көршiмiздi шалқасынан түсiрдi! Мәскеу­дегi оппозициялық шерулердi ұйымдастырушылардың бiрi Борис Акунин «Азамат­тық белсендiлiк қандай жақсы едi! «Чистые прудыда» отырамын деп, Абайды оқып шықтым, ғажап ақын!» деп жазады «Альпина нон фикшн» баспасынан шыққан Абай кiтабы хақында.
      Абай «Махаббатпен жаратқан адамзат­ты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәт­тi, адамзат­тың бәрiн сүй бауырым деп және һақ жолы осы деп әдiлет­тi!» деген. Тарих зұлымдық пен сұмдықтан, қан- төгiстен құрылған қоғам адам баласының көсегесiн көгертпейтiнiн әбден дәлелдедi. Абайдың да айтпағы осы едi ғой! Бiр кез­де Абай сынаған, қазақ қоғамында бұрын-соңды болмаған, орыс отаршылдығымен қоса келген жемқорлық, ел-жұртының үстiнен бишiк үйiретiн билiкқұмарлық, мансапқұмарлық секiлдi бюрократиялық кеселдер мен «көзiнен басқа ойы жоқ, адамның надан әуресiнiң» (Абай) Алаш жұртындағы жиiркенiштi көрiнiстерi бүгiнгi орыс қоғамын да тығырыққа тiреп отыр!
        Біз Абайды табынатын пұтқа, культке айналдырып алған жұртпыз. Мүлде оқымаймыз! Оқымаған соң – түсінбейміз! «Абай былай деген…» дейміз. Алашты аузымызға қарату үшін, тіпті имендіру үшін де Абайдың атын атаймыз! Бұл – ұлт­тық трагедияға айналып барады! Неге? Енді бізден ке­йін дүниеге келетін буын Абайды мүлде оқымай кетуі мүмкін! Атын айта салсақ жетеді деп ойлауы ғажап емес. Осыдан екі-үш жыл бұрын «Әдебиет порталы» «Қасымнан ке­йінгі үздік он ақын кім?» деген сауалнама өткізді. Қасымнан ке­йінгі үздік он ақынды 7-8 млн қазақ «анықтайтын» болса… жетіскен екенбіз! 7-8 миллион қазақтың ішінде Абайды түсініп, Абайға тұшынатын 700-800 қазақ болса біз интеллектуалдық дамудың биік шыңында тұрған ел боламыз ғой?! Россия Пушкинді түсініп біт­ті ме?! Англия – Байронмен, Америка – Уитменмен, Германия – Гетемен, Испания – Лоркамен, Россия – Пушкинмен өмір сүріп жатыр ма?!
      «Жақсы менен жаманды айырмадың, Бірі – қан, бірі – май боп енді екі ұртың» деген Абай сөзі бүгінгі қазақ үшін әлі де көкейкесті сөз болып тұр! Меніңше, Абай ұлт­тық ақын ретінде мойындалғалы оны көз майын тауысып оқып, Хәкімнің қадіріне жеткен санаулы қазақтың ғана аты-жөндерін ауызға алуға болады. Кімдер дейсіз ғой?! Әлихан Бөкейхан, Мұхтар Әуезов, Қайым Мұхамедханов, Тәкен Әлімқұлов, Мұхтар Мағауин, Мекемтас Мырзахметов, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрмахан Оразбеков, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Әмірхан Меңдеке…

3. Ішіміз толы – күдік пен қулық ой…

        …Бір ауылда көктен бір тамшы тамбай, құрғақшылық жұт болып, ел Алладан медет сұрап, тасат­тық береуге жиналады. Сөйтсе, бір бала үйден қолшатырын ала шығып бара жатыр екен. Үлкендер таңырқап: «Мына ыстықта қолшатырды қайтесің?!» – демей ме, сонда бала: «Біз тасат­тық беру үшін бара жатқан жоқпыз ба?» – депті…
        Періштенің көкірегі қандай саф таза еді! Көңілі ананың ақ сүтіндей қандай аппақ еді! Шіркін, біз де еліміздің тәуелсіздігі мен ертеңіне, ұлт­тық һәм адамзат­тық құндылықтарымызға, Алла мен Абайға осы сәбидей риясыз сенсек, бәсекелес 30 елді баяғыда-ақ шаңымызға көміп кетер ме едік, қайтер едік?!

 

 

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір