Менің шешем
(Күнделік беттерінен)

Әйгерім ИЕБЕКОВА
– Кешірім өтінемін, мына жер бос емес пе екен деді шашы келте, көзілдірікті әйел қолындағы асты үстелге қойып жатып. Біздің «бос немесе бос емес» деген жауабымызды күтпестен жайғасу қамына кіріскен әйелді ала көзіммен бір атып, оның алдындағы көк папкамды жұлып алып бос орындыққа тарс еткізіп тастай салдым. Бұл – жеке шекарамызды бұзып желкемізден төніп кеп тұрып алған бөтеннің іс-әрекетіне деген қарсылығым ба, әлде менің ауыр мінезіме төзе білетін қарсымда отырған жақыныма деген өкпе-назым ба, әйтеуір іштегі бұрқасынды сыртқа қарай бұрқ еткізіп бірақ шығару болатын. Менің өрескел қылығымнан ыңғайсызданып қалған анам «келіңіз, келіңіз, орын бәрімізге табылады, мына асханада адам сұмдық көп екен-ә», – деп алдындағы асын тартып, орындығын жылжытып бәйек бола қалды.
– Қызыңыз ба? Өзіңіз сияқты әдемі екен. Бөтен әйел алдындағы сорпасын қылқ еткізіп жұтына тіл қатты. Түу, тамақ ішкенде сөйлеме деуші еді апам, сорпасына шашалып қалмаса нетті. Өз жайымен отырған адамдардың арасына килігіп, онымен қоймай «қызыңыз ба?» деп қисыңысыз сұрақ қойғанына жол болсын. Істің-мән жайын біле тұра артық сөйлейтіндерді суқанып сүймейді. Қызы мен анасы екеніміз белгілі ғой, бұл жерде талапкерлердің бәрі ата-анасымен жүр. Бөтеннің әу дегеннен әңгіме арнасын маған бұра сөйлегенін ұнатпай, кірпідей жиырыла қалдым.
– Иә, қызым ғой, журфакка түсе алмадым деп маған ренжіп отыр – деді анам күліп. Түу мамам да, енді бөтен адамға сол арадағы әңгімені айтып, сөзді көбейтіп не қажеті бар. Менің ашуым одан сайын басыма шапты.
– Ал біз тарих факультетіне түстік. Ақылы бөлімге. Құдайдан сұрап алған жалғыз ұлымыз ғой…. Қайтек те оқытамыз енді… мал басымыз аман болса бітіріп шығармыз, деді төмен түскен көзілдірігін мұрнына қайта тақап.
– О жақсы, жақсы… тамаша құтты болсын! Иә, төрт жыл деген көзді ашып жұмғанша өте шығады – деп анам да қолпаш сөздер айтып, разылық танытты.
– Менің қызымның да әжесі де тарихшы болған. ҚазҰПУ-дың тарих факультетінде жеті жыл оқыған. Ауылда ұзақ жылдар тарих-жағрапия пәндерінен сабақ берген. Уф-ф, қырық жыл бұрын қайтыс боп кеткен апамның оқу бітіргенін дәл осы жерде айтпай-ақ қойса қайтер еді.
– Ол кезде Абай атындағы қазақ педагогикалық институты болған, КазПИ дейтін едік қой деп анам қосып қойды өзінің көп жайттан хабардар екенін білдіргісі келгендей.

Өткенді айтып тағы бір ұзақ әңгіменің шетін ағытпақ болған анамның әрекеті тез тұрып кетуді ойлап отырған маған жақпады. Мүлдем танымайтын, ертең тіпті көрмейтін адамға мұнша ағынан жарылып өзінің өткен өмірін, жеті атасын айтып не қажеті бар? Мен бұлардың әңгімесі бітер ме деп тұруға қамданғандай алдымдағы асты бір шетке ысырдым да, сөмкем мен көк памкамды кеудеме басып, тарс құшақтап алдым. Сол сәтте касса жақтан қолына тамағын ұстаған бөтен әйелдің ұлы келе қалды. Сампылдап сөйлеп отырған анасына отты көзімен бір қарады да, арырақта тұрған бос үстелге жайғасты. Сол-ақ екен, жайбарақат отырған әйел елбелектеп орнынан атып тұрып, апыл-ғұпыл қолыма тамағын алып ұлының жанына кетті.
– Түф, қандай жақсы болды! Осы танымайтын адамдармен арқа-жарқа әңгімелесіп кететінін не дедім анама ренжіп, өктемси сөйлеп.
– Танымайтын адам болса несі бар екен, шешеңдей адамға сонша мінез көрсеткенің не, ұят болды ғой – деп анам маған жақтырмай қарады. Қыз бала деген иіліп тұру керек қой, дүңк-дүңк етпей…
– Иіліп тұратын мәжнүн тал емеспін.
– Қыз сықылды қылығың жоқ!
– Енді, мына жақта қаншама үстел бос тұр, жанымызға келіп жалпиып отыр алғаны қызық екен…Ешкім ерігіп жүрген жоқ қой. Біреудің көңілін аулап отыруға келген жоқпыз ғой, әркіммен бір әңгіме айтып уақытымызды жоғалтпай тез жұмысымызды бітіріп қайтайық та дедім бұрқылдап.
Біз сол күні сонау Қарасай ауданына қарасты КИЗ деген жердегі нағашыларымыздың үйінен таң ата келіп, кеш қарая жатақханаға тұруға рұқсат қазағын табанымыздан тозып жүріп әзер дегенде алған едік. Әбден қажыған менің сіркем су көтерер емес. Анам болса мыңқ демейді. Мен емес дәл өзі оқуға түскендей дән риза.
Шығармашылық емтиханға келген талапкерлерге «ой айналайын, сенің аты-жөніңді газеттен оқығанбыз!» деп шүйіркелесе кететін анама, «бұл жерде жүргеннің бәрі жазуға жақын оны сонша мадақтап әлдеқандай қылғанын не» деп тыжырая қаламын.
– Түу мына жатақхана маған дым ұнап тұрған жоқ. Темір кереует, көнетоз тұсқағаз… маған берген бөлмесі қандай жұпыны еді. Бес қабатты журфактің жатақханасын көрдіңіз бе, қандай күшті, құрылысшының қалағынан жаңа шыққандай. «Баспа ісі деген мамандық па?» деп сіз белгілетпей қоймағанда сонда тұратын едім деп анама тағы да кіжіндім. Анам менің балалық арманымана құл сұққанына өзін кінәлі сезінді ме, әйтеуір түзетілмес қателік жіберген баладай көздері жәудіреп үнсіз қалды.
– Көктемдегі атаңның үйінде тұрсаң қалай болар екен деді сосын күмілжіп. Атаң дегені жоғары лауазымды қызметте істеп зейнетке шыққан әкемнің ағасы. Менің әкем ол кісіні атын атамай «әкебай» дейтін. ҚазҰУ-маңындағы Көктем шағын ауданында орналасқан төрт бөлмелі үйде тек әйелі екеуі тұрады. Мен үндемедім.
– Үлкен кісілер мазасыз болады, сені қайта-қайта жұмсап сабақ оқуға мұршаң болмай қалар, одан да қандай болса да осы жатақханаң дұрыс қой деп өз сөзіне өзінше жауап қатты сосын. Оның үстіне қаланың адамдары бөтен адамды жақтырмайды деді менің кісіге жұғымсыз мінезімді білетін анам.
– Жақтырмаса қойсын, мен де солардың үйінде тұруға құлшынып тұрған жоқпын! – дедім.
Мен ол кезде филология факультетіне оқуға түскеніме разы емес едім. Өйткені менің жүрегімнің қалауы – журналистика болатын. Филологияға түссем мектепке барып қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беремін деп ойлап, ол ойдан өзім аттай үркіп шошимын. Арманы асқақ, амбициясы жоғары қай жалынды жас өткенге оралып, қайта мектепке барғысы келсін. Ал мен үшін журналист төртінші биліктің өкілі ғана емес, шындықтың шырақшысы, әділеттің жалаугері іспетті. Ал филология – өмірлік қажеттілігі мол, әмбебап мамандық, ең құрыса мұғалім бола аласың деген менің ата-анамның ақылы мен бағыт-бағдары һәм шешімі еді.
Сөйтіп мен анамның ақ арманын арқалап фиология факультетіне қадам бастым.
Шіркін, ҚазҰУ-дың Филология факультеті. Бір өзі бүтін бір академияға татитын Мұхтар Әуезов дәріс берген қасиетті қара шаңырақ! Мен мұрын шүйіріп, місе тұтпай отырған бұл факультетке сөз зергері, академик Зейнолла Қабдоловтың өзі Әуезовтың лекцияларын жасырын тыңдау үшін Тау-кен институтынан арнайы іздеп келіп, талай табанын тоздырған ғой. «Әр лекциясы — бір-бір оқулық, бар лекциясы — ұлан-ғайыр ұлы мектеп» деп баға берген ғой. Бұл жерден мүйізі қарағайдай қаншама қазақтың ұлы жазушылары мен көшелі ғалымдары шыққан ғой.
Ал мен кіммін? Мен сол бір 90-шы, 2000-шы жылдары ала дорба асынып балмұздақ сатып, темір-терсек теріп, әдебиет пен руханияттан мақұрым өскен ұрпақтың өкілімін. Жалтыр-жұлтыр арзан темірден басқа көргені жоқ саф алтынның қадірін жете түсіне ме? Мен ол кезде жақсы мен жаманды материалдық тұрғыдан сыртқы тұрпатына қарап бағалайтын едім. Арда әдебиеттен шала сауатты менің балалық түйсігім тек соған жетсе керек-ті.
Не керек, қайраңдап қалған балықтай қанша туласам да өмір өзі арнасына қосқан әдебиет айдынында шорпи жүзуге тура келді.
Оқу басталды. Әсем қалашықты кезіп келемін. Күз аспаны шайдай ашық. Желке тұсымнан аппақ болып пандана қарап тұрған тау шыңдары келбетімен мақтанғандай алыстан жарқ-жұрқ етеді. Саған тәкаппар болған жарасады, қарт Алатау, өйткені сондай сұлусың! – деймін. Ал мына шыршаларға қонақтаған үлпілдек жүнді тиіндерді айтсаңшы, қандай ғажап. Тек картиналардан көретін мұндай кереметті күнде көзбен көрудің өзі бір ғанибет қой. Балаша мәз боп келем.
Сол тұста қалта телефоным шыр ете қалды. Менің қал-жағдайымды сұрау үшін хабарласып тұрған анам екен. Сабағың қалай деп сұраған оған «Мааам, біздің группамызда он жеті қыз, бір-ақ ұл бар екен. Масқара ғой! Құдай-ау, қайда барсам да қаптаған қыздан құтылмайтын болдым ғой…қайда барсам да қыздар… тағы да қыздар…» дедім сәл бірдене болса жылай салатын әдетіме басып. Ол кезде әкем 50-де болса, анам 48-де. Мен үшін олар мәңгі жас болып қалатындай, олар ешқашан ауырып-сырқамайтындай көрінетін. Олардың менен басқа бас қатыратын ісі жоқтай, ал мен олардың перзенті болғандықтан олар маған мәңгі қарыздар сияқты еді. Анам тағы да үнсіз қалды. Мүмкін, отбасымызда тек қыз болғандықтан тағы да өзін кінәлі сезінген шығар…
Бір күні ауылдан әке-шешем келді. Мені сағынып, көргісі келгені белгілі. Құр қол емес, бір сөмке еттері бар. Әке-шешемді сағынсам да «мен мұншама етті не істеймін, неге алып келесіздер?!» деп ренжідім. Дамыған заманда артынып-тартынбай-ақ, сол ақшаны банкке сала салсаңдар болатын еді ғой, сендерге бейнеттеніп жүрген ұнайды-ау осы деймін. Мен келгенше тапжылмай күтіп отырған оларға «Есік алдында ескерткіш құсап отыра бермей сөмкені ішке қалдырып неге демалып жатпадыңызбар», — деп бұлқан-талқан болдым. «Ештеңе етпейді, шаршап тұрған жоқпыз» деді әкем, менің анама зілдене сөйлегенімді ұнатпай.
– Сені көріп қайтайық деген едік.
– Маған не болушы еді жүрмін ғой, кеше ғана телефон шалдым емес пе?
– Шешең екеуміз Алматыны армансыз бір араласақ деп үйдегі малдың бәрін саттық қой деді әкем қылжақ әдетіне басып, мені одан сайын ашуландырғысы келіп. Ал анам тағы да үнсіз…
Мен оқуымды бітіріп диплом алған жылы әке-шешем Текеліде тұратын. Тауға жақын биік жарға орналасқан үлкен үйдің артында алма, алмұрт, өрік ағаштары өседі. Тек өспейді күзде жемісін береді, сап-сары болып уылжып піскен алмұрттар топырлап жерге құлап жататын. Биіктегі бақтан еңіске қарай төмен түссең үлкен сай — картоп алқабы. Бұл жердің бәрі бізге тиесілі, одан ары сарқырап Текелі өзені ағып жатыр. Өзеннің ар жағы жота толған жабайы құлпынай. Бірақ суы тастай, арыны күшті өзенді кешіп өту екінің бірінің қолынан келмейді. Бәлкім содан болар бұл көшеде қаз-қатар тізілген үйлердің арты қоршаусыз. Мүмкін өзеннен алқапқа су тарту үшін, ол жағын анық білмедім.
«Той жасаймыз!» деді қуанған шешем. «Ой, дипломды кім алмай жатыр, тойлатпай-ақ қояиқшы, осы?! Одан да жұмысқа тұрудың, магистратураға түсудің қамына кірісуім керек. Сіздердің ойларыңызға ол мүлдем кіріп-шықпайды» деп жаратпасам да, әке-шешем той жасады.
Менің диплом алу тойыма облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы келді. Өзімнің үлкен өмір жолына қадам басқан қуанышыма тауда демалып жүрген кісінің құдайы қонақ боп келе қалуын, маған ақ тілегін арнауын жақсылыққа балап, шын қуандым.
Не керек, бәленің бәрі той біткен соң басталды. «Сендердің орындарында түгеншенің әке-шешесі болғанда қонышынан басар еді… құдай өзі айдап кеп тұраған кісіге бір ауыз ұсыныс айтып мені облыстық газетке жұмысқа тұрғызбадыңдар» деп кісіге жағынуды білмейтін, бұйымтай сұрап адамның алдына баруды ар көретін әке-шешеме жатып кеп ренжідім.
– Көрші-қолаңға жайылып жастық болғаннан пайда бар ма? Қашан келсең де қонақ – деймін анамның меймандос мінезінен мезі болғандай. Ол кезде шешем Қытайдан, Өзбекстанан көшіп келген көршілерді күріш басып, ет асып күнде үйге шайға шақыратын. Мен сол жайтты нысанаға алғандай уытты сөздеріммен анамды ата сөйледім Осы жұрттың әке-шешесі деп құрбымның анасын мысалға алып, мақтап алдым.
«Адамнан сұрағанның екі көзі шығады, Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады. Кісі қолыңдағы билік бүгін бар, ертең жоқ. Адамдар арасындағы үзілмес сыйластық қана мәңгі» деп анам жекіп тастаған еді сонда.
Мен бұл сөздің мәнін тек арада жылыстап жылдар өткенде барып түсіндім. Расымен де кісідегінің кілті аспанда деп біз аспандата сөйлегенімен ешкім мәңгілік емес, бақ та тақ та уақытша екен.
Ал анамның баладай аңғал, даладай дарқан мінезі еш өзгерген жоқ. Адам бойындағы асыл қасиет қана мәңгілік па деймін.
ПІКІРЛЕР4