…Ол менің сағынышым ғой!
06.03.2024
292
0

Сұр қаланың сүреңсіз көшеле­рін ол да талай кезген шығар, «ша­ғала жаны жай таппай».
Жайық бойын жалғыз шарлаған болар, «көңілінің қарасұр аспанында» жасын ойна­ған күндері:

Жатыр ағып жайдары ерке
Жайық,
Жағасына көк жасыл көрпе жайып.
Ойнатады ойнақы
толқындарын,
Тілемейді төсінде жел тынғанын.
Ұқсас соған шіркін-ай, менің жаным,
Ән қылады сүйгенін, сағынғанын, – деп.
Бір қиырда көштен қалып қойғандай елегізген кездерінде, алабұртқан шақтарында «жанының ақ қанатты аққу құсы» жырақтап, сәні солғын, әні бәсең тартты ма?
Неге сонша тарлау болды соқпағым,
Тұйықтарға көп тіреліп, тоқталдым.
Лапылдатып жібере де алмадым,
Бұл кеудемде білсем-дағы от барын,

– деп жыр-жүрегінде қоздаған қоламтаны маздатар қайраны болмаған сәттерде ішқұса халде қайғы жұтты ма?
Ол жағы бізге беймәлім. Мәлімі:
Дауылға қарсы тұра алам,
Шыңға да биік шыға алам.
Осындай қиын өмірден
Ақындық – менің сыбағам!

– деп қалам-қасиетін қадір тұтқаны. Дүниенің дидарына өр қалпында қаймықпай қарағаны шығар.

* * *
Атырау топырағында бір аяулы ақын ғұмыр кешіпті дейді. Өткен ғасырдың 70-80 жылдары Жайықтың жыр-толқынындай қуатты шайырдың шығармашылығы оқырманды тәнті етті. Оның асқақ қалпын, сұлулығын, дегдар болмысын, тым ерте тұйық­талған тағдырын аңыз қылып айтады көзкөргендер.
Бақыт маған тапшылау,
Жолым ауыр қашанда,
Құмартамын жақсыға
Жақсылықтар жасауға.
Уақыт маған тапшылау,
Ғұмыр қысқа әманда,
Келер күнге көз салып,
Асығу жөн маған да.
Бақытсыз деп қорықпа,
Бақсыз деп те торықпа.
Жанға жақын жүргейсің,
Өмір деген жорықта.
Қою өсек батпағын
Кеше жүріп белшеден.
Қуатыма сенемін,
Келер күнге белсенем.
Ажалымнан емес-ау,
қорқам күншіл оғынан…
Бұл – Күләш Нәбиева. «Ақын – екі дүние елшісі» дегенге сенсек, ажалдан қорықпау да – заңдылық. Пендеуи дүние­ден биіктеп, жыр жетегінде заңғар көкке самғаған сәттерде қанша күншілдің оғы оны қанатынан қайырды? Ол жағы да бізге беймәлім.
Мәлімі:
Тыныштық тілегенде,
Тап келдім дауылдарға.
Демігіп бірер демде,
Құмарттым дамылдауға.
Соқты үдеп жыл тынбады,
Көзімнен жас парлатты.
Жанымның толқындары,
Бұлықсып аспанға атты.
Күреске буып белді,
Кеудемде кек қайрадым.
Құшқанша суық көрді,
Тынбауға серт байладым,

– деп қаламға берген сертінен танбағаны. Ең ұлы серт – осы! Одан жаңылған, одан жалтарған жолдың ақыры – қиянаттың қияпаты.

* * *
Әйтпесе:
Өлең маған бақ та қоса алған жоқ,
Өлең маған тақ та қоса алған жоқ.
Мен жырлаған махаббат та күшті еді,
Ұшқан құстай уысыма түспеді, – дер ме еді?
«Таң шұғыла шашқан шақта» Жайық жақтан бір әдемі самал болып есетіндей оның жыры. Бақ пен сорды қатар құшқан ақын қыздардың тағдырынан сыр аңдаған сәттерінде қоңыр шәлісін иығына нәзік қана жабатындай оның рухы.
Жағаға барсаң, қара сен,
Толқынға жатқан алқынып.
Ол менің сағынышым ғой,
Өзіңе жүрген талпынып…

Өмірімде көрмеген, тағдырымда тоғыспаған ақынмен арманда өткен бір ғұмырдың куәсіндей кітабы қауыштырғанда осы ойдың құрсауында қалдым. Сосын… Алақандай ғана кітапты ең бір аяулы қазынамдай жүрегіме бастым.

Бақытгүл БАБАШ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір