Менің де Ахатым еді
Ашық-жарқын жаратылысты Ахат, мен білгенде, үлкен-кіші ақын-жазушыларымыздың бәріне сыйлы болды. Артық-ауыс сөйлегенін, біреуді ренжіткенін естіген де, көрген де емеспін. Көңілі кірбіңсіз еді. Кіммен, не жөнінде болсын сөйлескенде ой-пікірін анық айтатын.
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ,
жазушы, халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты
«Егес» атты романында қақ-соқпен жұмысы жоқ, жаратылыс-табиғаты момын, жан дүниесі мөлдір, мақсат-мүддесі биік Батырбек есімді кейіпкер бар. Ахаң қаламгерлік «азап-бейнетті» қалады. Батырбек – көркем шындықты, Ахат – сол көркем шындықты қиялымен жасаған өмір шындығының адамы.
Үмбетбай УАЙДИН,
жазушы, халықаралық
«Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
Ахаттың бір игі қасиеті – бір сөзділігі. Мәмілеге берік жан, ыждағатты. Ахат екеуіміздің әріптес ретінде шығармашылық байланысымыз үзілген жоқ. «Жұлдыз» журналы менің шығармашылық лабораторияма айналғандай болды.
Ілия ЖАҚАНОВ
жазушы Қазақстанның Еңбек Ері

Бақанасқа сапар. Солдан оңға қарай: Тұманбай Молдағалиев, Ахат, Ғабиден Мұмтафин
Тың тақырыптарды көтерген «Егес», «Бөгет», «Қорған» романдары, «Бозарал» хикаяты өз алдына, «Жаны жайсаң жақсылар» дейтін кітабына енген, естелік жазбалары бүгінгі қазақ мемуарының шынайы бір үлгісі деп танылуға тиіс.
Мұхтар МАҒАУИН,
Қазақстанның халық жазушысы
Ахат – әрқашанда жинақы, қай нәрсеге де дайын отыратын кісі. Қандай қиын, тосын жағдайда да салмақты қалпын сақтап, «Құдайды ақылмен тануға, әділеттің көзіне тік қарауға» күш салады. Мен мұны өз басым ондаған рет көріп-біліп, куәсі болдым. Ахатта «ауырдың үсті, жеңілдің асты» деген ұғым атымен жоқ!
Қадірбек УӘЛИЕВ,
жазушы, театр сыншысы
Мен Ақжазығымды жазсам, ол Екібастұзын жазды. Өте абыройлы қызмет атқарды. Арыстан жүрек адал дос Ахатжан! Тіршілікте де өзіңе талай сырды ақтарғам. Бұл жолы Алла сенің рухыңмен сырластырып отыр. Пейіште нұрың шалқысын!
Бексұлтан НҰРЖЕКЕ-ҰЛЫ,
Қазақстанның халық жазушысы,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
Ахаттың өз қатарластарынан айырмашылығы – оның қалада туып, қалада өскендігі. Мектептен кейін шахтада жұмыс істеуі. Ауылда туып-өсіп орыс болып жатқанда, Ахаттың ана тілін ұстанып қалғанына және қазақ жазушысы болғанына мен қашан да әрі сүйсініп, әрі таңғалумен келемін.
Әнес САРАЙ,
жазушы, ҚР Мемлекеттік
сыйлығының лауреаты
Біз қызмет істеген жылдары жауапты хатшы болған Ахат Жақсыбаев ұжымның ұйытқысы бола білді. Шындығында да, ол бір жұлдызды жылдар екен-ау! Марқұм Бекең мен Ғафакеңнің, Оралхан мен Сағаттың, Маршал мен Кәрібайдың, Жарасқан мен Мараттың, Асқардың бейнелері әр қазақтың көз алдынан кетер ме десеңші! Жұлдыз десе – жұлдыз, жайсаң десе – жайсаң, азамат десең – азамат, жазушы десең – жазушы еді ғой сабаздар! Ахат Жақсыбаев сол жұлдыздардың береке басы бола білді. Сол жұлдыздардың қадірін біліп, қасиетін арттыра білді. Нағыздың –нығызы дейтініміз де сондықтан.
Тұрсын ЖҰРТБАЕВ,
жазушы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Жазушы Ахат Жақсыбаевтың әдеби басылымдардың «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиетінің» қалыптасып, өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Ол, ең алдымен, басылымдардың терең мазмұнды болғанына көңіл бөлетін. Содан соң көркем безендірілуін қатты қадағалайтын. Өйткені сонау «Лениншіл жас» қабырғасында жүргенінен жинаған мол тәжірибесін ағамыз ылғи да өз мақсатына сәтті пайдалана білетін. Ал енді кадр мәселесіне келгенде, талантты қаламгердерді жас шамасына қарамай бірден танитын. Бірінші кітап жарық көргеннен кейін, дәл он жылдан соң, Ахат аға мені арнайы іздеп келді. «Мереке, – деді ол емен-жарқын сөйлеп, – Иса ақынның бірінші кітабын өзің шығарып едің, екінші кітапты да бітірдім, ол да сенің баспаңнан шықсын», – деді жұмсақ жымиып. Айтқан сөзінен қайтпайтын, текті ағалар-ай, сіздердің адал көңілдеріңізге қалай тәнті болмайсың.
Мереке ҚҰЛКЕНОВ
Ахаң өмірден өткенімен, артында әдебиет дейтін әлемде ізі қалды. Сөзі қалды. Ахат Жақсыбаевтың өмірі – өз дәуірінің мінез қалыбын жан жақты игере отырып, еңбек пен шығармашылығын қатар алып жүрген шынайы қаламгер, қайраткер жанның өмірі.
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Тұтқабай Иманбеков, Еркін Жаппасов, Ахат салтанатты мәжілісте
Ахат шығармашылық кәсібінде не жазса да, өзінің көңілі көншімей, жеріне жеткізбей, тоқтамайды. Негізгі тақырыбы – өндіріс. Біздің қатарымызда жұмысшы бейнесін сомдаған бірден-бір жазушы Ахат шығар.
Осы тақырыпқа «Егес», «Бөгет», «Қорған» атты романдарын жазды. Бұл романдардың қиындығы да аз болмаған шығар.
Төлен ӘБДІК,
Қазақстанның халық жазушысы,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
Ахат Жақсыбаевты жазушы ретінде мойындатқан алғашқы туындысы – «Бозарал» повесі. Осы повесі арқылы әдеби орта Ахаңды әдебиеттің төл баласы ретінде таныды, мойындады. Бұдан да үлкен дүниелер күтті. Осылайша, Ахаң өзін де, өзгені де еркін сездіретін салиқалы қаламгер-жазушы ретінде көтерілді, биіктеді.
Шөмішбай САРИЕВ,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Қазақ әдебиетінде өндіріс тақырыбына жүйелі түрде қалам тартып жүрген жазушылар бір қолдың саусағы жеткендей: санаулы ғана, солардың бірі – Ахат Жақсыбаев. Оқырман қауым оның «Егес», «Бөгет» романдарын кезінде сүйсіне оқып, жылы лебіздер білдірген-ді. Жазушының тағы бір жаңа туындысы – «Қорған» романы. Бұл да тынымсыз қаламгердің өзі таңдаған тақырыпқа – Қазақстанның кен байлығын халық игілігіне жарату ісіне үлес қосып, еңбек етіп жүрген еңбекші қауымның мазасыз тірлік-қарекетін суреттеуге арналған шығарма.
Медеу СӘРСЕКЕЕВ,
жазушы
АХАТ ТОЙЫНА
Ахат, саған шын ағалық жөнімді
Білдіруге сөз іздедім өнімді.
Бас түйісіп
бір «Жұлдыздың» астында,
Он жеті жыл бірге өткіздік өмірді.
Бастан кешкен дос,
туыстық думанды,
Артымызда
талай ғажап жыл қалды.
Сол жылдардың
жинағынан іздеймін,
Енді сенің жарқылдаған тұлғаңды.
Отағасы болмай-тұғын
жол бар ма,
Тағы да бір от жағылды ордаңда,
Тағы да бір бас көтерді шаңырақ,
Үлкен шаңырақ
абыройын қорғауға.
Кеше ғана жас келіншек Клара
Енді бүгін ақ бәйбіше – мұнара.
Сөйтсең-дағы
Ахатжанды қарт демей,
Жастығыңды
еске алып қой күнара.
Құттықтаймын,
құттықтауға күн қандай,
Бар қуаныш көздеріңде тұнғандай.
Барлық бақыт
өздеріңде тұрғандай,
Уа, соны ұзақ қылсын бір Құдай!
Мен жарыммен
ғұмыр кештім қырық жыл,
Өтті күндер ашық және бұлыңғыр.
Бәрінен де бақытым сол, ең қымбат
Аман-есен менің жалғыз ұлым жүр.
Саған-дағы тілейтінім сол,
жаным,
Ойлағанда алда жатқан жол
қамын,
Төбеңдегі жалғыз жұлдыз сөнбесе,
Сол болады ең үлкені олжаның.
Ғафу ҚАЙЫРБЕКОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты