ӘДЕБИ БАСЫЛЫМДАР НАСИХАТТАЛДЫ
24.11.2025
61
0

Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысында тұратын мүшелері соңғы кездері көркем әдебиет пен әдеби газет-журналдарды насихаттауды күрт күшейтті.

Қазан айының соңғы аптасында Алпамыс Бектұрғанов, Ғайсағали Сейтақ, Дариға Нұрашева, Талап Таймасұлы секілді қаламгерлер Бәйтерек ауданына қарасты Достық ауылдық округіне барып, өлең оқып, күй тартып, былтыр-биыл шыққан кітаптары жөнінде әңгімелеп және аталмыш ауыл-аймақ тұрғындарын «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз», «Жалын» журналдарына барынша көптеп жазылуға шақырды. Араға бірнеше күн салып әлгіндей әдеби-мәдени сапар Сырым ауданының орталығы Жымпиты кентінде, сосын Алғабас және Тоғанас ауылдық округтерінде жалғасты. ҚЖО-ның Батыс Қазақстан облысындағы өкілі, жазушы Бауыржан Ғұбайдуллин үшбу үш елді мекеннің тұрғындарымен жүздесіп, оларды кітап оқу мәдениетін жандандыруға және әдеби басылымдарға мейілінше белсенді жазылуға шақырды. Аудан орталығында бұл шаруаға ақын Махмет Қажиахмет те атсалысты. Өткен аптада Б. Ғұбайдуллин аудан-ауылдарды аралау сапарын жалғастырып, Тасқала ауданының орталығы мен Айнабұлақ, Мерей, Шежін ауылдарында әдеби шығармалар оқудың адам санасы мен бала тәрбиесіне игі әсері жөнінде келелі әңгіме өрбітті. Әрине, әдеби басылымдарға жазылу жайы да назардан тыс қалмады. Тасқала ауданында тұратын жас ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, білім саласының қызметкері Меңдібек Лұқпанов соңғы жылдары батысқазақстандық қаламгерлердің көркем туындылары республикалық әдеби газет-журналдарда жиі жариялана бастағанын айта келіп, жерлестерін «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз», «Жалын» журналдарына өнімді жазылуға үндеді. Осындай мақсатпен аудан-ауылдарды аралау барысында Ақ Жайық атырабын мекендеген ақын-жазушылар әдеби-мәдени тұрғыдан көбіне назардан тыс қалатын елді мекендерге жиі ат басын бұруда. Жалпы, аудан-ауылдарды, үлкенді-кішілі елді мекендерді аралап, көркем әдебиетті насихаттау ісіне Сағынтай Бисенғалиев, Дариға Мұштанова, Қазыбек Құттымұратұлы, Бауыржан Халиолла, Елтай Бимұқанов, Әділет Орынбасар, Бауыржан Ширмеденұлы және Талғат Мықидай әріптестеріміз лайықты үлес қосуда.

Бауыржан Файзоллаұлы,
Батыс Қазақстан облысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір