Әдеби-музыкалық кеш өтті
Бүгін Құдыс Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрында Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығы аясында әйгілі қаламгер, қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Зия Сәмәдидің 110 жылдығына орай, әдеби-музыкалық кеш өтті.
Аталған кеште театрдың драма актерлары, «Нава» және «Рухсарә» ансамбльдері кәсіби дәрежеде өнер көрсетті. Іс-шараға келген құрметті қонақтар, зиялы қауым мен өнер жанашырлары кеш барысында жазушының көркемдік әлеміне бойлап, кейіпкерлердің жан дүниесін сезіне алды.
Сценарий авторы – Гульбахар Насирова, Құрмет орденінің иегері.
Режиссері – Бахитжан Авдунов. «Нава» ансамблінің көркемдік жетекшісі – Ниязжан Турсунов. Бас балет-мейстер – Хажарбуви Халимова.
Сонымен қатар кеш соңында Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мереке Әбдешұлы екі халықтың шынайы достығы, Зия Самадидің бірқатар қазақ жазушыларына ұстаз болғаны, Қазақстан мәдениетінде бауырлас ұйғыр әдебиеті мен мәдениетінің алар орны туралы жылы лебізін білдіріп, жазушының қызы Билқиз Самади ханымға құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты.