«ҰЛТТЫҢ ӘДЕБИ АЙНАСЫ»
5 наурызда Ұлттық кітапханада республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің 90 жылдығына арналған «Ұлттың әдеби айнасы» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
«Қазақ әдебиеті» газетінің мерейтойын атап өтіп, тарихы мен даму үрдісін саралауды, ұлттық әдебиеттің дамуына қосқан үлесін, оқырман мен газет арасындағы байланысты талқылауды мақсат тұтқан басқосуға қаламгерлер мен ата басылымның әр жылдардағы бас редакторлары, қызметкерлері мен публицистер, журналистер қатысты.
Іс-шараға жиналған қауым республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің 1934 жылдан бастап, осы уақытқа дейін жарық көрген сандары топтастырылған көрмені аралады. 3 бөлімнен (1934-1940, 1955-1990, 1991-2024 жылдардағы жарияланымдар) тұратын басылым көмбесімен кітапхананың жас мамандары Ертай Біләл, Сымбат Әбдірәлі және Қанат Алтынбек таныстырды. Кітапхананың үлкен залында ретпен орналасқан көрнекті суреттер анадайдан көз тартады. Қырағылығымен тасадағыны қалт жібермеген әйгілі фототілші Сайлау Пернебаевтың кадріне іліккен бұл фотосуреттер басылымның ғана емес, тұтас руханияттың шежіресін ақтарып тұр.
Осынау қазыналы таныстырылымнан кейін іс-шара барысы жиналыс залындағы конференцияға ұласты. Алғашқы сөз кезегін алған кітапхана директоры Бақытжамал Қайырбекқызы барша қалам иелерін мерейтоймен құттықтап, «Қазақ әдебиетінің» ұлттық руханияттағы алар орны орасан екенін жеткізді. Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов осындай ауқымды басқосуды ұйымдастырған кітапхана басшылығына, ұжымға алғыс білдіріп, әдеби басылымның тарихына шолу жасап өтті.
Жиын модераторы – Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, жазушы Нұржан Қуантайұлы басылымның әр шақтағы сипаты мен редакторларының еңбегі жайлы ой толғап, басқосуды жүйелі жүргізіп отырды. Ақ парақ пен қаламды серік еткен көркем сөз иелерінің қай-қайсысына да қадірлі апталық хақында газет редакторлары, жазушылар мен сыншылар кезекпен сөз сөйлеп, жүрекжарды тілегін айтты. Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбеков те руханият басылымының халық үшін, халықтың әдебиеті мен мәдениеті үшін қаншалықты маңызды екенін тілге тиек етті.
Газеттің бұрынғы редакторлары – көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет өзі басшылық еткен тұстағы газеттің жай-жапсары жайлы айта келіп, бірқатар қызықты оқиғаларды еске түсірсе, белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек те газет тізгінін ұстаудың оңай емесін, зерттеп-зерделеп жүріп, құнттай етіп дайындаған материалдан да мін іздейтіндердің табыла кететінін көпті күлдіре отырып әңгімелеп берді. Қос редактор да газеттің бүгінгі беталысы көңіл қуантатындай жаңа үдерістерге толы екенін, тың жаңалықтар мен әдеби мәні айрықша дүниелерді көріп көзайым болатынын білдірді.
Сонымен қатар «Айбоз» сыйлығының лауреаты, әдебиет сыншысы Бекен Ыбырайым: «1972 жылы «Қазақ әдебиетіне» Сырбай Мәуленов ағамыз мені жұмысқа шақырды. «Бұл – қазақ әдебиетінің қайнап жатқан қазаны. Сондықтан мұнда жұмыс істеу оңай емес, айналайын», – деп батасын беріп, қызметке алған еді. Сол Сырағаңмен жұмыс істеген мамандардан қазір екі-ақ адам қалыппыз: бірі – Сәбит Досанов, екіншісі – мен. Сырағаңның ерекшелігі, ол кісі ақын ғой, тақырып қоюға келгенде шебер еді. Иә, ол кісі жұрттың ықыласына бөленетіндей, назарын аударатындай етіп тақырыптарды ойнатып қоятын. Сол секілді, Сырағаң өткізген әрбір «летучка» да керемет болатын», – деп Сырбай ақынның сара жолынан сыр шертсе, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып басылымның қазіргі ахуалы турасында ақ жарыла тіл қатты. «Қазақ әдебиеті» газеті – «Қазақ» газетінен, «Егемен Қазақстан» газетінен кейінгі зиялы қауымның ойын, елдің діттеген мақсатын көпшілікке жеткізіп отырған басылым. Әрбір редактордың өзіндік қолтаңбасы болады. 2018 жылдан бастап белгілі жазушы Дәурен Қуат келді осы басылымға. Содан бері онымен бірге жұмыс істеп келе жатырмыз. Мен хатшылық құрамдамын. Айтайын дегенім, Дәурен жастарға көңіл бөліп, соларға жол ашты. Қазақтың жас әдебиетін өркендетуге көңіл бөліп, «Жас тұлпар» деген қосымша шығарды. Ақын-жазушыларымыздың көркем туындылары басылым бетінде үзіліссіз жарияланып жүргені – өз алдына, заманның басты сұраныстарының бірі – аударма саласына көңіл бөліп, біраз аудармашыларды тапты. Әдеби талғамы биік әдебиеттанушылар мен сыншыларды жұмылдырды. Газет өз бағытында жақсы дамып келеді», – деді ол кеңінен тарқата.с қылыштай өткір жырлардың иесі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Темірхан Медетбек, әдебиет сыншысы, профессор Қансейіт Әбдезұлы, редакция қызметкері, сатирик, жазушы Еркін Жаппасұлы, жазушы Нұрдәулет Ақыш ұлт басылымының көтеріп жүрген мәселелеріне, талдаған тақырыптары мен жарияланымдарына жеке-жеке тоқталып, Одақ төрағасының ұсынысымен аймақтарға арналған қосымшаның ашылғанын да серпіліске балап, өз пайымын баяндаса, белгілі ақын Иран-Ғайып тілегін үндеп, ақындық хақындағы жырын оқыды. «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, белгілі жазушы Дәурен Қуат апталықтың абыройы ұлттың абыройы екенін, әдебиет алыптары күш біріктіре іргесін қалаған басты әдеби газеттің тарихы жүлгесін үзбестен ғасырдан-ғасырға жалғаса беретінін айтып, әдебиетке жұмыла қызмет етуге шақырды.
Кітапхананың жас қызметкерлері мамандық таңдауда, өз бағытын жаңылмай табуда бұл газеттің ерекше ықпалы болғанын, басылымда жарияланған туындыларды оқи жүріп ой-өрісінің дамығанын баян ете, жырдан шашу шашты. Қазақтың әйгілі әншілері Нұржан Жанпейісов пен Сағат Әлдекенов әсем әнімен, танымал күйші Саян Ақмолда күмбірлеген күйімен сазды сезімге бөледі.
90 жылдығын атап өтіп отырған ата басылым қазақ руханиятының алтын діңгегіне айналғаны мәлім. Газеттің алғашқы саны 1934 жылдың 14 ақпанында жарық көрді. XX ғасырдың бірінші жартысында қазақ әдеби апталығының шығуы еліміздің мәдени өмірінде айтулы оқиға болды. Газеттің бастауында әдебиет классиктері Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқанов, Әбділдә Тәжібаев, қоғам қайраткерлері Ораз Исаев, Жанайдар Сәдуақасов, Ораз Жандосов, Темірбек Жүргеновтер тұрды. Сонымен қатар газет жұмысына мемлекет және қоғам қайраткерлері Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтбаев, тағы басқалар белсене қатысты.
«Қазақ әдебиетінің» алғашқы редакторлары Ғабит Мүсірепов пен Бейімбет Майлин болды. Маңдайшасына: «Қазақ әдебиеті» ұлт мәдениетін көтеруде үлкен орын алсын!» – деп жазылған басылымның таралымы алғашқы жылдары 1 мыңнан 3 мыңға дейінғы аралықта болса, 1935 жылы 3500-ге жеткен. Апталық бетіне қазақ қаламгерлерінің классикалық және заманауи әдеби туындылары, әлем әдебиеті классиктерінің қазақ тіліндегі аудармалары, сондай-ақ сын мақалалар, сұхбаттар жарияланды. Осылайша, ұлттық мәдениетті қорғауды мақсат тұтқан ұлт басылымы 1940 жылға дейін шығып тұрды.
15 жыл үзілістен кейін 1955 жылы қайта жарық көрген басылымның бас редакторы болып Сырбай Мәуленов (1955-1957 жылдар аралығы) тағайындалды. Сол жылдары Сырбай Мәуленовтің редакторлығымен газеттің 51 саны жарық көрді. Ары қарай Ісләм Жарылғапов – 1957-1958 жж., Әбділда Тәжібаев 1958-1959 жж. Зейнолла Қабдолов 1959-1960 жж., Жұмағали Сайын 1960 -1961 жж., Жұмағали Ысмағұлов 1961 -1963 жж., Әбен Сатыбалдиев 1963 ж., Әзілхан Нұршайықов 1963-1965 жж., Қапан Сатыбалдин 1965-1967 жж., Нығмет Ғабдуллин 1967-1969 жж., Сәкен Жүнісов 1969 -1970 жж., Әнуар Әлімжанов – 1970-1973 жж., Сырбай Мәуленов 1973-1977 жж., Сайын Мұратбеков 1977-1980 жж., Шерхан Мұртаза 1980-1989 жж., Төлен Әбдік 1989-1991жж., Оралхан Бөкей 1991-1993 жж., Ахат Жақсыбаев 1993-1997 жж., Жұмабек Кенжалин 1997-1999 жж., Жүсіпбек Қорғасбек 1999-2002 жж., Ұлықбек Есдәулет 2002-2008 жж., Жұмабай Шаштайұлы 2008-2017 жж., Жанарбек Әшімжан 2017-2018 жылдар аралығында редакция тізгінін ұстаса, 2018 жылдан бастап басылымға Дәурен Қуат басшылық етіп келеді.
Көріп отырғанымыздай, 90 жылдық тарихында «Қазақ әдебиеті» газеті әртүрлі белестерді бастан өткерді. Анығы, қай кезеңде де ата басылым елдің ұлттық санасын көтеруде тайсақтық танытқан емес.
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА