Әдеби ортадағы отауым
12.01.2024
211
0

Нығмет Ғабдуллин

Қазақ мемлекет­тік университетінің журналистика факультетінде сырт­тай оқып жүрген кезім. 1966 жылы нау­рыз айында кезекті сессияға келгенбіз. Бір күні старостамыз газет­тің техникалық көркемделуінен лекция болатынын, сонсоң одан сынақ тапсыратынымызды ескерт­ті. Лекция оқуға келген жігіт өзін: «Аты-жөнім – Кәкімжан Қазыбаев. Алматы облыстық «Жетісу» газеті редакторының орынбасарымын», – деп таныстырды. Қоңыр үнімен ақыры сөйлейді екен. Сабырлы, салауат­ты. Лекциясын үш күн оқып, соңында сынақ алды. Бізбен қоштасып тұрып, маған иегін ұмсынта қарап:
– Сіз, Ғаббас жолдас, макет­тің мастері екенсіз, қай газет­тен келдіңіз? – деді.
– Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газетінен.
– Ә, Мұқан Әбуғалиевтің кадры екенсіз ғой?
– Иә, сол кісінің кадрымын.
– Қызметіңіз?
– Жауапты хатшымын.
– Мені сырт­та тоса тұрсаңыз, әңгімелеселік, – деді.
Екеуміздің әңгімеміз «Жетісу» газеті редакциясына, жауапты хатшының орынбасарлығына шақырылуыммен аяқталды.
– Әзірше, бірер ай орынбасар боласыз, содан кейін жауапты хатшылыққа тағайын­даймыз, бізге бір тиянақты жауапты хатшы керек болып жүр, – деді Кәкең.
– Алматыда журналист көп емес пе? – дедім.
– Журналистің кез келгені жауапты хатшы бола ала ма? – деп қарсы сұрақ қойды.
Мен үндемедім. Көкейім­нің сонау да сонау түкпірінде «Шіркін, Алматыда тұрсам ғой!» – деген бір арман бұғып жатушы еді, сол пақыр ұшып тұрып, қуаныш биін билей жөнелгендей болды.
– Ертең редакцияға келіңіз, сағат 10 шамасында, жарай ма? – деді Кәкең.
– Жарайды, – дедім.
Ертеңінде «Жетісу» қайда­сың?» – деп тартып келе жатыр едім, Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденов жолыға қалды. Университет сессиясына алғаш келген 1962 жылы «Аққу» кафесінде танысқан­быз. Көргенкөздер шұрқыраса табыстық.
– Ғаба-Ғабеке, қалыңдығына ұрын ат­танған күйеудей қайда асығып барасың? – деді Шәмші, әдетінше жұмсақ күле сөйлеп.
– Ойбай, бір қызық бар! – деп қайда, неге кетіп бара жатқанымды баяндап бердім.
– Дұрыс, дұрыс, Алматыға келгенің дұрыс. Астананың аты – астана. Оспанханға сарбаз боласың, кітаптарыңды шығарасың, – деп Шәмші шын қуана құптады.
– Дұрысы дұрыс қой, тек пәтер жағы қинап жүрмесе, – деп Жұмекен сабыр сақтай пікір қосты.
– Жарайды, барайын, кешікпейін, – деп жөнелдім.
Редактор кабинетіндегі әңгімеміз менің: «Жарайдыммен» аяқталып, дәлізге шықсам, Жұмекен тұр.
– Иә, қалай? – деді ол, көзі жылтырай жымыңдап.
– Сөйлестік. «Жарайды, үй-ішіммен ақылдасайын» дедім.
– Біздің журнал да осы үйде, бірақ менің бөлмем оңаша емес, үш кісі отырамыз, жүр, далаға шығайық, саған бір қызық айтайын, – деді Жұмекен. Ол «Мәдениет және тұрмыс» жорналында бөлім меңгерушісі. Екеуміз сыртқа шықтық.
– Иә, не айтасың? – дедім.
– «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясында бір орын бос екен, сен мынаны қой да, соған бар! – деді Жұмекен.
– Мен келісіп қойдым ғой, – дедім, қалайша олай дегенімді өзім де аңғармай.
– Келісіп қойғаның қалай? «Үй-ішіммен ақылдаспай не дей аламын?» дегенің қайда?
– Келетін шығармын деп ойладым да.

«Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы Әнуар Әлімжанов, бөлім меңгерушісі Ғаббас Қабышев. 1971 жыл.

– Тәйір-ай, «келісіп қойдым ғой» дегенің сол ма? – деп Жұмекен ақырын ғана күлді де: – Әдебиет газетіне барғаның дұрыс болады, онда да жауапты хатшының орынбасары керек екен, жаңа анықтап білдім, аптасына бір рет шығатын газет. Әңгімеңді жазуға да уақытың жетеді, – деді.
– Мені не қылады олар? Мен жазушы емеспін ғой?
– Барып көрсеңші, тоныңды шешіп алмас. Бар, редакторы – Нығмет Ғабдуллин деген жазушы, жақсы адам, тура өзіне барып сөйлес.
– Жұмекен, ей, сен қызық екенсің? – дедім шын таңданып.
– Ғабекесі, ей, сен де қызық екенсің, жан тыныштығыңды білмейтін! – деп Жұмекен қарымта қайтарды. Үнінен реніш табы аңғарылды.
– Жарайды, барып көрейін, – дедім.
– Сөйт, молодец! – деп Жұмекен жайдарлана қалды…
Ұзын сирағымды қысқа қадамға көндіріп, өзіме-өзім «сабырлы бол» деп ақыл айтып келемін. Ерекше еңселі, әсем үш қабат­ты ғимарат. Үшінші қабатының жоғарғы тұсында «Қазақстан Жазушылар одағы» деген көк бояулы ірі әріп­пен жазылған сөз бар. Менің ойымша мешіт­тей қасиет­ті ғимаратқа кірудің өзі бір ғанибет болса, «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясында болу, Бас редакторының, жазушының алдына бару мендей облыс баласына тым қиын тиер-ау!..
Сыртына «Бас редактордың қабылдау бөлмесі» деген төрт сөзді шағын тақтайша ілінген жарма есіктің жартысын ақырын ашып: «Кіруге бола ма?» дедім. Үстінде жазу мәшіңкесі, телефон тұрған үстел басында отырған әйел жарықшақтау дауыспен: «Болады, кіріңіз!» – деді. Сәлемдестім. Бетінде аздап қорасан дағы бар қошқыл өңді кексе екен. Біреу-міреу қуып шығардай асыға сөйлеп: «Нығмет ағайда бір жұмысым бар еді, қабылдар ма екен, ол кісі бар ма?» – деп едім, апекем жымиды да: «Кәзир айтып киләм» деп оң жақтағы жарма есікке бет­тей бере аты-жөнімді, қайдан келгенімді шұқшия сұрады. Айт­тым. Ол кіріп кет­ті. Мен тыныш қалмай, «татарка екен ғой» деп долбарлап үлгердім. Апекем тез шығып, маған қарамастан үстеліне бет­теп: «Бара бергилә» – деді. «Қайта бер, қабылдамайды», дегені сияқтанды. Бірақ жарма есіктің жартысын ашық қалдырғаны сонда баруды меңзегені деп біліп, іштей «я, бісмілдә!» деп алып, бірдеңеден құр қалғысы келмеген кісіше тез кіріп бардым.
– Сәлеметсіз бе, рұқсат па екен?
– Рұқсат, келіңіз! – Қарсы қабырға іргесіндегі үстел басынан түрегелген сұңғақ бойлы, ұйысыңқы шашты жігіт басын бір изеп, үстелінің бергі жағына жанай қойылған орындықты нұсқады. Соған тақағанымда қолын жымия ұсынды: – Атыңыз Ғаббас екен, бізде Жұмабаев Ғаббас деген ақын бар. Отырыңыз, бұйымтайыңызды айтыңыз.
Өзі жазушы болса, өзі дәу редактор болса, сірә, сөйлесуге асықпай біраз нығызданар деп ойлай жақындағанмын. Олай емес, біраздан бері танысымдай. Ол биіктеу арқалы орындығына сәл шалқайың­қырап, басын оң жаңына сәл қисайтыңқырап отырған-ды. Түйме көзі жылылықтың нышанындай. Шағын мұрнының орта тұсында тыртыққа ұқсастау белгі бар.
Айтарымды ақтарып болғанымда: «Түсінікті» деп алды да, отбасымда кімдердің барын, не істейтіндерін, пәтер жағдайымды, айлық табысымның мөлшерін, т. б. сұрап білді. Содан соң:
– Араққа қалайсыз? – деп жымың ет­ті.
– Той-томалақта ауыз тигенім болмаса, онша емеспін.
– Шыныңыз ба? – деп жымия түсті.
– Бар-жоқ шыным.
– Айлық табысыңыз біздегіден екі есеге жуық көп екен, бірақ мұнда, жаза білгенге, қаламақы табар жер көп.
– Бұйырғаны болар.
– Ғаббас жолдас, түсінікті. «Қызметке алындым» дей беріңіз! – деп тез түрегеліп, қолын ұсынды. – Қай күннен бастап кірісе аласыз?
Тегі сасқалақтап қалсам керек, оның ұсынған қолын отырған қалпымда алып­пын. Аңғара қойып, дереу ұшып тұрып:
– Барысымен өтініш беріп, босаймын да келем! – дедім.
– Жақсы. Қай күні келесіз – жұмысқа алуға сол күні бұйрық жазылады. Сау болыңыз, хабарласыңыз, – деді.
…Апта өт­ті. «Коммунизм туынан» әрең босап, «Қазақ әдебиетіне» келіп жет­тім. Редакцияның жауапты хатшысы ақын, аудармашы Ғаббас Жұмабаевтың қарамағына алындым. «Ұзын Ғаббас», «қысқа Ғаббас» атандық. 1966 жылы көкек айының 16-күні.
Нығаңның жаратылысы жайсаң екен: пейілі – кең дала, мінезі – көктем-жаз. Орынды ақыл-кеңеске жомарт, ашу-айқайға сараң. Әзілді жақсы көреді, кішіпейіл. Газет авторларының негізі – көрнекті ақын-жазушылар, сыншылар.
Нығаң ұжымда танымал қаламгерлермен, өнер қайраткерлерімен газет шыққан жұма күні кез­десіп, пікірлесетін «Бәрекелді!» дәстүр қалыптастырыпты. Мысалы, ол дәстүрдің мен үшін алғашқысында «Қазақтың бұлбұлы» атанған Бағланова Розамен жүздестік. Ашық-жарқын апайымыз қуана қарсы алған біздің ортамызда бәйшешектей құлпырып тұрып: «Бауырларыма, сіңлілеріме биік болып көрінуді ойлап, табаны қалың туфли киіп келдім», – деп ду күлдірді. Бір ғажап тамаша сәт болды.
Келесі кез­десуде Ғабит аға Мүсірепов қазақ әдебиеті, қазақ тілі хақында ой толғап, тәнті ет­ті. Содан кейін сәл жымиып: «Сендерге құрқол келген жоқпын, газет­теріңе мына «Қыранның әңгімесі» деп аталған тың шығармамды ала келдім, оқып берейін, пікірлеріңді айтыңдар», – деді де, пенжағының қойын қалтасынан бүктеулі парақтарды алып, байыптап оқыды. Біздің пікіріміз, әлбет­те, мақтау болды. Үш қызметкеріміз, кім екендерін есіме түсіре алмадым, әңгіменің әр тұсынан мысал келтіре құптады. Есімде қалғаны: ұжымдағы жалғыз қыз, ақын Ақұштап Бақтыгерееваның:
– Ғабе аға, әңгімеңізді мен де мұқият тыңдадым, қуандым. Көркем ойдың көрінісі. Әйтсе де, меніңше, бас кейіпкеріңіз – отағасының таңертең сүт сатып алуға баратыны жарасымды емес, – деді.
– Со-л-лай ма? Қазір, Нығмет­тің кабинетіне барғанда, тағы оқып байқайын, – деді Ғабең, маңғаз қалпында жұмсақ үнмен…
Бүгінде Тоқсанның төріндегі Әдеби апталығымыз – мен үшін жап-жас отауым. Қадірлі қаламгер ағаларымның, дарынды құрдастарымның, інілерімнің көбімен осында таныстым. Дізе түйістіре қызмет еткен: Нығаңнан, одан соң баламінезді дархан Бас редакторымыз Сыр-аға Мәуленовтен, кезінде ұлы Мұхтар Әуезов оң сапар тілеген, кейінде әлем әдебиетінің білгір өкілі болған Бас редакторымыз Әнуар Әлімжановтан үлгі-өнеге алған жылдарым – қымбат шақтарым.
Редакцияда қызмет­тес болған жас ақын-жазушылар: Ізтай Мәмбетов, Сәкен Жүнісов, Мұхтар Мағауин, Өтежан Нұрғалиев, Қабдеш Жұмаділов, Ақұштап Бақтыгереева, Өтеген Күмісбаев, Әбілғазы Нағметов… бір Отбасының балаларындай едік.
Жазушылар одағы басқармасының қаулысы бойынша 1974-жылы Әдеби қордың директоры болып тағайындалып, басқа шаңыраққа барсам да, «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясы ат­ты қадірлі ұжыммен, Құдайға шүкір, әлі де біргемін.

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір