САТИРА САРДАРЫ
10 қараша белгілі сатирик, ұстаз Үмбетбай Уайдиннің туған күні. Үмбетбай Уайдин – артына 30 шақты кітаптың сыртында мол мұрағат қалдырған жазушы. Ол кісінің жазған сықақтарынан, ой орамдарынан айналасына асқан жанашырлықты, мейірім мен жауапкершілікті көруге болды.
Қазақ сатирасының сардары тірі болғанда биыл тоқсан жасқа толар еді. «Қазақ әдебиеті» газеті өткен сандарында Үмбетбай Уәйдаұлының материалдарын жариялаған болатын. Бүгін әріптестерінің, ғалымдар мен шәкірттерінің әр жылдары жазған пікірлері мен арнауларын, лебіздерін оқырман назарына ұсынамыз.

Күнделікті өмірде, өнерде алдымызда үлгі тұтар ағалар баршылық. Олардан ақыл-кеңес тыңдап, өнеге тұтамыз. Бірақ сөзі мен ісі де, өзі де көңілден шыға бермейтіндері аз емес. Күнделікті қызмет күйбеңінде күтпеген қырынан көріп, ойлағандай болмай қалатыны да болады. Ондайда өкінесіз, бас шайқайсыз. Ал біздің арамызда өзінің біртекті жайсаң мінез-құлқымен, таза адамгершілікті пір тұтқан санасымен және жебелі творчествосымен сыйлы азамат ағамыз бар. Менің ойымша, бәрімізді Үкеңнің өн-бойынан есіп тұратын осындай жақсы қасиеттер қызықтырады. Ол талмай тек жақсылықты, жақсы болуды, нағыз адам болуды насихаттайды. Содан да біз оны қатты сыйлап, құрмет тұтамыз. Ол біздің көзімізге қырғиқабақ сатирик емес, жайма-шуақ тәрбиеші-ағартушы ұстаз ретінде елестейді.
Кейде мен «Осы Үкең, неге шәкіртке ұстаз болмады екен?» деген ойға қаламын. Шындығында біздің Үкең – жаратылысынан тәрбиеші-тәлімгер, ағартушылықты бойына сіңірген, кір шалмас пәк жанды адам. Пендешілікке бармайды, тазалықтан арылмайды. Өмірдегі келеңсіз кемістікке деген ымырасыздық оны сатирик те, инабат тәлім ақылгөйі ететін де сияқты. Бұл саладағы табысы өз алдына бір төбе, оны әдебиет зерттеушілеріне қалдырдық.
Әшірхан ТАЛҒОЗИЕВ, композитор.
1985 жыл
«…Иә, Үмбекең сондай адам!
Ол – ұлтының есті дәстүріне құлай берілген азамат, оған ессіздіктің бәрі жат. Ол ататек сұрасуды да, өзара сыйластықпен ат қосуды да, бет сипап, ас қайырысуды да айып көрмейді. Бұған қарсылық қылғандарды сатира сойылының астына алып жерлейді. Халқы десе, оның қаны қайнап тұрады, ел намысын жыртып, тілі сайрап тұрады».
Темірбек ҚОЖАКЕЕВ, профессор
«…Былай қарағанда, қой аузынан шөп алмас көрінетін өзімнің шәкіртім Үмбетбай Уайдин жуастан жуан шығып, «Арада» жүргенде ара боп шағып, талай шекелерді тызылдатты».
Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ, профессор,
(«Заман-Қазақстан», 08.10.1999ж.)
«Ү.Уайдин – сатира жанрының тақырып шеңберін кеңейту жолында көп ізденген адам. Ол сатирадағы факт, оқиғаны көбіне шындыққа жақындатып, шынға ұқсатып суреттейді».
А.МУСАЕВ, профессор,
( «Изденіс» — «Поиск» журналынан)
«…Біздің Үмбетбай Уайдаұлы, Көпен Әмірбековтер қайда? Осылар Задорновтан асып түспесе, кем түспейді».
Қали СӘРСЕНБАЙ,
( «Жас Алаш», 15.01.2005ж. )
… Айтып, айтпай не керек,
Үмбетбай деген бұ кісі
Қазаха деген халықтың,
Құдай берген ырысы.
Оспанхан ӘУБӘКІРОВ
«Ең таза, ең мөлдір, түсінігі өте терең ынсапты, қанағатты және әділ азамат кім? – деп әздеп жүрген адамға осы Үмбетбайды ұстап беруге болады».
Қажытай ІЛИЯСОВ
«Үмбетбай Уайдин аға түртпесе сөйлемейтін «үндеместердің» мекенінен. Бірақ шыдамын шектен шыққанша тас қайраққа салып егесеңіз, тамағын кенеп алып, сөз бастайды. Асықпай, азды-көп «тамақ кенеудің» аялдамасында тыныстап, сұқ саусағын дирижердің таяқшасының орнына пайдаланып, қолды сәл ғана сілтеп, ойын сөзімен сүйемелдегенде, шынтағы қозы қарнының үстіне келіп қисаяды. Сөзі мірдің оғындай «есіңнен танып қаласың».
Роза АЛТЫНБЕКОВА,
сыншы
«Үмбетбай Уайдин, Ғаббас Қабышұлы, Сейіт Кенжеахметов ағаларымыздың дүниелері ғажап».
Асқар НАЙМАНТАЙ,
сықақшы-сахнагер,
( «Жас Алаш», 01.06.2004ж)
Қысқа жазу, нәрлі жазу – Үмбетбай ұстанған үлгі. Ол қай тақырыпты қаласын, қай оқиға жамбасына келсін ойнатып әкетеді».
Ғаббас ҚАБЫШЕВ,
(«Әзіл-сықақтың Үмбеті»)
«Үкең шығармашылығының өн бойында ерекшеленіп көрінетін бір
қасиет-қандай жанрда жазса да, оқырмандарына күлкі шуағын таратуға құштарлығы, ой бөлісуге шеберлігі. Мұның өзі қаламгер қаламына қуат беретін ар тазалығының, көпшіл көңілінің табиғи қуаты».
Жақау ДӘУРЕНБЕКОВ
(«Үкілі күлкі»)
«…Үмбетбай – оқырманға шығармасымен де, өзінің болмыс шынайылығымен де біртұтас танылған сирек кездесетін азамат».
«…Аңғарып қарасаң адамның азаматтық қасиеті Отанын, туған жерін, ата-анасын, ата-мекенін сүюден түсініледі, біз жерлестері оны отаншыл қасиеті үшін де ардақтап, сүйеміз».
«…біраз жыл ішіндегі жасы үлкендік (ағалық) тапсырмаларымды орындауда оның әр қалыпта болған жайын сезген емеспін. Ылғи да өте жаймашуақ, жылы қалпын сақтап, әнгімеңді бар ықыласымен тыңдап, айтары болса башалап түсіндіріп, сені алаңсыз қалдырып жатады.
Жасымыз үлкен болған соң «кім де болса ырғыздық азамат қой» деп, алыс Ырғызда жатып та астанадағы оған талай тапсырмалар берген реттерім аз болған жоқ. Айналып кетейін ол соның қай-қайсысын болса да байыппен орындап, хабарласып отырды. Әсіресе Ырғызда музей ашу, ырғыздық өрендерге (Т.Жүргенов, Ы.Алтынсарин т.б.) ескерткіш орнату, «Ырғыз» атты деректі кітап шығару істерінде қыруар материал жинастыру керек болды. Соның бәрінде де бір кіржің көрсетпей, бар ықыласымен айналысып, тындырып жіберетіні бізді талай қуантты».
Қапаз ЕЛАМАНОВ,
(Қарымды қаламгер кемелді жаста),
«Ақтөбе» газеті 11 наурыз 1995 ж.
«Үмбетбай Уайдин — сатираның майын қанып ішкен адам. Қазақ сатирасының негізін салушылардың бірі. Ол тілі уытты көптеген шығармаларды дүниеге әкелді. Қазақ сатирасының алтын қоры деуге де болады».
Сейіт КЕНЖЕАХМЕТОВ,
жазушы
«Үмбетбай Уайдин – сатирадағы, жалпы жазу әлеміндегі ұстазым. Жиырма бес жасымда саяси-сатиралық «Ара» журналына фельетоншы боп орналастым. Үмбетбай ағам бөлiм меңгерушiсiнiң орынбасары. Тiкелей бастығым. Алғашқы фельетонымды уытты тiлмен жаза алмай, әбден әуреге түстiм. Жазғаным жарамайды. Редактор белден бiр сызады да, «Қайтып жаз» деп белгi соғады. Барымды салып шұқшыңдаймын. Тағы да жаратпайды. «Өткiрлей түс!» дейдi. Сөйтіп, не керек, «менен түк шықпайды» деген шешiмге келдiм де, отыра қап, жұмыстан шығу туралы арыз жаздым. Мұныма Үмбекең жымиып қарады да, менің жазғанымды өзі жазды. Соңына менiң аты-жөнiмдi қойды. Ал мен машинкаға бастырып, ұялмай-қызармай өз атымнан редакторға үшiншi рет ұсындым. «Е, мынауың жақсы дүние екен. Сендерге ұрыспай жүр екенбiз ғой. Сонда ғана жақсы жазады екенсiңдер ғой!» деп редактор ризашылық бiлдiрді.
Мiне, менiң алғашқы фельетонымның тұсауын кескен қазақтың мүйiзi қарағайдай сықақшысы, қамқоршы ағам Үмбетбай Уәйдаұлы жетпiс бес жасқа келіп отыр.
Үмбекең — қашан да қолынан қаламын тастамаған еңбекқор адам. Сондай еңбекқорлығының арқасында шығар, көптеген шығармалары жинақталып, басылып шықты.
Үмбекең — менің талант-қарымымды шыңдаған бірден-бір адам, ұстазым. Бәлкім, маған кезінде қамқорлығын көрсетіп, жол сілтемегенде сатира әлемінде қалмас па едім, кім білсін. Сондықтан Үмбетбай Уайдин – мен үшін қаламы қарымды сатирик қана емес, көреген ұстаз, қамқор ұстаз. Жаны таза, адал жан. Біреуге жалпақтауды, жағымпаздануды білмейді. Бойындағы парасаты ондайға жібермесе керек. Үмбетбай Уайдин теңгесі жоқ болса да тегін дәріні жазып бере салатын текті дәрігерге ұқсайды. Бас ауырғаннан балтыр сыздағанға дейінгі аралықты күлкімен жазатын күшті дәрісі шаш етектен».
Көпен ӘМІРБЕК
ҚОНАҚТАР
Анау: Уа, Домбимысың? Қайда домалап бара жатырсың, ақ пен қызылдың арасында?
Мынау: Домбимын. Қонаққа.
Анау: Қашан көрсем, домалап қонаққа кетіп бара жатасың. Уа, өзіңнің небір күні қонаққа шақыратын күнің бола ма?
Мынау: Неге болмасын…
Анау: Болса, ойыңдағы ол қонақтарыңның жуан ортасында біз бармыз ба, жоқпыз ба?
Мынау: Барсың ба, жоқсың… қуланып отыратын қитұрқы «хитрый» қонақтар; қасықтың іші-сыртына қарап, бөтелкенің бүйірін бұрап көріп, хрустальді шертіп, одан әрі әукені әурелетіп люстраға апарып, оны-мұны әңгіме қылатын ыбыр-жыбыр қонақтар; көлденең қонақтар; үсті-басындағы қиқымдарды кіржиіп шертіп қағып отыратын кірпияз қонақтар; темекілерінің күлін кез келген жерге түсіріп отыратын «көк түтін» қонақтар; көк езу, көк мылжың қонақтар…
Үндемейсің ғой, әлі жоқсың ба?
Анау: Неужели, осылардың ішінде мені бар деп ойлайсың?
Мынау: Ну, хорошо, әрі кеттік: үй иесі лауазымы үлкен қонағының төңірегінде көлбеңдеп, басқа жұрт сол лауазымы үлкен қонақтың көлеңкесінде қалып коятын елеусіз қонақтар; қызмет дәрежесі үлкеннің қас-қабағына қарап сөйлейтін ыңғай қонақтар; «үйде балалар өздері қалып еді, газды сөндірді ме?» деп, «балкон ашық па екен?» деп, «теледидарды өшірді ме екен?» «кір де жаюлы тұр еді, алды ма екен?» деп, «Шурик, Нурик есебін шығарды ма екен?» деп оқтын-оқтын отырған жұртты баса-көктеп телефонға жүгіретін, телефоннан Шурик, Нуриктің есебін тексеріп, мыжып тұрып алатын беймаза қонақтар; сыздап сөйлеп, кісімсіп қалған қонақтар; бет орамалдарын себепті-себепсіз мұрындарының астынан әкетпейтін, көзі «күлімсіреп», сөзі өлімсіреп қалған ызылма қонақтар… тап осы емессің бе?
Анау: Кет, әй!.. Не оттап отырсың өзің?! Мен қашан сенің үйіңе барып…
Мынау: Әрі кеттік: ыңқылдап ауруын айтып қоймайтын ызбай конақтар; саусақтарындағы сақиналарын санап, тым-тырыс, жым-жырт отыратын тымпима қонақтар… А-а, бірдеңе дедің бе?
Анау: Мен не дедім саған?
Мынау: Демесең… Ну, хорошо, әрі кеттік: үй иелерін картамен қартайтатын «менің кім екенімді білмейді-ау» деп, үй иесі қашан қызметі мен аты-жөнін айтып таныстырғанша басқа жұртқа оқыранып қарап, өзінен басқаны олқысынып, мықтымсып отыратын көкірек қонақтар; итықтан ситық шығарып, қоқаңдап көрінгенге ұрынып бағатын, біреуді біреуге айдап салмаса «іші ауыратын» іріткі немесе отырған жері бүлік күйдіргі қонақтар; төрге отырған кісіге күн көрсетпейтін түрткі қонақтар; ана жердегі анаусын айтып, мына жердегі мынаусын айтып, ірілік танытатын айбат қонақтар… Баяғыда бәлен болғанын айтып, түген болғанын айтып, байлығын айтып, айлығын айтып, басқа жұрттың басын қатыратын мақтаншақ қонақтар; атүсті қонақтар; келгеннен әзіл-қалжыңы мен әннің ілгек-түймелерін ағытатын ізгі ниетті, ақжүрек қонақтар… Күлдің ғой, жарай ма?
Анау: Жақындап келіп, кетіп қалдың.
Мынау: Іздегені бәле, кішкене нәрседен беті жиырылып, қос қолды қолтыққа тығып, өзі де, көзі де қозғалмай, қақиып қалатын кінәмшіл қонақтар; шақырсаң шақыратын «башна-баш» қонақтар; ішіне екі жүз грамм арақ кірсе, жеңін тортқа батырып, кеселерді қиратып, бөтелкелерді құлатып, ербеңдеп қалатын ебедейсіз қонақтар; «кім-кімдер болады?» деп сұрап, келу, келмесі белгісіз «важный» қонақтар…
Анау: Стоп! Қонағың да құры, өзің де құры, мен кеттім…
Мынау: Жоқ, кетпе, бүгін біздікінде бол. Бірақ сен шіркіннің бүгін қонақ болып кеткеніңді ұмытып, ертең тағы келетінің жаман да…
Анау: Ну, хорошо, сонымен жаңағы қонақтарыңның қай түріне жатқызасың?
Мынау: Сен бе… сен… милау… кешірерсің, бар мен жоқтың жуан ортасындасың…
Үмбетбай Уайдин