Шертпе күй сардары
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, майталман күйші, тәлімгер ұстаз, профессор Біләл Ысқақовты білмейтін жан жоқ шығар, күй қонған абыз ағамыз биыл жетпіс дейтін жараулы жасқа толып отыр екен. Осыған орай, байтақ еліміздегі көзкөрген тұстастары, әріптестері және шәкірттері атынан қадірлі Біләл Алпанұлын мерейтойымен құттықтай отырып, оның өнердегі һәм өмірдегі қайраткерлігі жөнінде шағын мақала жазуды құп көрдік.
Қазақтың әргі-бергі тарихында есімдері ел есінде қалған арқалы күйшілер көп. Байырғы сайын күйшіліктің жолы ХХ ғасыр басындағы «Қазан төңкерісінен» кейін нағыз «тар жол тайғақ кешуді» бастан өткерді. Жаңа дәуірдің зұлматы қаншама балбармақ күйшілерді жұтты, солармен бірге біртұтас далалық дәстүр де шетіней бастаған заман туған еді. Ендігі жерде бұрынғы киелі күйшілік салттың орнына еуропалық методика енгізілді. Сұрапыл заман өтінде «ескінің» бәрін тәрк етіп, төтенше жүйемен жұмыс істеуге мәжбүрлі болған қазақ өнерпаздары бастарын бәйгіге тіге жүріп, атадан қалған ақ домбыраның қоңыр күйін сақтау жолында жариясыз күресті бастап кеткен еді. Жаңа сауатты игере отырып, оның игілігін де пайдалана білді, олар күй мұрамызды сақтап қалуды мақсұт қылған нағыз ұлт жанашырлары болатын. Академик Ахмет Жұбанов бастаған ұлт өнерінің басшылары күйді дамытудың жаңа жүйесін құру барысында ұлт мұрасына нұқсаны тимейтіндей ұстыны мықты кәсіби мектепті де лезде қалыптастырды. Қазақ күйінің сан ғасырлық байлығын кейінгі ұрпаққа жұғысты ету жолында саналы ғұмырын арнаған Ахмет Жұбановтың еңбегін қанша айтсақ та туыса алмаспыз. Ұлы ұстаздың өнегесін көрген, шәкірт болған көзкөрген ағаларымыз, алдыңғы қатардағы асыл ұстаздарымыз бар еді. Күні кеше ғана қазақ күйінің көшін бастаған, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының педагогтері: Құбыш Мұхитов, Тымат Мерғалиев, Бақыт Қарабалина, Мәлгаждар Әубәкіров, Мүлкаман Қалауов, Сәдуақас Балмағамбетов, Уәли Бекенов секілді қайраткер тұлғалардың Кеңес үкіметінің қилы кезеңіндегі еңбектері ерен, төккен терлері адал еді. Олар туған халқының күй қазынасы үшін кез келген тәуекелден тартынбады, алағай-бұлағай заманда қазақы сарынды сақтау үшін аянбай тер төкті, күй керуенінің салтанатын арттырды. Қазақтың қастерлі сазын кейінгі толқынға аманаттаған сол ағалардың аруағы бізді әлі де жебеп жүргендей көрінеді. Қайыспас қара нардай руханият жүгін көтерген қайран сол ағалар-ай! Бейне бір өзара уағдаласқандай, кезекпен-кезек, бірінен соң бірі бұл пәни дүнияны тастап кете берді. Қазіргі өнертанушы қауым осы ұстаздардың шығармашылық ғұмырын (өткен ғасырдың 70–90-жылдары) «Күйдің алтын дәуірі» деп ілтипатпен атап жүр.
Әлбетте, осынау аға буынның өнердегі жолын жалғастырған кейінгі жас толқын да ағалар аманатына адал еңбек етті. «Домбыра» кафедрасындағы жас буын педагогтерінің күй-тағдырлары ғасырлар тоғысына (ХХ–ХХІ ғғ.) тап келді. Желтоқсан салқыны, одақтың тарауы, тоқсаныншы жылдардағы тұрмыс тауқыметі секілді қат-қабат қиындықтарға мойымады, керісінше, ұлт мұраты үшін еселей еңбек етті. Бұл күнде ұлттық мәдениетінің мақтаныштарына айналған Айтқали Жайымов, Айтжан Тоқтаған, Ермұрат Үсенов, Орынбай Дүйсен, Кәрима Сахарбаева, Абдулхамит Райымбергеновтер – сол жасампаз толқынның буыны, қос ғасырдың куәгерлері. Бүгін біз әңгіме еткелі отырған кейіпкеріміз Біләл Ысқақов та осы толқынның белді өкілі болды, ол ағартушылық пен орындаушылық өнерді қатар алып жүрген, күй әдіснамасын ғылыммен ұштастыра білген, кенжелеп қалған шертпе күй саласында өзіндік методикасын қалыптастырған озық ойлы, өрелі тұлға болды.
Біләл Алпанұлының қара шаңырақ консерваториядағы оқытушылық қызметі 1986 жылы басталды. Ол жас болса да жоғарыда аттары аталған ұлық ағалармен бір кафедрада қызмет етті, олардың тәлімін көрген шәкірт әрі әріптес бола білді. Осы күні Біләл Ысқақовтың республика көлемінде шеберлік сыныптары, күй дәрістері жиі өтіп отырады, осы жағдайда біз оның жалпы оқыту тәжірибесінен кешегі Құбыш Мұхитовтің тәжірибесін, Тымат Мерғалиевтің фольклордағы танымын, Мәлгәждар Әубәкіровтің сазгерлігін, Садуақас Балмағамбетов пен Уәли Бекеновтің түпсіз күйшілігін жазбай тани аламыз. Ал енді, үкілі домбырасын қолға алып сахна төріне шыққанда, оның шертісінен Әбікен Хасеновтің алпыс екі сазды қоңырын, Төлеген Момбековтің тоғыз тараулы толғауын, Мағауия Хамзиннің қырық құбылған қосбасарын, Нұрғиса Тілендиевтің аққуды көлге қондырған сиқырлы қағысын аңғара аламыз. Әрине, бұл күйшінің ерекше дарынымен қатар көп көрген зерделілігін аңғартады, интеллектуал қабілет пен табиғи талант қосылғанда оның саусағынан әсемқоңыр әуен өз жарасымымен өріле түседі. Ол әрбір күйдің өзіндік табиғатын, сырын дөп басады, соған орайлас тек қана өзіне тән қоңырқаз шертпесін де әнтек қоса отырып, тәтті мұңымен тыңдарманды еріксіз баурап алады. Бұл жерде күйшінің зерделілігі һәм ойшылдығын баса айтқанымыз абзал болар еді. Ол – жоғарыда аттары аталған ұлылардың бәрінің қолынан күй үйреніп, ақ баталарын алған бақытты домбырашы. Осы бір жағдаяттарды ескере келгенде, Біләл Алпанұлының, шын мәнінде, өнерде жұлдызы жарқырай туған толағай талант екенін мойындаймыз.
Осы шағын мақала аясында Біләл Алпанұлының ғылымдағы, педагогикадағы, орындаушылық өнердегі көп жылдық ізденістері мен жетістіктерін тұтас түгендеу мүмкін емес шығар, дегенмен кезінде бүтін қоғамды елең еткізген басты еңбектеріне тоқтала кеткеніміз жөн. Әсілі, әрбір дарынды жанды өзгеден ерекшелендіріп тұратын басты қасиеті – жалаң қайталаудан аулақ болуы, тыңнан түрен салғандай өз сазын табу. Бұл – күй деген қасиетті өнердің импровизациялық заңына сай қағида, яғни әр өнерпаз өз жанының сырын шанаққа сыйдыра алса ғана күйші. Осы орайда Біләл Ысқақовтың күйшілік болмысы дара, оның шертісін бір қаққаннан танисыз.
Біләл Алпанұлының бұрын-соңды ешкімнің тісі батпаған, сыры зерттелмеген күрделі салаларға баруы да оның күйтанымдағы жаңашылдық өресін көрсетеді. Арқа мен Шығыс күйлерінің кәсіби оқыту тәжірибесіне енуінде, Қаратау шертпелерінің хатқа түсуінде Білекеңнің еңбегі зор, сонымен бірге мақсатқа жету жолында көрген мехнаты да аз емес. Осы күні айтуға ғана оңай шығар, заманында осындай кесек жобаларды тиісті орындарға ұсынудың өзі бір қиямет болатын, баспада жылдап жата беруші еді. Әсіресе Қытай жеріндегі Алтай, Тарбағатай, Іле күйшілік арналарының екітомдық жинағын жазу үшін қаншама жүрек күші, қажыр мен қайрат керек еді десеңізші?! Зиялы қауымның назарын аудартқан осынау жұмыстар кезінде үлкен ғылыми жаңалыққа баланды, бағаланды, ғылыми-тәжірибелік айналымға да енді. Қазір жас өнертанушылардың магистрлік, докторлық жұмыстарында Біләл Алпанұлының осы еңбектеріне сүйенеді, сілтемелер жасалынады.
Күйсандық пен домбыраға арналған шығармаларды жинақтау ісі де кеңес үкіметі кезеңінде үлкен науқандардың бірі болатын, осы салада да ол өз қолтаңбасымен танылды. Батыс және орыс классиктерінің танымал туындыларын домбыраға өңдеген Біләл Алпанұлы екенін біліп, таңданып та жүретініміз бар кейде, себебі халықтық музыка өкілдері арасында шетел шығармаларын аспапқа жатық етіп жазу қабілеті сирек кездеседі, яғни ол өзінің академиялық білікке де кенен екенін дәлелдей алды. Осынау игі істердің көбісі кеңестік заманның қаталдау уақыттарында асқан тәуекелмен атқарылғанына біз куәгер.
Кез келген өнер иесінің болмысына оның өскен ортасының әсері тиетіні белгілі, Біләл Алпанұлы ән мен күйдің отаны Семей жерінде, Үржар ауданына қарасты Таскескен деген ауылда дүние есігін ашқан. Арғы жағы – Бәйжігіт, Бейсембі, бергі жағы – Қайрақбай, Мүкейлер, ол аз десеңіз, Абай мен Шәкәрім секілді небір залқарлар өткен өңір. Ол жөргегінен «домбыраның құлағын тістеп», домбыра әлдиін естіп өскен азат ойлы, арманшыл өрен болып өсті. Осынау күйшілік дәстүрдің бел ортасында бұла боп өскен жастың талабын Тәңір қолдағандай еді. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ өзіндік өнерімен, алғырлығымен дараланды, жас та болса Бағаналы Саятөлеков (1895–1986) секілді эпик күйшілердің алдын көрді, Тәттімбеттің немересі Шайқы Мұсатайұлының (1885–1972) тәлімін алды. Шығыстың шыңырау күйлерін шертіп алашқа аттары шыққан Уәли Бекенов пен Сапаржан Торсықбаев секілді ірілердің үлгісін көріп, олардың бір тартқанын айна-қатесіз қайталайтын құймақұлақтық қабілетімен ұстаздарын таң-тамаша қалдырған кезі көп. Өз жұртында да, нағашы жұртында да күйшілік үзілмеген, әулетінде домбырашылығымен аты шыққан өнерлі кісілер көп болды, домбырашылыққа әуестенуіне олардың да ықпалы мол болғаны даусыз.
Мектепті бітірген соң «күйші болам» деген арманмен Алматыға келеді, П.И.Чайковский атындағы Музыка училищесін домбыра мамандығынан Тілеш Бәділовтің сыныбынан бітіріп шығады. Сонан соң Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түседі, мұндағы ұстазы белгілі күйші-композитор әрі дирижер Айтқали Жайымов болды. Консерваторияны үздік бітірген соң Біләл Алпанұлы концерттік қайраткерлікпен айналысуға бел байлады, «Қазақконцерт» бірлестігінде, «Отырар сазы» оркестрінде еңбек етті. Нұрғиса Тілендиев оның домбырашылық шеберлігін ұштаған ұстазы болды десек қателеспейміз, Нұрағаң жас күйшіге ақыл-кеңесін бере жүріп, оркестрмен жеке домбырада орындалатын Кетбұғаның «Ақсақ құланын» атқаруды тапсырады, мұның өзі кез келген өнерпаздың мәртебесін көтеріп тастайтын оқиға еді. Қазақ өнерінің қамқоры, профессор Ғазиза Жұбанова дарынды жастың өнер саласындағы қарым-қабілетін көріп, консерваторияға қызметке шақырады. Біләл Ысқақовтың қазақтың аспапты музыкасын тереңдете зерттеуге деген бетбұрысы да дәл осы кездерден басталды. Ағартушылық салада жүрсе де ол сахнадан ешқашан қол үзбеді. Үкіметтік концерттерге, телеарна бағдарламаларына қатысып жүрді, қазақ радиосының алтын қорына сирек орындалатын халық күйлерін жазды. Сонау бір жылдары Республикалық ақындар айтысы аясында өткен қазақ күйшілерінің аламан тартысында бас жүлдені жеңіп алғаны әлі күнге дейін көпшіліктің есінде. Одан кейін де небір тартыстарға түсіп, бас жүлдені олжалаған кездері көп.
Біләл Ысқақовтың шығармашылық өмірінде шертпе күй жанры ерекше орын алады. Ол – Қаратау күйлерінің насихатына белсенді түрде араласқан бірден-бір білікті ғалым. Алматыда Теріскей күйлерінің кешін тұңғыш рет өткізіп жұрт ықыласына бөленді. Консерватория қабырғасында Қаратау күйлерінің конкурсын да алғаш рет ұйымдастырған өзі болатын. Жұрт Біләл Алпанұлын Қаратаудың классик күйшісі Төлеген Момбековтің баталы шәкірті ретінде жақсы біледі. Қаратау күй мектебінің негізін қалаған Сүгір Әліұлының айтулы ізбасарлары Генерал Асқаров, Ергентай Борсабаевтардың шығармашылығына інілік ізетпен қамқорлығын көрсеткені, олармен алқалы жиындар өткізгені де ел есінде. Қазіргі кезде, жалпы, Қаратау күйшілігіне келгенде Ықылас, Сүгір, Бапыш, Жаппас мұраларының шырақшысы Біләл ағамыз десек, артық айтқандық болмайды. Төлегеннің тоғыз тараулы, қырық буынды күйлерін барлық нұсқаларымен қоса тұтас тарта алатын да өзі. Ол «Қаратау шертпесін» сөйлеткенде арқаланып, түр-тұлғасы да бір мезет Төлеген Момбековтен аумай қалады, ал «Салтанатты» шерткенде ұстазының нақ өзіне айналып кеткендей болады, нағыз «Тірі Төлеген» дерсіз!
Ал енді, Арқа күйінің тәңірқұты – Тәттімбет Қазанғапұлының мұрасына Біләл ағамыздың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ұлы күйшінің өмірбаянындағы бұрын-соңды зерттелмеген жайттарды түгендеп, дерек-дәлелін мұрағаттардан тауып, кейбір күй нұсқаларын нотаға түсіріп, күй нұсқаларын қайта тірілтті, шығу тарихын анықтады. Тәттімбет шығармашылығының үлкен антологиясы – «Сарыарқа сазы» атты күй кітабын жазып шықты. Консерватория қабырғасында Тәттімбет атындағы шертпе күй мектебін ашты, қазіргі кезде елімізге есімдері белгілі алды елуді, соңы отызды алқымдаған өнерпаздардың дені кезінде Тәттімбет мектебінен білім алғандар. Олар Біләл Алпанұлының қолынан күй үйреніп, шертпе сырын таныды. Ал енді халықаралық, республикалық күй сайыстарында лауреат атанған шәкірттері бұл күнде отандық өнердің мақтанына айналып үлгерген. Бір ғана Асылбек Еңсеповтің өзі жастар аудиториясының жұлдызы, қазақ күйін шетелге танытқан аспапшы.
Кезінде ұлт өнері алыптарының қолынан күй үйреніп, олардың ықыласына бөленген, ұлы дала дәстүрінің қапелімде үзіле жаздаған жібек арқауын жалғаған дәулескер күйші Біләл Ысқақов бұл күнде өзі де өнердің бір асқар тауына айналды. Қазақтың қаншама талантты жастарына ақылшы аға болып, қара шаңырақ консерваторияда жемісті еңбек етіп жүр. Нағыз күйшіге ғана бітетін кесек мінезі мен бекзаттығынан ешқашан айныған емес, ұлық болса да кішік. Десек те, жетпіс деген жотадан асқан абыз жасында қазына кеуде ағамыздың иығына шапан жауып, астына ат мінгізе алсақ, күйге де күйшіге де құрметіміз артар болар. Осыны ескере жүрейік, ағайын. Күйші ағамыздың мерейлі жасы баршамызға қайырлы құтты болсын!
Жанғали Жүзбай,
күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері, профессор