Сатира — сарабдал сөздің жебесі
13.03.2024
504
0
Әдебиет жанрларының ішіндегі ең қиыны да, ең күрделісі де – сатира. Сатира жанрында қаламының құнары бар дарындар ғана ұзақтап, тұрақтап қала алады. Қаламының құнары жоқтар осынау күрмеуі көп күрделі жанрдың талаптарына жауап бере алмай, жолдан ерте шығып қалып жатады. Әдебиет тарихы осыны талай дәлелдеген.
Қазақ журналистикасы тарихының негізін қалаушылардың бірі, сатира жанрының тарихынан том-том зерттеулер жүргізген, сандаған оқулық пен оқу құралдарын жазған саңлақ ғалым, профессор Темірбек Қожакеев «сатира күштілердің қаруы» деген сөзді қайталаудан жалықпаушы еді. Осы сөздің астарында терең сыр жатыр. Өз күшіне сенбеген адам сатира ауылынан алыс жүрсін дегені шығар. 
Мен сатирик жазушы, талантты қаламгер, үнемі іздену үстінде жүретін жүйрік, талғампаз інім Ермахан Шайхыұлының соңғы жылдары жарық көрген кітаптарын қолыма алып, парақтап оқи бастағанда осындай ойлар мені қаумалады. 
Сатира жазу үшін алдымен қандай қасиеттер қажет? Біріншісі – тілдік құнар, сөздегі суреттілік. Екіншісі – сатираның күштілердің қаруы екендігін терең сезіну. Жауапкершілік жүгінен қорықпау, яғни жүрегінің түгі бар жазушы ғана шынайы сатирик бола алатынына сену.
Ермахан Шайхыұлында осы екі қасиет­тің екеуі де бар. Осынау жоғарыда атап өткен екі қасиет те қаламына дарыған. Сондықтан сатира айдынында қандай тақырыпқа қалам тербесе де, нені көздеп жазса да, ылғи сенімді отырады. Ермахан қозғамаған тақырып кемде-кем. Сатираның садағын оң қолымен де, сол қолымен де сенімді ұстап, атқан жебесін ондыққа дөп тигізеді. Нысанасына тимей зая кеткен, далаға кеткен бірде-бір оғы жоқ. 
Осы тұжырымыма сатириктің 2016 жылы жарық көрген қос кітабы – «Сандалған сауал» және «Жұрт айтады» атты жинақтарын оқыған оқырман ойланбай қол қояды. «Жұрт айтады» кітабы «Аннұр сапа» баспасынан, ал «Сандалған сауал» кітабы BAVIS systems ЖШС баспасынан жарық көрді. Екі кітаптың да құндылығын бірден астын сызып айтар едім. Әрине, алдымен көркемдік құндылығын!
«Сандалған сауал» атты кітабына алғысөз жазған сатираның саңлағы, сөз киесі мен құдіретін терең түсінетін тарлан қаламгер Көпен Әмірбек: «Ермахан інімнің ерекше қасиеті – екі сөйлемейтін жігіт. Бір рет өлшейді де, бір ақ рет кеседі. Бітті шаруа!
Көз жеткізгіңіз келе ме? Ерінбей Ермаханды оқыңыз. Бастасаңыз болды – бас алмайсыз. Қарлы борандай қалжың, ұйытқып соққан ұтымды да ұтырлы тіркестер. Шаш­етектен. Шашылып жатыр, жинап-теріп оқи біл, көңіліңе тоқи біл. Жиылғанды шашады. Шашылғанды жинайды». Мірдің оғындай дәл айтылған пікір екен. Толық қол қоямын. Ермаханның қолтаңбасын дөп басып, адаспай тапқан. 
Көпен Әмірбек айтқандай, жиылғанды шашатын, шашылғанды жинайтын сатириктің стиліндегі басқаны қайталамайтын, ешкімге ұқсамайтын ерекшеліктерінің барлығын санамалап айтып шыға аламын. 
Алдымен, әрине, Ермаханның қаламгерлік, суреткерлік ерекшеліктеріне назар аударуымыз керек. Екінші ерекшелігі, шығармаларындағы тілдік қолданыстардың астарына үңілуіміз қажет. Үшіншіден, тақырып таңдаудағы тапқырлығы. Сол тапқан тақырыбына тереңдеп еніп, дәнін, нәрін ажыратуы, айтқысы келген ойын, суреттеп отырған өмір шындығын бүкпесіз, ұтымды, ұтқыр тіркестермен айқара ашып тастайтыны. Ішіне сыр жасырмайды. Өзін толғандырған мәселенің, құбылыстың өзегін дәл тауып ұстайды да, нақты, затты бейнемен оқырман қабылдауына ұтымды, жігін тауып, жымын білдірмей жеткізеді. Аттап басқан сайын автордың туындылары осыны дәлелдеген үстіне дәлелдей түседі. Бір-екі дәлел келтірейікші. Автордың «Сандалған сауал» жинағына енген «Мағынасы майысқан мақалдар» тарауындағы сатиралық қысқа да нұсқа тіркестердің астары терең. Нысанаға дәл тиетін юмор мен сарказмнің ұтымды үйлесімі қаламгер қолтаңбасын айшықтап тұр.
Депутат дауыс жинарда шынығады,
Мәжіліс отырысында тынығады.
                             * * *
Депутатты «сайрай бер» деп дауға қой, 
Министрді «сата бер» деп малға қой, 
Ал халықты қару беріп жауға қой!
                             * * *
Үш рет депутат болсаң да,
Халықтың қарызынан құтыла алмайсың.
                             * * *
Қазы да қазы жегісі келеді.
                             * * *
Жаңа қазақ мақтанса, 
Ағылшын тілін білем дер.
                  * * *
Сана жеңбегенді, пара жеңеді.
                 * * *
Тояр жерге туың тік.
                  * * *
Сақау әйелге жолама,
Сайқал сайлауға жолама.
                  * * *
Журналистің жазғаны – керім,
Жегені – желім.
                  * * *
Мат болған «кәрөлден»,
Шах болған пешкі артық.
                  * * *
«Әкім біледі» деген өседі,
«Өзім білем» деген өшеді.
       * * *
Бастықтың «жаманы» жоқ, 
Дегенмен жел сөзден аманы жоқ.
       * * *
Қалаулыда қылық жоқ деме,
Бастықта былық жоқ деме.
                       * * *
Бастықтың алатын қолы болғанымен,
Беретін қолы болмайды.
Осылай жалғаса береді. Балталасаң да бұзылмайтын тіркестер адам бойындағы барлық мерез мінезі, қоғам бойындағы барша кесапаты астарлап, ашық айтатын, батыл айтатын автор сатира жанрының ең бір өткір, өтімді құралын семсер ойнатқандай ұршықша үйіреді.
Сатираның әлеуметтік салмағын, қоғамдық маңызын, оның адам санасындағы ықпалын, тәрбиелік мәнін терең аңғаратын қаламгер осынау жанрдың барлық құралын асық ойнатқандай еркін пайдаланады. Соның бірі – эпиграмма, мысал өлеңдер. Ол тұста да Ермаханның қаламы мүдірмейді. Қауып емес, тауып айтады. Уытын шайқап, мәйегін ажыратып айтады. 
Эпиграммаға обьект болған қаншама қазақ қаламгерінің қолтаңбасы, жазу мәнері, портреттері, шығармашылық тағдыры шебер суретшінің майлы бояумен салып шыққан натюрморттары сияқты тұтас галереясын құрады. Пародия нысанасына іліккен әрбір ақынның, жазушының сатиралық портреттері бірін-бірі қайталамайды. Бір қарағанда, жеңіл юмордай көрінетін өлең жолдарының астында піл көтере алмайтын поэтикалық салмақ жатады. 
Ал енді ерекше бөліп айтуға болатын, қалың оқырманға жаңадан жол тартып бара жатқан алдымдағы «Сатира сарқыты» атты кітабы – сатириктің шығармашылық үлкен белесі. Қазақ әдебиетіндегі бірнеше ғасырлық тарихы бар сатира жанрының әр кезеңде жүріп өткен жолы, тақырыптық ізденістері, теориясы, кешегісі мен болашағы – барлығын терең талдау арнасында қарастырыпты.
Қазақтың сатирик қаламгерлерінің үлкен-кішісі бар, кешегі өткен алыптары мен ардагері бар, өз мектебін, шеберлік шеберханаларын жасап кеткендері бар, бірде-біреуін жол жиегінде қалдырмай, түгел саралап, санамалап, таразы басына салып, бағалап шығатын осынау еңбекті журналист-публицист, сатирик-жазушы Ермахан Шайхыұлының бүгінгі белестегі бас кітабы ретінде бағалаймын.
«Қазіргі қазақ сатирасы», «Сатира саңлақтары», «Әдеби жыл қорытындысында жасалған баяндамалар», «Сатира сардарларымен сұхбат», «Қаламдастар құрметі», «Әріптестер әзілі», «Айқынның» қоржыны», «Әзілкештер әзілі»  тағы басқа 11 бөлімнен тұратын құнарлы, мазмұнды кітап бөлімдері атауының өзі көп жайды аңғартады. Әсіресе «Қазіргі қазақ сатирасы» атты бірінші бөлімде «Қазақ пародиясы хақында», «Асқар Тоқмағамбетовтің мысалдары», «Қазіргі сатирадағы жастар шығармашылығы», «Балғабек Қыдырбекұлының фельетондары», «Қазақ сатирасы және сүреңсіз сахна» тағы да басқа тақырыптағы туындылардың мәні де, мазмұны да зор. Әрбір тарауға, тіпті әрбір тақырыпқа автор ұзақ дайындалған. Сол әрбір тарау­дың беломыртқасын ұстап тұрған терең зерттеушілерді, сөз болатын авторлардың шығармаларындағы алтын өзекті айнытпай, дәл ұстап, тереңіне үңілетін қаламгер бір сөйлемінен де жаңылмайды. Сатира тарихы мен теориясын жан-жақты білетін автор өз талдауларын шашыратып алмай, тас-түйін жинақтап, өзіне мақсат етіп қойған үдесінен шығады да отырады. Тіл құнарын да басты назарда ұстайды. Кітаптың танымдық, тағылымдық, ақпараттық, ғылыми мәні мен маңызы да осынау тұғырда тұрғандықтан самғау биікке көтерілген. 
Қара шаңырақ – КазГУ-ден түлеп ұшқан қабырғалы қаламгерлерден бастап, жас сатириктердің тырнақалды туындыларына дейін жіліктеп, егжей-тегжейлі тоқталатын кітап авторы күллі сатира жанрының тарихын түгелдеп шыққандай әсерде болғанымды несін жасырайын?!
Сатирик-қаламгердің тағы да бір қырын атап айтсақ артық емес. Ермахан Шайхыұлы – қаламы ұшқыр қарымды журналист. Публицист. Тарихшы. Әсіресе интервью жанрының қас шебері. 
Осынау мол білімді, ой сергектігін, көрегенділік пен терең мәдениетті талап ететін әдеби, рухани тақырыптағы жүйелі сұхбаттары кезінде «Айқын» газетінде бірінен кейін бірі жарқырап жарық көргенін қалың оқырман әлі ұмыта қойған жоқ. Осы сұхбат-мақалалар ешқашан құндылығын төмендетпейтін «Айқын» газетінің алтын қоры деуімізге болады. 
Әдебиет  алыптары, қазақтың қабырғалы қаламгерлері, елге белгілі ғылым, білім, мәдениет, өнер қайраткерлерімен жүргізген ауқымды, кең тынысты сұхбаттарын үзбей, сүйсініп талай рет оқығанмын. Өз кейіпкерлерінің адами болмысын, өмір жолы, тағдырын, ішкі жан дүниесін тартымды тілмен бейнелеп қағазға түсіретін журналистік шеберлігін де ұмытуға болмайды. Осынау құнарлы, қазыналы сұхбаттарын іріктеп, ең бір сүбелілерін таңдап «Тәуелсіздік толғауы» атты  сериямен «Ағынан жарылсақ…» атты бір томдық кітабын жариялады. Бұл кітап мемлекеттік бағдарламамен 2012 жылы «Қазығұрт» баспасынан 2000 данамен жарыққа шықты.
Қазақстанның халық артисі Кәукен Кенжетайұлының өнер жолындағы тағдырын суреттеуден басталатын бұл кітапта К.Наурызбаев, М.Әлімбаев,  С. Қирабаев, Қ.Мырза Әли, Т.Молдағалиев, Қ.Ысқақ, С.Адамбеков, О.Әубәкіров,  Б. Қыдырбекұлы, Ү.Уайдин, С. Әбдірайымұлы, Қ.Сұлтанбаев, Т.Кенеев, Л. Есенов, А.Наймантаев, тағы басқа әдебиет және өнер саңлақтарының шығармашылығымен танысамыз.
Өмірден бірі – ерте, бірі – кеш өткен осынау тұлғалардың барлығына жолығып, сәтін тауып, ағынан жарылған сұхбаттарын қолма-қол оқырманға жеткізіп отырған Ермаханның еңбегін ерлікке баламасақ та, оның еңбекқорлығы, өзінің журналистік кәсібіне деген адалдығы, ұлттық мүддеге келгенде ешнәрседен аянбайтын жанкештілігі, алғырлығы тайға таңба басқандай көрінеді. 
Елуден аса кейіпкерлерге жолығып, солардың тілін тауып, ұрымтал тұстан сұрақтар қойып, әрбір ой орамдарын, айтылған сөздерін жүрегінен өткізіп, мөлдіретіп газет бетіне беру айтқанға ғана жеңіл. Осының артында жазушы-журналистің қаншама ой еңбегі, ішкі тебіренісі, мазасыз өткен күндері мен түндері тұр. От ауызды, орақ тісті сатириктің өз жанрындағы жарияланған қыруар еңбектерінен бөлек, оның ұзақ жылдар қаламы құрғамай, журналистік салада да өнімді еңбек еткенін айтқым келеді.
Жаңа кітапқа сәтті сапар тілеймін! Айтары бар атаулы еңбектің жолы ашық, оқырманы көп болсын! Ермаханға қаламың мұқалмасын, қанатың талмасын, сатира аспанында қыранша қалқып, самғай бер, самғай бер деп тілек айтамын. Студенттерге, магистранттарға, жалпы, әдебиетті құрметтейтін, қадір тұтатын тұтас қазақ жастарының үстелінің үстінде, жастығының астында жататын жақсы кітаптың жарыққа шыққанына ерекше қуандым!
Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы. 
Әл-Фараби атындағы 
ҚазҰУ-дың профессоры.
Халықаралық «Алаш» әдеби 
сыйлығының лауреаты. 
Қазақстанның еңбек 
сіңірген қайраткері 
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір