КӨСЕМСӨЗ САРДАРЫ
02.06.2026
15
0

Журналистика керуенінде ірілердің ізін ала үзеңгіге аяқ салған, қатарынан қалмай алға ұмтылған, еңбекқор інілерім аз емес екен. Солардың ішінен жаныма жақыны, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған, өз әлемі бар әріптестердің бірі – Оразалы Жақсанов. Мамырдың мамыражайында дүние есігін ашқан Орекең – бүгінде нағыз піскен, мәуелі жемісті ардагер әрі аттан түспеген шағында.

Орекеңнің кіндік қаны тамған жері – Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, «Дербісек» деген ауыл. Қаймағы бұзылмаған қалың қазақтың ортасында 1973 жылы Н.Крупская атындағы қазақ орта мектебін аяқтаған соң, Қазығұрт ауданындағы жылжымалы-механикаландырылған колоннада және Сарыағаш аудандық колхозаралық құрылыс ұйымында жұмысшы болды. 1975 – 1977 жылдары әскер қатарына шақырылып, азаматтық борышын өтеді. Бесінші сыныптан бастап журналист болсам деген бала арманы Сарыағаш аудандық «Қызыл Ту» (қазір «Сарыағаш»), облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеттеріне үзбей мақала жазып тұрудан басталған еді. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ ауыл-аймақта «Тілші бала» атанып, балауса талабы ұшталып қалған. Сірә, соның әсері болуы керек, 1977 жылы Алматыдағы ҚазМУ-дың (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) журналистика факультетіне түскенде, қаламының желі бар, өзін байсалды ұстайтын Орекеңді атақты Темекең (Қожакеев) деканымыз «оң қолы» етіп, сенімді шәкірттерінің санатына қосып алғаны неге тұрады (оның себебін сол кездегі журфакта оқығандар жақсы біледі. Өйткені ол екінің бірінің қолынан келе бермейтін).
Бес жыл білікті білім ордасын аяқтаған оны арнайы жолдамамен 1982 жылы Қостанай облыстық «Коммунизм таңы» (қазіргі «Қостанай таңы») газетіне жіберді. Сөйтіп, Оразалы Отынбайұлы қатардағы тілші болып еңбек жолын бастады. Жалынды жастық кезеңді қатар кешкен за­мандас ретінде айтсам, Орекең журналистика майданында білекті сыбанып жіберіп, белсене жұмыс істеді. Ең бастысы, ерінбеді, қиындыққа қарсы тұра білді. Қостанайдың ұлан-ғайыр даласындағы түкпір-түкпір ауылдарға қыстың қаһарлы аязына, жаздың аңызағына қарамастан, ат сабылта іссапарға жиі шығып жүрді. Оның қаламынан қарапайым ауыл еңбеккерлерінің тыныс-тіршілігі, ауылдағы еңбекқор адамдардың қам-қарекеті, ой-армандары хақында талай мақала, очерктер дүниеге келді. «Қостанай таңы» Оразалының бағын ашты. Көсіле де, шешіле де қалам тартты. Әсіресе елімізге белгілі тұлғалармен жасаған сұхбаттары көзге ұрып тұрды. Тілшілік кәсіптің қыры-сырына қаныға жүріп, ол адамдарға етене жақындауды үйренді. Оразалы бірте-бірте жазған материалдарын екшеп, таразылауға көшті. Ағымдағы ақпарат­тық мақаларды жазуға машықтанып алды. Енді көсемсөздегі өз соқпағын іздейтін кез туғанын сезді. Әрине, бұл оңайға түспейді. Ол – маңдай термен келетін дүние. Тынымсыз ізденістің нәтижесінде замандастардың тұлғалық бейнесін сөзбен суреттеуге бет бұрды. Еткен еңбегі, төккен тері зая кеткен жоқ.
…Бірде мен әріптес ініммен сырласып отырып: «Ореке, қазақтың небір жақсылары мен жайсаңдарын көзің көріп, жүзбе-жүз дидарласып, сыр-сұхбат құрғаныңды білеміз. Солардың ішінде әлі күнге дейін ұмытпайтын, ерекше бір жайттарымен жүректі қозғаған тұлғалардан кімді айтар едің?» дегенімде, ол: «Әрине, өткен жылдарда қазақ елінің жарқын болашағы үшін бүкіл саналы ғұмырын арнаған көрнекті талай тұлғалармен жүздесіп, сұхбат құрдым. Олардың бәрін бірдей атын атап, түсін түстеу мүмкін емес. Дегенмен, бір-екеуіне тоқталайын. Мысалы, «Қайталанбас тұлғалар» деп аталатын кітапты жазу үшін кезекті демалысымды пайдаланып, Алматы қаласына бардым. Онда Қостанайдың атын шығарған атақты академиктер, жазушылар, мемлекет қайраткерлері аз емес. Осылардың ішінде көрнек­ті мемлекет және қоғам қайраткері Шәңгерей Жәнібековті алайықшы. Ол кезінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Шаңырағында болып, дәм таттым. Сонда ол маған: «Айналайын, Қостанайдан мені арнайы іздеп келгенің үшін алғысым шексіз. Өркенің өссін», – деп батасын берді. Кейін ол туралы жазған мақалам 90 жасқа толғанының қарсаңында мерейтойлық кітабына еніп, маған Қостанайға келген сапарында көпшілік алдында табыс етті.
Сондай-ақ классик жазушы Дулат Исабековтің да маған көзқарасы жақсы болды. Бір кездескенде: «Інім, қаламыңның желі бар екен. Қостанайда өнер қайраткерлері жетеді. Соларды үзбей жазып тұр», – деп айтқаны есімде ерекше қалды. Содан ұзақ жылдар бойы «Мәдениет» журналының өңірдегі тұрақты авторы болдым. Арадағы сыйластығымыз ғұмырының соңына дейін жалғасты.
Ол кезде «Қостанай таңы» газетінде қызмет істейтін едім. Бірде облыстағы орыс драма театрына іссапармен келген Қазақстанның халық артисі, тұңғыш режиссер, талай дарынды актерлердің ұлағатты ұстазы Асқар Тоқпановпен сырласу бақыты бұйырды. Онымен редакцияда кездесу де ұйымдастырылды. Сол уақытта өзім жатақханада тұрсам да оны қонаққа шақырдым. Сонда ол маған: «Қарағым, мен жатақханада тұрмады дейсің бе, қысылмай-ақ қой, кешке үйіңе барамын», – деді. Бірақ Алматыдан тығыз шаруа шығып қалып, табан астында ұшақпен кетуіне тура келді. Сөйтіп, бізге келе алмады. Бірақ онымен аз-кем кездесуден қаншама ғибрат алдым».
Ұлт­жанды көсемөзшінің ой-түйін­ді материалдары мер­зімді баспасөз бетте­рінде жиі жарық көрді. Қатарластарының арасында абырой-беделі көтерілді. 2000 жылы облыс орталығында шығатын «Қостанай» (қазіргі «Біздің Қостанай») газетіне шақырылды. 2005 жылдан бері осы басылымда Бас редактордың орынбасары, содан кейін қазақ редакциясының редакторы болды. Сонымен қатар еліміздегі беделді «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш», «Алтын Орда», «Ислам және өркениет» газеттерінің меншікті тілшісі қызметін атқарды.
Орекеңнің бүкіл саналы ғұмыры журналистикада өтіп жатыр. Талай әріптес ағалардан үйренді, өзі де талай жастарға үйретті.
– Қай ағаңа ризасың? Қай іні-қарындасыңа көңілің толды? – дедім мерейжас иесіне.
– Өзімді біраз ұлы ұстаздарымның алдында қарыздармын деп есептеймін. Ең әуелі, атағым келетіні – ұзақ жыл ҚазМУ-де журналистика факуль­тетінің деканы болған, филология ғылымдарының докторы, профессор, ғалым-сатирик Темірбек Қожакеев. Сол кісінің үлкен сенім артқан шәкірт­терінің бірімін. Өмірден өткенше араласып, сыйласып тұрдым. Одан үйренгенім, түйгенім өте мол.
Сондай-ақ қаламы жүйрік журналист-жазушы Жанболат Ауыпбаевты білмейтіндер жоқтың қасы. Осы ағамнан түйгенім жетерлік. Оның барлық кітабын оқып шықтым. Ал Қостанайда Сәлім Меңдібаев, Қайсар Әлім және Жайберген Болатовтарды өзіме ұстаз тұттым. Іні-қарындастарыма келсем, Тұрсынмәмет Бұқабаев (марқұм), Мешіт Ғазиз, Ақбота Қалдыбек, Айзат Асылбектерге қолдан келген көмегімді аямадым. Олар да үмітімді ақтады. Бәрі де өмірден өз орындарын тапты.
– Қоғамдық жұмыс та – өмір мектебі. Әсіресе журналист үшін берері көп секілді. Ұзақ жылғы тәжірибеңде не түйдің? Адамдардың адамгершілігі мен пенделігінің қайсысы басым болады екен? – дедім осы сұхбат үстінде.
– Жалпы, мектеп қабырғасынан бастап қоғамдық жұмыстарға белсене араластым. Университетте 5 жыл топ жетекшісі, коммунистер кеңесінің төрағасы, кейін «Қостанай таңы» газетінде кәсіподақ комитетінің төрағасы, Қостанай қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы болдым. Қазіргі таңда «Аманат» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Мирас» аймақтық Кеңесінің мүшесі, облыстық мешіттегі алқа мүшесімін.
Орекең облыс орталығындағы Пушкин көшесінде орналасқан 92-үйдің қабырғасына қазақтың көрнекті жазушысы Сейіт Кенжеахметовке мемориалдық тақта орнатуға тікелей ұйытқы болды. Қостанай қаласының Құрметті азаматы. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі. Қазақстан және әлем халықтары Жазушылар, Журналистер одағының мүшесі, халықаралық ақпараттану академиясының академигі. Қостанай облыстық әкімі, меценаттар клубының «Қазына» және Бейімбет Майлин сыйлықтарының лауреаты. Мемлекет басшысының Алғыс хатымен, ҚР тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мерекелік медальмен, Қазақстан Республикасы мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
– Журналистиканың маған бергені мол. Үнемі ізденіс үстінде жүресің. Танымал тұлғаларды жазу арқылы өзің де рухани жағынан өсіп, кемелденесің. Бұл – мәртебелі мамандық. Соған қашан да сай болуың қажет. Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов: «Журналистика – жазушылыққа апарар жол» деген екен, мен де қабілетті адам түбі қаламгер атанатынына нық сенімдімін. Ол үшін төзімділік, терең білім, тынымсыз еңбек керек.
«Адамның аласы ішінде, малдың аласы сыртында» деген бар. Әрбір адам – жұмбақ әлем. Өмір болған соң, пендешілік те кездеседі. Алайда одан адам бойындағы асыл қасиеттер, парасаттылық пен адалдық қашан да үстем болады. Сондықтан тіршілікте адамгершілік басым дер едім, – дейді сөзін жалғастырып.
Ол – жалпы саны 30 кітаптың авторы. Олардың қатарында 3 томдық «Елім деп соққан жүрек», «Қайталанбас тұлғалар», «Майталмандар», «Өмір-керуен», «Асыл арман асқарында», «Қазақтың аяулы қыздары», «Сырлы әлем сыңғыры», «Қазақтың өнер жұлдыздары», «Жүректі елжіреткен жүз әнші», «Бақытын еңбектен тапқандар», «Адамдар өмірге қонақ екен» және басқа да кітаптары бар. Еңбектеріне қазақ еліне тұтқа болған көрнекті тұлғалар мен мемлекет қайраткерлерін, атақты композиторларды арқау етті. Бірнеше айтулы тұлғалар хақындағы жинақққа шығармалары енді. Оразалы Отын­байұлы адамгершілік тақырыбында көп жазды. Кезінде «Қазақтың баласы кімге керек?» атты мақаласы халық тарапынан қолдау тауып, жетім балалар үйінен Марат есімді ұлды бір қазақ отбасы асырап алды. Сол жеткіншектің бүгінде үйлі-баранды азамат екенін естіп қуандық.
«Қаламы жүйрік, жазуы мәнерлі, әдемі болатын.  Оның салмақтылығы, кісі сыйлай білетіні, қандай жерде болсын өзін-өзі ұстай алатыны – барлығына үлгі. Қалам иесінің қозғамаған тақырыбы жоқ десек те болады. Ауылдың өзекті мәселелері, атқарылып жатқан жұмыс, өтіп жатқан шаралар, құрылысшылар, егіншілер мен шопандардың, орманшылардың тынымсыз тіршілігі, қарапайым жұмысшы, мұғалім, дәрігерлердің маңдай тер еңбегі қаламгердің назарынан тыс қалмайтын», – дейді бекзат болмысты, ардақты әріптесіміз туралы әріптес ұстазы Жайберген Болатов.
Орекең қаламгер ретінде еліне еселі еңбек сіңіріп келеді, сонымен қатар ол – ұлағатты ұрпақ өсірген өнегелі әке. Зайыбы Зора Қалиакбарқызы ұзақ жыл бойы облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінде бас қор сақтау­шы болып еңбек етті. Тұңғышы Нұржан Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның әртісі, ортаншы ұлы Рауан мемлекеттік аудит саласында қызметте. Кенже ұлы Дарын ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Әміре және Әмзе деген немерелері бар.
Ораз інім – қазір нағыз кемеліне келген қаламгер. Бүгінгі өмірдің тыныс-тіршілігінің күретамырын дөп басып, қалт жібермей отырған қағылез. «Жетпіс деген әлі талай асуларға бастайтын жас» дейді өзі. Біз де қалам иесінің әлі талай туындылар жазарына сенеміз, күтеміз.

Жанұзақ АЯЗБЕКҰЛЫ,
Қостанай қаласы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір