Сатира саңлағының мерейтойы өтті
Жамбыл облысында белгілі ақын, сатирик Шона Смаханұлының туғанына 100 жыл толуына орай, «Шоқтығы биік Шона» атты Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Айтулы мерейтойға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Шона Смаханұлының жақындары мен елімізге белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен қарымды қаламгерлер қатысты.
Бұл күні Тараз қаласындағы №44 жалпы білім беретін мектепте орналасқан Шона Смаханұлының бюстіне гүл шоқтары қойылып, тағзым жасалды.
Ғылыми конференцияға модераторлық еткен ақын, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып ақынның өмір жолынан сыр шертіп, сатириктің күрескерлік қабілеті, педагогикалық қыры жөнінде сөз тарқатты.
– Шона қысқа ғана ғұмырында артына өшпес із қалдыра білді. Ол жастайынан қиыншылыққа мойымай өсті, Ұлы Отан соғысына қатысты, ұстаздық қызмет атқарып, талай қазақ жастарын ән мен өнерге баулып, олардың тәлім-тәрбиесіне баса мән берді. Таласқа сапарында бала Шонаның бойындағы шығармашылық қасиетті аңғарып, оның айтулы тұлғаға айналарын дәл тауып, дөп басқандардың алғашқысы Асқар Тоқмағамбетов еді. Кейіннен өзімен үндес, ойы қанаттас шығармашыл інісі жайында: «Шонаны таптым. Шонаны тауып, шындықты тапқандай болдым. Ойың, көзқарасың, пікірің бір әрі әріптес іні табу, адамды ерекше қуанышқа бөлейді екен. Шона – жарқ-жұрқ еткен алмас қылыш. Батыл қаламгер бола беруі мүмкін, ал ол – батыр!» – деп сатириктің шығармашылығы мен қайраткерлік болмысына биік баға берді,– деді Бауыржан Жақып.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев белгілі қаламгер, сатира саңлағы Шона Смаханұлының қазақ әдебиетіндегі алар орнына тоқталып, оның есімі мен мол мұрасы туған халқымен бірге мәңгі жасай беретінін ерекше атап өтті.
– Қаламгер саналы ғұмырын қазақ сатирасын дамытуға арнады. Әзілмен шығарма жазса да, оның түбінде шындығы бар екенін ойлы оқырманға жеткізуге тырысты. Ол қай кезде де ақиқаттың ақ туын жоғары көтеріп, өзінен кейінгі ұрпағына үлгі-өнеге бола білді, – деген аймақ басшысы конференцияға қатысушыларға сәттілік тілеп, риясыз алғысын білдірді.
ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев өз сөзінде сатира сардарының мерейтойына арналған конференцияның тағылымдық әрі танымдық маңызы зор екенін айтты.
– Ұлттық әдебиет пен өнердің тойы – Шона Смаханұлының 100 жылдығы құтты болсын! Мемлекеттілік пен егемендікті нығайтуға, ұлт руханиятын дамытуға өлшеусіз үлес қосып жүрген зиялы қауым өкілдерінің еңбегін Қасым-Жомарт Кемелұлы жоғары бағалайды. Президент тапсырмасына сәйкес есімі елге белгілі тұлғалардың мерейтойлары кең көлемде атап өтілуде. Бүгінгі шара сол маңызды бастамалардың жарасымды жалғасы іспетті, – деді Мәлік Отарбаев.
Басқосуда зиялы қауым өкілдері мен ақын-жазушылар орамды ойларын ортаға салып, Шона Смаханұлы туралы естеліктерімен бөлісті.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің арнайы құттықтауын жеткізе отырып:
– Қабырғалы қаламгер сатиралық өлеңдерімен қатар, қазақ музыкасында өзіндік орны бар, халыққа кеңінен танымал, қайталанбас лирикалық әндердің сөзін жарыққа шығарды. «Анамның тілі» атты әуезді әнді білмейтін қазақ жоқ шығар. Бұл ән жүректі тербеп, көңілді кернеп, адам бойына ерекше әсер сыйлайды, – деп атап өтті.
– Шона Смаханұлының 100 жылдығы қазақ әдебиетінің ғана емес, күллі түркі дүниесінің қуанышы. Ағамыздың азаматтық, қайраткерлік тұлғасы киелі ана тіліміздің жанашыры ретінде ұлт қайраткерлерінің ішінде ерекше биік көрінді. Ол қазақ кітаптарының насихатталып, кең таралуына бар күш-жігерін жұмсады. Алматыда қазақ мектептерін ашу жолындағы қайтпас-қайсар, табанды ерен еңбегін жанқиярлық ерлік деп бағалаймыз. Ұлт алдындағы перзенттік парызын адал орындап, Таласта туып, түркі әлемінің көгіне түлеп ұшқан сатира сұнқарының әдебиет пен қоғамдағы орны мәңгілік биік төрде, – деп ой түйді ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет.
Жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы Астана, Алматы қалаларындағы мектеп пен көшенің біріне Шона Смаханұлының есімін беруді ұсынып, ұлыларды ұлықтау – ұрпақ ісі екенін алға тартты.
Бұдан бөлек, профессор Қансейіт Әбдезұлы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ректоры Жансейіт
Түймебаевтың арнайы құттықтауын жеткізіп; филология ғылымының докторы, профессор Жанғара Дәдебай; сатирашы Ермахан Шайхыұлы; Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ғалым, сыншы Құлбек Ергөбек; жазушы, драматург Елен Әлімжан; жазушы, филология ғылымының докторы, профессор Нұрдәулет Ақыш; сатирик Алпысбай Боранбаев сөз сөйледі.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияда Шона Смаханұлының 100 жылдық мерейтойына орай әзірленген «Ер Шона» атты жинақтың тұсауы кесілді.
Ш.Смаханұлының сөзіне танымал композиторлар К.Әзірбаев, С.Кәрімбаев, Н.Тілендиев, Ә.Бейсеуов, І.Жақанов, Ә.Телғозиев, А.Қоразбаев, Ә.Тінәлі т.б 100-ден астам ән жазған.
Кешкілік Баласағұн орталығында Шона Смаханұлының сөзіне жазылған әндерден галла-концерт өткізілді.
Тағылымды шарадан жиналған көпшілік келелі ой түйіп тарқасты.