Инженер мен жұмысшы құстың қос қанатындай
11.11.2025
59
0

«Сен де бір кірпіш дүниеге,
кетігін тап та, бар, қалан!»
Абай

Адамзат өркениетіндегі жасампаздық пен жаңашылдықтың алар орны ерекше. Кеше де, бүгін де жасампаздық пен жаңашылдық инженерлердің қолында. Небір аспан тіреген зәулім ғимараттар да, зауыттар мен фабрикалар да, жолдар мен көліктің түрлері де, жерасты құрылымдары да, ғарыштағы стансылар мен жасанды серіктер де – бәрі де инженерлік ойдың жемісі, адамзат жасампаздығының белгісі. Енді сол сызбалар мен жобалардағы инженерлік нысандарды қалап, өріп, жалғап, қосып, салып өмірге әкелгендер – алтын қолды, асыл саусақты жұмысшы мамандар, яғни инженер мен жұмысшы – бір құстың қос қанатындай, екеуі егіз. Жеңіс пен жеміс – екеуінің бірлі­гінде!
Қазақстан Республикасы Ұлттық ин­женерлік академиясы – еліміздегі экономиканың түрлі салаларындағы алдыңғы қатардағы инженер мамандар мен ғалымдардың басын біріктіріп отырған іргелі ұйым. Академияның құрамында елімізге еңбегі сіңген майталман тұлғалар да, әлемдік деңгейдегі ғалымдар мен инженерлер де, сан алуан мамандықтың қас шеберлері де, еңбегімен танылып үлгерген, келешегінен үміт күттіретін жалынды, жігерлі жастар да бар. Отыз бес жыл тарихы бар Ұлттық инженерлік академия белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловтың сәтті басшылығымен үнемі өзекті мәселелерге арналған маңызды іс-шаралардың, жаңа ойлардың (идеялардың) ұйыт­қысы болып келеді. Солардың бірі – академиясын Қазақстан Жазушылыр одағымен бірлесіп жариялап отырған «Еңбек адамы – 2025» республикалық байқауы.
Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев үсті­міз­дегі 2025 жылды жұмыс­шы­ мамандықтар жылы деп жариялады. Мұндағы мақсат – жұмысшы ма­ман­дық­тарды насихаттап, еңбек ада­мына деген құрметті қалыптастыру, қоғамымыздағы жұмысшы жандардың еңбегінің маңыздылығын ашып көрсету, өскелең ұрпақтың бір бөлігін сол мамандықтарға баулу. Міне, осы тұрғыдан келгенде, Қазақстан Республикасы Ұлт­тық инженерлік академиясы мен Қазақ­стан Жазушылар одағы бірлесіп жариялап отырған «Еңбек адамы – 2025» республикалық байқауы қоғамымыздың дамуы мен ел экономикасының өсуіне елеулі үлес қосып жүрген майталман инженерлер мен жұмысшы мамандарды жалпақ жұртқа кеңінен танытатын, адал еңбек пен Отан үшін жұмсалған күш-жігерді насихаттайтын шынайы әдеби туындылардың қызу додасы болатынына сенім білдіреміз.
Осы байқауға қатысуға бел буған қаламгер бауырларымызға айтпағым, ел экономикасының өзге де салаларының өкілдерімен қатар, көлік саласының майталмандары да назарларыңыздан тыс қалмаса екен.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Көлік-логистика секторын стратегиялық басым бағыт деп атап көрсетті, транзиттің еліміздің халықаралық бәсекедегі ұтымды мүмкіндігі екенін бірнеше рет айтқан болатын. Көлік, логистика және транзит салаларында білімді инженерлер мен білікті жұмысшы мамандардың көптеп болуы, еліміздің экономикасының бүгіні мен ертеңінің кепілі болмақ.

Бағдат Телтаев,
техника ғылымдарының докторы,
профессор,

ҚР Ұлттық ғылым
академиясының академигі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір