Меңдеп алған сағыныш құстың көзін…
23.02.2024
676
1

Қуаныш АУҒАНБАЕВ

Элегия
Мені сүйген өмірдегі жаны ізгім,
Ып-ыстықсың күндеріндей тамыздың.
Нендей күштің тиді саған салқыны?
Үлбіреген аппақ мақта тәріздім.
Көңіліңе кет­ті неге күз құлап?
Ұғынбайды ниетіңді ізгі жат.
Күйігіңді баса алмай қиналам,
Бір тал жалғыз шылымымды мыжғылап.
Нәзік болмыс… сүйрік саусақ, аялым,
Мені сүйген тағдырыңды аядым.
Мені бұлай қадірлемес басқа жан,
Сол ғой сені биігірек қоярым.
Біліп жүрмін кінә тағып сөкпесін,
Тілеудемін гүлдің азап шекпесін.
Жыламашы, жыламашы, өтінем,
Көзіңдегі бояу ағып кетпесін…
Жалғыз жапырақ
Жапырақтар арасымен келемін,
Сәт­ті іздеп көктемдегі көк өрім.
Жалғыз ғана жапырақ тұр ілініп,
Сырын ашып, білгім келді себебін.
Бойыңдағы тасаланбас еш мінің,
Ұйқысыздық асыра ма кеш құнын?
Тал ұшында тұрған әлгі жапырақ,
Жазға ғашық екендігін естідім.
Сағынады алыстағы біреуін,
Көріп тұрмын сағыныштан жүдеуін.
Оның жанын түсінбейді адамзат,
Соған менің ауырады жүрегім.
Толып жатыр оң мен солым, айналам,
Мен де өзімше онашада ой бағам.
Мінезіңе қайран қалам, қоңыр күз,
Жапырақты жерге шашып ойнаған.
Жапырақтың бағы ма әлде соры ма,
Отыр едім құстың қарап тобына.
Жалғыздығы маған егіз деді ме,
Бұтағынан түсті үзіліп қолыма…
Құс көзіндегі сағыныш
Бермесе де бақытын келілеген,
Алшақ емес сезімнің төрі менен.
Қия-құзға қонғанда ұлар келіп,
Ақ қағазға отырам төгіп өлең.
Таңырқадым қараумен қыстың кезін,
Елжіреген сезімге түстім де өзім.
Ыстығымен мені де шарпып өт­ті,
Меңдеп алған сағыныш құстың көзін.
Туған жерден кеткенмен жырақталып,
Көктем келсе жетеді құлап-талып.
Туған жердің көгінде қалықтайды,
Кер далаға сағыныш сыр ақтарып.
Басылмайды көңілдің желігі сап,
Көз біткенді сұлудың меңі тұсап.
Құстарменен кетеді дала жайнап,
Тақуа бәйбішенің төрі құсап.
Арылмайтын сезімді келіп құштым,
Таңғы шықтай мөлдіреп, еріп түстім.
Таңғалғаным есімде көпке дейін,
Сағынышын көзіммен көріп құстың.
Нұрын шашып мендегі жарық ішкі,
Орман ойға бір сәтке алып ұшты.
Туған жерден үдере көшпес адам –
Құс көзінен 
көре алса сағынышты.
Айналайын…
Байқалды ма бағымның баста кемі,
Дос та кет­ті қалдырып қасқа мені.
Мына менің көңілім о басында,
Барлығына мөп-мөлдір аспан еді.
Айқара ашып бәріне есігімді,
Тигізбеуге бел будым кесірімді.
Бірақ маған барлығы қайта келіп,
Қоймады ғой, қоймады өшігуді.
Талғамымда талас жоқ, биік мүлде,
Нұр шашақты тұратын тиіп күнге.
Жүрегімнің ішіне жақын тұтқан –
Сатып кеткен баяғы сүйіктім де.
Айтқан кез­де қынай бел, үр күз кесім,
Жылап қалған аядым жұлдыз көшін.
Не бітірдім, білмеймін, не бітірем,
Жаптық енді бір жылдың күнтізбесін.
Тағдырымды сөз қылмай таңдамаған,
Қара түгіл, қол берген хан да маған.
Бәрі алдап ішінде адамдардың,
Өлең ғана сатпаған, алдамаған.
Айналайын… 
ПІКІРЛЕР1
Қонақ 23.02.2024 | 20:17

jakse jer eken.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір