«Жұмысшы мамандығы және Қазақстан жазушылары»

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің алғы сөзі
Құрметті пленум қатысушылары!
Ардақты қаламгерлер мен қонақтар!
Бүгінгі «Жұмысшы мамандығы және Қазақстан жазушылары» тақырыбындағы пленум – еліміздің рухани және өндірістік әлемін жақындастыратын маңызды алаң. Осы басқосуға Атырау облысында төр ұсыну – біз үшін үлкен мәртебе. Бүгінгі іс-шараға Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов ағамыз арнайы келіп қатысып отыр.
Өндіріс пен әдебиет – бұл екеуі алғашқы қарағанда әртүрлі бағыттар секілді көрінгенімен, шын мәнінде, ел дамуының қос қанаты. Бірі – еңбекпен елдің экономикасын өрге сүйресе, екіншісі – рух пен ұлттың жан дүниесін кемелдендіреді.
Атырау – тек мұнай мен өнеркәсіптің ғана емес, еңбек адамының отаны. Мұнда зауытта, мұнай кенішінде, құрылыс алаңында еңбек етіп жүрген қарапайым жұмысшының өмірі – нағыз эпопея. Сол эпопеяны көркем тілмен шынайы жеткізу жазушы қауымының қолында.
Қазіргі қоғамда еңбек адамының бейнесін көркем шығармалар арқылы жаңаша таныстыру – уақыт талабы. Өйткені нағыз қаһарман – таңның атысынан күннің батысына дейін тер төгіп жүрген жұмысшы. Біздің рухани кеңістігімізде осы бейнені жаңғырту, жастарға үлгі ету – жазушылар мен зиялы қауымның ортақ міндеті.
Қазақ әдебиеті әрқашан қоғам тынысын дөп басып, қарапайым халықтың мұң-мұқтажын, еңбегін арқау еткен. Алайда бүгінгі заман жұмысшы образын жаңаша пайымдауды, жаңа көзқараспен суреттеуді талап етеді. Жазушылар қауымы осы міндетті абыроймен атқару жолында еңбек етіп келеді және келешекте де еңбек адамының рухани әлемін терең танытып, оның қоғамдағы орнын айшықтай түсуі тиіс.
Біз, жергілікті билік, әрқашан шығармашылық өкілдерімен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Өйткені әдебиет арқылы біз өңіріміздің ғана емес, тұтас елдің құндылықтарын насихаттай аламыз.
Бұл жиын шығармашылық пен еңбектің тоғысқан, рухани дамуға бастайтын маңызды алаңы боларына сенімдіміз.
Құрметті қаламгерлер!
Сіздердің еңбектеріңіз – қоғамның айнасы. Осы пленумда туған ойлар мен ұсыныстар болашақта жаңа шығармаларға, тың бастамаларға жол ашады деп сенемін.
Баршаңызға жемісті пікір алмасу мен сәтті жұмыс тілейміз!
Рақмет!

Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің баяндамасы
Қазақстан Жазушылар одағының «Жұмысшы мамандығы және Қазақстан жазушылары» деп аталатын көшпелі пленумына қатысушы қаламгерлер!
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бұл – мемлекеттің еңбек адамына деген зор құрметінің айқын көрінісі. Бұл – қарапайым жұмысшының, еңбек адамының қоғамдағы орнын биіктетіп, оның абыройын қайта асқақтату, көркем образын жасау жолындағы тарихи қадам.
Президентіміз бұл бастама арқылы ел дамуының басты тірегі – еңбек майданының нағыз қаһармандарын қайта тануға, олардың жарқын бейнесіне тағзым етуге шақырып отыр. Ендеше, қазақ әдебиеті бұл заман мен қоғам талабынан туындап отырған орынды ұсынысқа өз тарапынан үлес қосуға тиіс деп санаймын.
«Қазақ жұмысшы табы қай өңірде қалыптасты?» деген заңды сұраққа, әрине, «Атырау аймағында қалыптасқан» деп батыл жауап бере аламыз. Себебі патшалық Ресей XVII ғасырдың аяғы XVIII ғасырдың басында Қазақстанның маң даласына аш көзін қадай бастады. Өз империясының шығыс шекараларын нығайту, оңтүстіктегі елдерге апарар жаңа сауда жолдарын іздеу мақсатында жылма-жыл қазақ даласына «саудагер» деген лақап атпен әскери топографтары мен жер қойнауын зерттеушілер топтарын жіберіп тұрды. Бір ғажабы, біздің ата-бабамыз жарғақ құлақшындары жалпылдап, мал соңында жүргенде алғашқы мұнай көзі жөніндегі мәліметтер 1717 жылы I Петрдің жарлығымен ұйымдастырылған Жем өзенінің төменгі ағысы арқылы Хиуаға әскери-топографиялық экспедициясының басшысы Бекович-Черкасскийдің жазбаларынан, одан іле-шала географ Северцевтің 1860 жылы жарияланған есебінен табылған.
Біз мұны неге айтып отырмыз?
Осы кең байтақ Қазақстанның жер қыртысын зерттеушілерге жергілікті қазақтар қызмет істеген. Біздің «жұмысшы табының негізі Атырау өңірінде қалыптасты» деген пікіріміз осыдан туындайды.
XIX ғасырдың аяғы XX ғасырдың басында Ресейдің, Британияның мұнай өндірушілері Лемандар, Астаховтар, Нобельдер қазақ жеріне алғашқы бұрғыларын қадап, Қарашұңғылдан, Доссор мен Мақаттан тұңғыш мұнай фонтандарын атқылатты.
Сол кезде осы мұнай компанияларының негізгі жұмыс күші қазақтың жарлы-жақыбайлары болатын.
Біздің халқымыз XVIII – XIX ғасырлары мұнай іздеп келген алпауыттардан зорлық-зомбылықтың неше түрін көрді. Кейін патша өкіметі құлап, Совет өкіметі орнаған кезде Лениннің өзі 1918 – 1920 жылдары қазақ мұнайын өндіру және оны пайдалану жөнінде тарихи декреттерге қол қойды.
Бұл-дағы біздің алғашқы жұмысшыларымыздың тағдыры болатын.
Қазақ елін 1930 жылдары жайлаған ашаршылық кезінде де, халықты жаппай қуғын-сүргінге ұшыратқан 1937 – 1938 жылдары да қазақ еңбеккерлері мұнай өндіріп, Совет өкіметіне түйемен «қара алтын» жөнелтіп жатты.
Ал 1935 жылы Ембі мұнайын өндіру жөнінде сол кездегі Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында КСРО Ғылым академиясы ұйымдастырған үлкен ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Сол алқалы жиынның нәтижесі ретінде «Большая Эмба» («Үлкен Ембі») атты көлемі 921 беттік кітап дүниеге келді.
Қазақ баласының жүрегін сыздататын осы кітапта біздің жер асты байлықтарымызды, соның ішінде, мұнай, газымызды қалай игерудің жан-жақты жолдары мен тәсілдері белгілі ғалымдардың аузымен баяндалды.
Ал 1949 жылы қазақтың ұлы ғалымы Қаныш Сәтбаев Гурьевке қайта келіп, қазақ мұнайының және онда еңбек етіп жатқан мұнайшылардың жағдайын жақсарту туралы әңгіме қозғады.
Бұл қазақ мұнайшыларының тағдыры сөз етілген үлкен жиын болды. Сонымен қатар ол басқосуда басқа мамандықтар да (балықшы, малшы) туралы әңгіме қозғалды. Себебі қазақ халқының социализм құрылысы кезінде өзінше қалыптасуының алғышарттары жасалып жатыр еді. Идеологиялық тұрғыдан алғанда, коммунистік жүйе кезінде әдебиетте социалистік реализм әдісі үстемдік етті. Ол өзі жартыкеш реализм болды, өйткені шындық жартылай жеткізілетін. Бірақ талантты да тегеурінді қаламгерлер ретін тауып, астарлап болса да, айтатынын айтып жатты.
Айталық, Ғабиден Мұстафиннің «Миллионері», Зейін Шашкиннің «Теміртауы», Ғабдол Слановтың «Жанартауы», Зейнолла Қабдоловтың «Ұшқын» мен «Жалын» романдары, жұмысшы, еңбек адамы тақырыбындағы сол социалистік реализмге негізделген совет әдебиетінің алғашқы қарлығаштары болатын.
Содан соң советтік әдебиетте өндірістік роман жанры пайда болды. Ол жанр адам еңбегінің басқа да салаларын, мәселен, ауыл шаруашылығын қамтыды.
Осы тұрғыдан да талай-талай жаңа, сол заманның талаптарына сай жазылса да, өмір шындығын паш етуге талпынған шығармалар жарық көрді. Еңбек адамын, оның өмір жолы мен өндірістік жетістіктерін насихаттайтын тұтас бір жазушылар тобы қалыптасты.
Алайда қазақ деген халықтың, соның ішінде, әр салада еңбек еткен, заманның зорлық-зомбылығы мен қорлығын көрген қарапайым еңбеккерлердің шынайы, қарама-қайшылықтарға толы образдары жасалмады. Бізді өкіндіретін де осы.

Тәуелсіздігіміздің отыз жылының ішінде қаншама компаниялар, соның ішінде, бірлескен кәсіпорындар пайда болды.
«Қазақтүрікмұнай», «ТеңізШевройл» компанияларында қазақтың талайлы тағдыры жатыр. Ұлдарының басынан кешкен қиындықтар, қыздарының кім болса соның шылауында кеткен ауыр да қайғылы жағдайын осы жақта өмір сүретін кез келген қазақ біледі. Бірақ өкінішке қарай, дәл осы тақырыпқа арналған бірде-бір көркем шығарма жоқ.
Бүгінгі қазақ жазушыларының міндеті осы опырайып тұрған олқылықтың орнын толтыру, қазақтың қарапайым еңбеккерінің әлемдік деңгейдегі көркем бейнесін жасау.
Біз бүгін Атыраудағы көшпелі пленумымызда осы өзекті мәселені жан-жақты талқылап, ойға ой қосып, нақты ұсыныстар негізінде әдеби шығармалар арқылы жұмысшы мамандықтарының абырой-беделін арттырудың «жол картасын» әзірлеуге кірісуіміз керек.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдағы жұмысшы мамандықтарға қатысты ойларында мемлекет басшысының қалыптасқан ахуалға көңілі толмайтыны мен жазушылар қауымына айтар жасырын назы жатқан сияқты.
Шынында да, соңғы кезде әртүрлі жанрлар мен тақырыптар дамып жатса да, қарапайым еңбек адамының талғамы биік оқырманның көңілінен шығатындай көркем бейнесін жасай алмай келе жатқанымызды қалай жасырамыз?
Құдайға шүкір, қазақ әдебиетінде аса талантты, жазушылар мен ақындардың тегеурінді тобы қалыптасып келеді. Олардың міндеті – мың өліп, мың тірілген қазақ деген халықтың тағдырын, ержүрек мінез-құлқын суреттейтін, кезінде бүкіл әлемді мойындатқан Әуезовтің «Абай жолындай» кесек туындыларды дүниеге әкелу.
Тәуелсіз Қазақстанда бірлескен кәсіпорындар, қазақ жерасты байлығын игеріп жатқан шетел компаниялары көптеп еңбек етуде. Алайда солардың бірде-біреуі қазақ әдебиетіне олжа салатын талантты қаламгерлерге меценаттық көмек көрсеткен емес. Бұлдағы, шетелдің белгілі компанияларымен бірлескен кәсіпорындар құрған кезде қазақ мәдениеті мен әдебиетін ешкім еске алып, ескермейтінінің айқын дәлелі. Әйтпесе басқасын айтпағанда, қырық жыл қазақ мұнайын үздіксіз игеріп жатқан «ТеңізШевройл» компаниясы дәл осы күнге дейін өзінің тарихи көркем шежіресін жасайтын бір кітапқа демеуші бола алмағанын немесе тиісті тапсырыс беріп, жазушыларға мүмкіндік жасамағанын қалай түсінеміз?
Бұл қазақ руханиятындағы әлі шешімін таппаған талай өзекті мәселелерді бірігіп талқылайтын уақыттың жеткенін дәлелдейді.
Осы көшпелі пленумға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп отырған жазушылар еңбек адамы, жұмысшы мамандықтары туралы тақырыпты қалай зерттеп, қалай жазуды жан-жақты талқылап, тиісті шешімдер қабылдайды деп сенемін.
Ерен еңбегімен ірі компаниялар мен жеке кәсіпкерлердің табысын еселеп жатқан жұмысшы қауымы туралы көркем шығармалар жазатын талантты авторларға жан-жақты жағдай жасау сол бизнес құрылымдарының қасиетті борышына айналуы керек деп санаймын.
Осы пленумымыздың соңында Атырауда өмір сүріп, еңбек етіп жатқан бірнеше өндіріс басшылары мен кәсіпкерлердің қатысуымен Қазақстан жазушыларының тұңғыш шығармашылық аукционын өткізгелі отырмыз. Алла қолдап, осы игі ісіміз нәтижелі болғай!
Қазақстан Жазушылар одағының
«Жұмысшы мамандығы және Қазақстан жазушылары» атты көшпелі пленумының
ҚАРАРЫ
«Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз! Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашан да құрметті, сыйлы болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі!» – деп мәлімдеген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылды – «Жұмысшы мамандығы жылы» деп жариялады.
Қазақстан Жазушылар одағының осы тақырыпта Атырау қаласында өткізген көшпелі пленум жұмысына Жазушылар одағы Басқармасының хатшылары мен мүшелері, ҚЖО облыстардағы өкілдері, жергілікті басқару органдарының басшылары, белгілі кәсіпкерлер қатысты.
Пленумға қатысушылар ел өміріндегі еңбек адамының рөлін ерекше бағалап, қаламгерлер қауымының бұл тақырыпқа бұрыннан атсалысып келе жатқанын атап өтті. Жұмысшы табы пайда болғаннан бастап, қазақ ақын-жазушылары ел дамуының барлық кезеңінде аталмыш тақырыпты назарынан тыс қалдырған жоқ. Оған қазақ әдебиетінің өткені мен бүгіні куә.
Пленум барысында «Жұмысшы мамандығы жылында» Қазақстан қаламгерлерінің алдында тұрған міндеттер мен мақсаттар атап өтілді.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновтің баяндамасы мен жарыссөзге қатысқан қаламгерлердің сөздерінде берілген бағалар мен аталған ұсыныстарды ескере отырып, Пленум төмендегідей қарар қабылдады.
Пленум Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «2025 жылды «Жұмысшы мамандығы жылы» деп жариялау бастамасын қолдап, бұл бастаманың еңбек адамының қоғамдағы беделін арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Пленум Президент бастамасы баянды болып, жұмысшылар қауымының мәртебесін одан сайын арттыру үшін үкімет тиісті кешенді шешімдер қарастыруы қажет деп санайды. Соның ішінде, жұмысшылардың лайықты жалақы алуы, құқықтық және әлеуметтік жағынан тиісті деңгейде қорғалуы, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі жөніндегі іс-шаралардың дер кезінде атқарылуы секілді міндеттемелердің мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілер тарапынан қамтамасыз етілуі қажет деп санайды.
Пленум жұмысшы мамандықтарын насихаттау, еңбек адамының абырой-беделін арттыруда әдебиеттің де рөлі ерекше екенін атап өтеді. Кеңес дәуірі кезінде үстемдік еткен социалистік реализм әдісі, сөзсіз, еркін шығармашылықтың жолын бөгеді. Соған қарамастан, қазақ жазушылары өндірістік проза жанрын біршама дамытты, классикалық үлгідегі көркем шығармаларды дүниеге әкелді.
Пленум бүгінде, Тәуелсіз Қазақстан тұсындағы сөз бен шығармашылық еркіндігі жағдайында еңбек тақырыбын жаңа мазмұнмен байытып, қазіргі заман талабына сай жаңа көркем туындылар жазу үшін ақын-жазушыларға бар мүмкіндік жасалып отыр деп санайды және де ол шығармалар маңдай терімен ел ырыздығын еселеп жатқан еңбек адамдарының болмысын мейлінше шынайы, ашық, оң үлгілер мен тәжірибемен қатар өмірде, еңбек қатынастарында, тұрмыста болатын объективті қарама-қайшылықтар жасырылмай жазылуы тиіс.
Сонымен бірге әдебиетте еңбек адамының жарқын бейнесін ашу бір жылдық, науқандық сипаттағы шара болмауы тиіс емес. Бұл – Қазақстан Жазушылар одағының ұзақ мерзімді стратегиялық бағытының құрамдас бөлігі болуы шарт. Бұл бағытта мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен, шығармашыл қауыммен тығыз әріптестік орнату қажет.
Пленум еңбек тақырыбындағы шығармалар жазуға қаламгерлерді ынталандырудың бюджеттен тыс мүмкіндіктерін іздестіру қажет деп санайды. Осы орайда Пленум Атырау облысының кәсіпкерлері қатысып отырған «Сөз – тарту» шығармашылық аукционының өткізілуін шығармашылық салаға отандық инвестиция тартудың алғашқы қарлығашы әрі ұтымды жолы деп санайды. Пленум мұндай іс-тәжірибе Қазақстанның басқа да өңірлерінде, жұмысшы мамандықтары қамтылған экономиканың басқа салаларында өз жалғасын табу керек деп есептейді. Жазушылар одағының облыстардағы өкілдері осы бағытта нақты жобалар әзірлеуі қажет.
Пленум жұмысшы мамандықтарын насихаттау ісінде Жазушылар одағының ресми басылымдары: «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Простор», «Жалын», сияқты газет-журналдары белсенді түрде атсалысуы тиіс деп санайды. Сонымен қатар Жазушылар одағы жанындағы жанрлық секциялар осы бастаманы өз жұмыс жоспарларына енгізіп, осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажет.
Атырау қаласы,
2025 жыл, 14 мамыр
ПІКІРЛЕР1