ҚҰСТЫҢ ТІЛІН БІЛЕТІН САРЫ БАЛА МЕН ҚАРА ӨГІЗ (хикаят)
29.12.2023
3268
14

(Адал да аңғал Әлекен ағаның рухына арнадым)
1.

Күлімкөз төртбақ кісі таңертең анықтама жаздырып алуға асығыс келген орталықты жұмысы біткен соң асығыс тастап шықты. Сөйтіп асығып жеткенде тау қойнауындағы там үйін жабайы қара өгіз қара жындай құтырына өкіріп, шаңдата мүйіздеп жатқанын көрді. Там үй кәдімгі тірі жан иесі құсап жерге жабыса төрттағандап берісер емес. Үйдегі қатын-бала мына алапат сұмдықтан қорқып, есікті тарс бекітіп алып отырыпты. Қолдарынан ештеңе келмейтінін білген соң, жандарын бір Аллаға тапсырып қойып, аса қарсылық та көрсетпей отыра беретін қарапайым адамдар бұлар.
Бірақ, өлсе де отбасын қорғап өлетін еркектік міндет мына қара жынның қасында қанша дәрменсіз десеңіз де, құдды артына қазық қаққандай ер үстінде тікесінен тік тұрғызды. Өзі дөңбектей адам, бар салмағын екі тақа үзеңгіге шірей салып, бар бойымен созыла көтеріліп кетті. «Не мен өлетін шығармын, не қара өгіз өлетін шығар осы жолы» деп ойлады делебесі қозып. Қара өгіздің мүйізі найзадай тіп-тік, құйрығын көкке шаншып, екі құлағын жымырып алған. Үймен үйдей болып, арқасы аспан тіреп тұр.
О, ғажап, бұл қалай тақымын қысты, қара өгіздің де жыны солай басыла қалды. Енді бір есін жиып қарағанда, түк болмағандай өз бетімен тайраңдап кетіп бара жатты. Жылда киіз үй тігіп алысқанша деп, бір жазда салып алған соқпа там сөйтіп тағы бір жолға аман қалды. Оқиға осымен бір емес, бірнеше рет қайталанып отыр. Сондықтан қалаға барса, түнемей қайтып келетін болып жүр. Мұның сақтығын сезгендей, қара өгіз де жайшылықта көзге түсе бермейді. Анда-санда тыныш күнде күтірлеп қарағай құлайды. Ескі қыстаудағы сандық тасты да бір дүлей күш орнынан бір жылжытып қозғап тастайды. Ішін тесіп жарып тастаған тайқардай үлкен жабайы шошқалар да ұшырасады кейде. Қарағайлы орманның ішінен өкіріп-бақырып қашқан аюларды да көрген. Міне, күлімкөз төртбақ кісі осы тауда өз қызығымен өзі болып, өмірін өткізіп келе жатыр. Күлімкөз төртбақ кісінің құбақоңыр келіншегін көргендер де: «Әп-әдемі әйел екен, қалай тауып алған, мынадай алаөкпеге қайтіп шыдап жүр?» – деп таң қалысады. Ал, енді ана аң боп ойнап, құс боп сайрайтын қылығы қызық сары баланың сүйкімі бәрінен артық.
Айта берсек әңгіме ұзайды, әкесі қарапайым көрінгенмен ішкі жан дүниесі күрделі, ал бала қашан да пәк, күнәсіз. Онсыз да жұмбағы көп хикаяны күрделендіре бермей, әңгімеміздің осы тұсын құзғын сәріде өздерінің үйлері тұрған қойнаудан тау ішіне қарай құртымдай болып кетіп бара жатқан балаға аударайықшы. Иә, түн болсын, таң болсын, кейде құлаққа ұрған танадай өлі тыныштықтың өзі де бала тұрмақ, үлкен кісіге де қорқынышты емес пе.
Оның үстіне әкесінен әлгі осы тауды мекендеп, қара жындай құтырынған қара өгіз туралы естіп, біліп жүрсе деңіз. Жападан жалғыз келе жатқанда мың жылдық алып қарағайыңызды бір сүзгеннен құлататын қара өгіз алдыңнан жер тарпып, құтырынып шыға келсе қайтпексің. Әкесі анада: «Қара өгіз мүйізіне іліп лақтырған шошқа басымнан ысқырып ұшып өтті», – деген. Әкесі содан соң: «Қара өгізден қорқып қашқан аюдың адамша шыңғырғанын естідім», – деген. Әкесі одан кейін: «Қара өгіз сарқырамаға арқасын төсеп шомылып тұрғанда, су ақпай тоқтап қалды», – деген. Бірақ, бала қара өгізден де, басқа ит-құстан да қорықпай, тау ішіне құп-құртымдай болып сіңіп бара жатыр, сіңіп бара жатыр…

2.

Сол кішкене сары бала тық еткен дыбыс жоқ жым-жырт тыныштыққа бой салып мүлгіген көкжасыл төбенің басына сарышұнақ құсап қылтиып шыға келді. Оның күс-күс табаны қарақотырлана мүйізгектеніп, шетінде шыт-шыт жарығы бар жып-жылтыр жезтұяққа айнала бастаған. Сарыүрпек басының тынымсыз қылтылдағанына қарап, бұл қағынды неме аң-құстардың түрлі қимылын салып ойнап тұр ма деп қаласың. Тіпті аяқ-қолын бауырына қарай бүгіп ұстағаны да әне-міне жортақтай жөнелуге дайындалған кішігірім аңдарға келетін секілді. Суға салсаң балық құсап жүзіп, аспанға лақтырсаң құс болып ұшып кете беретіндей епшең бала екені бір қарағаннан көрініп тұр.
Ол қақ төбесінде дыбыссыз қалықтап ұшып жүрген кереге қанат кезқұйрыққа қарап, аузы-басын қисаңдатып, айбат шеге тыжырайды. Ойындағы тапсырманы ұмытып, бір сәт ойынға алданған түрінен алаңсыз балалығы менмұндалайды. Әйтпесе оның мұнда бекер келмегені, бірдеңені аңдып келгені бағана-ақ жан-жағына бұқпантайлап қарағанынан байқалаған. Биік таулар қоршаған қамау дүние шынында да тып-тыныш, мөп-мөлдір, тұп-тұнық, тап-таза болатын. Ешкім лайламаған, былғамаған, кірлетпеген осындай да ғажайып дүние бар екен- ау деп еріксіз таңқаласың. Сары бала әлдеқайда қылқиып ұзағырақ қарап тұрды да, мың түрлі шөптің бояуымен күстенген табанын бір сипап қойып, жалт беріп кері салды.
Жүгіріп келе жатып кілт тоқтап, бұта арасына жұмыртқа іздегендей қолын шынтағына дейін асығыс сұғып кеп жіберді. Ұзын қонышынан қысып ұстаған қызыл бәтеңкесін тілі салақтаған күшік құсатып суырып алып, бір минөт те аялдауға уақыты жоқтай жүгіре басқан күйі секектеп жүріп киіп алды. Кепсите киген бәтеңкесін «өзімдікі ме?» дегендей, оңы мен солына ежірейіп кезек-кезек қарап қойды. Сосын бірін-біріне нығарлай тепкілеп, тарп-тарп басып, аяғының басын одан сайын кептей түсті.
Бірақ одан сірісі қаңсыған қызыл бәтеңкесі аяғына жайлы боп, жалаңаяқ кезіндегідей жеп-жеңіл жүгіртіп кеткен жоқ. Қайта баусыз қонышы екі жаққа далиып, тілі кері қайырыла салақтап, әр басқан жүрісіне кедергі жасаумен келеді. Осы қызыл бәтеңкеден-ақ тойып бітті, өзіне салса лақтырып тастағысы бар, қалай киеді солай қырсығы ұстайды. Қазір де кежегесі кейін тартып, үлкен кісі құсап боқтанып сөйлеп, «тфит, әкеңнің» деп түкіріне қалып еді. Күн әлі ерте, сондықтан үйге асықпай-ақ қоюына да болады, алайда әкеле жатқан жаңалығы үлкен. Соның да күші болу керек, қораны айнала беріп, жолында маубастана мүлгіп жатқан қарала төбетті қасқыр құсап «арс» етіп, селк еткізді. Ит мұны жақтырмағандай орнынан сөлектей тұрып, сүметіліп барып, анадай жерге қабырғалары ырсия шоңқия кетті.
Үйге кірерде балаға қанат біткендей болған, қызыл бәтеңке босағаға асықтай алшиып түскен. Сол беті үкідей ұшып ішке кіргенде шырайлы, төртбақ, күлімкөз кісі орнынан тұрып кететіндей қорбаң етіп, көтеріліп отырды. Ештеңеден беті қайтып көрмегені, өзіне соншалықты сенімді екені сотанақтана күлімдеген түрінен бірден байқалады. Ненің екенін, әйтеуір бірдеңенің тағдыры шешілетіндей онсыз да елеңдеулі. Қос жанары шоқтай жанған баланың әкелген жаңалығын айтқызбай біліп, жаныға түсіп отыр.
Ошақ басындағы үсті-басы таза, бойы ұсынықты құбақоңыр келіншек те бұларға бұрылып қарауға батпағандай, ту сыртын берген қалпы қата қалған. Сары бала әкелген жаңалығын өзінше құпиялап, қарашығын көз қиығына қарай жүгірте қуалап, жыпықтап шешесін меңзей қойғаны. Бұл жаңалықты әкесі екеуі одан не қызғанатын, не сөзді көбейтеді деп жасыратын болар. Баланың бұқпантайлағанына қарағанда, сірә соның соңғысы шығар. Бала сегіз-тоғыз жас шамасында, бірақ бойы аласа демесең, әлпеті кәдімгідей қатайған, көзқарасы орныққан, өз жасынан үлкендеу көрінеді.
Олардың ымдасқан қимылын жауырынымен сезгендей, құбақоңыр келіншек қыбыр етіп қозғалып, жыбырлап өз жұмысын істеп кетті. Лақтыра тастаған бұрымы «керек едіңдер маған» дегендей, қыр арқасына сарт соғылып, ұшы шұбалып етегіне түсті. Жауырыны жұп-жұқа, белі жіп-жіңішке, ал бұрымы білектей. Біреу «отағасының арманы жоқ-ау» деп ойлап қалса, қызғанышынан сүйініші басым түсері анық.
Күлімкөз төртбақ кісі құлақтары едірейе созылып кеткендей көрініп, қысқа мойнын да кеудесімен қоса созып, бар денесімен жардай боп ілгері ұмсынды. Манадан бері жаңалығын жеткізер сәтті тағатсыздана күтіп тұрған бала сарыүрпек балапан басын изеп кеп жіберді. Осы әрекетімен ол әкесін түнімен мазалап шыққан шым-шытырық ойдың соңына қақиған леп белгісін сарт еткізіп қоя салғандай болған.
Содан соң «е, атаңды» деген дауыс қана гүж етіп естіліп, күлімкөз төртбақ кісі артына шалт қайырылып, төр алдындағы төбедей жүкті теңімен төңкеріп тастады. Жүк арасынан жалма-жан жарқырата суырып алған оймалы мылтығының шүріппесіне біреумен бәс тіккендей «тфит» деп түкіріне жұлқынды. Өкшесінен ілесе жүгірген сары балаға «ендігісі сен араласатын іс емес» дегендей, қолын көтере жасқап тастап, есікті салқ еткізіп ашып, сарт еткізіп жапты. Құбақоңыр келіншек есік салқ етіп ашылғанда да, сарт етіп жабылғанда да жіңішке қабағын шытына, шіміріге селт етті.

3.

Үшаша қаңылтыр қалақша күнбатыстың етек жағында ауада салбырай асылып тұр екен. Бір қарағанда қарусыз көзге астындағы қадасы аса байқалмай, осылай әлденеге ілініп қалғандай көрінеді. Жалпақ қалақшалар жел жоқта қозғалмай, бір ұшы көкке шаншылып, екінші ұшы төмен қарап сөлпиіп қалыпты.
Құп-қу сопақша жүзді, құрттаған қардай сарғыш сақалды, еңсегей бойлы сары шал көз алдына келді. Тауда жүрсе де үстінен ұзын қара киімін тастамайды. Қайдан келді, неғып жүр, сұрап жатқан жан баласы жоқ. Осындай да бар дүниеден баз кешкен адамдар болады деп естіген. Ол қаңғыбас болса қаңғыбас шығар, бірақ оның кім екенін сұрамайтындай бұлар неғылған бейғам халық деген сұрақ тумай ма енді. Күлімкөз төртбақ кісі басында таңырқап жүрген, артынан «мен пәленшекеңмін» деп бір жөнін айтып кетпегені намысына тиді. Ата-бабасынан қалған жер құсатып, ай-шайға қарамай жайғасты да алды. Ары күтіп, бері күтіп, ақыры болмаған соң тебінтіп өзі барды.
– Сен отшельникпісің? – деп сұраған атынан түспей тұрып.
Анау жай ғана байыппен бұрылып қараған да қойған. Адамсың ба, малсың ба, шаруасы жоқтай. Сөйткен де ұзындығы үш-төрт метрлік уық темірдің бір жағын иығына салып алып, жер сыздырып сүйрете жөнелген. Бұл азапқа оны кім жеккені, неге жеккені белгісіз.
– Әй, тоқта, – деген бұл намыстан нарттай қызарып. – Қаңғыбаспысың деймін мен саған?
Анау белін жазып, бұған тағы да байыппен бұрылып қараған.
– Жаңағы отшельник дегенің дұрыс.
Орыс шалдың тап-таза қазақша сөйлегеніне таңырқап, абдырап қалып еді.
– Андағы темірді не істейсің? – деді сасқанынан басқа сөз таппай.
– Ана жерге апарып орнатамын.
Үйреншікті бір шаруа істеп жүргендей, биік мүйістің басын қолын ақырын ғана созып, жәйімен ғана нұсқады.
– Ол не үшін керек?
– Зырылдауық қой, желдің күшін біліп отырамын.
– Астапыралла, оны қайтесің?
– Жел, су, шөп, бәрін зерттеймін.
– Оны саған кім тапсырды?
– Ешкім тапсырған жоқ. Өзім үшін…
Қаңғыбас шал енді аялдаса бірдеңеден кешігетіндей, иығындағы уық темірді мықшия сүйретіп, қоштаспастан қозғалып кеткен. Күлімкөз төртбақ кісінің астындағы атын тепсінтіп, дігір салғанын қаперіне де алмаған. Бұл болса күркеге сүйеулі тұрған тағы бір төрташа темірге көзі түсіп, оның не екенін сұрай алмай қапалақтаған. Әсіресе оның жарқырауық алюмин темірден істелгені және кісі бойындай биік қылып жасалғаны біртүрлі көңілін алаңдатқандай болған.
– Әй, – деп айқайлаған қаңғыбас шалдың соңынан, – андағы зырылдауығыңды білмеймін, ал бірақ мына теміріңді тігуші болма ол жерге!
Күлімкөз төртбақ кісі неге өйтіп айтқанын өзі де түсінбеп еді сол жолы. Тек ана қаңғыбас шал мына биік мүйістің басын алынбас қамалға айналдырып алғысы келіп жүргендей көрінген. Алдымен зырылдауығын орнатса, артынан ана төрташа темірін апарып тігетін шығар деп ойлаған. Елдің бәріне күлкі қылып, қисайған жаман күркесін де сонда көшіріп шығарып алмасына кім кепіл?
Күпті көңілдің күдігі тарқамай, не істер екен деп, бір күн күтті, екі күн күтті, үш күн күтті. Шыдамай «көріп кел» деп, баласын да қайта-қайта жұмсай берді. Үшінші күн дегенде зырылдауық орнап болып, ол хабарды баласы сүйіншілеп жеткізді жаңа. Содан «не мен қалармын, не зырылдауық қалар» деп келіп жатқан беті осы.
Ол төбесіне зырылдауық орнатылған мүйістің айналасын көзімен кең алып шолып шықты. Ақжалданған суы таудан төмен сарқырап аққан үш өзеннің құйылысы. Етегін қалың қау басқан мүйістің маңдай тұсы жалаңаш. Соның қақ төбесінде тұрған биік зырылдауықты ол жерге мына сүйегін сүйреткен қаңғыбас шалдың қалай жалғыз көтеріп алып шығып орнатқаны түсініксіз. Мылтық дүрбісінің шақпақ белгісіне беттесе қабаттасқан зырылдауықты бір көзі жұмылып, екінші көзі сығырая тесіліп ұзақ көздеді.
Кенет мылтық екпіні тау жығардай жойқын күшпен тарс етіп атылды. Бір қалақшасы қаңғыр етіп ұшып кеткен зырылдауық шайқалып барып, шалқайып тұрып қалды. Екі қолын жайып, аспанға қарап жалбарынып тұрған адам сияқты құдды. «Жоқ, бұл менің ата-бабамнан бері мал бағып жүрген жерім, тектен текке бере қоймаспын саған!» – деп кіжіне жұдырығын түйді.
Екінші рет атқанда оқтың тайып тигенін сезді. Себебі зырылдауық сол шалқайған күйі қозғаусыз қалды. Күлімкөз төртбақ кісі бейне келесі атылатын оққа қосымша күш бергісі келгендей, екі алақанына кезек түкірінді. Көк темір ұңғы суына сорайып, қайыра кезелгенде қолындағы мылтықтың өз-өзінен оңтайлана бергенін сезді. Мылтықтың серті ұстағанда сөйтеді, өзі кезеліп, өзі атылады.
Шүріппені үшінші рет басқанда, зырылдауық қисайып барып, жантая құлап түсті. Ол жылқы құсап оқыранып, одырая қарап тұрды да, «тфит» деп жерге бір түкірді. Тап осы сәтте қалың бұта арасынан, бағанадан бері болған жайттың бәрін қалт жібермей бақылап жатқан қаңғыбас шалдың сарғыш сақалы, жалқақ қамыстың ұлпасындай желп ете қалып еді. Сол түні «енді қайтер екенсің?» деп күлімкөз төртбақ кісі де, «енді не істесем екен?» деп қаңғыбас шал да таңға ұйқтамай шықты. Екі сұраққа бір жауап көп күттірмей, арада екі-үш күн өткенде биік мүйістің басынан сопаң етіп сорайып тағы бой көрсетті.

4.

Зырылдауық «енді маған не істей аласың?» дегендей, қалқиып орнына қайта тігіле қалыпты. Әуелгіде тіпті аспанға қарай бой созып бойлап, анадағыдан да биіктеп кеткендей көрінді. Үңіліп қайта қарағанда басындағы қалақшасында бір өзгеріс барын байқады. Көздерін қысып та, ашып та қарады. Қалақшалар төртеу, бесеу болып көбейіп кеткендей елестеді. Үнемі күлімдеп тұратын қос жанары бірінен бірі кішірейіп, тіпті асығыс тарта салған сызықтай сығырайып кетті. Бәрібір анықтап көре алған жоқ.
Қайтадан шалқасынан аударылып түсіп, оқшантайын сартылдатып, мылтығын сайлай бастады. Шынында да қандай жағдай болса да оның көздері ерке баланың көздеріндей күлімдеп тұратын еді. Күлімдеп төбесінен, жап-жақын жерден төніп тұрған көк аспанға үлкен бір шаруа істеуге оқталғандай анықтап бір қарап алды. Тау басында шалқаңнан жатып, аспанға қарасаң, өзіңді қалықтап ұшып бара жатқандай сезінесің. Ол қолтығына қанат біткендей қомданып-қомданып қойды.
Сөйтті де аңдысқан адамдай мылтығын оңтайлап ұстаған күйі аяқ-қолын серпе тапыр-тұпыр етіп, етбетінен тез аунап түсті. Ілгері қадалған беті басбағып, бірер минут қыбырсыз қалды. Сыртынан бақылап тұрған біреу болса, оны әне-міне қарсы жақпен атыса жөнелетіндей көрер еді. Бірақ ол екі шынтағын ұйпаланған шөптің үстіне орнықтырып тіреп, ұзақ баптанды. «Бір атқаннан түсірем», – деді өзімен өзі бәстескендей күбір етіп. «Көресің!», – деді әлдекімге сес көрсеткендей саусағын шошайтып.
Мылтықтың дүрбісі тау ішін дөңгелене кезіп барып, зырылдауықтың қарайған темір діңгегіне тірелді. Ұзын діңгекті бойлап, ақырын жоғары көтеріле берді. Ұшына дейін жетті де әлденеден шошып кеткендей шошаң етіп, барған жерінен адасып қалды. Иесінің оқыс бірдеңеге таңырқап, тосылып қалғанын білдіргендей, дөңгелек дүрбісі тау басындағы ақ қарға қадала кідірді. Іле зулап төмен түсті де зырылдауықтың басына қайта шапталды.
Көздерінен тұңғыш рет күлкі жоғалып, еріксіз ішін тартты. Өз көзіне өзі сенбегендей, дүрбіге сығырайып қайта-қайта үңілді. Қанша қараса да діңгектің басындағы зырылдауықты көре алған жоқ. Оның орнында сырты күмістей жалтырап, алюмин темірден істелген аппақ төрташа темір тұр. Дүрбінің ортасындағы шақпақ сызыққа бірнеше мәрте беттескен төрташа темір «келсең кел» деп, шабынта түскендей. Алайда шүріппені басып жіберуге батылы бармады. Батылы бармағаның не, апалақтап ауа жұта алмай тұншығып қалды. Маңдайынан бұрқ етіп суық тер шықты. «Е, жаратқан ием!..» – деді дауысы дірілдеп. Бір көргеннен рухын алып қойған бұл не құдірет десеңізші!
Жаңағы жатыпатар қалпынан із де қалған жоқ. Есінен танған адам құсап, орнынан әңірейе көтеріліп отырды. Өзіне өзі келіп болғанша түрі неше рет құбылды. Көздеріне бірте-бірте қайтадан нұр жүгіріп, құйрықтанып күлкі үйіріле бастады. Күлімкөз, күпсек, төртбақкісі. Көп ой ойламайтыны алаңғасарлау түрінен анық байқалады. Қазір де ана төрташа темірге не істеуге болатынын білмей отыр. Бірақ сол білмегенінің өзін ішке жасырып, өзінше күлмең-күлмең етеді.
– Істеген амалын қара, – деді естілер-естілмес күбірлеп. – Крестке тиісе алмайды деп, әдейі істегені ғой. Көріп алармыз оны да.
Көңілінде еш кір жоқтай, төменгі жақты жайдарылана шолды. Етекке түскенше неше қолат, неше жазық бар. Сауырдай-сауырдай құйқалы жазықтардың үсті көкпеңбек. Беткей беткейдің бәрі көгерген қалың арша. Ары қарай қос қапталдап жоғарылаған сайын қарағай арасы қалыңдап, ол жақ та, бұл жақ та сыңғып тұр. Ол соның бәріне мейірлене қарап отырды да, мыңқ етіп тағы күлді. Орнынан тұрып бара жатып, ту сыртындағы әлгі төрташа темір қадаулы тұрған биік мүйіске де елеусіздеу бір қарап қойды.
Тап осы сәтте төрташа темірдің батар күннің қып-қызыл шапағымен қолмен қойғандай қабаттаса қалмасы бар ма. Көз алдында зорайып, үлкейіп, ұзарып, биіктеп кетті. Шеттері мен ұштары отқа малғандай қызара алаулап, ал бергі
көлеңке жағында әлдене қарауыта салақтады. Дәл үстінде жалт-жұлт етіп, сөзбен айтып жеткізгісіз бір ғажайып шұғыла ойнады.
– Астапыралла!.. О, құдірет!.. – дегенге ғана тілі келді мұның.
Ішінен: «Тізерлеп мінәжаттың ырымын жасай салсам қайтеді?» – деп ойлады. Ізінше мұсылман екені есіне түсіп, Құдай бір сақтады, әйтеуір. Бірақ әлденені мойындағандай монтансып, мойнын ішіне тартып, кішірейе берді, кішірейе берді. Төрташа темір болса үлкейе-үлкейе аспанға тіреліп, бұл байғұс кішірейе-кішірейе құртымдай болды ақыры.

5.

Сары бала сарышұнақ құсап қылтиып шыға келгенде, көкжасыл төбе де тіршіліктің белгісін беріп қыбыр еткенге ұқсады. Бала ұзақты күнге жалғыз ойнап, суырлар мен тышқандарға қарап жүріп, өзінен өзі солардың қимылдарын қайталайтын әдет тапқан. Жоғары өрмелегенде сарышұнақ құсап жортақтап кетеді де, бірдеңені аңдығанда екі қолын кеудесіне қарай бүге ұстап, шоқиады да қалады. Шоқиып ұзақ отырды, үйге қайтуға онша асыққан жоқ. Үйге барып айтқанның өзінде әкесінің бұл жаққа ана жолғыдай екі білегін сыбанып шауып келмейтінін білді.
Соның өзі де балаға кереметтей қызық. Әкесі зырылдауықты атып құлатып келген күні үй іші мерекедегідей көңілденіп кетіп еді. Ол сонда үлкен бір жұмысты бітіріп келгендей тамақты асап-асап, қарбытып-қарбытып жеген. Бұл шешесі екеуі жымың-жымың етісіп, оның аузына қараған да отырған. «Шүріппені басып үлгергемін жоқ, мылтығым өзі атылды», – деп соққан бір кезде отағасы. «Бүгін зырылдауық орнатса, ертең зауыт салады», – деген содан соң салмақтана сөйлеп. «Жайлау жайлау, дала дала, қала қала болуы керек қой», – деген нықтанып. «Бұл менің жерім, әкімге айтқам, келесі жылы жекешелендіріп алам», – деген осының бәрі сендер үшін ғой дегендей мардымсып.
Сөйткен әкесі алдыңғы күні мұның айтып барған жаңалығына, «өзім де білем» дегендей еш елең етпеді. Мылтық орнына қамшы ұстап, мал қарауға тұрды да кетті. Ал бүгін таңертең үйге қасақана үндемей кірді бұл. «Мал қараймын» деп сыртқа шығып бара жатқан әкесі есік көзінде қалт тоқтады. Бәрібір құлағы тігулі, мұның үндемегеніне таңырқап тұрған секілді. Бала екі қолының сұқ саусақтарын айқастыра төрташа темірдің белгісін көрсетіп, сарыүрпек басын алдына тастай изеп кеп жіберген.
– Телефонды ал да жүр, – деген сонда әкесі әлдене есіне түскендей күлім қағып.
– Жәмшид ағамен сөйлесесің бе? – деген бала шалбарының томпайған қалтасын көрсетіп.
– Кіммен сөйлесем, неге сөйлесем, шаруаң не сенің, – деген әкесі баласының әлгі Жәмшидті білгеніне сүйсініп, әйеліне оны иегімен мақтана нұсқап. – Осы неме оқыса, зырылдауықтың көкесін орнатады біздің үйімізге.
Үйдің қасындағы биіктеу жотаның басына шыққаннан кейін сары бала қалта телефонын алға соза ұстап, ары-бері зыр қағып жүгірді де жүрді. Әкесі оған басын қызыл әтештей қылт-қылт бұрып, күлімдеп қарады да тұрды. Екеуі де басқа дүниенің бәрін ұмытып, қол басындай ғана қалта телефонға қадалған да қалған. Әке мен бала үшін телефон антеннасын аңдитын осы бір сәттен асқан бақытты сәт жоқ. Құдды екеуі ойын ойнап жүргендей мәз-мәйрам болысады. Алайда олардың бұл қуаласпақ ойындары онша ұзаққа созыла қоймайды. Қазір де сары бала олай бір, бұлай бір жүгіріп өтіп жүріп, бір жерге ұршықтай үйіріліп тоқтай қалды.
– Ә, қалай, ұстады, ә? – деп әкесі өз-өзінен кеңкілдеп ала жөнелген.
– Ұстады, мына жерден ұстады, – деп, «қармағымды балық қапты» дегендей сары бала да мәз болды.
– Қос маған Жәмшидті, – деп бұйырды ол баласына, «не істейтінімді қазір көресің» дегендей қоқиланып.
Әкесінің қалта телефонды барбиған саусақтарымен шырмап ұстап, құлағына апарғаны да сол, бүкіл тау іші тас құлағандай жаңғырды да кетті. Құдай біледі, жан-жақтағы аң-құстар түгел үркіп қашқан шығар. Ар жақтағы Жәмшид те қатты айқайдан шошып, телефонын өшіре салған сияқты. Әкесі: «А-а… Әй-әй…», – деп қапалақтады да қалды. Баласы қалта телефонды қолынан жұлып алды да нөмірлерін қайта тере бастады. Әншейінде болса торғайдай басы бір кертоқайға сұранып-ақ тұрғандай еді, Жәмшидпен сөйлестірмей қашып кете ме деп үндей алмады.
– Әй, Жәмшид, не?!. Құлағыңды жарып кетсе, трубканы алыс ұста, – деп самбырлады, сары бала телефонды қайта қосып бергенде. – Әй, тыңда!.. Жаңалығыңды содан соң айтасың… Менің бір сұрағым бар… Біреудің жекешелендіріп аламын деп отырған жеріне қаймана біреу крест әкеліп қадап қойса, ал анау оны құлатып тастаса, ол қалай, заңға сия ма?.. Не дейді?.. Сотталып кетесің дейді?.. Әй, мені неге соттайды?.. Дін араздығын қоздырды деп дейді?!. Өзімнің жерім ғой… Жекешелендірмесем жекешелендірем, ал қайтесің?!. Не?!. Не дейсің?!. Қой, ә!.. Менің жерімнен басқа жер құрып қап па?.. Бастық болса, өзіне бастық!.. Кімге әпермек екен дейді?.. Бизнесменнен басқаға күн жоқ па сонда?!. Атасының басы!.. Бермеймін мен жерімді!.. Көшпеймін!..
Сөз аяғында әкесі тамағына өксік кептеліп, сөйлей алмай тұтықты. Не болғанын түсінбей жапақтаған баласы оның күлімдеген көздерінің мөлтілдеп жасқа толып кеткенін көріп, аспан айналып жерге түскендей таңырқады. Өмірі сыр бермейтін, кеудесінен ешкім басып көрмеген адам бір-ақ сәтте өстіп пұшайман болды да қалды.
Сары бала көкжасыл төбенің басында осылай шоқиып қанша отырары белгісіз еді. Өйткені оны көптеген жауапсыз сұрақтар мен түрлі тәтті қиялдар шырмауықша шырмап алған болатын. Алайда күн қатты кешкіріп кетіп, оның үйіне қайтуына тура келді. Төбеден түсерінде батар күннің соңғы шапағына шарпылған биік мүйістің басына қарап: «Мен ертең келем», – деп дауыстады. Сол сәтте биік мүйістің басынан біреу: «Келе ғой», – деп еркелете күбір еткендей болып, өз өзінен селк ете қалды.

6.

Таудың таңы бүгін де тап-таза, тұп-тұнық, мөп-мөлдір болып атты. Етегін қалың қау басқан сүйір тұмсық биік мүйістің төбесіне тігілген төрташа темір де ерекше жарқырап көрінді. «Мені көрдің бе?» дегендей, ұштары күн шұғыласына молынан малынып, алыстан асқақтады. Шындығында оның айдалаға осылай келіп қадалып тұра қалатындай еш жөні жоқ еді. Орнын таппаған нәрсе бәрібір көңіл аудармай тұрмайды. Бірақ, ақыры орнап қалған соң енді тимесе де болатын секілденген. Алайда мүйіс басындағы төрташа темір мен мылтық дүрбісіндегі шақпақ белгі бүгін тағы беттесіп қалды. Екеуі біресе қозғалмай қадалып, біресе қалтырап-дірілдеп, ұзақ арбасты. Құдды біреу қастық қылам деп емес, қызық көріп ойнап жатқан тәрізденді.
Айтқандай-ақ, мылтық дүрбісіндегі шақпақ белгі мүйіс басындағы төрташа темірден кілт ажырап, сырғып төмен түсіп кетті. Көкала қойбүлдірген, жап-жасыл шоқ-шоқ көде, ұсақ гүлдері желмен желбіреген көкемарал, қайда да қаптаған боз жусан. Бәріне суретке түсіретіндей тоқтап-тоқтап өтіп, ін аузында қылқиған суырдың кеудесіне барып айқаса шапталды. Ә дегенше мылтық тарс етіп атылып, оқтың жұмсақ бірдеңеге пырс етіп тигені білінді. Әлде сырт етіп сүйек сынғандай болды ма, ол жағын толық ажырата алған жоқ. Ін аузындағы үйілген топырақтың қасында түсі бөлектеу тағы бір төмпешік пайда бола кеткенін кішкене көздері қапысыз шалды. Іле оқ атылған жақтан сарыүрпектеніп өзінің де төбесі шыдамсыздана қылтыңдай бастады.
Сары бала жаңа ғана өзі атып түсірген суырға қарай жүгіріп кеткісі келіп ұмсынып тұрды да, жіңішке мойнын қайыра бұрып, қайтадан қадалып әлгі төрташа темірге қарады. Қолындағы мылтығының ұшы да үңірейе сұстанып, дүрбісі солай қарай ақырын жылжи берді. Бала алдымен аң-құс шалынып қалмай ма екен деп, биік мүйістің қалың қау басқан етегін жағалай сүзген. Мылтық дауысының бүкіл тауды асты-үстіне шығарып төңкеріп тастағанымен ісі де жоқ. Қашқан аң қашып, ұшқан құс ұшып кеткен болатын әлдеқашан. Енді бітпеген бір-ақ шаруа қалып тұр, оны істесе әкесінің жанын жегі құрттай жеген бір азаптан құтқаратындай. Өзіне солай көрінеді, бәлкім басқаша болар. Әкесі ренжісе, бұны балам екен деп аямайды. Бағанадан бері оның қолын қағып тұрған осы ойлар болатын.
Етектегі үй жақтан ат тұяғының дүбірі естілгенге ұқсады. Ол қалқайған құлағын желге бір, жерге бір төсеп, тың тыңдады. Құдды ана төрташа темір бір жаққа ұшып кететіндей, ол жаққа да жалтақ-жалтақ қарап қойды. Төрташа темір күнге шағылысқан қалпы, шақырая жарқырап тұр. Арғы беткейден үсті-басы тұтас қара киім киінген қаңғыбас шал дорба арқалап, ақырын сырғи түсіп келеді. Қаңғыбас шал тау-тасты кезіп, дәрілік шөп жинайды екен дегенді бұл да естіген. Айдалада тұрып жатса да өзі өмірі мылтық ұстамайтын көрінеді. Бірақ, төңіректегі малшылар беймезгіл уақыттарда осы жақтан мылтық дауысын естідік десіп жүр. Ол енді ешкім көзбен көріп, қолмен ұстап дәлелдеген нәрсе емес. Алайда балық ұстап жейтіні, түрлі шөп пен жемісті азық қылатыны былай да белгілі жайт еді. Қаңғыбас шал беткейден жаяу түсіп келеді, ал ат дүбірі өздерінің үй жақтарынан шығып тұр. Дүбір бірте-бірте айқын естіле бастады, соған қарағанда иесі асыға шапқылап келе жатқан болуы керек. Сары бала апыл-ғұпыл мылтығына жармасты.
Тұрған жеріне орын таңдамай қайтадан етбеттеп жата кетті. Шынтағына батқан бір түп көде кедергі жасап, оң жағына қарай сәл жылжып орнықты. Оң аяғын соқыр қимылмен ары-бері қозғап барып, құлама беткейге қиялап өскен көк аршаның түбіртегіне тіреді. Бірақ, соның өзінде де мылтықты атып қаламын деген ойдың басына келе қоймағаны анық болатын. Суық шүріппені сұқ саусағының ұшымен жәй ғана сипап, қызықтап жатқандай қылық танытқан. Шауып келе жатқан аттың дүбірі де осы кезде сап басылған. Әкесі қанша алаңғасар кісі болса да, ит-құс пен мылтыққа аса сақ еді. Өзінің сабырсыздығынан бұрын, баласының ылдым-жылдымдығынан қорқатын.
Сары бала да күлімкөз әкесінің неге алаңдап жүргенін жақсы біледі. Өмірі ештеңеге сыр бермейтін әкесінің өз-өзінен торығып отырғаны жанына қатты батады. Әкесінің көлгірсіп күлгені де бұрынғы арқа-жарқа күлкісіне еш ұқсамайды. Отырған жайлауының тақ төбесіне қаңғыбас біреу келіп, түсініксіз бір белгіні қадап қойғанын көңіліне алып жүргені айдан анық. Сөйтсе де оның не белгі екенін баласы мен әйеліне тіс жарып айтқан емес. Зырылдауығы зырылдауық, ал мына төрташа темірдің не екенін сары баланың білмейтіні сондықтан. Оған мына биік мүйістің басында төрташа темірдің тұрған-тұрмағаны керек емес, тек әкесін осы темірден келген әлдеқандай бір көңілсіздіктен тезірек құтқарғысы келеді. Әкеміз бұрынғыдай алтаң-талтаң басып, шұрқырай күліп жүрсе екен дейді. Соның өзінде де күнге шағылыса жарқыраған төрташа темір жаққа қаратып оқ атамын деп ойламағаны шынында да рас. Жаратқан ием өзі де баланың қолын қағып, жаманаттың бетін аулақ қылар.
Бірақ, мылтық оқтаулы, сұқ саусағы сұп-суық шүріппеге жанасып-ақ тұр. Қолында мылтық барда, мылтыққа салатын оқ барда, ойын баласы мылтықты қалай оқтамай ойнайды. Атынан түсе салып, сиыр соқпақпен қиялай тартып келе жатқан әкесі соның бәрінен толық хабардар. Ең бастысы, баланы шошытып алмау, мылтықты алдап қолынан тартып алу, ойында басқа ештеңе жоқ. Мылтық атқызып үйреткен өзі, алайда адам жүрген жаққа қарай кезенбе деп талай ескерткен. Көз алдына баласының көздеген нәрсесін қылдай қиып түсетіні елестеді. Сондайда өзінің ақақалап күліп, жас баладай алғаусыз мәз болатыны есіне түсті. Ал қазір қас-қабағы тыжырайып, жыларман халде еңкелеңдей жүгіріп келеді. Баласы құрттай боп, жерге жабысып алыпты. Иығын қушитып, аяғын тарбайтып жатысының өзі нағыз мергеннің жатысы. Жайшылықта мұнысын мақтап, күшік құсатып арсалаңдатып біраз еркелететін еді. Бұл жолы ондай марапатқа орын жоқ, мылтықты тартып алған бетте мықтап тұрып сазайын тартқызбақ. Соны сезді ме, баланың жоғары қарай шодырая шығып жатқан оң жақ жауырыны жыбыр ете қалды. «Әй, балам» деген қарлығыңқы дауыс байғұс баланың бойындағы бүкіл шартты рефлекстерді іске қосты да жіберді. Ақыр атылмай қоймайтындай серттескен мылтық құлақ жарып, жер-дүниені төңкеріп, аспан астын қақ айыра тарс етіп атылды. Бірақ, бала төрташаны туралап атудан жасқанды ма, әлде қорыққаннан қолы тайып кетті ме, оқ төменгі жақтан барып, айдаладағы қой тасқа шақ етіп тиді. Сірә, жаратқан ием өзі көмектескен болар, күнәсіз баланың санасына саңылаулап болса да жарық шашқан шығар, оқ әне, лағып басқа жаққа кетті. Онда да тірі мақұлықтардың біріне тимей, өсімдіктердің бірінің басын да сындырмай, ана қой тасқа барып тигенін көрмеймісің.
Оқтың жұмсақ, қатты, ұсақ, ірі, құрғақ, дымқыл нәрселердің қайсысына барып тигенін дыбысынан ажырататын сары бала, «төрташаны атқам жоқ, енді әкем де ұра қоймас» деп ойлаған. Сол оймен орнынан сенімді-ақ көтерілген, «мықтаса бір ұрсар» деп әкесіне жалт бұрылып қараған, күлімкөз төртбақ кісінің өзіне тігіле қадалып, аңтарыла сопайған үрейлі түрін көрген. Әкесінің бір көзі мұнда, бір көзі анда, есі ауғандай екі көзі екі жаққа қарап бақшиған да қалған. Оның түрі неге бұзылғанын түсінбей, бала да алақ- жұлақ етіп, әкесінің көз ұшын қуалай тімтінген. Төрташа тұрған биік мүйісті бір шалып, екі шалып қарағанда, әкесін не шошытқанын аңғарғандай болды. Әуелі назарына етектегі қалың бұтаны сатырлата бұзып-жарып, жоғары қарай тұлдана өрлеп бара жатқан қара жын секілді бірдеңенің нобайы ілікті. Жолындағы тастарды тарпып құлатып, ағаш түптеріндегі шор боп қалған томарларды қопара сүзгілеп, бет қаратпай әкетіп барады. Құлақтарын жымырып алған, мүйіздері найзадай тіп-тік, тұрқы есік пен төрдей, тұрпаты шынында да адам шошырлықтай алапат.
Сары бала бұл мақұлықтың бұрын өзі көрмеген, бірақ әкесі айта беретін жабайы қара өгіз екенін бірден біле қойды. Әкесі: «Қара өгіз ескі қыстаудағы сандық тасты сүзгілеп-сүзгілеп, орнынан жылжытып кетіпті», «Қара өгіз бір жабайы шошқаны ішек-қарнын ақтарып, жарып тастапты», «Қара өгіз құлатқан қарағайдың бірін атпен сүйреп әкелдім», – дейтін. Әкесінің айтысынша, жабайы қараөгіз Сарытауда баяғыдан бар көрінеді. Не өлмейді, не кәртеймейді, бірақ көзге де түсе бермейді. Тасты сүзетіні – мүйізінің түбі сырқырайды екен, қарағайды құлататыны – арқасындағы қотырын қасиды екен. Ал өзін жегісі келетін аңды аямайды, қуалап жүріп жарып тастайды деседі. Сол қара өгізді тұңғыш рет оқ жетер жерден көрді де аузын ашты да қалды.
Қара өгіз көзді ашып-жұмғанша биік мүйістің басына тайраң етіп шыға келді. Бүкіл дүниені табанына салып таптап жіберетіндей тапыраңдап, ары ойқастады, бері ойқастады. Аяғының астынан ұшқан бір-екі тас анда-мұнда тарс-тұрс тиіп, төмен қарай атқан оқтай зыңғыды. Қара өгіз онымен де қарап тұрмай, арқасындағы қотыры жан таптырмай кетсе керек, атылып барды да төрташа темірдің діңгегіне ышқына-ышқына сүйкенді. Ол діңгегін ырғап-ырғап қасынғанда, төрташа темір әне-міне құлап түсетіндей бұлғақтап, жұлын-жүйкені суырып алардай шықыр-шықыр етті. Неғылса да қара жындай құтырынған қара өгіздің төрташа темірді құлатпай тынбайтыны белгілі болды осы сәт.
Кенет сары баланың өзі де аяғын тік басып тұра алмай, басы зеңгігендей болып, тұла бойын жайсыз бір күй қалтырата билеп бара жатқанын сезді. Жаңағы мылтықтың дауысы да басылмай, жартастан жартасқа жаңғыра көшіп, тау ішінің кәрлене күркіреп тұрғанын да сонда ғана білді. Қарағайлар майыса теңселіп, аңдар үріп-ұлып, құстар шаңқылдап-шулап, жер-дүние түгел азан-қазан болды. Тастар тасырлай құлап, қорымдар сатырлай сырғып, алып ағаштар күтірлей сынып, күйреп-жайрап жатты. Өзі де, әкесі де, екеуі де жерге жабысып жата кетуге әзір, тек не болғанын түсінбей қайран. Өлсе де соны біліп өлгісі келетіндей, бәлкім ақырзаман деген осы шығар, неғылса да әйтеуір дүние орнында емес. Дүниені осынша аласапыран қылған қандай хикмет, білгісі келіп тұрғандары да сол.
– Жер сілкінді! – деді бір кезде әкесі жарықшақтанған дауысы қатты шығып кетіп. – Жер сілкінді!..
– Жер сілкінді! – деді сары бала да әкесінің сөзін іліп әкетіп.
Ол өзін әкесінің қаһарынан құтқарған жер сілкінісіне дән разы екенін жасыра алмай күлім қаққан, әкесі де мойнынан бір ауыр жүк түскендей жадырай күлген, бірақ жаратқан иемнің қаһары езу жидыртып та үлгертпеді.

7.

Иә, сол сәтте үш судың құйылысқан тұсында, етегін қалың қау басқан, ал маңдай тұсы жалаңаш биік мүйістің терең табанында айтса нанғысыз тағы бір сұмдық оқиға басталды да кетті. Жуандығы білектей ұп-ұзын уық темір басындағы төрташасымен қоса жолай әрнені бір іліп түсіп, төменге қарай бар салмағымен шаншыла құлап келе жатты. Дәл осы кезде биік мүйістің тура түбіндегі шанжалары жан-жаққа сорайып шығып тұрған ағаш күркенің астынан мылтық дауысына елеңдеп, сор айдап жампаңдап, әлгі қаңғыбас шалдың шыға келгені. Күркесіне қашып қайта кірсе бірсәрі, қашпай жоғарыға қадала қарап тұра қалып, «О, жаратқан ием» деп Құдайына жалбарынып, не заманнан үйренген машықпен тез шоқынып та үлгерді. Мына қылығы «басыма ти, екі иығымнан соқ, ішіме кір» деп тұрғандай құдды. Сырттан бір адам қарап тұрса, Құдай біледі, жанкешті осы көріністен-ақ жынданып кетуі бек мүмкін болатын. Бірақ қаңғыбас шал түк те сасқан жоқ, өзіне қарай тақ төбесінен шаншыла зулап келе жатқан найза темірді мәңгілік азапқа дайындалғандай жалпақ омырауын төсей, қасқағым сәттік түсініксіз бір салтанатпен қасқайып күтті. Үстіндегі тобығына дейін түскен желең қара киімі аяқ астынан желпіп соға қалған желмен желбір-желбір етіп, әлдеқайда қалықтап ұша жөнелетіндей әсер берді. Сөйткенше болған жоқ, зілдей ауыр крестің бір ұшы басына, бір ұшы иығына, тағы бір ұшы кеудесіне сарт-сұрт соғылып, жерге былш еткізіп жапсыра салды. Уық темір лақтырған найзаның сабындай теңселіп барып, күркенің шетіндегі шанжа ағашқа тіреліп, қисайып тұрып қалды.
Биіктен құлаған төрташа темірдің төменде қарайған адамға қалай барып тигенін алыстан көрген әкелі-балалы екеу төбе басынан тарыдай шашылып түсіп, осылай қарай тұра кеп жүгірді. Әкесі баласын қолы жеткен жерде түйгіштеп- түйгіштеп, құлдыраңдатып алдына салып алған.
«Иттің күшігі, енді кімге не бетімді айтам?» – деген дауысының жекігенінен жыламсырағаны басым. «Жаны қалса жақсы, жаны қалмаса құрыдық екеуміз де», – деп сүметіле сыңсыды. Мылтығын тасқа бір ұрып, ортасынан қақ бөлетіндей шамырқанды. Бірақ мына тауда өзіне одан басқа серік жоғын ойлап, амалсыз тартынды. Бала шөлдеп кетті ме, қып-қызыл бүлдіргенен уыстап алып, жүгірген беті аялдамай бір асап жеді. Таңдайына татып кетіп, жүгіріп келе жатып тағы еңкейгенде, әкесі жалпақ алақанымен май құйрықтан сарт еткізіп ұрды. Бала бір жығылып тұрып, тұра беріп бәрібір қып-қызыл бүлдіргеннен бір көсіп алып, қақала-шашала асап үлгерді. Бүлдіргеннің сөлі мен көзінің жасы араласып, бет-аузын қызылала, көкала қылып айғыздап тастаған. Танауын қорс-қорс тартқан сары баланың жылауы да тез, жұбануы да тез, тіпті өздерінің неге бола сонша алқын-жұлқын жүгіріп келе жатқандарын да естен шығарып алғандай. Өзінен бетер қызылтанаулаған әкесіне жалт қарап, жабайы шошқалар тамыр қазып жеген шұқырды нұсқап, арсалаң етті. Жайшылықта мұндай байқампаздығы жоғары бағаланып, екеуі де мәз-мәйрам болып, жетісіп қалатын. Бұл жолы ұрып жіберуге оқтала сілтенген мылтықтың дүмі тұмсығын бұза жаздап, дәл танауының астынан ағындай сермеліп өтті. Жалтара қашқан бала ор қояндай орғып барып, алдыға түсіп, аяғы аяғына жұқпай зымырады. Алқылдап алқына тыныстаған әкесі тауды басына көшіре айғайлап: «Ит!.. Шошқа!.. Өйт!.. Әйт!.. Сені ме!..» – деп бар ашуын төге, артынан ұмтылып-ұмтылып қойды.
Олар өкпелерін қолына алып жеткенде, төрташа темір бір жақта, қаңғыбас шал бір жақта жайрап жатқан болатын. Бірақ қаңғыбас шал бұлар жақындағанда тірі екенін білдіргісі келгендей, қаттырақ ыңқылдап ыңырсыды. Аппақ сақалы алқызыл қанға боялып, жарылған қабағының астынан қан әлі де дірдектеп ағып, соңғы тұяқ серпердің алдында жатқанға ұқсады. Әкелі-балалы екеуді көріп, онда да өткендегі күлімкөз төртбақ кісіні танығандай болып, бойына қайтадан қайрат жиған түрі бар. Күлімкөз төртбақ кісі әсіресе оның мойны әнтек қайырылып кеткенінен шошып, жалма-жан қасына тізерлей шөкеледі. Кетпендей жұдырығымен өз тізесін өзі бір ұрып қалып, өкіне бас шайқаса да шарасына нұр толған күлімкөзі түк өзгерген жоқ. Сол күлімкөзден сорғалап жас аққанын көріп, қаңғыбас шал таңырқағандай қабағын керді. Екеуі де бір- бірімен құшақтасып көріскілері келгендей сіңірлі қолдарымен білектерінен шап-шап беріп ұстап, дем сәтке ғана үздіге ұмсынысты. Алайда қаңғыбас шалдың бет-әлпетінің дір-дір еткені болмаса, кеудесін ептеп те болса көтеруге шамасы жетпей дымы құрыды. Күлімкөз төртпақ кісі оның мойны қайырылып жатқан соң, басын сүйеп көтеруге одан ары зақым келтіріп аламын ба деп қорықты. О жер, бұ жерін сипалаған қолы қайта-қайта қыр желкеге бара берді де, ақырында күдірейген омыртқаның басы кеткенін білді. Бала осы кездің бәрінде шалдың аяқ жағында жүрелеп отырып, екі жаққа кетіп көстиген аяқтарын біріктіргісі келіп, ақырын-ақырын қозғаумен болған. Дөңбектей аяқтар икемге көнбей, қайта-қайта бос салақтап, бастапқы орнына жылжып кете берді.
– Тамыр, қай жерің? – деді күлімкөз төртпақ кісі оның құлағына дауыстап. – Өзіңнің де емшілігің бар сияқты ғой, не істейін?
– Менің дәм-тұзым таусылар сәт алыс емес, – деді қаңғыбас шал қырылдап әрең сөйлеп. – Ештеңе істеудің қажеті жоқ.
– Ол қалай болды енді? –деп сасқалақтады күлімкөз төртбақ кісі баласына кінәлай қарап. Сөйтті де: – Жер сілкінді ме, қайтті? – деді әлденеден үміттенгендей жапақтап.
– Иә, алдымен мылтық атылды, содан соң жер сілкінді, – деді қаңғыбас шал сол қырылдаған қалпы.
– Не істедің сен, әй, зәлім? – деп ақырып жіберді күлімкөз төртбақ кісі.
– Балаға неге ұрсасың? – деді қаңғыбас шал дауысын барынша жайбарақат шығаруға тырысып. – Оның жазығы не?
– Осы ғой, менің істегенімді істеймін деп… Бірақ, өзім мойныма алам бәрін… Неғылса да қаракетсіз қалмайық енді… Атқа өңгеріп ауылға апарайын, тамыр…
– Жо-жоқ, әуре болма. Бәрібір жете алмаймын.
– Қаракетсіз қалай қарап отырамыз, тамыр?
– Сендердің еш жазықтарың жоқ. Баланы жазғыра берме.
– Не тілегің бар, тамыр?
– Қорықпаңдар… Сендерге бәле салып нем бар?.. Қаңғып кетсем де мінәжәтімді қалай ұмытайын?.. Осы кресті құшақтап өлермін дегем… Арманыма жеттім, әне!..
– Құдай-ай, енді қайттім?..
Күлімкөз төртпақ кісі жыларман болып, өзін өзі жеп жібере жаздап, тістерін қатты-қатты шықырлатып азаланды. Бала тұра қашуға оңтайланып, қопаң етіп, құйрығымен артаманырақ бір жылжып отырды. Ана дүниеге кетіп барып, әлденесін ұмытып қайта оралғандай, шалдың үлкен көкшіл көздері аспанға қарап алайып, алаң-ғұлаң етті. Соның өзінде соңғы сөзін айтпай кетпейтіндей, ышқына сөйледі тағы.
– Жаратқан иемнен тілегенім… тілеуге де қорыққаным… крестке таңылып өлу… қасиетіңнен айналайын… азабын тарттым, міне… азабы мен
рақаты бірдей… иә, жаратқан ием… мың шүкір… мың шүкір…
Қаңғыбас орыс шалы сөйтіп иен таудың ішінде тап-таза қазақша сөйлеп жатып, әкелі-балалы екі қазақтың қолында о дүниеге разылықпен аттанып жүре берді. Күлімкөз төртбақ кісі оның басында не істерін білмей, бір уаққа дейін кәңгіріп отырды, «дініне қандай адал» деп ойлап қойды арасында.

8.

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» депті біреу. Қаңғыбас шалдың кездейсоқ өлімі бүкіл ауданды аяғынан тік тұрғызды. Үш судың құйған жеріндегі биік мүйістің етегіне қарақұрым қаптап ел толып кетті. Күркеге кіргізіліп жатқызылған шалдың денесін тексеріп жатқан жерге ешкімді жолатпайды. Кепкісінің күнқағары қоқырайған полиция бастығы осқырып оқшау тұрған аудан әкіміне жүз барып, жүз келген шығар. Ары өткен, бері өткенде әйтеуір ағаш көлеңкесінде мөнді-мөнді болып отырған әкелі-балалы екеуге зілденіп бірдеңе деп кетеді. Басқа жұрт та мұнда қызық көруге келмегендіктерін аңғартып, сұстана кекірейіседі. Ауданның әкімшілігі мен мәслихатынан, оқу-білім басқармасынан, ауруханасы мен мәйітханасынан, сала-сала болып бөлінетін заң орындарынан, жергілікті газет пен телерадиодан, шекарашылар отрядынан, тіпті өрт сөндірушілер мекемесінен де басшылар мен өкілдер бар.
– Әу, ағайын, – деді күлімкөз төртбақ кісі. – Сонда бұл шалдың «сендердің еш жазықтарың жоқ» деп айтып кеткені ешқандай есепке жүрмей ме? «Мылтық атпадық» десек те кім көріпті бізді. Жер сілкінгені де рас. Кездейсоқтықтан болды емес пе бәрі? Тыңдаймысыңдар өзі, тыңдамаймысыңдар?
Еңсегей бойлы аудан әкімінен бастап, жиналғандар түгел оған ошарыла қарады. Жансыз әйнектей құр жылтыраған жанарлар «байғұсқа обал болды-ау» деп бір жібісеші. Өздеріне қарай жыпырлай бұрылған суық жүздерден бала да қорқып кетіп, онсыз да пұшайман болып отырған әкесінің бауырына тығыла түсті.
– Қорықпа, – деді әкесі құлағына сыбырлап. – Кетсем мен кетем.
Сен шешеңнің жанында қаласың. Ана малға ие болыңдар. Уағымен жаймасаңдар, мал арып кетеді. Ойға түскен соң қоң ала алмай қалады.
– А сен қанша күнге кетесің? – деді бала жыламсырап. – Енді мылтықты да алып кетсе, қасқыр мен қара өгізден қалай қорғанамыз?
– Мылтықты қалдырыңдар деп айтып көрем, – деді әкесі бәрін өзі кесіп-пішіп отырғандай. – Сонша малды қасқырдың талауына тастайтындай, бұлар айуан емес шығар.
Сөйтті де:
– Әй, бір ешкімге зияны жоқ жақсы шал еді, – деді тағы.
«Мылтықты алмайды» дегенге бала кәдімгідей жігерленіп қалды. Құйрығымен бір жылжып, әкесінен бөлектеніп отырды. Монтиған түріне қарасаң, ес кірген салмақты бала сияқты. Әкесі келгенше малды ит-құсқа алдырмай, аман бағатынына өзі аса сенімді. Өстіп әкелі-балалы екеуі өз үкімдерін өздері шығарып қойып, енді соның уайымына көшкен. Мына жайбарақаттық жынына тигендей, полиция бастығы қастарына
танауын көтере тәштеңдеп жетіп келді. Бала ананың екпіндеп келісіне қарап, әкемді ұрып жібереді екен деп тіксінді. Әкесінің тізесін құшақтай алып, кішкене көздері бағжаңдай қорғалақтады.
– Сен не, шалдың сөзін диктафонға жазып алып па едің? – деді полиция бастығы дігірлеп. – Әлде қағаз жаздырып, қол қойдырып алдың ба? Кім сенеді сенің бұл сөзіңе?
– Ойбай-ау, өз құлағыммен естідім емес пе? Ешкім қыстаған жоқ, өзі айтты. Қайта разы болып аттанды. Тілеп алғаным осы деді. Аса діншіл кісі ме деп қалдым. Сондай бірдеңелер айтып еді, онысын түсінгем жоқ.
– Ал, анау зырылдауықтың қалақшасындағы оқтың ізі ше? – деді полиция бастығы қадалған жерінен қан алардай төніп келіп. – Сол оқтардың ізі болмағанда, біз де сендерден ештеңе сұрамас едік.
– Ол осыдан он күн бұрын болған, – деді күлімкөз төртбақ кісі де оңайлықпен беріскісі келмей. – Бұл жолы жер сілкінді деп айтқам жоқ па жаңа?
Оның мына жалбарынышты сөзі полиция бастығына бар бәлені жер сілкінісіне аудара салуға болады ғой деп, ақыл айтқандай естілді. Ашу қысып, табақтай беті мен торсықтай шекесі одан сайын ісініп бара жатты. Өзі кінәлі адамның полиция бастығына «олай істе», «былай істе» деп ақыл айтқанын біреу естімесін деңіз. Ең аяғы енді айдаладағы қойшының басынғаны қалыпты.
– Әй, жер қалай сілкінгенін біз де көрдік қой, – деген полиция бастығы өз көзін өзі шұқып ала жаздады. – Кішкене қыбырлады да қойды ғой.
– Сонда ана тастарды мен құлатыппын ба? – деп күлімкөз төртбақ кісі онымен анық бетпе бет келді енді. – Тауда топалаң болып сілкінген жер, ауданда қыбырлап қана қойса, ол да Құдайдың құдіреті шығар.
Ол төрташа темірді діңіне сүйкеніп құлатқан жабайы қара өгіз туралы айтқысы келмеді, айтса өзін жынды екен деп қалуы мүмкін екенін сезді. Осы тұста мұның көзіне көзі түсе кеткен полиция бастығы да айтайын деп тұрған сөзінен жаңылып, жемтігін жұта алмай қылғынған қарсақтай «ық-ықтады» да қалды. «Жынды ма, сау ма?» дегендей тесіліп әлі қарап тұр, әлі қарап тұр. Өзі абыржып отырса да көздері күлімдеген қалпынан бір жазбаған мына кісінің алаңғасар қылығын ақылға сыйдыра алмаған тәрізді. Әлде бұған не болып, не қойса да бәрібір ме екен? Өмірде ондай адамдар да болады, күйдіргенде солар күйдіреді. Бүлдірерін бүлдіріп алады да, не істесең де өзің біл дегендей қарап отырады.
– Әй, неңе жетісіп күлесің?
– Күлгем жоқ, күлгені несі?
– Ана көзің не?
– Құдай солай жаратқан көзді шұқып алып тастамайтын шығармын.
– Тіліңді суырып алар ма еді, бәлем.
Ызғарлана сөйлеп, нығарлана басып кетіп бара жатып та айналып көзіне қарай берді. Аудан әкімінің ары-бері жүргіштеп, тықырши бастағанына бола асықты. Әкімнің бір шешімге келгенін сезіп, жұрт та жапырлап жолға жиналуға ыңғайланды. Бұл бір мәңгі шешілмейтін іс емес, ау-жайдың бәрі белгілі болып тұр. Әкімнің сұсы қайтып, балбырай жұмсарған түрінен осы нышан байқалған.
– Шалды дұрыстап жерлеңдер, – деді әкім өзінің оңай шешім қабылдамағанын көрсеткісі келгендей нығызданып. – Шіркеуден біреулерді шақырғандарың дұрыс шығар. Көшеден бір-екі орысты әкеле салыңдар.
– Ол жағын өзім реттеймін, – деді полиция бастығы жұмысы жеңілдегенге қуанғандай жадырап. – Артынан шағындап ас бергізермін.
– Мал-жаннан ажыратпай-ақ қой, – деді әкім үдірейген әкелі-балалы екеуін немкеттілеу меңзеп. – Мылтықтарын да өздеріне қалдыр. Басқа басқа, сен екеуміз бұл тауда ит-құстың қандайлық екенін жақсы білеміз ғой.
– Мылтықтары тіркелмеген екен, – деді полиция бастығы да шаруабастылықпен жаны ашығансып. – Тез тіркетіп қолдарына қайтарғызармын. Қасқырға алдырмай жүрген жалғыз мылтықтары көрінеді. Тағы бар болса, тағы анықтап сұрармын.
– Ол аса қиын мәселе емес, – деді сонда әкім еңсегей бойымен еңсеріле бұрылып. – Ана кресті қайтесіңдер сендер, ал? Мәселе деген сол, міне! Көріп-біліп отырған ел бар, байқаңдар.
– Енді мен саясат жағына жоқпын, – деп, манадан бері сайрап тұрған полиция бастығы осы арада өзінше кекірейді. – Ол жағын идеологтарыңыз шешсін. Қолдан жасалған, бірақ шебер істелген. Құр тастап кететін нәрсе емес.
– Мен де соны айтам ғой, – деп, әкім де оның ыңғайына жығыла, жорта ақылдасқансыды. – Бәрін аяғына дейін өзің атқарып, шіркеуге апарып тапсырсаң қайтеді. Артық әңгімені неғыламыз?
– Бір ауыз сөзіңіз, – деп, полиция бастығы жауапкершілікті бәрібір әкімнің мойнында қалдырды.
– Иә, ел аман, жұрт тыныш болсын, – деді әкім басқа амал жоғын аңғарта аса қатты шаршаған сыңаймен күрсініп салып.
Басы қатты басталған іс сөйтіп тату-тәтті аяқталды. «Кресті шалды жерлеген кезде басына қадап қойыңдар» деуге әкім тағы бірнәрсені бүлдіріп аламын ба деп қорықты. «Бұл оқиғаның тезірек ұмыт болғаны жақсы» деп ойлады. Биылдыққа бүкіл көрсеткіш жақсы болып келе жатқанда, жоқ жерден сүрінгісі келген жоқ. Әйтпесе әкелі-балалы екеудің тағдыры оны аса алаңдата қоймап еді. Оны соншама ақымақ емес полиция бастығы да айтқызбай сезген. Кресті не істеу керек екені жөніндегі шешімнің жауапкершілігін әкімнің өзіне қалдырып қойғаны да содан болатын. Күлімкөз төртбақ кісі кеудесіне жаңа жан біткендей тоңқалаңдап, анаған бір жүгірді, мынаған бір жүгірді. «Шалдың өзі кінәларың жоқ деген… шалдың өзі кінәларың жоқ деген… шалдың өзі кінәларың жоқ деген…», – деп аңқалаңдайды.
– Анауың жылап жүр ме, күліп жүр ме? – деді әкім көлігіне қарай қозғала беріп. – Көздеріне қарашы…
– Жылап жүр, – дей салды полиция бастығы. – Құдай солай жаратқан көздерін шұқып тастау қолдан келмес…
– «Өзің де бір сорлы едің, ит қапқан соң не сорым» деген осы, – деді әкім қоштасып жатып. – Айтпақшы бұл жақта жер кәдімгідей қимылдаған сияқты ғой… Сейсмологтар да қателеседі екен-ау, ә?..
Бұл сөзді құлағы шалып қалған күлімкөз төртбақ кісі: «Сейсмологтарыңыз не біледі, бәрі бір Алланың қолындағы іс емес пе?» – деді ішінен, өзіне өзі келіп болып. Осы сәтте ол өзін ана марқұм қаңғыбас шалдай байыпты, діншіл адам сияқты елестетті. Аналардың бәрі діннен еш хабары жоқ құрт-құмырсқа тәрізді көрініп кетті. «Бар, бір құдірет қайтсе де бар», – деп ойлады тағы. Бәрін ұмытып, үйіне тезірек барып, төр алдында «менің білгенімді сендер қайдан білесіңдер?» дегендей қоқырайып отыруға асықты.

9.

Көкжасыл төбеге кішкене сары бала сарышұнақ құсап қылтиып шыға келді. Әлдеқайда қылқиып ұзағырақ қарап тұрды да жалт бұрылып кері салды. Ол ұшып үйге кіргенде шырайлы, төртбақ, күлімкөз кісі орнынан тұрып кететіндей қорбаң етіп, көтеріліп отырған. «Айтқан нәрсеңді көріп келдім» дегендей, қос жанары шоқтай жанған баладан болмай қоймайтын тағы бір жаңалық күткендей түрі бар.
Күлімкөз төртбақ кісі құлақтары едірейе созылып кеткендей көрініп, қысқа мойнын да кеудесімен қоса созып, бар денесімен жардай боп ілгері ұмсынды. Осы кезде жаңалығын жеткізер сәтті тағатсыздана күтіп тұрған бала сары үрпек балапан басын изеп кеп жіберді. Отағасының күлімдеген көздерінен бір ұшқын жылт етіп, аспаннан жұлдыз ағып түскендей құйрықтанып барып жоқ болды. Бірақ жанарынан келіншегі мен баласын алыстан аймалаған қоламтадай жып-жылы күлкі табы кеткен жоқ. Шуақтанған жүзінде
«сендерді аман-есен күнде көріп, осы отырған отырысыма да риза болмаймын ба?» дегендей үй ішін мейірлене іш тартқан белгі бар.
– Бұл жақтың еркегі қырылып қалған ба, түге?
Күйеуі басылса, қатыны құтыратын жаман әдет аяқ астынан шырық бұзды. Тып-тыныш тұрған қазан-ошақтың басы жау тигендей төтенше кәңгірлеп кетті. Мұдайда әйел атаулының осыған дейінгі үндемей жүрген күндерінің ақысын жиып-теріп бір-ақ алатыны айтпаса да түсінікті. Итке жасқаншақтығыңды, қатынға қорғаншақтығыңды әсте білдірмеу керек. Күлімкөз төртбақ кісі қоқырайғанда өстіп қоқыраятын.
– Жә, болды, – дегеннен аспады бұл жолы. Дауысы да жұмсақ шықты. Тіпті ақылдасқан сыңай көрсетіп отыр. – Шынымен бала-шағасы ма екен, ә?
– Ол жерді ала алмайсың енді, – деді келіншегі қазанның қақпағын ақырын жапса бірдеңе болатындай, қатты тарс еткізіп жауып. – Ана алам деп таласып жүрген бизнесменге де бұйырмайды. Өздерінің жері ғып, белгі салып қояды мыналар, бітті сосын.
– Қайдан білейік, – деді күлімкөз төртбақ кісі әдейі немкеттілеу дауыспен. – Дала да, тау да кең ғой, сиярмыз бір шетіне.
– Жаның сыйса малың сыймай, малың сыйса жаның сыймай жүр сөйтіп. Кеше осылар келгеннен-ақ барып біл деп, Құдайдың зарын қылдым. Сезген, бір бәлені ішім сезген.
Үсті-басы ұқыпты-ақ құба келіншек дем сәтте әптер-тәптері шығып, өз-өзінен қыстыға сықсыңдап жылап жіберді. Үлкендердің ұнамсыз әңгімесінен қашып, бала далаға безді. Артынан шаңқ-шұңқ еткен жағымсыз дауыстар шығып жатты. Көңілдері кірсіз, қылаусыз әке-шешесінің алысқа бармайтынын ол жақсы білетін.
Тау бөктерлеген кілең қасқабас сиырларын, сай табанындағы көкмайсаға желімдей жабысқан ақтылы қойларын алыстан шола қарап түгендеді. Көк шоқының арғы айналмасында жайылып жүруге тиісті жылқылардың да бар-жоғын қараторғайлардың қаптай ұшып-қонып жатқанынан білді. Қайтып үйге келіп кіргенде, әкесінің буынып-түйініп жолға дайын тұрғанын көріп, іші қылп етті.
– Сен өзі ол мүйісті барып көрген де жоқсың ғой осы уақытқа дейін, – деді әкесі баланың шешесіне сырт қараған қалпы. – Сірә, оның қай жерде екенін де білмейсің-ау. Жоқтап тұрғаның ол емес, анау маңдай термен жиған мал да емес. Былтырғы әпкеңнің баласының үйлену тойына бара алмағаныңа қамығып жылайсың. Көктемдегі аға-жеңгеңнің күміс тойына қатыса алмай қалғаныңа қынжылып жылайсың. Әнеу күнгі кенже ініңнің оқуға түсіп келгенін тойлағанда, ішінде бола алмағаныңа ренжіп жылайсың жыласаң. Ештеңе жоқ, бәріне бір-бір мал атадық қой.
Иә ұрысқаны, иә жұбатқаны белгісіз, сөйтіп айтты да дөңкиген жонын бір-ақ көрсетті. Оның қайда, неге кеткенін келіншек те, бала да сезді. Отағасы ат үстінде иығына ілген мылтығының ұшы шошаңдап, үйден тез алыстап кетіп бара жатты. Ашық есіктен қарағанда астында тепеңдеген аты, иығында шошайған мылтығы бар соқталдай еркектің үйден ұзап бара жатқаны қайталанбастай әсерлі сурет еді. Ал оның анадайдан төбесі қылт етіп көрініп, атымен қоса бірте-бірте тұлғаланып, үйге жақындаған сайын жүрістері де тездей түсіп қайта оралатын кездері бәрінен де ыстық көрініс болатын.
Бірақ осы жолы сары балаға әкесі әлденеге айналып қалып, көп уақытқа дейін қайтып оралмайтындай көрініп кеткен. Соны ойлап қатты қиналғаннан ба, өзі қалып қойса да, жаны кішкене кеудесінен ытқып шығып, әкесінің артынан ілесе кеткендей сезілген. Кеудесінен ытқып шыққан жаны әкесін басына күн туған қиын кездерде қауіп-қатерден қорғаштауға бара жатқанға ұқсаған.
– Қап, әкең ашумен бірдеңеге арандап қалар ма екен? – деді шешесі өзін кінәлі санағандай сипаланып. – Араласпайтын жерге араласып нем бар еді, Құдай.
– Әкем жаман ештеңе істемейді, – деді бала ересек адам құсап салмақтанып. – Өткенде мен ғой арандатқан. Былай шыққан соң ашуы басылады да қайтып келеді.
– Қайтып келмесе ше? – деді шешесі қолын етегіне сүрткен күйі аңтарылып. – Артынан барамысың әлде?
– Барғанда не істеймін? – деп қырсықты бала, сен бүлдірмегенде әкем үйде тып-тыныш отырар еді дегендей.
– Жайбарақат қана әңгіме айтып отырды ғой, – деді шешесі. – Мүмкін басқа жаққа кеткен шығар?
– Қайда барады, аңға ма?
– Итім біліп пе?
Әңгімелері сонымен таусылды да, екеуі де бірсәрісі болар дегендей еренсіздікке салынды. Көмпіс адамдар бәріне көмпіс, шаруабастылық ештеңеге мойын бұрғызбайды. Тап қазір істеп тастамасаң болмайтын жұмыстар біріне бірі шырмауықша сабақтасып жатыр.
– Мен қойға кеттім, – деді бала.
– Сеператорды шұқылап көрсең болатын еді, –деді шешесі.
– Жаңа көргем, істеп тұр ғой.
– Ә, қайта істеп кеткен ғой онда.
Кенет, отағасы кеткен мүйіс жақтан дүңк етіп мылтық атылды.
Сәл тұрып, жаңағыдан да қаттырақ тағы атылды. Бұлар демдерін ішіне тартып тың тыңдағаннан кейін бе, үшіншісінде одан да қатты естілді. Кеше кешкілік үш судың құйғанындағы мүйістің түбінде тау-тасқа жүруге ыңғайлы асты көтеріңкі көліктерін қаңтарып қойып, от жағып отырған жирен шаштылар үш адам болатын. Ал таңертең сары бала тағы барып көргенде қаңғыбас шалдың күркесінің қасына шошайтып тіккен көгілдір палаткаларында тұяқ серппей ұйқтап жатыпты. Сол есіне келген сары бала қорқып, үлкен кісі құсап: «Қап, әкеңнің!..» деп, санын бір-ақ соқты.

10.

Мүйіс сол мүйіс, күрке сол күрке, үшеуара шошайған бір мылтық. Қырық қадамдай жердегі тасқа тіккен бос бөтелке әйнегі күнге шағылыса жылтырап бүтін тұр. Үшеуі кезек-кезек атып тигізе алмаған соң, кезек қайта айналғалы жатқан. Төменгі жақтан солаң етіп, салт атты біреу шыға келген соң тосылды. Бұлар мылтықтың дүмін жерге түсіріп тұр еді, анау иығынан сыпырып қолына алды. Өзі қолмерген пәле ме, басын бір қылтың еткізді де көздемей-ақ басып салды. Бөтелке күлпаршасы шығып ұшқанда, тас үстінде шырқ айналып түбі ғана қалды. Жақ жүндері ұйпалақтанған, жирен шаштары да ұйпа-тұйпа үшеу шұрқ ете алған жоқ. Қастарына шоқытып жеткен күлімкөз төртбақ кісіге қолдарын созып, жапырлай амандасты.
– Неғып жүрген жансыңдар? – деді күлімкөз төртбақ кісі.
– Әкемізге келдік… Әкемізге келдік… – десті аналар тілдерін бұрай қазақшалап, білген екі ауыз сөздерінен жаңылмай.
– Ә, солай ма? – деді күлімкөз төртбақ кісі. – Мен оны үрім-бұтақсыз біреу ме десем.
– Жоқ-жоқ… Біз әкемізге келдік… – деп қоймады аналар.
– Ал анау не?
Күлімкөз төртбақ кісі күлімдеп тұрып-ақ, әлдене қарауытқан биік мүйістің ұшар басын нұсқаған. Мүйістің ұшар басындағы нәрсе төменнен қарағанда тіптен биіктеп, асқақтай түскен. Бұрынғысы жел соқса қалбалақтаған әншейін бірдеңе еді. Мынаусы әу бастан осы мүйіспен бірге жаралғандай мығым тұр. Күркенің қасында астыға төселген жоғары маркалы цементтің сарғыш қағаз қабы жатыр. Күрек, қайла, тағы да басқа саймандар күркенің жақтауына қаз-қатар тізіле қалған. Үшеудің бірі қолдарындағы мылтықты да солардың қатарына апарып қойды. Түнде тоңғаннан ішкен болар, көздері қанталап, қызара ісініп кетіпті.
– Белгі… Крест… Әкеге ескерткіш… – деді үшеуі жарыса.
– Бұл менің жерім ғой, – деді күлімкөз төртбақ кісі.
– Бола берсін… Әке осында өлді… Біз, балалары, белгі қойдық, – деді аналар шымп етпестен.
– Е-е-е, онда бопты, – деді күлімкөз төртбақ кісі. – Сендер онда қайтарларыңда үйге түсіп, бір қойдың басын жеп кетіңдер.
– А?.. Не ол?.. Ол не?.. – деді аналар соңғы сөзді түсінбей қалып.
– Қой соям… Пық… Қой соям… – деді күлімкөз төртбақ кісі.
– А?.. О!.. Жарайды… Жарайды… – десті аналар мәз-мәйрам болып.
Олар күлімкөз төртбақ кісінің көзі күлімдеп тұрса да, іші қалай ойқан-тойқан болып кеткенін сезген жоқ. Сары бала бұл болған жайдың бәрін әкесі үйге екі иіні түсіп, сүметіліп келгенде барып бір-ақ естіп білді. Бірақ өткенде бүкіл өміріне жететіндей ащы сабақ алғандықтан, ешқандай оғаш қылық танытпай, әкесіне ілесе келген қонақтардың алдында басын алдына салып, жым-жырт қана монтиып отырды. Меймандардың жасы үлкендеу бірі еркелетпек болып, қайта-қайта түртпектеп қоймаған соң аш күзен сияқты ішін тарта қабысып, шақ ете қалды бір уақытта. Сол-сол-ақ екен, аядай үйдің ішінде елдің бәрін күлкіге қарық қылған бір тамаша қызық думан басталды да кетті.
Бала әуелі сары үрпек басын қылтыңдатып, жіңішке мойнын қисайта созып, қайта жинап ала қойып, күркетауық болып құрқылдаған. Содан соң екі қолын алдына шынтағынан бүге ұстап, жан-жағына жалт-жұлт қарап алып, ін аузындағы суыр құсап шаңқылдаған. Тоқылдақтың ағаш діңін тескен дыбысын таңдайын тақылдатып тұрып, дәлме-дәл айнытпай келтіріп салған бір тұста. Енді бір кезде «көкек» дегенде шық, «бүркіт» дегенде бұқ» деп, неше түрлі ойын көрсетіп, меймандардың өздерін жынды қылған.
Баланың жрыла-жарыла мүйізгектеніп, жезтұяққа айнала бастаған күс табандарына да қарамау мүмкін емес еді. Аң аулағанға нағыз керек аяқ, сыз да өтпейтін шығар, сірә. Бала екі аяғын бірдей көтеріп, мойнына еш қиналыссыз емін-еркін аса салады. Сол күйі екі қолымен жер тіреп тұрып, жеп-жеңіл жортақтай жөнеледі. Онысы бұл жақта өмірі болмаған кенгуруға ма, бірдеңеге ұқсап кетеді. Қабырғалары көк шыбықтай майысып, белі доғаша иіледі.
Күлімкөз төртбақ кісі көңілінде еш қаяу жоқтай, осының бәрін мақтан көріп, төрде төбедей болып рахаттана күліп қарап отырған еді. Сары бала бір кезде ұядағы бүркіттің балапаны құсап тынымсыз шақылдағанда, қушиған кішкене иықтарына қанат бітіп ұша жөнелетіндей дірілдеп кетті. Баланың бүркіттің шақылдаған балапанын ынты-шынтысымен беріліп бейнелегені әрі оның әсерлі шыққаны сонша, меймандар бұл жолы күлер-күлместерін білмей, өз-өздерінен біртүрлі болып дағдарып қалды.
«Жә, жетер», – деп тыйып тастады күлімкөз төртбақ кісі, «оның не, ойнай берсін де», – деді келіншегі, «жоқ, көз тиеді», – деді күлімкөз төртбақ кісі. Бірақ сары бала сонда да қоймады, енді тірі аң-құсты былай қойып, көзін шоқтай жайнатып жарқыраған жұлдызды, аузы-басын қияқтандыра жымиып албыраған айды, бет-жүзін шар табақтай дөңгелентіп күлімдеген күнді салғанда, тіпті ұқсатып жіберді. Қонақтар оған рахаттанып күлгендей болғанмен, алғашқыдағыдай тым еркінсімей, бойы-бастарын жинаңқырап отырды сонда.
Ертесіне олар балаға мейірленіп, іштартып, күліп қарады. Бала да оларды кешегідей аса бөтенсіген жоқ. Көлік қашан қозғалып кеткенше тәтті жымиып қарап тұрды. Кенет қонақтардың көз-құлағы едірейген жастау бірі терезеден басын шығарып:
– Әй, бала, маймыл бола аласың ба, маймыл болшы, – деді қарқылдап күліп.
Сары баланың түрі оқыс өзгеріп сала берді де, жерден жұдырықтай бір тасты лып еткізіп жылдам көтеріп алды. Күлімкөз төртбақ кісі «әй» дегенше болмай, құлаштап тұрып жіберіп кеп қалды. Ақырын қозғалып, енді ғана екпін ала берген мәшиненің артқы терезесі күлпарша болып төгіліп түсті. Асты көтеріңкі көк мәшине шаңға қақалғандай аялдаңқырап барып, қайтадан зымырай жөнелді. Күлімкөз төртбақ кісі:
– Өй, антұрған!.. Өй, әй, не істедің сен?!. Әй!.. Әй, тамыр, тоқта!.. – деп апалақтап, атына міне шауып, босқа далақтады.
Мәшинедегілер сынған терезеден мойындарын кезек бұрып қарағаны болмаса, асты көтеріңкі көліктері оқыра тигендей тоңқалаңдап, қайтып қайырылмай кете барды. Күлімкөз төртбақ кісі анадайдан орағыта шауып келіп, қайда қашарын білмей құр тыпырлап қалған сары баланы қамшымен жон арқадан қайқайта салып-салып өтті. Қамшының ұшы баласын қорғаштап, араға түсе ұмтылған құбақоңыр келіншектің иығына да сыпылдай тиіп-тиіп кетті. Баж-бұж еткен дауысқа жыландай ысқырынған қамшының сартылдап тиген дыбысы қосылып, жаңа ғана тыныш жатқан үйдің айналасы дем сәтте ойран-топырға айналды. Басынан да қамшы тиіп, бет-аузын қан жуып, іргеге ыңырси құлап түскен сары бала ін болса інге кіріп кетердей иретілді. Құбақоңыр келіншек онда құлап, атынан сыпырылып түскен отағасы мұнда құлап, үшеуі үш жерде шашылып жатты бірдемде. Уақыт өте келе бұл оқиғаның бәрі ұмытылды әрине, тән жарасы да, жан жарасы да жазылды, бірақ биік мүйістің басындағы төрташа темір сол күйі қозғалмай орнында қалды.

11.

Сол жылы қыс ерте түсті және қатты суық болды. Малшылар қыстауларына әрең көшіп үлгерді. Бірлі-жарым адасқан мал тауда қалып қойды. Қалың қар басқан бел-белестер асу бермейді. Ит-құс көп, көктемге жетпесі белгілі. Сондықтан шекарашылардың вертолетпен барып, мал атып алып жүргеніне ешкім наразылық білдірмеді. Шекарашылар атқанын атып, атпағанын төбелерінен тор тастап ұстап алатын көрінеді.
Бір күні олардың итаяқ вертолеті күлімкөз төртбақ кісінің қыстауына келіп қона қалды. Қысқы каникулға шыққан сары баланың интернатты тастай қашқандай болып келіп отырғаны да осы. Іздесең таппайтын қызық іші пысар-пыспастан мінеки, өзі іздеп тапты оны. Бұлар аз ұйқтай ма, әлде кешке дейін түзде жүре ме, әйтеуір қабақтары кірбиіңкі. Неғылса да өмірі көтерілмейтін көңілдерін көтеруге келгендері байқалып тұр. Сонда сары баланың құлағы шалған әңгіме мынау еді.
– Өткенде таудан бір дәу сиыр көрдік, – деді іштеріндегі бойы да, сойы да келіскен кіреуке қабақ офицер. – Ат құсап шаба ма, бір пәле.
– Сиыр емес ол, өгіз, – деді әкесі анау намысына тиіп кеткендей тыз етіп. – Жабайы өгіз!
– Өзі жабайы болса, онда ол қалай өгіз болады? – деді кіреуке қабақ офицер мырс-мырс күліп.
– Жоқ, өгіз, – деді әкесі де қайтпай. – Қаш- қашта көштен қалып кеткен өгіз.
– Қаш-қашыңыз қай заман, сіз де айтады екенсіз, – деп қабағы одан сайын қарауыта ренжіді анау.
– Оның несі таң? – деп көпе-көрнеу сырт салды әкесі. – Қара өгіз бұл тауды жүз жылдан бері мекендейді. Бұдан кейін де жүз жыл өмір сүреді. Сіз бен біз оны көрмейміз.
Кіреуке қабақ офицер күлімкөз төртбақ кісіні әлденеге қырсығып отырғанға жорыды. Бірақ күлімдеп тұрған домалақ қой көздері үмітін үздірген жоқ. Үйге кіріп те үгіттеді, сыртқа шығып та үгіттеді. Күлімкөз төртбақ кісі де темір емес, ақыры сынды. Себебі, солдат деген өкімет адамы, оған қарсыласа бергеннен пайда шамалы. Әрі күнде келе бермейтін қонақ екенін де ескеріп, дереу қазан көтертті. Офицердің разы болғаны сол болар, бетінде теңіздегі айсберг құсап қаймақ жүзген шәйді рақаттанып ішті, етті де сүйсініп сиырша күйсеп жеді. Содан соң әкесі мен баласын екеуін де алып, итаяқ вертолеттеріне мінді. Қарулары сақұр-сұқыр етіп, бәрі бір-біріне қарама-қарсы қарап, ата қаз бастаған балапандардай екі қатарға тізіле жайғасты.
– Тауды көріп қайтайық, – деп сыбырлады әкесі баласына. – Қара өгіз бұларға тапқызбайды да, атқызбайды да.
Итаяқ вертолет аспанға құйын үйіргендей қарды бұрқыратып тік көтерілді. Даланы, өзенді, тауды, орманды, бәрін көрді сары бала. Вертолет
қойнаудағы үйлерінің үстінен бір айналып шығып, төбесінде төрташа темір тұрған биік мүйіске де тақалып ұшып өтті. Бір жерден қасқырлар қашты, бір жерден тауешкілер қашты. Солдаттар командирдің сұсынан жасқана жалтақтап, әрең шыдап отыр. Бірақ мәңгі мұздықтардың көшірмесіндей сірескен сұп-суық жүз бен кіреуке қабақтағы шыққан тегі белгісіз мұң мен шердің ізі жуық арада тарқайтын емес.
Олар осылай биік таулар мен құздардың беткейлеріне жабыса бір сағаттай ұшты. Іздегендерін таппай, кері қайтуға оқталды. Әкесі олармен іштей текетіресіп, жеңіске жеткендей масаттана түсті. Кіреуке қабақ офицер оған ренжімегенін білдіріп, күректей алақанымен дөңкиген арқасынан қағып-қағып қойды. Итаяқ вертолеттің төтенше гүрілдеген дауысы еш әңгіме естіртпейді. Сонда да олар ыммен түсінісіп, бір- біріне тағы келерміз дегендей белгі берісті.
Кенет итаяқ вертолет бір орнында иірімге түскен жаңқадай шырқ айналды да, екі ұшқыштың бірі оң қолын жоғары көтеріп, сұқ саусағымен төменгі жақты нұсқады. Күлімкөз төртбақ кісі «оһ» деді ме, «аһ» деді ме, әйтеуір алақандарын тарбайта жайып, өкінген түрмен бетін жапты. Солдаттар бұл жолы оған да, кіреуке қабақ офицерге де қараған жоқ, біреулері есікке, енді біреулері оймақтай-оймақтай терезелерге епелектей ұмтылысты. Олардың қолтықтарының арасынан келесі сәтте алға ентелеген сары баланың да басы қылтиа қалды. Оған төмендегі аппақ қар басқан теріскей беткейде түндігі желпілдеп, бір үлкен қара үй көшіп бара жатқандай көрінді. Сөйткенше болған жоқ, ұңғылары сорайған оймалы мылтықтар қос-қосынан от құсып, тарсылдап ала жөнелді. Итаяқ вертолеттің іші түтіндеп, кішігірім соғыс болғандай жер-дүние бірдемде қабаттаса тарсылдаған дыбыстарға толды да кетті. Іле жаңа ғана солдаттар оқ жаудырған беткейден өрлеңкіреп барып, жазықтау бір жерге зірк етіп қонды. Солдаттар жерге жапырлай секірді, солдаттармен бірге сары бала да, әкесі де секірді. Қара өгіздің өзі жоқ, бірақ пілдің ізіндей жалпақ іздері жатыр. Кіреуке қабақ офицер де, солдаттар да, сары бала да аң-таң. Тек оның әкесі ғана әлденені уайымдағандай, сонау төмендегі терең шатқал жаққа жалтақтап қарағыштай берді.

12.

Ертесіне күлімкөз төрбақ кісі қатын-баласымен ауылдағы бір жамағайындарының үйіне соғымбасыға барды. Соғымбасыға ауданнан Жәмшид те шақырылыпты. Шалаңдау біткен жақ жүні сұлуша жүзіне бек жарасып, төрде көп ешкімді менсінбей ыздиып отыр. Басқалары арқа- жарқа, әсіресе күлімкөз төртбақ кісі қынынан суырған қылыштай жарқ-жұрқ етеді. Ешкімге сөз бермей лепіріп сөйлейді, дауысы бәрінің дауысынан асып түсіп, жарқын-жарқын шығады. Басында өзіне тіке қойылған сұраққа ғана жауап қайтарып, сөзге араласпай сызданған Жәмшид біраздан соң мүлде елеусіз қалды. Тек құбақоңыр келіншек қана сорпа құйысып жүріп, оның осы отырғандардың бәрінен сыйлы кісі екенін еске салғысы келгендей: «Оқымыш қайнымның кесесі», – деп, кәрлен кесені арнайы атап ұсынды. Сонда барып жұрт оған бір секөнттей ғана құрметпен назар аударғанға ұқсап, көштен қалатындай асығыс: «Ә, иә, алыңыз», – дер-деместен, жан- жақтан қызғындасқан аламан әңгімеге қайта кірісті. Сары бала: «Осы ағай әкеме зіркілдеп ақыл айтқанда ғана мықты ма?» – деп ойлап, кішкенеден кейін Жәмшидтің бар-жоғын ол да ұмытып кетті. Ұмытатындай себеп жоқ емес, өйткені меймандар бұл кезде бірін бірі ұйып тыңдай қалып, қайтадан дабырласа кетіп, бәрі әлгі жабайы қара өгіз туралы әңгімеге біратола көшкен.
– Оһ, шіркін, тұқым алатындай-ақ мал екен, қап! – деп өкінді сол қолын тізесінің үстіне бос тастап, оң қолының сыртымен екі ұшы едірейе шаншылған ұзын қара мұртын сәндене сипаған ат жақты, апайтөс жігіт ағасы. – Аталарымыз атқа мінгенде, тізесі жерге тие жаздайды екен баяғыда.
– Айт, айт, білсін мына ел, – деп жайтаң қақты күлімкөз төртбақ кісі, әңгіме өз атасы туралы болып жатқандай едіреңдеп. – Таза ауа, тұнық су, ішкені қымыз, жегені қазы-қарта деп айт.
– Әй, айдаладағы бар-жоғы белгісіз өгізге сендерің ата-бабаларыңың қатысы қанша? – деді құтан мойын, құмай көз кәртамыс көршісі қасындағы шынашақтай шалдың намысын жырта қалып. – Ата-бабаларымыз атандай болса, біз қайдан кептік сонда? Инопланетан боп, аспаннан түсіптік пе?
– Е, ел іші болған соң болады ғой, – деді апайтөс жігіт ағасы оған еш саспастан. – Сол қара өгізді тұқым алатын мал екенін білмей, піштіріп тастаған қай зәнталақ екен, а?
– Ол былай, – деді жаңағы шынашақтай шал көздері ғана жылтырап отырып. – Сол атандай- атандай аталарымыз көп жас жасамаған. Ал, маған өмірі шыр біткен жоқ, мисалы. Бірақ, мінекей, Алла қаласа, биыл тоқсанның жетеуіне келем.
– О, ат шаптырып, той жасаймыз онда, – деп одан сайын кеу-кеулей жанықты күлімкөз төртбақ кісі, өз әкесі тоқсанның жетеуіне келгелі жатқандай. – Сойыс мал меннен. Көкпарын да көтеріп аламыз, керек болса.
– Тоқсан емес, жүз емес, тоқсан жетіні де тойлаушы ма еді, – деп киліге кетті осы арада кесек тұлғалы кеспелтек кісі. – Жаңағы қара өгіздерің қайда қалды? Қара өгіз туралы айта ма десем. Бар болса, көретін едік қой біз де.
– Қара өгіз немене, барып көрмесең, сенің алдыңа «мені көр» деп өзі келе ме? – деп қаршығадай қағып түсті оны күлімкөз төртбақ кісі. – Сарытаудың киесі ол. Сарытаудың киесі аң да емес, құс та емес, қара өгіз. Осыны мен саған басымды кепіл ғып қойып айтамын, ал.
– Ол былай, – деді осы сәтте шынашақтай шал әлгінде бір қойылып қалған сұрақтың жауабы жаңа табылғандай ақшаң етіп. – Қазанкөлге соғыс жылдары есекпен ғана көшетін. Оның жолымен есек пен қой ғана жүре алатын. Кейін коммунизмге жетеміз деген кезде, отар-отар қойды вертолетпен көшірді. Қазір адам аяғы баспайды.
– Мына шал қойын түгендеп кетті тағы, – деді кеспелтек кісі кекете күліп. – Құдай, мың рет естідік қой оны.
– Осы сенің әкең алпыстан аспай-ақ аяғы көктен келді емес пе, – деді күлімкөз төртбақ кісі.
– Бұл шалға күлетін еш жөнің жоқ ендеше. Ауызға қақпақ болмай, жайыңа отыр.
– Тоқсан жеті деген оңай жас па? – деді құтан мойын, құмай көз кәртамыс көршісі шынашақтай шалға жел бере екпіндеп. – Қарашы, ештеңені
ұмытпай, бәрін есіне сақтаған. Жиырма жас кіші менің есімде жоқ дүнияларды есіме салады кейде.
– Ол былай, – деді шынашақтай шал керексіз нәрселер миына салмақ салатындай, өзіне арналған жақсы сөзді де, жаман сөзді де құлағынан асырып жіберіп. – Кейінгі жылдарға дейін сол Қазанкөл жақты жабайы сиырлар мекендепті. Аюмен алысып, қасқырмен қағысып жүрген соң, шапқанда аттан жүйрік болмағанда қайтеді. Солардың тұқымы жойылып бітіп, қолға түскен бұзауын малшылар білмей піштіріп тастапты.
– Ал-да, атаңанәлет-ай,– деп күлімкөзтөртбақ кісі ана нақұрыс малшыға ашуланды ма, әлде өзі айтып жүрген ертегінің ертегі болмай қалғанына налыды ма, әйтеуір күректей алақанымен санын сарт еткізіп бір-ақ ұрды. – Әй, мен оны көрінгеннің мазағына ұшыратпай, ертең-ақ атып әкелейін онда, – деді қарап отырмай, өкініш өзегін өртей түскендей одан әрмен қызараңдап. – Сосын соғымбасына шақырамын бәріңді түгел!
Бағанадан бері үлкендердің әңгімесін үнсіз ғана бұйығып тыңдап отырған сары бала әкесін танымай қалғандай, бетіне селт етіп таңырқап қарағаны сонша, екі көзі шекесінен шығып кетті. Әкесі де «мұны не жетіскенімнен айттым» дегендей, өз өзінен сабырсызданып, қас-қабағы дірілдеңкіреп отыр екен. Соны байқаған Жәмшид те құрығанда баланың алдында беделімді сақтайын деді ме, жақ жүнін ұйпалақтай ысқылап- ысқылап алып, орнынан сорая сопайып, керіле көтерілді. «Сендердің мәнсіз, мағынасыз босқа даурыққандарыңнан әбден шаршадым, қанша уақытым текке кетті, тіпті ұйқымды келтіріп жібердіңдер», – дегендегі түрі. Бұл жағдайдың аяқ
астынан болғаны сонша, осы үйдің әйелінің қолын ұзартып, сеніміне кірген құбақоңыр келіншек:
«Оқымыш қайным… Оқымыш қайным…», – деп жоғалтқан абыройын бір-ақ сәтте қолына қайта жинап берді. «Оқымыш қайным» дейтіні, ол аудандық газеттің редакторы еді, ұсақ-түйек малын бұлардың малына қысы-жазы қосып қоятын. Сол бедел ар жағынан түртіп, бірдеңе дегізбей қалай кетсін. Сыртқа шығарда:
– Сендер одан да ана қаңғыбас шалға ескерткіш орнатыңдар, – деп, қоштасуға орындарынан өре тұрғандардың бәрін өтірік-шыны белгісіз бір сөзбен жалп еткізді. – Қаңғып келген жалғыз шал не істеп жүр, сендер не істеп жүрсіңдер?
Кресті құшақтап өлген қаңғыбас шалға шынымен құрметтері артып жүргендіктен бе, олар Жәмшидке ештеңе дей алмай, ошарылған күйі қалды. Бірақ бұлардың газет оқып, теледидар көрмейтін ешқайсысы жоқ, сондықтан Жәмшидтің өздерін бір-ақ ауыз сөзбен отырғызып кеткенін іштері сезді. «Қара өгіз, қара өгіз» деп қақсағанша, бір уақ қазір ушығып тұрған халықаралық саясат туралы да айтқанда бұлай болмас па еді, кім біліпті.

13.

Жо-жоқ, бұл хикаят ешқандай да мазақ емес, мазақ болуы мүмкін де емес. Егер солай десек, онда күлімкөз төртбақ кісі қыстың көзі қырауда жабайы қара өгізді атып әкелуге аяқ астынан аттанбас еді. Қиялап жол таппаса, қар басқан асулардан аса алмайтынын да біледі. Бірақ, тауда қам кесектен соққан қыста жылы, жазда салқын там үйі бар. Қыңқылдап қоймаған сары баланы қорықпай қасына ерткені содан. Там үйге от жағып, қара өгізді асықпай жата-жастанып іздемек. Бар малға бір өзі қарап қалған келіншегінің қиналатынын ойлап, жолға шығарда күлімдеген көздерімен оған ұзағырақ тоқталып қараған. Мұндайда еркектің әдеттен тыс елжірегенін жаман ырымға жоритын құбақоңыр келіншек жүзін баласы екеуінен тез тайдырып әкетті. Әке мен бала екі атпен ақ көрпе жамылған алыс қыраттың үстінде қос ноқатқа айналып ұзап бара жатқанда да күйбеңдеп, бір сиырдан кейін бір сиырды күрпілдетіп сауа берді. Бұл кезде оның қызара домбыққан жанарынан домалай аққан жас тамшылары омырауына моншақ көздеріндей жылтырай жабысып, сүрмеленіп қатып қалып жатқан болатын.
Олар жазылмаған дәптердің бетіндей аппақ қардың бетін біресе қиғаш, біресе жоғары, біресе төмен сызды. Әлдебір әріптің басын қайырғандай кері жүрген кездері де, кері жүріп келіп, қайтадан басқа жолға түскен тұстары да болды. Әлденеше асуды айналып өтті,бірнеше төбенің басына шықты, тау іші бірақ қайда қараса да ақшаңқанданып, сырын алдырғысы келмей түксиді. Ата-бабасынан бері мал бағумен келе жатқан күлімкөз төртбақ кісі бұл таудың оқуын іштен оқып туған, сондықтан алдынан қандай жұмбақ көлденеңдесе де шешімін оп-оңай тауып алып отырды. Аттарының бір де бір рет омбы қарға малтығып қалмағаны, бір де бір рет жартасқа тіреліп қаңтарылып тұрмағаны, небір қатерлі беткейлерден қиялап аман өткендері сол білгіштігінің арқасы. Сөйтсе де жер қарадағы үш сағаттық жол ұзара-ұзара, қойнаудағы там үйге қас қарая зорға жетті. Сары балаға енді болмаса алдан да, арттан да, оңнан да, солдан да жабайы сиырлар табын-табынымен қаптап келе жатқандай көрінген. Осы көріністің бәрі ұлы майдан алдындағы тыныштық екенін оты дүркіреп жанған ошақ түбінде бүк түсіп ұйықтап кеткен бала білген де, сезген де жоқ.
Ұлы майдан алдымен сары баланың түсінде болды. Түсінде жабайы қара өгіз терең шатқал ішіндегі үңгірден атыла шығып, найзадай үшкір мүйіздерін алға қарай толғай-толғай ұмтылды. Маңдайы шор-шор, омырауы құж-құж, бұлшық еттері бұлтық-бұлтық, аяқтары алшақ-алшақ, өзі пілдей, көздері тостақтай. Жон арқасы жартастағы құстың ұясындай шұрқ тесік. Оны өткендегі оқтың іздері екен дейді. Мұның әкесі де қайтпас қайсар адам. Мылтығын үсті-үстіне тарс-тарс атып, қарсы шауып келеді. Оқ тиген жерлерден қып- қызыл от атқылайды. Бала әкесіне болысқысы келіп, ұмтыла беріп, оянып кетті. Әкесі жатқан орын әлдеқашан суып қалыпты. Әкесі «от жағып отыр» деген, орнынан тұра салып от жағуға кірісті. Осы сәтте терең шатқалда қиялай салып кетіп бара жатқан күлімкөз төртбақ кісінің арқа тұсына кішкене жылу білінгендей болды. Ол баласының ұйқыдан тұрып, ошаққа от жаға бастағанын сезді. Қарсы алдындағы қараңғы үңгірден қарауытып бірдеңе шығып келе жатқанын да көрді. «Ендігі өліп те қалған шығар» деген қара өгіздің тірі екенін білгенде жүрегі атша тулап, аузына тығылды. Қара өгізді ол ештеңенің мәнісін ұқпай даурыққан жұрттың қыздырма сөзіне бола атып алайын деп келе жатқан жоқ. Көз алдына әлгі жамағайынның үйіндегі меймандар кеу-кеулей шулап кеткенде, өзінің бір сәтке ойланып отырып қалғаны елестеді. Ойында итаяқ вертолеттен атылған оқтардың қара өгіздің арқасына қалай кірш-кірш қадалып жатқаны тұрған. «Бәрібір өледі, иесіз тауда арам қатады», – деген жан дауыс миына сарт-сарт ұрған. Сондағы өзінің қызды-қыздымен айтып қалған сөзі құлағында жаңғыра қайталанып, солықтап барып басылды. «Қара өгізді атып алып, бәріңді соғымбасыға шақырам» дегенді ішінен жын қысты ма, неге айтты, өзі де білмейді.
Қара өгіз қалың қарағай арасынан өзіне жақындай берген атты адамға тостақтай көздерімен тосырқай қараған. Тостақтай көздері дем арасында от шаша шатынап шыға келген. Буырқана бұрқанып, шамырқана тұлданып, бүкіл тау мен орманды басына көтере өкірген. Аяғының астындағы қарды борандата тарпып- тарпып жіберіп, атты адамға қарай тасыраңдай ұмтылған. Ағаштар күрт-күрт сынған, тастар тарс-тұрс құлаған, қар астынан шаң шыққан, қара тастан жан шыққан. Арқасындағы жараларының аузы тырс-тырс ашылып, қып-қызыл қан қайта шапшыған. Қан толған тостақтай көздері қарсы алдындағы қара ноқаттан басқа ештеңе көрмей кеткен. Мүйізімен іліп алып лақтырмақ, қағып алып, табанға салып, жаныштай тапап тастамақ.
Хайуан қапыда туған қауіпті адамнан бұрын сезе ме, астындағы аты аспанға шапши кісінеді. Қарап қалатын бұл жоқ, кеудесінде жан бар, қолында мылтық бар. Екі арадағы мөлшер ұңғыдағы бес оқты түгел атып бітіруге еркін жетеді. Қол мерген бес оқты да қақ маңдайдан қадап атамын десе де мүлт кетпесі анық. Бұл соғымға бүкіл ауыл қарқ болары хақ, биылдан келер жылға артылуы да ғажап емес. Оның көз алдына тағы да мәнсіз, жөнсіз даурығысып, жоқ нәрсеге таласқан ауылдастары келді. Бір қызығы, соның ішінде қызылкеңірдектеніп өзі де жүр. Бәрі пышақтарын жалаңдатып, жабайы қара өгізге қарай жапырлай жүгірісіп келе жатқан тәрізді. Бірақ ол соларды бастап алға шабудың орнына, атының басын кері бұрып, қаша жөнелгелі оқталған. Атса атып тастайды, алайда Сарытаудың киесі қара өгіз, ал мұның қара өгізді қараптан қарап тұрып атып тастағысы жоқ. Қара өгіз оны қайдан түсінсін, бір минөтке кеш ойланып, екі минөтке кеш қимылдаған адамды ат-матымен бүйірден келіп, бар пәрменімен күтір еткізіп күйрете соқты. Ат бір жаққа ұшты, адам бір жаққа ұшты. Ат аман кетіп, адам жалаңаш жартасқа барып гүрс соғылды. Оны енді одан арман жәукемдеуге қара жын мен қара күштің керегі де болмай қалды. Осы кезде сары баланың кеуде тұсының оқыс шым еткені әкесінің мүйізге шаншылып өлгенінің ғайыптан келіп білінген белгісі болатын. Сөйтіп Сарытауда бір жылда екі адам, бірі крестке жаншылып, екіншісі мүйізге шаншылып өлді де қалды.

Эпилог

Ат сары балаға келді, сары бала ауылға келді. Сары бала кісі өлімі болған жерге жаздағыдай бүкіл аудан көшіп баратын шығар деп ойлаған. Учаскелік инспектор мен Жәмшидтен басқа тірі пенденің қимылдамағанына еріксіз таңырқады. Обалы не керек, үйге көңіл айтып келушілер көп болды, бірақ. Құбақоңыр келіншек Сарытау киесіз қалмаса да, иесіз қалғандай аңырады.
…Адам түгіл,
Құдаймен де ісі жоқ, Менің кісім неңді алды?..
Ұзамай елдің арасына жаман бір әңгіме тарады. Айдың-күннің аманында бір жылда, бір жерде екі бірдей адамның күмәнді жағдайда қазаға ұшырағаны бекер ме? Жерді жаманатты қылуға ауыз бармайды. Ендеше бар пәле жабайы қара өгізде. Қара өгізді құртпай, мал баққан елге тыныштық бола қоймас. Аудан неғылса да құтырған қара өгізді атып алуға шекарашыларды жалдайтын болды. Сөйтіп, «қара өгізді бір нақұрыс пішіп тастамай, бұқа қылып ұстағанда…» деген арман сол арман күйінде өлді, өшті.
Содан бері әлгі итаяқ вертолет ауыл үстінен күнде ұшып өтеді, ұшып өткенде тура тау жаққа қарай кетеді. Алайда апталап, айлап іздеп, шекарашылар қара өгізді бәрібір таба алмады. Тек зәулім-зәулім қарағайлар құлайды, үйдей-үйдей тастар қозғалады, бәлкім таулар да жылжитын шығар. Оның бәрін нендей дүлей күштің істеп жүргені белгісіз, ал қара өгіз болса жер жұтқандай ұшты-күйлі жоқ.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК

ПІКІРЛЕР14
Аноним 29.12.2023 | 21:26

Керемет аға. Қаламыңыз ұштала берсін!

Аноним 29.12.2023 | 23:22

Еңбегіңіз жана берсін қаламыңыз талмасын шығармаларыңыз жоғарыдан көріне берсін

Аноним 30.12.2023 | 02:55

Кино көргендей болдым!

Аноним 30.12.2023 | 15:43

Тамаша .
Оқып жатырмын

Аноним 31.12.2023 | 14:48

Бейнелі проза дегеніміз-осы.Бәрін көзбен көргендей елестетіп отырасың.Орысша айтсақ,визуалная проза.

Аноним 01.01.2024 | 12:57

Керемет әңгіме!

Аноним 02.01.2024 | 19:08

Жаңа хикаят астар мен ұлттық тарихи-мәдени сананың сәулесіне толы екен.
Көп уақытқа дейін Түркия елінің мемлекеттік туындағы жұлдызшаның қасында тұрған жаңа туған Айдың кескіні деп қабылдайтын едім. Ара-арасында жаңа туған Ай сонша имек болмайтын еді ғой деген ой түртпектейтін. Сөйтсем ол жаңа туған Айдың сұлбасы емес екен, өгіздің мүйізі болып шықты. Олар Өгіз-түрктер екенін солай бейнелеген екен.
Соңғы уақытқа дейін ежелгі ұғым бойынша «түркілер» деп түркі тілдес этностарды атайтып келдік. Кейін аңдасам, «түркілер» деген империяшыл басқыншы жұрттың жасанды амалмен таңған атауы екен. Мағжанның «Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» дегенде онша қабылдай алмағам, сөйтсем нағыз түріктер – қазақтар екен.
Оғыз түріктер қыпшақ даласының оңтүстігінен кіші Азияға қоныс аударғанда өгізді кие тұтқан. «Оғыз» дегеннің өзі «өгіз» деген сөз ғой.
Көне түріктерде, әсіресе, наймандарда батырларын Бұқа, Бура, Қаптағай, Қабан, Барақ, Төбет деп атайтын ежелгі үрдіс бар.
Сонымен, «Құстің тілін білетін сары бала мен қара өгіз» хикаятындағы тік ұшақпен соңына түсіп, тау-тасты індетіп жүріп атса да өлмейтін қара өгіз үш жыл орыс езгісінде жүрсе де өлмеген ер түрік киесі іспетті. Ал, адаммен сөйлеспей құспен тілдесіп, жәндікпен сырласып кеткен бала – бүгінгі ұлттық рухын жоғалтпаған қазақ тілді жеткіншек қауым. Қоғамда олардың тілін ешкім біле қоймаған соң, ескеріп, елей қоймаған соң табиғат-тәңірімен тілдесіп, жаңа бір талпынған қоғамның басында тұрған жас өркениеттің кескіні тәрізді.
Ал айқыш ағашын қойып, зырылдауық орнатып жүрген славян шал қазақ қоғмында дүрбелең тудырып жүрген келімсектердің өзі, оны сары баланың атып өлтіруі – миф, бірақ жат мәдениетті тұншықтырып өлтіру, біртұтас ұлт қалыптастыру – асыл мұратымыз. Ал өлген шалдың орнына ескерткіш орнатуға келген ұлдары «орыс әлемінің» қазақ даласындағы көне тарихты ескермей, кешегі жүз жылдықтың айналасындағы бодандық тұрмыстағы басымдықтарына қойғылары келген белгі іспетті. Басқыншылық ниетпен жер-су атауларының өзгеруіне қарсы сыртқы күштің бейнелі көрінісі.
Қалай болғанда да, хикаят, адамды еріксіз ойға қалдырады, ал иісалмастар үшін арзан дүние болып көрінуі әбден мүмкін.
Жүсеке, шығарма құтты болсын!

Аноним 02.01.2024 | 19:08

Әділбек Ыбырайымұлы

Аноним 02.01.2024 | 19:09

Жаңа хикаят астар мен ұлттық тарихи-мәдени сананың сәулесіне толы екен.
Көп уақытқа дейін Түркия елінің мемлекеттік туындағы жұлдызшаның қасында тұрған жаңа туған Айдың кескіні деп қабылдайтын едім. Ара-арасында жаңа туған Ай сонша имек болмайтын еді ғой деген ой түртпектейтін. Сөйтсем ол жаңа туған Айдың сұлбасы емес екен, өгіздің мүйізі болып шықты. Олар Өгіз-түрктер екенін солай бейнелеген екен.
Соңғы уақытқа дейін ежелгі ұғым бойынша «түркілер» деп түркі тілдес этностарды атайтып келдік. Кейін аңдасам, «түркілер» деген империяшыл басқыншы жұрттың жасанды амалмен таңған атауы екен. Мағжанның «Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» дегенде онша қабылдай алмағам, сөйтсем нағыз түріктер – қазақтар екен.
Оғыз түріктер қыпшақ даласының оңтүстігінен кіші Азияға қоныс аударғанда өгізді кие тұтқан. «Оғыз» дегеннің өзі «өгіз» деген сөз ғой.
Көне түріктерде, әсіресе, наймандарда батырларын Бұқа, Бура, Қаптағай, Қабан, Барақ, Төбет деп атайтын ежелгі үрдіс бар.
Сонымен, «Құстің тілін білетін сары бала мен қара өгіз» хикаятындағы тік ұшақпен соңына түсіп, тау-тасты індетіп жүріп атса да өлмейтін қара өгіз үш жыл орыс езгісінде жүрсе де өлмеген ер түрік киесі іспетті. Ал, адаммен сөйлеспей құспен тілдесіп, жәндікпен сырласып кеткен бала – бүгінгі ұлттық рухын жоғалтпаған қазақ тілді жеткіншек қауым. Қоғамда олардың тілін ешкім біле қоймаған соң, ескеріп, елей қоймаған соң табиғат-тәңірімен тілдесіп, жаңа бір талпынған қоғамның басында тұрған жас өркениеттің кескіні тәрізді.
Ал айқыш ағашын қойып, зырылдауық орнатып жүрген славян шал қазақ қоғмында дүрбелең тудырып жүрген келімсектердің өзі, оны сары баланың атып өлтіруі – миф, бірақ жат мәдениетті тұншықтырып өлтіру, біртұтас ұлт қалыптастыру – асыл мұратымыз. Ал өлген шалдың орнына ескерткіш орнатуға келген ұлдары «орыс әлемінің» қазақ даласындағы көне тарихты ескермей, кешегі жүз жылдықтың айналасындағы бодандық тұрмыстағы басымдықтарына қойғылары келген белгі іспетті. Басқыншылық ниетпен жер-су атауларының өзгеруіне қарсы сыртқы күштің бейнелі көрінісі.
Қалай болғанда да, хикаят, адамды еріксіз ойға қалдырады, ал иісалмастар үшін арзан дүние болып көрінуі әбден мүмкін.
Жүсеке, шығарма құтты болсын!

Әділбек Ыбырайымұлы

Аноним 02.01.2024 | 19:29

Үш жүз жыл

Аноним 02.01.2024 | 19:43

Рахмет, Әділбек! Әдебиетке осылай сергек қараған дұрыс! Басқа пікір айтушыларға да рахмет айтамын.

Аноним 02.01.2024 | 21:18

Керемет, өте әсерлі дүние екен

Аноним 06.01.2024 | 10:38

Өте сыршыл, астарлап жазылған проза екен. Қазақтың кие туралы пайымы мен ақжүрек аңғалдагы, жерге деген махаббаты, тілге деген сүйіспеншілігі астарлы түрде нақты үйлесім тапқан.Тамаша!

Аноним 13.01.2024 | 08:38

Көңілім көтеріліп қалды. Бәрін оқып отырмын. Барлықтарыңызға рахмет.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір