«ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҒЫ және ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАРЫ»
20.05.2025
380
4

Қазақ­стан Жазушылар одағының ұжымы белгілі қаламгерлермен бірге Атырау қаласына арнайы іссапармен барды. Сапардың басты мақсаты – «Жұмысшы мамандығы және Қазақ­стан жазушылары» тақырыбындағы көшпелі пленум өткізу, жоба аясында өңірдегі еңбек адамдарымен кездесіп, өндіріс орындарының тыныс-тіршілігімен танысу.

   Іссапардың алғашқы нүктесі – Атырау маңында орналасқан полипропилен өндіретін заманауи газ-химия кешені болды. Бұл кешеннің жұмысымен Қазақ­стан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов, Мемлекет­тік органдармен байланыс және кадр қызметі жөніндегі бас маман Өмірзақ Зинуллин, сондай-ақ Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов бастаған делегация танысты. Бұл кешен 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен салтанат­ты түрде іске қосылған болатын. Кешен жылына 500 мың тонна полипропилен өндіреді, бұл — әлемдік өндірістің шамамен 1 пайызына тең көрсеткіш. Кездесу барысында ҚЖО төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов өндіріс басшылығына алғысын білдіріп, еңбек адамының қоғамдағы орны мен маңыздылығына ерекше тоқталды.
Бұдан соң, арнайы делегация еңбек және мәдениет жанашыры, танымал мемлекет және қоғам қайраткері Төкен Танаұлы Жұмағұловтың жеке мұражайына барды. Қонақтарды мұражай ішіндегі құнды жәдігерлермен Төкен Танаұлының өзі таныстырды. Зияткерлік һәм рухани қазыналарға бай бұл ордада Қазақ­стан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің ілтипаты ретінде мұражай қорына көрнекті қаламгер Әбіш Кекілбаевтің 20 томдық шығармалар жинағы және Жазушылар одағының 90 жылдығына орай шығарылған естелік туындылар табысталды.
Сапар барысында ақын-жазушылар Атырау қаласындағы бірқатар тарихи және мәдени ескерткіштерге тағзым жасап, гүл шоқтарын қойды. Алдымен, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын, жазушы Әбу Сәрсенбаевтың ескерткішіне, одан кейін Жайық жағалауындағы аса дарынды ақын Хамит Ерғалиевтің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Сондай-ақ Исатай мен Махамбет батырлардың ескерткіші, қазақтың аяулы қызы, өр рухты ақын Фариза Оңғарсынованың мүсіні мен ҚР Мемлекет­тік Әнұранының авторы, көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденовтің ескерткіші де назардан тыс қалмады. Бұл – зиялы қауым өкілдерінің ел тарихында өшпес із қалдырған ұлт тұлғаларына деген тағзымының, құрметінің айқын көрінісі болды.
Келесі кезекте қонақтарға Атыраудың агроөнеркәсіп әлеуеті таныстырылды. «АтырауАгроӨнімдері» ЖШС кәсіпорынының басшысы Розметов Тимур делегация мүшелеріне агроөнеркәсіп кешенінің негізгі бағыт­тары туралы кеңінен баяндап, ұсынылатын өнім түрлерін таныстырды. Кешен бүгінде ауыл шаруашылығының бірнеше саласын қатар дамытып отыр. Атап айтқанда, жартылай ергежейлі алма бақтары, жылына 3 тоннаға дейін өнім беретін жүзім алқаптары, лимон өсіретін жылыжайлар мен табиғи шырын шығаратын шағын цех жұмыс істейді. Сонымен қатар көкөніс пен бақша дақылдарын өсіру ісі де жолға қойылған. Кәсіпорын құрамында асыл тұқымды ешкі өсіріп, олардың сүтін өңдейтін мал шаруашылығы кешені де бар. Мұнда сүт өнімдерін дайындайтын шағын зауыт пен 1000 басқа дейін ешкі ұстауға арналған арнайы қора-жай орналасқан. Бұдан бөлек, асыл тұқымды қой шаруашылығы да сәт­ті жүзеге асырылып келеді. Шара аясында қатысушылар ұсынылған табиғи өнімдерден дәм татып, жергілікті кәсіпкерліктің қарқынды дамуына оң бағаларын берді. «Бұл таныстырылым – шығармашылық иелеріне еңбек адамының еңбегі мен жергілікті өндірістің жетістіктерін жақыннан тануға мүмкіндік берген тағылымды кездесу болды», – дейді қатысушылар.
Атырау қаласында өткен арнайы іссапардың екінші күнінде «Салтанат» сарайында Қазақ­стан Жазушылар одағының «Жұмысшы мамандығы және Қазақ­стан жазушылары» ат­ты көшпелі пленумы өт­ті. Бұған дейін Түркістан қаласында бастау алған бұл игі дәстүр жазушылар мен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, жұмысшы мамандықтары мен еңбек адамының көркем образын бейнелеуге бағыт­талған мазмұнды кездесу ретінде өз жалғасын тапты.
Жиналғандар Атырау облысының ақын-жазушыларының шығармашылығына арналған көрмеде жергілікті шығармашылық қауымның рухани әлеуетімен танысты.
Пленумды Қазақ­стан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов кіріспе сөзбен ашты. ҚР Жазушылар одағының төрағасы М.Құлкенов пленумның маңызына тоқталып, қазақ жұмысшы табының негізі Атырауда қаланғанын айтып, олардың бейнесін көркем әдебиет­те жаңғырту қажетін айт­ты.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бұл – мемлекет­тің еңбек адамына деген зор құрметінің айқын көрінісі. Бұл – қарапайым жұмысшының, еңбек адамының қоғамдағы орнын биіктетіп, оның абыройын қайта асқақтату, көркем образын жасау жолындағы тарихи қадам.
Президентіміз бұл бастама арқылы ел дамуының басты тірегі еңбек майданының нағыз қаһармандарын қайта тануға, олардың жарқын бейнесіне тағзым етуге шақырып отыр. Ендеше, қазақ әдебиеті бұл заман мен қоғам талабынан туындап отырған орынды ұсынысқа өз тарапыпан үлес қосуға тиіс деп санаймын.
Соңғы кезде әртүрлі жанрлар мен тақырыптар дамып жатса да, қарапайым еңбек адамының талғамы биік оқырманның көңілінен шығатындай көркем бейнесін жасай алмай келе жатқанымызды қалай жасырамыз?
Құдайға шүкір, қазақ әдебиетінде аса талант­ты, жазушылар мен ақындардың тегеурінді тобы калыптасып келеді. Олардың міндеті – мың өліп, мың тірілген қазақ деген халықтың тағдырын, ер жүрек мінез-құлқын сурет­тейтін, кезінде бүкіл әлемды мойындатқан Әуезовтің «Абай жолындай» кесек туындыларды дүниеге әкелу, – деді М.Құлкенов.
Алғашқы болып сөз алған Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов ҚР Мемлекет­тік кеңесшісі Ерлан Қариннің құт­тықтау хатын жеткізіп, жиналған қауымға жылы лебізін жолдады.
– Атырау тек батырлар мен жыраулардың емес, сонымен қатар әдебиет пен мәдениет­тің жаңа кезеңін қалыптастырған тұлғалардың ордасы болды. Сол мұралардың аясында бүгінгі көшпелі пленумымыздың өзек етіп отырған тақырыбы – еңбектің қасиеті мен еңбек адамының биік мәртебесі. Адал еңбегімен маңдай терін төккен жұмысшылардың бейнесін көркем шығармалар арқылы жаңғырту – бүгінгі әдебиет пен өнердің ұлы міндеті. Өйткені еңбек – әрбір жетістіктің, әрбір тарихи жеңістің бастауы. Қалам мен еңбектің ұлы тандемі арқылы біз өз дәуіріміздің шынайы келбетін жасап, болашақ ұрпаққа өнеге болар асыл қазына қалдырамыз. Сол себепті бұл пленум – тарих пен бүгіннің алтын көпіріне айналатын тағылымды жиын боларына сенемін, – делінген құт­тықтау хат­та.


Мереке Құлкенов «Жұмысшы мамандығы және Қазақ­стан жазушылары» ат­ты баяндама жасап, еңбек адамының қоғамдағы орны мен әдебиет­тегі көрінісіне тарихи шолу жасады. Өз сөзінде ол қазақ әдебиетіндегі жұмысшы мамандықтары тақырыбының өткені мен бүгініне баға беріп, қаламгерлер қауымы алдында тұрған келелі міндет­терге тоқталды. Жиын барысында Қазақ­стан Жазушылар одағының жыл аясында атқарған қызметі туралы арнайы бейнеролик көрсетіліп, Одақтың елдің рухани өміріндегі соны бастамалары паш етілді.
Баяндамадан кейін дәулескер күйші Шәміл Әбілтаев орындаған «Ақмешіт» әні пленумның көркем лейтмотивіне айналып, жиынның мазмұнын тереңдете түсті.
Жарыссөз барысында еліміздің түкпір-түкпірінен келген қаламгерлер сөз алып, жұмысшы мамандықтары мен еңбек адамы тақырыбында жазылған шығармаларға талдау жасап, заманауи әдебиет­тің даму бағыт­тары туралы ой бөлісті. Сөз алғандар қатарында:
Кәдірбек Сегізбаев – жазушы, Қазақ­стан Республикасының Мемлекет­тік сыйлығының иегері;
Молдахмет Қаназ – жазушы, Құрмет орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты;
Өтеген Оралбаев – ақын, Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері;
Мәди Айымбетов – жазушы, Құрмет орденінің иегері, Қазақ­стан Республикасының мәдениет қайраткері;
Қансейіт Әбдезұлы – филология ғылымдарының докторы, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері;
Әлия Бөпежанова – әдеби сыншы, аудармашы, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты;
Авут Масимов – жазушы, Қазақ­стан Жазушылар одағы төрағасының кеңесшісі (ұйғыр әдебиетінің өкілі);
Шахизада Әбдікәрімов – көрнекті ақын (Қызылорда облысы);
Бауыржан Ғұбайдуллин – жазушы, ҚЖО-ның Батыс Қазақ­стан облысындағы өкілі, Ұлт­тық құрылтай мүшесі;
Бауыржан Құрманқұлов – ақын, ҚЖО-ның Ақтөбе облысындағы өкілі;
Құдайберген Сұлтанбек – ақын, ҚЖО-ның Маңғыстау облысындағы өкілі;
Қадыр Юсупов – Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі;
Төлеген Жаңабаев – Қазақ­станның құрмет­ті журналисі, Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі;
Фархат Тамендаров – «Простор» әдеби журналының бас редакторы;
Иранбек Оразбаев – ақын, Мемлекет­тік сыйлықтың иегері.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов жарыссөз барысында көтерілген маңызды мәселелерге назар аударып, сөз сөйлеген ақын-жазушылардың ұсыныс-пікірлеріне қолдау білдірді. Пленумға қатысушылар арнайы Қарар қабылдады. «Жұмысшы мамандығы және Қазақ­стан Жазушылары» көшпелі пленумы – әдебиет пен өндіріс, рух пен еңбек, қаламгер мен оқырман арасындағы алтын көпір іспет­тес маңызды шара болды.
Көшпелі пленум аясында бұрын- соңды болмаған ерекше формат­тағы «Сөз – сыбаға» ат­ты әдеби аукционы өт­ті. Әдеби аукционға еліміздің әр өңірінен келген танымал қаламгерлермен қатар, Батыс өңірінің белгілі ақын-жазушылары, аймақ зиялылары және әдебиет пен руханиятқа жанашырлық танытып жүрген Атыраулық меценат­тар қатысты.
«Сөз – сыбаға» — дәстүрлі аукциондардан бөлек, шығармашылық пен қайырымдылықтың жаңаша үлгісі. Бұл шарада сан мен баға емес, идея мен шабыт, сөз құдіреті мен рухани серіктестік басты құндылық ретінде ұсынылды. Аукцион барысында қаламгерлер еңбек адамының болмысын арқау еткен болашақ шығармаларына арнап идеяларын ұсынды. Ал меценат­тар сол идеяларға қолдау білдіріп, шығармашылық процеске демеушілік жасауға ниет таныт­ты.
Бұл — кітапты сатып алу емес, кітаптың дүниеге келуіне жағдай жасауға бағыт­талған ізгі қадам. Мәдениет пен әдебиетке жанашырлықтың жарқын үлгісі ретінде өткен бұл шара қатысушылардың зор ықыласына бөленді.
Еңбек тақырыбындағы шығармашылық әріптестік:
1. Лот иесі: Балжігітовтер отбасы – елге еңбектерімен танылған, бүгінде Жылыой ауданының экономикасы мен әлеумет­тік саласына елеулі үлес қосып жүрген әулет.
Жеңімпаз: Сәулеш Шатенова – ақын, Қазақ­стан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері, Ақпарат саласының үздігі, Жылыой ауданының Құрмет­ті азаматы;
2. Лот иесі: Мұрат Әмірғалиев – «Амангелді» балық кооперативінің ұйымдастырушысы, өңірде балық шаруашылығын жаңа технологиялық жүйеге негіздеген кәсіпкер.
Жеңімпаз: Қанат Ғұмаров – жазушы, Қазақ­стан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі;
3. Лот иесі: Сабыржан Сұлтанов – облысқа танымал малбегі, асыл тұқымды мал өсіретін шаруа қожалығының жетекшісі.
Жеңімпаз: Асланбек Шығыров – ақын, Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі;
4. Лот иесі: Мұрат Сарманов – Қызылқоға ауданының Құрмет­ті азаматы, Құрмет орденінің иегері, ауыл шаруашылығы саласының білгірі, «Нұр дала» агрофирмасының басшысы.
Жеңімпаз: Гүлзада Ниетқалиева – ақын, журналист, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі;
5. Лот иесі: Жеңісбек Әбілхарес – тәжірибелі мұнайшы, облыстық мәслихат­тың бірнеше шақырылымының депутаты, әлеумет­тік мәселелерге жанашыр азамат.
Жеңімпаз: Назарбек Нұрмағанбетов – жазушы, Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі;
6. Лот иесі: Төкен Танаұлы – республикаға белгілі меценат, Құрмет, Парасат, ІІ және ІІІ дәрежелі Барыс ордендерінің иегері, «Теңізмұнайқұрылыс» АҚ президенті.
Жеңімпаз: Әлия Дәулетбаева – ақын, аудармашы, драматург, «Алаш» және Махамбет сыйлықтарының иегері, Индер ауданының Құрмет­ті азаматы, Жазушылар одағының
Атыраудағы өкілі;
7. Лот иесі: Оразғали Қаршыгенов – энергетика саласының ардагері, «Барыс» орденінің иегері, облыстың Құрмет­ті азаматы, бірнеше шақырылымда мәслихат депутаты болған тұлға.
Жеңімпаз: Бақытгүл Бабаш – ақын, «Шабыт» фестивалының Гран-при иегері, Махамбет сыйлығының лауреаты, Республикалық жастар поэзия фестивалінің бас жүлдегері.


«Сөз – сыбаға» әдеби аукционы еңбек адамына арналған әдеби мұралардың өмірге келуіне тың серпін берген жоба ретінде жүзеге асып отыр.
Арнайы делегацияның Атырау қаласына сапарының үшінші күні, 15 мамыр қазақтың өр рухты ақыны, қаһарман күрескері, мұзбалақ жыршысы Махамбет Өтемісұлының туған күнімен тұспа-тұс келді. Осыған орай, қаламгерлер делегациясы Атырау облысы, Индер ауданындағы Махамбет баба зияратына арнайы барып, рухына Құран бағыштап, гүл шоқтарын қойды.
Тағылымды сапар барысында Қазақ­стан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов ұлт руханиятына өшпес із қалдырған дауылпаз ақынның ерлікке толы өмірі мен күрескерлік келбеті туралы тебірене сөз сөйледі. Ол Махамбет­тің мұрасы — ұлт­тың жады мен жігерін қайрайтын асыл қазына екенін атап өт­ті.
Құрмет­ті делегация құрамында Индер ауданы әкімінің орынбасары Артур Мурзин, аудандық мәслихат төрағасы Абзал Рамазанов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сүйеу Халықов және «Дендер» қоғамдық-саяси газетінің редакторы, облыстық мәслихат депутаты Жанай Амантурлин, Атырау облыстық халық шығармашылығы орталығының маманы Сакупова Гүлжан болды.
Жыр алыбының рухына тағзым ету сәтінде ақындар жүрекжарды жырларын оқып, шабытпен тебірене еске алды. Сондай-ақ делегация мүшелері зиярат маңында жерленген қазақтың көрнекті ақыны, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қойшығұл Жылқышиевтің де басына барып, дұға оқыды.
Бұдан соң Махамбет Өтемісұлы атындағы академиялық драма театрында салтанат­ты шара өт­ті. Салтанат­ты шара барысында Атырау облысы әкімдігі мен Қазақ­стан Жазушылар одағының қолдауымен ұйымдастырылған «Махамбет» атындағы халықаралық әдеби сыйлықты табыстау рәсімі өт­ті.
Екі жылда бір рет тағайындалатын әдеби сыйлықты «Поэзия» номинациясы бойынша ақын, Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, Парасат орденінің иегері Иранбек Оразбаев, «Проза» номинациясы бойынша сыншы, аудармашы, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әлия Бөпежанова иеленді. Сыйлықты Қазақ­стан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов пен ақын, Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Өтеген Оралбай табыстады.

Қазақ­стан Жазушылар одағының
баспасөз қызметі

ПІКІРЛЕР4
Қонақ 21.05.2025 | 21:49

Мына мақалада жазылғандай 1 немесе 6 лот иелері «жұмысшы» емес, байлар, меценаттар емес пе! Мұның ішінен қарапайым жұмысшы бейнесін көріп отырғанымыз жоқ. Бизнесмендер, кәсіпкерлер малшылар балықшылар. «Жұмысшы» сонымен қайда?????

Қонақ 22.05.2025 | 15:21

Аукционның өту тәртібі дұрыс болмады.Негізі залдағы ақын жазушылардың бәрі де аукционға қатысып, меценаттар қалауына түсуі керек еді. Атыраудың «аукционсымағында» әдеттегідей жіліктің майлы басы қос қарағым- Әлия Дәулетбаева мен Бақтыгүл Бабашқа «бұйырды».

Қонақ 22.05.2025 | 17:49

Мұның ішінде 5 «Халық жазушысы» атағы берілгені туралы хабар неге жазылмай қалғаны түсініксіз. 1 кітап жазбаған «жазушыға» мұндай атақ үлестіре берсек мемлекеттің несі қалады, оғанда бюджет ақшасы шығады емес пе. Сосын одаққа мүшелікке қабылдауда да олқылық көп. Филал басшысын ала алмаймыз, аудандарда мысалы Жылойда бөлімше ашу керек

Қонақ 23.05.2025 | 04:15

Мемлекет басшысы өз жолдауында 2025 жылды жұмысшы мамандығы жылы деп жариялағанда қарапайым еңбек адамдарын айтқан секілді еді. мұнда бұрынғы әкім, әкімнің туған құдалары, түкірігі жерге түспейтін мецанаттар қалай кіріп кеткені түсініксіз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір