ҚАРА АЛТЫННАН ҚЫМБАТ ҚҰНДЫЛЫҚ: Инженер ғана емес, елдің ертеңін тәрбиелеу – бүгінгі университеттің басты миссиясы
03.08.2026
16
0

Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қанатты сөз бар. Осы ұғымды бүгінгі білім кеңістігіне бейімдеп айтсақ, «Елдің ертеңін ойласаң, университетіңді түзе» дер едік. Өйткені XXI ғасырда мемлекеттің қуаты жер қойнауындағы байлығымен емес, сол байлықты игере алатын білімді де парасатты азаматтарының сапасымен өлшенеді. Атырау – өндірістің жүрегі. Мұнайлы өлкенің тағдыры инженерлердің, технологтардың, геологтардың кәсібилігімен тығыз байланысты. Осы жауапкершілікті ондаған жылдар бойы арқалап келе жатқан С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті – еліміздегі өндірістік бағыттағы ең көне жоғары оқу орындарының бірі. Бұл қара шаңырақ мыңдаған мұнайшыны, инженерді, энергетикті, өндіріс басшыларын тәрбиелеп шығарды. Алайда бүгінде техникалық білім беру жеткіліксіз. Жас маман өндірістегі күрделі технологияны меңгерумен қатар ұлттық руханиятты бойына сіңірген, кітап оқитын, өнерді түсінетін, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін азамат болуы тиіс. Себебі кез келген өндірісті де, экономиканы да алға сүйрейтін – ең алдымен адам капиталы. Соңғы оқу жылында университет қабырғасында өткен ондаған әдеби-мәдени кездесулер, өнер майталмандарымен жүздесулер, ақын-жазушылардың шығармашылық кештері, театр ұжымдарымен сұхбаттар, кітап оқу қозғалысы, интеллектуалдық жобалар мен қайырымдылық бастамалары осы ұстанымның нақты көрінісіне айналды. Өндірісті өңірдің жетекші техникалық университеті неге әдебиетке бет бұрды? Неліктен инженер даярлайтын оқу орны кітап оқуға ерекше көңіл бөледі? Руханият пен ғылымның тоғысынан қандай жаңа буын қалыптасып келеді? Осы және өзге де сауалдарды С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры, экономика ғылымдарының кандидаты Гүлзада ШАКУЛИКОВАҒА қойған едік.

– Гүлзада Тәңірбергенқызы, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті – еліміздегі өндірістік білім берудің қара шаңырағы. Ондаған жылдар бойы мұнай-газ саласына мыңдаған маман даярлаған оқу орнының соңғы жылдары рухани құндылықтарды дәріптеуге ерекше ден қоюының негізінде қандай ұстаным жатыр?
– Университеттің тарихына қарасақ, бұл – тұтас бір саланың шежіресі. Біздің түлектеріміз Қазақстанның барлық мұнайлы өңірлерінде еңбек етіп жүр. Олар жаңа кен орындарын игерді, өндірісті жаңғыртты, ел экономикасының дамуына зор үлес қосты. Сондықтан кәсіби инженер даярлау – біздің бұлжымас міндетіміз. Бірақ заман өзгерген сайын білімге қойылатын талап та өзгереді. Қазір жұмыс берушілер дипломы бар маманды ғана емес, шешім қабылдай алатын, командамен жұмыс істей білетін, мәдениеті жоғары, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін тұлғаны іздейді. Жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан дәуірде техникалық білімнің өзі жеткіліксіз. Адамды өзгеден ерекшелендіретін қасиет – оның рухани әлемі, дүниетанымы, адамгершілігі.
Әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген. Бұл сөздің мәні ғасырлар өтсе де өзгерген жоқ. Егер біліммен қатар тәрбие болмаса, технологияның өзі адамзатқа қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан біз студентке тек кәсіби құзырет беріп қана қоймай, оның азаматтық болмысын қалыптастыруды да университеттің басты миссиясы деп санаймыз. Біз жастарға өндіріс пен руханиятты екі бөлек дүние ретінде қарамауды үйретеміз. Керісінше, олардың арасында табиғи байланыс бар. Мұнай өндіру – үлкен жауапкершілік. Табиғатқа, қоғамға, мемлекетке деген жауапкершілік. Ал жауапкершілік адамның ішкі мәдениетінен басталады. Сол себепті университеттің даму стратегиясында ғылым, инновация және өндірістік біліммен қатар рухани құндылықтарға ерекше орын берілді. Біз аудиториядағы дәрісті кітапханадағы әдеби кешпен, зертхананы театрмен, ғылыми жобаны қоғамдық белсенділікпен толықтырғымыз келеді. Өйткені болашақ инженердің дүниетанымы қаншалықты кең болса, оның кәсіби шешімі де соншалықты салмақты болады.
Бүгінгі таңда университет қабырғасында жүріп жатқан барлық мәдени жобалардың түпкі мақсаты да осы. Олар кездейсоқ өткізілетін шаралар емес, студенттің тұлғалық қалыптасуына бағытталған біртұтас тәрбиелік жүйенің құрамдас бөліктері.
– Соңғы оқу жылында университетте Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтен бастап мұнай саласының ардагерлері, белгілі ақын-жазушылар, театр қайраткерлері, ғалымдармен ондаған тағылымды кездесулер ұйымдастырылды. Көпшілік үшін бұл техникалық университетке тосындау көрінуі мүмкін. Осындай тұлғаларды жастармен жүздестірудегі басты мақсат қандай?
– Біз әрбір кездесуді тәрбиенің ерекше формасы деп қабылдаймыз. Кейде бір кітаптан немесе бір дәрістен ала алмаған әсерді студент өмір жолы өнеге болған тұлғамен жүздесуден алады. Мәселен, халқымыздың мақтанышы Асанәлі Әшімовпен өткен «Тұлға және тағылым» жобасы аясындағы кездесу студенттер үшін өнер жайлы әңгіме ғана болған жоқ. Ол кісі адал еңбек, табандылық, ұлттық болмыс, өнерге деген жауапкершілік туралы толғанды. Жастар ашық микрофон форматында өздерін толғандырған сауалдарын қойып, еркін пікір алмасты. Домбыра үнімен басталған сол кештің рухани әсері әлі күнге дейін студенттердің жадында. Дәл сол сияқты мұнай-газ саласының ардагері, «Еңбек Даңқы» орденінің иегері Келтір Мағұрыпұлы Шаненовпен кездесу кәсіби тәрбие мектебіне айналды. Ол кісінің «мамандыққа адалдық – өмірге адалдық» деген ойы жастардың жүрегіне жетті. Ал белгілі геолог Роберт Орынбайұлы Бердіғожиннің өмір жолы студенттерге үлкен өндірістің табысқа емес, үздіксіз ізденіске сүйенетінін көрсетті.
Біз сондай-ақ әдебиет пен өндірісті қатар алып жүрген қаламгер Хайдар Байзақовпен кездесу өткіздік. Оның жаңа кітабының тұсаукесері аясында өткен әңгіме жастарға адамның бір ғана мамандықпен шектелмейтінін, инженердің де шығармашылықпен айналыса алатынын дәлелдеді. Жұлдыз Қазиханмен өткен әдеби кеш, Маңғыстау музыкалық драма театры әртістерімен жүздесу, студенттік «Сафи» театрының шығармашылық байланыстары – мұның бәрі жастардың эстетикалық талғамын қалыптастыруға бағытталған. Өйткені әдебиет оқыған инженер басқаша ойлайды. Театр көрген инженер басқаша сөйлейді. Өнерді түсінетін инженердің адаммен жұмыс істеу мәдениеті де жоғары болады. Ал мұндай қасиеттер кез келген өндірісте өте маңызды. Сондықтан біз рухани кездесулерді университет өмірінің қосымша бөлігі емес, сапалы инженер даярлаудың маңызды құрамдас тетігі ретінде қараймыз.
– Биыл Атырау облысында жүзеге аса бастаған «Кітап оқитын ұлт» жобасының өңірлік үйлестіруші орталығы ретінде дәл сіздердің университеттің таңдалуы да кездейсоқ емес сияқты. Соңғы жылдары университетте «Бесқонақ» әдеби кездесуі, «Ұшқан ұя» оқырман байқауы, Мұқағали Мақатаевқа арналған поэзиялық кештер ұйымдастырылып келеді. Техникалық университет үшін кітаптың орны қандай?
– Біз кітапты тек әдебиеттің ғана емес, тұлға тәрбиесінің ең қуатты құралы деп білеміз. Өйткені кітап адамды ойлануға үйретеді. Ал ойлайтын адам ғана дұрыс шешім қабылдай алады. Инженер үшін де, басшы үшін де, ғалым үшін де ең маңызды қасиет – терең ойлау. Бүгінде жастар ақпаратты көп тұтынады, бірақ оны саралап, талдай білу – басқа мәселе. Әлеуметтік желідегі қысқа ақпарат адамның назарын тез аударғанымен, дүниетанымын кеңейте алмайды. Ал кітап адамның қиялын дамытады, сөздік қорын байытады, сабырмен ой қорытуға үйретеді. Сондықтан біз кітап оқуды жай ғана мәдени шара емес, университеттің білім беру философиясының маңызды бөлігі деп қабылдаймыз. Осы ұстанымның нәтижесінде өңірде бастау алған «Кітап оқитын ұлт» жобасының үйлестіруші орталығы ретінде университетіміздің таңдалуы біз үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік болды. Бұл бастама мектептерді, колледждерді, жоғары оқу орындарын ғана емес, тұтас қоғамды кітаппен қайта қауыштыруды көздейді. Біз бұл жұмыстың алдыңғы қатарында болуға дайынбыз.
Жақында облыс әкімдігі мен «Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қоры арасында меморандумға қол қойылған кезде университет атынан бір ұсыныс жасадық. Кітап оқу байқауында үздік шыққан жастарға арнайы университет грантын тағайындауды жөн көрдік. Бұл жастарға берілген жай ғана сыйлық емес. Бұл – кітап оқудың нақты бағаланатынын көрсететін маңызды қадам. Университет қабырғасында өткен «Бесқонақ – кітапқа ғашық ету амалы» атты әдеби кездесудің де мақсаты осы болды. Әлия Дәулетбаева, Ерлан Жүніс, Қанат Әбілқайыр, Бейбіт Сарыбай, Әлішер Рахат сияқты белгілі қаламгерлер студенттермен еркін форматта әңгімелесті. Ол жерде лекция оқылған жоқ. Әдебиет туралы ашық пікір алмасу болды. Жастар өздерін қызықтырған сауалдарын қойды, шығармашылық жайында, кітаптың адам өміріндегі орны туралы ой бөлісті. Осындай кездесулерден кейін кітапханаға келушілердің саны артқанын байқап отырмыз.
Сол сияқты Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасы бойынша өткізілген оқырман байқауы студенттердің ерекше қызығушылығын тудырды. Біз бұл шығарманы бекер таңдаған жоқпыз. «Ұшқан ұя» – ұлт тәрбиесінің алтын арқауы. Онда отбасы тәрбиесі, үлкенге құрмет, елге қызмет ету сияқты құндылықтар көркем тілмен өрілген. Байқау жеңімпазына велосипед сыйлауымыздың өзі жастарды кітап оқуға ынталандырудың заманауи тәсілі болды. Ал ақпан айында өткен «Әсерлі өлең – әсем әуен» атты Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған поэзиялық караоке кеші студенттердің әдебиетке деген ықыласын тағы бір қырынан ашты. Поэзияны тек оқу емес, сезіну, ән арқылы қабылдау жастарға ерекше әсер қалдырды. Бұл кеште аудиториядағы ресми атмосфера емес, рухани жақындық басым болды.
Біздің мақсат – кітап оқуды міндетке айналдыру емес. Керісінше, жастардың кітаппен достасуына мүмкіндік жасау. Өйткені кітапты жақсы көрген жас ертең мамандығын да сүйеді, елін де сүйеді.


– Университетте «Safi Quiz» интеллектуалдық жобасы, «Student Fest» шығармашылық фестивалі, студенттік театр, қайырымдылық акциялары сияқты бастамалар тұрақты ұйымдастырылып келеді. Бұлардың барлығы техникалық білім беретін оқу орны үшін қаншалықты маңызды?
– Университет – тек аудитория мен зертханадан тұрмайды. Ол – өмір мектебі. Егер студент төрт жыл бойы тек дәріс тыңдап, емтихан тапсырып қана шықса, біз өз міндетімізді толық орындадық деп айта алмаймыз. Сондықтан біз студенттің шығармашылық қабілетін, көшбасшылық қасиетін, әлеуметтік жауапкершілігін қатар дамытуға ерекше көңіл бөлеміз. Мәселен, «Student Fest» фестивалі – жай ғана концерт емес. Онда жастар жүргізушілік өнерден бастап, сахна мәдениетіне, шығармашылық жобаларды қорғауға дейін өз қабілеттерін көрсетеді. Ертең өндірісте үлкен ұжымның алдында сөз сөйлейтін инженер үшін бұл да өте маңызды тәжірибе.
Ал «Safi Quiz» интеллектуалдық ойыны университеттің өзіндік брендіне айналып келеді. Екі апта сайын студенттер мен оқытушылар бір командада ойнайды. Бұл жерде тек білім сыналмайды. Бір-бірін тыңдау, пікір алмасу, логикалық ойлау, ортақ шешім қабылдау сияқты дағдылар қалыптасады. Ең қуантатыны – сұрақтардың ішінде әдебиет, тарих, қоғам мәселелері де қамтылады. Осы арқылы техникалық бағыттағы жастардың таным көкжиегін кеңейтуге тырысамыз. Жеңімпаз командалардың Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетіне арнайы экскурсиямен баруы да кездейсоқ емес. Біз жастардың өзге университеттердің тәжірибесін көріп, жаңа ортадан әсер алуына мүмкіндік жасағымыз келеді.
Біздің студенттер қайырымдылық шараларынан да тыс қалған емес. Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп Қарттар үйінде өткізілген «Ретро сазы» концертін ерекше ықыласпен еске аламын. Студенттердің ән айтып, күй тартып, үлкендердің батасын алған сәттері кез келген тәрбиелік дәрістен артық әсер береді деп ойлаймын. Себебі мейірім мен жанашырлықты кітаптан ғана емес, нақты іс арқылы да үйрену керек.
Осындай бастамалардың бәрі бір мақсатқа қызмет етеді. Біз кәсіби жағынан ғана емес, азаматтық тұрғыдан да кемел, қоғамға жанашыр, ұлттық құндылықтарды бағалайтын, шығармашылыққа ашық жас буынды тәрбиелеуді көздейміз.
– Бүгінгі әлем қарқынды өзгеріп жатыр. Жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, автоматтандыру дәуірі басталды. Осындай кезеңде С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті қандай инженер тәрбиелеуді мақсат етеді? XXI ғасырдың инженері қандай болуы керек?
– Бүгінгі инженердің бейнесі бұрынғыдан мүлде өзгеше. Бір ғана мамандықты жетік меңгеру жеткіліксіз. Қазіргі заман кәсіби құзыреттілікпен қатар ойлау мәдениетін, бейімделу қабілетін, үздіксіз білім алуды талап етеді. Біз көбіне инженерді техникамен байланыстырамыз. Бірақ кез келген өндірістің тағдыры – адам факторына тәуелді. Ең заманауи технологияны да адам басқарады. Сондықтан инженердің кәсібилігі оның адамдық қасиетінен бөлек қаралмауы тиіс. Біздің мақсатымыз – өндірістегі қауіпсіздік талаптарын жетік білетін, цифрлық технологияларды меңгерген, бірнеше тілде еркін сөйлейтін, ғылыми ізденіске қабілетті, экологиялық жауапкершілігі жоғары маман қалыптастыру. Бірақ мұнымен шектелмейміз.
Инженер – өз ұлтын, өз мәдениетін, өз тарихын білетін азамат болуы керек. Өйткені туған жерін сүймеген адам өндірісті де шынайы жанашырлықпен дамыта алмайды. Сондықтан ұлттық құндылықтар біз үшін тәрбие жұмысының сәні емес, оның өзегі. Осы мақсатта университетте ұлттық мәдениетке арналған әдеби кештер, театр қойылымдары, поэзиялық жобалар, домбыра өнерін дәріптейтін бастамалар жүзеге асырылып келеді. Біз студенттің жүрегінде туған елге деген сүйіспеншілік қалыптасқан кезде ғана оның кәсібіне де адалдығы артады деп сенеміз.
Сонымен қатар біз ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтіп келеміз. Оқытушылардың жаңа ғылыми еңбектері, мұнай өнеркәсібіне арналған оқулықтар мен монографиялардың таныстырылымы, өндіріс ардагерлерімен кездесулер – мұның бәрі студенттің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға бағытталған. Бүгінгі университеттің міндеті – диплом беру емес, өзгеріп жатқан әлемге бейімделе алатын тұлға қалыптастыру. Егер біздің түлек қай салада жүрсе де қоғамға пайдасын тигізсе, біз өз миссиямызды орындадық деп есептейміз.
– Сіздің басшылығыңызбен университеттің тәрбиелік жұмысы жаңа деңгейге көтерілгені байқалады. Алдағы жылдары оқу орнының даму стратегиясында қандай басымдықтарға мән беріледі?
– Университеттің болашағын үш үлкен бағытпен байланыстырамын.
Біріншісі – сапалы инженерлік білім мен ғылым. Өндіріс үнемі өзгеріп жатыр. Сондықтан білім беру бағдарламалары да заман талабына сай жаңарып отыруы қажет. Біз мұнай-газ саласындағы жаңа технологияларды, цифрландыруды, жасанды интеллект элементтерін, энергетиканың жаңа бағыттарын оқу процесіне енгізуді жалғастырамыз. Ғылыми зерттеулердің өндіріспен байланысын күшейту – негізгі міндеттердің бірі. Екіншісі – халықаралық әріптестік. Қазіргі білім кеңістігінде оқшау даму мүмкін емес. Біз студенттеріміздің әлемдік тәжірибемен танысуына, академиялық ұтқырлыққа, халықаралық ғылыми жобаларға қатысуына мүмкіндік жасауды жалғастырамыз. Жаһандық тәжірибе мен ұлттық мүддені ұштастыру – университет дамуының маңызды бағыты. Үшінші әрі ең қымбат бағытымыз – рухани тәрбие.
Біз соңғы жылдары қолға алған барлық бастамалар – «Тұлға және тағылым» жобасы, «Бесқонақ» әдеби кездесуі, «Кітап оқитын ұлт» қозғалысы, «Safi Quiz», студенттік театр, қайырымдылық акциялары бір реттік шаралар емес. Олар университеттің тәрбиелік жүйесіне айналды. Бұл бағыт алдағы уақытта да жалғаса береді. Себебі университеттің беделі тек ғылыми мақалалармен немесе рейтингтермен өлшенбейді. Оның ең басты көрсеткіші – қоғамға қандай азамат тәрбиелеп шығарғанында. Мен әрдайым жастарға: «Жақсы инженер болуға ұмтылыңдар, бірақ ең алдымен жақсы адам болыңдар» деп айтамын. Егер осы екеуі бір адамның бойынан табылса, ол қай жерде жүрсе де елге қызмет етеді.
– Әңгімеміздің соңында талапкерлер мен ата-аналарға айтар тілегіңіз…
– Әр адамның өмірінде таңдау жасайтын ерекше кезең болады. Университет таңдау – сол маңызды шешімдердің бірі. Өйткені жоғары оқу орны адамның тек мамандығын ғана емес, өмірлік көзқарасын қалыптастырады. С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетіне келген талапкер ең алдымен үлкен тарихы бар білім ордасының бір бөлшегіне айналады. Бұл оқу орны ондаған жыл бойы Қазақстанның өндірістік әлеуетін қалыптастыруға үлес қосып келеді. Біз осы жауапкершілікті терең сезінеміз. Бірақ бүгінгі университеттің мақсаты тек жақсы инженер даярлау емес. Біз өз студенттеріміздің кітаппен дос болғанын, өнерге жақын болғанын, қоғамға жанашырлықпен қарағанын қалаймыз. Сондықтан олардың кәсіби білім алуына ғана емес, азаматтық тұрғыда қалыптасуына да барлық жағдай жасаймыз.
Меніңше, университет қабырғасынан шыққан түлек қолына диплом ғана ұстап шықпауы керек. Ол өзімен бірге өмірлік ұстаным – ұлттық құндылықтарға құрмет, үздіксіз ізденуге деген құштарлық, адамдармен тіл табыса білу мәдениеті, еліне қызмет ету жауапкершілігін ала шығуы тиіс. Ұлы Абай «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» дейді. Біздің университеттің тәрбиелік ұстанымын осы бір ғана өлең жолы дәл сипаттайды деп ойлаймын. Өйткені өндірісті дамытатын да, ғылымды өркендететін де, елдің ертеңін жарқын ететін де – жүрегі ояу, білімі терең, рухы биік азаматтар.
Сондықтан біз үшін университеттің ең үлкен жетістігі – салынған жаңа ғимарат немесе алынған марапат емес. Ең үлкен жетістік – ертең елдің игілігіне қызмет ететін, кәсібіне адал, ұлтына жанашыр, адамгершілігі жоғары түлектер тәрбиелеу.
Біздің бар мақсатымыз да, бар мұратымыз да – осы.
– Осы жолдағы еңбектеріңіз жемісті болсын, әңгімеңізге рақмет!

Сұхбатты жүргізген
Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір