СӨЗ СҮЙЕКТЕН ДЕУШІ ЕДІ, ӨНЕР – ҚАННАН…
22.10.2025
273
0

Жүрсін ЕРМАН

АЛМАС АЛМАТҚА
Түсіріп жүрекке жүк, жанға салмақ
Серіге болып еді ән қашан бақ?..
Мен сенің өміріңе қызықпаймын,
Сен мені кешіре гөр, Алмас Алмат.

Қадаса саған сұғын көздер кілең,
Сен қашан тағдырыңды өзгертіп ең?..
Ес біліп, етегіңді жапқалы сен,
Ауырып келе жатсың сөз дертімен.

Жоқ сенің өзге дәулет, өзге малың,
Жыр толған өз әлемің, өз қамалың.
Ұмытып бар қызығын дүниенің
Бағасың ертелі-кеш сөз қабағын.

Аңғармай жаздың ауып, күз өткенін,
Артығын шырпып алып, түзеп кемін…
Бабалардың мұрасы – баптағаның,
Даналардың сарқыты – күзеткенің.

Жыр деген – еркетотай тұңғыш бала,
Айырмас түн ұзақ па, күн қысқа ма?..
Жартысын ғұмырыңның жеген шығар…
Жүректі жарып шыққан «Шыңғыснама».

Астына жинап елді бір шатырдың,
Күңіреніп күн астынан үн шақырдың.
Барады іліп алып сарыныңды,
Ізіңе тәу ететін мың шәкіртің.

Сен барда кетпес өнер құрдымға әрі,
Шөліңді қандырады жырдың нәрі.
Жантақпен жүрек жалғап келе жатқан,
Саф алтын арқалаған Сырдың нары!

ҚҰДАЙБЕРДІ МЫРЗАБЕКОВ ЕЛУДЕ…
Құдашым, Құдаш інім – Құдайберді,
Мен саған теңгермеймін былайғы елді.
Серіні сертке берік сен деп білем,
Буынып шыға келсең қынай белді.

Басыңнан жылдар зулап өткенімен,
Мен сені әлі жас қой деп келіп ем.
Атыңды бауырлатып талай өттің,
Қара өлең дариясының өткелінен.

Жаныңды жарқылдатсаң жырға жайып,
Тағатым талай менің тұрды азайып.
Аузыңнан ақық сөздер ақтарылса,
Болушы ем түс көргендей бір ғажайып.

Кейде сүт те аз болып, көп көмірің,
Айтыстың бір мінбедің көк темірін.
Көмбеге қара үзіп келе ме деп,
Қысумен тақымымды өтті өмірім.

Көмбеге Құлагер боп жетпегендер,
Бәрің де бүгін маған өкпелеңдер.
Кермеде тыпыршыған тұлпар құсап,
Жүлдесіз кетті қанша текті өлеңдер.
Жаратқан, жақсыларды жат қылмашы,
Шайырға анық екі шақ тумасы.
Сыймадың қалыбына бұл заманның,
Ноқтаға сыймағандай аттың басы.

Айтыстың таптым деп ем бел баласын,
Өзің де талайларға енді ағасың.
Оңайға иілмейтін өр басымды,
Иілткен талантыңмен сен ғанасың!

Жақындау жүрмесең де өте маған,
Мен сені деген жоқпын бөтен адам.
Киесі Көкшетаудың сен деп білем,
Батасын беріп кеткен Көкен ағаң.

Киіп ап сақ бабаның саптамасын,
Сен енді тұлпар баптап, ат бағасың.
Қазаққа қазақ болу оңай емес,
Тағдырың талантыңды таптамасын!

Елудің еңкейтпесін таянғаны,
Сан бұлбұл паналайды саяңды әлі.
Көкшені көтеруге жарайсыңдар –
Төлеген, өзің және Баянғали.

Сақа деп иірмейді кім асығын,
Ел сорлы – танымаса шын асылын…
Көгілдір Көкшетаудың Құдашының,
Тілеймін жығылмауын жығасының!

БАУЫРЖАНҒА
«Айбекке жазған өлеңіңіз шедевр екен»
«Дәулеткерейге жазғаныңыз да шедевр екен…»
«Жалғыз шәкіртім деп қанша айтсаңыз да,
маған да бір жыр қимадыңыз-ау»
(Бауыржан Халиолланың маған жазған смс хаттарынан )

Қатынға бір жалтақтап, кеңсеге бір,
Жүргенімде басады еңсені өмір.
Қалт-құлт еткен ағаңның қаламынан,
Қарағым-ау, күтесің сен шедевр.

Шынымен-ақ сен – менің шәкіртімсің,
Жалғастырып араны жатыр тылсым.
Құдай сүйер қылығың жоқ сенің де,
Ішіңмен де, сыртыңмен жақынсың тым.

Сен емессің сыпайы, жорға бала,
Кейде құрып қоясың торды ағаңа.
Сені ойласам, менің де дейтінім бар:
«Сорқұдыққа қондым-ау сорға бола».

Көздеріңнің ұнайды оты маған,
Отсыз сөніп қалмай ма ақын адам.
Сен айтысқа шыққанда уайымдаймын,
Кетсе екен деп аман-сау сахнадан.

Сен де қырсық, Бауыржан, мен де қырсық,
Мені жөнге салады жеңгең ұрсып.
Артық кеткен жерлерім еске түссе,
Дөңбекшимін төсекте енді ыңырсып.

Өгіз өлді демейсің, арба сынды,
Өрге сүйреп жүресің өр басыңды.
Сен айтыста ойнайсың ажалменен,
Бүркітпенен ойнаған қарға сынды.

Бауыржан көп, әлі де жоқ ұшығы,
Солар жақтан жетеді соғыс үні.
Ибрагимов, Жақыпов, Омаров, сен –
Бәрің бір-бір секілді Момышұлы.
Табаннан су өткенмен, бауырдан сыз,
Ешкім бізге дей қоймас, тәуір жансыз.
Бауыржансыз оңайлау болғанымен,
Өмір мәнсіз секілді Бауыржансыз!

Мені ұстаз тұтасың. Рақмет!
Ұстазды да таңдайды бір-ақ рет.
Саған ұстаз болу да – бір қиямет,
Маған шәкірт болу да – бір ақырет!

Ершат
Қайболдинді
айтысқа шақыру

Ершат інім!
Төбеңе шабытыңның кер шатырын.
Тербетіп Нұрпейістің аруағын,
Ала кел ақын бабаң берсе ақылын.

Әйтеуір өлең әкел астанаға,
Сөз әкел айта алмайтын басқа бала.
Торғайдай шырылдаған жаныңды әкел,
Тасыған мейманасы тас қалаға.

Сусаған сағыныштан кім арылған,
Шығайын иіскелеп құмарымнан.
Есіме Есенбайды түсіретін –
Бір жұтым жұпар әкел Шұбарыңнан.

Қонатын кез болмай ма өренге бақ,
Қарағым, күмілжімей төмен қарап…
Өтежан ауылының отын әкел,
Бір шумақ былдырлаған өлеңге орап.

Ақ перзент ақыны едің Ақтөбенің,
Әлдилеп жыр-ананың бақ бөбегін.
Босатып бесігінен қол-аяғын,
Айтып кел Қуандықтың жатқа өлеңін.

Алматы дуылдасын, дүркіресін,
Ақ жаңбыр өлең болып сіркіресін.
Көшені сыпыратын Камаздары,
Абайдың даңғылынан жыр күресін.

Күдіктің көк тұманы түрілер шақ,
Туады тұлпарға да мінілер сәт.
Алаңдап жүрмін күнде әуежайға,
Аңқылдап кеп қалар деп інім Ершат!

БІЛДАШЕВ ҚАЛИЖАНҒА БАТА
Қатарыңнан асқанға сал иығын,
Болдым-толдым дей көрме, Қали інім.
Киелі қарт Қаратау көрген талай,
Ақынның мұзбалағын, ақиығын.
Созақтың сөз ұғатын жұрты түгіл,
Болған жоқ сені толық танып үйің.
Илейтін шегіренді шебер қолдан,
Қайыс боп жаңа шықтың қанып иің.
Айтыстың ат арытар жолдарында,
Алдыңнан асу шығар әлі қиын.
Алпамыстың азулы тұқымысың,
Түгендеп текті сөздің тап иінін.
Алдыңнан әзір сенің шығармасын,
Арқалықтың аждаhа Қалиевін!

ШҰҒАЙЫП СЕЗІМХАНҒА
Ақынсың, албырт Шұғайып балам,
Берілмей жүр ме лайық бағаң?!
Жүлдесіз қалсаң жыр додаларында,
Мен сенен әрмен мұңайып қалам.

Ұстазың еді Бекарыс ағаң,
Ұмытқан шығар жері алыс адам.
Бірге туысқан Ақсақаловынан,
Бермеді-ау баға жоғары саған.

Отыңды үрлеп тұтатпай ма аға,
Кіргізіп едім кітап-қоймаға.
Торғай боп мені паналап кеп ең,
Саям барында бұтақтай ғана.

Сен қосылмаған жарыстар қалды ма?..
Тілеулес жанмын алыстан бағыңа.
Қожа Ахметім сен боласың-ау –
Айнала алсам Арыстан бабаңа.

Түйенің ұзақ толғағы сынды,
Ұғарсың осы толғанысымды.
Өліп қалмасам, Өлгейге барам –
Қондыру үшін қолға құсыңды!

АЙБЕК ҚАЛИЕВКЕ
Ақылман ақын едің бай көңілің,
Айтысты не қыламыз, Айбек інім?
Сес көрсетіп сұрланған бұл биліктің,
Көңілінен шығамыз қай бегінің?!

Серттей сөзің жеткенмен әр ауылға,
Жауығатын жандар көп жарау ұлға.
Бәйтеректің басында мерген отыр,
Әр сөзіңді ілдіріп қарауылға.

Заманақыр етпеді мұңды кімді,
Көріп жүрміз қулық пен сұмдығыңды.
Ертеңіміз не болар деп жасқанбай,
Айтып жүрсің алашқа шындығыңды.

Айтып жүрсің айтыста ғажаптарды,
Таң атуға, – дейсің сен, – аз-ақ қалды.
Құлағының түбінен мылтық атып,
Оятумен келесің қазақтарды.

Оянбайды ұйқыдан мешел қоғам,
Дарытыпты жазылмас кеселді оған.
Балтырыңды тістелеп шәуілдейді,
Ит қалды ма шайырдан өш алмаған?!

Айтысыңды жіліктеп, бұтарлаған,
Бұл қоғамда қылыш
жоқ жұқармаған.
Абылай хан сөзіне қонақ берген,
Сенен гөрі бақытты Бұқар бабаң!

Аяр заман бітіріп ақшаға бақ,
Жүректерге қанжарын жатса қадап.
Жүрегіңнің түгі бар болмаса егер,
Айтар ма едің қасқайып патшаға дат?!

Сыртымыздан қарайды ел бақылап,
Саңырауға сөзің қор, жеңді ақымақ.
Жиырма жыл тауымыз шағылмаған,
Сен де ақымақ, Айбекжан,
мен де ақымақ!

Сөз – сүйектен деуші еді,
өнер – қаннан…
Үміт үзбей жүреміз келер таңнан.
Сені арқаңнан қағармын мен өлгенше,
Қағатын жан бар ма екен
мені арқамнан!

ЕСКІ ЭЛЕГИЯ
(Дәулеткерей Кәпұлына)

Домбыраң – тағдырласың, жан серігің,
Сыйқыр бар уілінде әр шегінің,
Сен маған сарқытындай көрінесің,
Қазақта қалған ақын, сал-серінің.

Өзің де көне дыбыс, мұңлы күйсің,
Күйінсең, көкірегің шын күйінсін.
Тынысың ашыла ма – жұтқаныңда,
Жылқының жалындағы күннің иісін?

Серінің көңілінің бәрі осалдан,
Қаяу көп жүрегіне жара салған.
Қамығып қараша үйде есейдің бе,
Қасірет күйін тыңдап қара шалдан?

Сол ғой, сол – сендегі шер, мендегі шер,
Жолықпай жан жарасын емдегіш ер.
Жүреміз жалғыз-жарым саяқ құсап,
Жарымес болмаған соң демге пісер.

Жүр дейсің дертке сендей ұшырап кім,
Қырға шық, қамау терін түсір аттың.
Қағаз шай, ащы насыбай табылмаса,
Қымызын құнығып іш қысырақтың!

Сонан соң ер-тұрманын сайла атыңның,
Қалмаған алтын басы қайда ақынның?..
Сүңгіп кет туған жердің қойнауына,
Төсегінен тұрсаң да қай қатынның!

Киіп ап түлкі тұмақ, саптама етік,
Қасқыр қағып қайтуға тоқтам етіп.
Қарагердің белінде қайқая шап,
Жар демей, жыра демей таптап өтіп.

Құла дүз, қу даладан құбыла тап,
Алмаған кісідей боп ғұмыры атақ,
Қарайып көкжиекке сіңген қандай,
Жалғызға жалғыздық та шын рақат!
…Биіктен сорғалаған мұзбалағым,
Тағдырлас тағысы едік біз даланың.
Сарқыты серілердің деп мен сені,
Қаланың шуылынан қызғанамын!

Нансаң да, шыным осы, нанбасаң да,
Саяқ қой сертке туған жан қашанда.
Баяғы бабалардың елесіндей,
Төбеңді көрсетіп жүр анда-санда.

АРМАНДЫ АЗҒЫРУ

Шығып жатса сөкпеңіз өктем үнім,
Көрешекті көруде көптен інің.
Ұлытауға оралған сіз сияқты
Көкшетауға мен де, аға, өкпелімін.
Көңілімнің келмей тұр күйі неге,
Бостан-босқа бұл інің күйіне ме?..
Біржан салды байлаған кендір арқан
Мазалайды түсімде жиі неге?..
Әлде бір күн мойныма киіле ме?

Сіз қалдырған жалғанам ізге қалай,
Ашық күнде адастым түзде талай.
Тағдырымды тәңірге тапсырып ем,
Құдай мені жолдады сізге қарай.
Енді, аға, жүр дейсіз бізге қалай?
(Арман Бердалиннің
маған жазған смс хатынан)

Ей, Арман, немересі Бердалының,
Білдің бе баянсызын ер бағының?..
Арқырап аламанда жүруші едің,
Басылып қалғандай ма енді арының…

Басыңды тауға да ұрып, тасқа да ұрып,
Сен іздеп жүруші едің басқа ғұрып.
Кісінің басына бұлт айналғанда,
Қалады басқа түгіл дос та құрып.

Біледі есер шақта кім шамасын?
Аға деп енді маған мұң шағасың.
Қарағым, көрешектің бәрі алдыңда –
Жасисың, жұқарасың, жұмсарасың.

Сақасын қазақ біткен теріс атып,
Білмейді жүргендерін нені шатып.
Көзіміз көп нәрсеге жеткен біздің,
Жүргенде айтыскерлер мені сатып.

Ей,Арман, немересі Бердалының,
Себебі арақ деп ең сен бәрінің.
Қазақтың жауы жалғыз арақ емес,
Жазғырып не қыласың ер қаруын.

Сенімен тұрғаным жоқ керіскелі,
Ісімнің толып жатыр терістері.
Періштені ұмытып, сайтанға ерем,
Шемен боп қалған кезде шер іштегі.

Ей, Арман, немересі Бердалының,
Айтайын базынаның енді ауырын:
Іштегі қыжылдарды басу үшін,
Толғап-толғап тартайық,
кел, бауырым!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір