Қызылжардағы өнер жәрмеңкесі
19.07.2024
192
0

Қызылжарда кешегі Орынбай, Ақан сері, Үкілі Ыбырайлардан басталған өнер көші әсте үзілген емес. Керісінше заманына сай жаңа сипат тауып, осы уақытқа дейін жалғасып жатыр. Солтүстік өңір мәдениет пен өнер майталмандары тұрақты бас қосатын рухани орталыққа айналып келеді. Соңғы бірнеше жылда дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан ауқымды шаралар осының дәлелі.

Қандай да бір мереке яки қуаныш болса, Қызылжар тұрғындарының орталық алаңға ағылатын әдеті. Өткен демалыста да мұнда жиылған ағайынның қарасы қалың болды. Оған себеп, осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған «Qyzyljar music fest» халықаралық музыка фестивалі. Өнерсүйер жұртшылық күннің ыстығына қарамастан әртістерге қолдау көрсетіп, бірнеше сағатқа созылған концертті тамашалады. Фестиваль шымылдығы өңірдің би ұжымдары дайындаған концертпен ашылды. Жергілікті «Мәңгілік», «Туған жер», «Әдемі-ау», «Қуанамын», «Diamond» би ұжымдарының мың бұралған бишілері түрлі жанрда 35 би биледі. Олардың репертуарында ұлттық болмысымызды танытар туындылардан бастап заманауи өнердің соңғы үлгілеріне дейін бар. Аталған концертте өнер көрсеткендердің ішінде «Sensinive» би театрына деген көрерменнің ықыласы ерекше болды. Есту кемістігі бар жандардың музыканы құлағымен емес, жан-жүрегімен сезініп, сонысын дене қимылдары арқылы көрсетуі талай жанның таңданысын туғызып келеді. Аталған өнер ұжымы бүгінге дейін бірнеше мемлекеттегі халықаралық байқауларда топ жарып, ел намысын биіктен желбіретіп жүр.
– Осындай фестивальдің қатысушысы болғанымызға қуанамыз. Осынша өнерпаз қатысатын шарада сахнаға шығу да жүректі толқытады. Көрермен бізді үнемі қолдап, қошеметіне бөлеп келеді. Жұртшылықты өз биіміздің әсеріне бөлегіміз келеді. Барша қызылжарлықтарды осынау өнер фестивалінің ашылуымен құттықтаймын, – дейді «Sensinive» би театрының әртісі Айнұр Сайынова.
Фестиваль аясында классикалық музыка кеші де өтті. Қоңыр кеште орталық алаңға жиналғандар ашық аспан астында бірнеше сағат үздік классикалық туындыларды тыңдады. Бұл күні қызылжарлықтар үшін отандық және шетелдік сахна майталмандары өнер көрсетті.
Қызылжарлық Ақан сері атындағы облыстық филармонияның симфониялық оркестрі мен елордадан келген Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның симфониялық оркестрі тыңдарманға әлемдік музыканың алтын қорындағы әуендерді тарту етті. Өнер ұжымдарына сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин дирижерлік етті.
– Біз 45 минутқа созылған өте кұрделі туындыны ойнадық. Римдік-Корсаковтың «Шахерезада» симфониялық поэмасын көрермен жылы қабылдады. Туынды орындалғанда жұртшылық тына қалып, соңына дейін тыңдады. Олар симфонияны терең қабылдады деп ойлаймын. Классикалық музыка тек филармония залдарында ғана емес таза ауадағы осындай кештерде де орындалып жатқаны қуантады. Осылайша, өнерді биік, бәріне қолжетімді етеміз. Бұл тәжірибені әрі қарай да жалғастыру керек деп санаймын, – дейді дирижер.
Расында да бұл фестивальде классикалық музыкаға басымдық беріліп отырғаны – құптарлық іс. Ұйымдастырушылардың аудитория жинау үшін жастардың аузында жүрген ортаңқол әншілерді шақырмай, текті өнерді төрге оздырып, талғамы биік тыңдарманның талабына құлақ асқаны орынды. Сол кеште Қызылжар аспанында әуелеген классикалық музыка жұртшылыққа ерекше әсер сыйлап, жанын байытып кеткені анық. Әйтпесе, көңіл көтеріп, бір-сәттік ойын-қызық үшін өтетін шаралар да көп қой.
Көп ұзамай сахнаға жиналғандар асыға күткен жұлдыздар аргентиналық белгілі опера әншісі Иван Сперанц пен италиялық Давид Пиаджо шықты. Шетелдік меймандардың лирикалық туындылары кештің сәнін кіргізіп, көрерменнің қошеметіне ие болды. Опера әншілері де Солтүстік Қазақстаннан алған әсерлері ерекше екенін жасырмады.
– Мұндағы жұрттың энергиясы мені шабыттандырды. Керемет адамдарды көріп риза болдым. Осында келгеніме қуаныштымын. Бұл жерден ерекше атмосфера сезіледі. Жергілікті өнерпаздардың жоғары шеберлігін де атап өтер едім, – дейді италиялық Давид Пиаджо.
Шетелдік әншінің қызылжарлық өнер иелеріне жоғары баға беруіне де негіз бар. Солтүстікқазақстандық дарын иелері соңғы бірнеше жылда қазақстандық сахналарды былай қойғандай, алыс-жақын шет елдерде қазақ өнерін танытып жүр. Фестиваль аясында облыстық филармония әншілері де көрерменнің сүйікті туындыларын шырқады.
Осылайша, өнерсүйер ағайын асыға күткен «Qyzyljar music fest» фестивалі де өз мәресіне жетті. Өнер жәрмеңкесі былтырғыдай бірнеше күнге ұласып, әр жанрды қамтымаса да, бұл күннің тұрғындардың есінде қаларлықтай әсерлі болғаны анық.
Осы ретте фестивальдің қала күніне орайлас өткізілгенін де айта өткен жөн. Бұл күні облыс орталығында өзге де шаралар ұйымдастырылып, жұртшылық гала-концертті тамашалады. Орталық көшенің бойында түрлі көрме, ойындар өтті. «Qyzyljar» арт орталығына жиналғандар қала туралы өз өлеңдерін оқып, суретшілер туындыларын таныстырды. Қолөнер шеберлері кішігірім жәрмеңкеде бас қосты.
Шаһар шағын аудандарында да концерттер қойылып, тұрғындар мерекені атап өтті. Бұл ретте «Бірлік» шағын ауданындағы мерекелік шараның өтуі ерекше болды. Толықтай жаңадан салынып жатқан қала ауданындағы үйлерге тұрғындардың қоныстана бастағанына бір айдай ғана. Қала шетіндегі бос аумаққа аз ғана уақытта салынған үйлерге су тасқыны салдарынан баспанасынан айырылған отбасылар қоныстанған. Бүгінге дейін 200 үйдің кілті табысталған. Тағы 500 үйдің құрылысы күзге дейін аяқталады деп жоспарланған. Осылайша, жаңа шағын ауданда алғаш рет мерекелік шара өтіп, үйлі болған тұрғындар қала күнін тойлады.

Диас АЯҒАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір