ӘР ОБРАЗЫН СҮЙЕКТЕН СУЫРЫП, ЖҮРЕККЕ ЖЕТКІЗГЕН ТАЛАНТ
25.04.2024
715
6

Мұхтар Әуезов. Ойқұдық. Тұрағұлқызы Ақлиманың үйлену тойы (1917 жыл) Тарих. Уақыт. Өнер. Найзағай тік тұрған терекке түсер. Өнер де – сол. Талант қашанда өз ортасында қауіпті. Талант иесі кетсе, өнер де өшер.

Сандыққа жасырынып, «суфлер» болып, өзі жазып өзі қойған «Еңлік-Кебек» қойылымының алғашқы ошағы – Алаш мекені, қарт Семей. Өнер сүтінің дәмі қаспағынан қайнап, қаймағынан тұнған тарихи отан – Жидебай. Театр кәсіби жолында Ғалиақпар Төребаев басқарған «Ес-аймақ» үйірмесінде (1920 жыл) атан дауысты Нұритдин Атаханов, Алаш ардагері Мұқтызар Титақов, театр тарландары Хасен Байырманов, Сләмбек Қыдыралин, Гүлсім Абдрахманова, Халекет Ешмұратов, Мұқатай Бұланов, Рабиға Есімжанова, Орынбек Беков, Ибади Құлатов, Ырысбек Жәкенов, Тұратай Иісова, Мақсұт Бақтияров, Байділдә Қалтаев, т.с.с өнерлі жандардың театр жолында өшпес ізі қалған киелі отау… Одан кейінгі өнердің ірілері Күләш Сакиева, Әбілқасым Жаңбырбаев, Бекен Имаханов, Шәйзат Бахтинова, Сапарбек Әшімбаев, Жұмабек Құнанбаев, Күләш Әбілдина, тағы басқа өнер иелері өсіп-өнген қарашаңырақ… Театрдың ең алғашқы кәсіби білімі мен өнерін өсірген, жоғары білімді, нағыз қас шебер, педагог режиссер Бәйтен Уәлиханұлы еді (1954-1971 жылдар аралығында басшылық еткен). Республикадағы ең басты театрдың біріне айналып, творчестволық өрісінің іріленген кезеңі де – осы кез. Сайдың тасындай әрқайсысы бір-бір дара тұлға «ҚР халық артистерінің» сахна өнерінде дараланған шағы да – осы уақыт. Әр өнер иесінің өмірі – өз алдына бір тарих. Уақыт көшінен кеш қалып, еңбектері еленбегендері қаншама? Бұл да – өнердің өзгермес өз көлеңкесі.
2004-жылдары қазақ өнерінің көшін бастаған Абай атындағы Семей театрына Бас режиссер боп тағайындалып аз да болса қызмет атқардық. Заманның ауыр шағында театрдың 70 жылдық мерейлі тойын да өткіздік. Той төрінде қонақ болған Бекен Жылысбаев, Бәйтен Омаров, Абылай Түгелбаев, Шапай Зұлқашевтар – өткен тарих, тірі куә (Бүгінде бәрі марқұм). Одан кейінгі келген 80 жылдықтың (2014) ескерусіз өткенін де естідік. Талай жылдан бергі Екейбай Қашағанов ағамыздың Қазақ театрына арнайы салған өз құтты мекеніне толық иелік ете алмауы да – бір өкініш. Мұндай жағдайлар – Абай атындағы Семей елі мен өнеріне, ел алдында ұяттау іс. Биылғы 90 жылдық тойға орай, «Актер» хақында айтылар естелік сөз, ой-пікір осы бағытта. Өнер иесі – Актер.
Өз көңілімде қызметтес болып, ерекше әсер еткен нағыз талант ҚР халық артисі – Әбілқасым (Аркаша) Жаңбырбаев. Сол заманнан ой қозғасақ, Мұхаңның «Қаракөзін» осы Семей театрында Тұратай Иісовадан артық ойнаған актриса жоқ. Бұл қойылымды көздері көрген Бағыбек Құндақбаев, Қапан, Шақан ағалар мен Сәбира, Хабиба апаларымның аузынан талай естіп өстік. Сол шамада, 70-жылдары Алматыда қойылған «Қаракөзде» Зәмзәгүл Досанова апамыздың да ойынын сан мәрте көрсек те жалыққан емеспіз. Біз көрген өнердегі шеберліктің бір шыңы – осы Зәмзәгүл апамыз ойнаған бейнедей. Бейне «образ» тұрғысынан қарағанда, Тұратай Иісованың орны «Қаракөз» образында әлдеқайда биік болғаны кәсіби өнерге аян. Өнердің ескірмес өз шындығы, өз тарихы осылай өскен. Өнер ұғымында, талант күш алар жер, сайыс-бәсеке – сахнада. Есе жібермес еңбектің есесі де – талант күшінде. Өнер заңы, өмір жолы осылай.
Ендігі бір дәлел – Әзекеңнің (Мәмбетов) Әуезов театрының сахнасына «Ленин» ролін ойнауға Семей театрынан Жаңбырбаевты арнайы алдыртып қоюы. Кезінде күн «көсемді» ойнаған актер жерде қалмайтын. Атақ-лауреатың, үй мәселесі толықтай шешілетін ерекше құдіретті заманның дүрілдеген дәуірі. Мәскеудегі Вахтангов театрының актеры В.Лановой жарықтық, экран сыртында Лениннің «текст-сөзін» оқығаны үшін ғана «Лениндік» сыйлықтың иесі болды. Тек үні үшін. Ертеректе «Ленин» бейнесін Елубай Өмірзақов ағамыз да кемеліне келтіре ойнаған. Осындай, қолға түсе бермейтін «Ленин» бейнесін келістіре ойнағанның бірі – Жаңбырбаев та (1970 жыл). «ҚР халық артисі» атанды. Бұл үрдіс бертінде Қарағанды театрында да қайталанды. Мәселе атақта емес, актер талантына деген ерекше құрметтің дәлелі. Талант сыйы.
Одан өзге, Әзекеңнің Әбекеңе деген адами әрі режиссерлік көңілінің бір белгісі (арнайы), «президенттік» сыйлықты өмірінің соңғы шағына дейін үзбей бергізіп, өзі түсірген «Қан мен тер», «Жаушы» фильмдерінің басты рольдеріне түсіргені. Экранға шықты, көзге түсті. Соның жалғасы Қырғыз-фильмде «Толқын жағалауда өледі» фильмі боп тарихқа енді. Өткен еңбектің жемісі келер ұрпаққа осылай жетті. Басты баға – режиссер Мәмбетовтің актерға деген сүйіспеншілік құрметінің дәлелі. Өкініші, өзі ерекше іштей құрмет тұтқан Әбілқасым Жаңбырбаев, Кененбай Қожабековқа СССР-дың «Халық артисі» атағын алып бере алмағаны ғана. Одан да ауыр өкініші болса, бір театрда бірге жүріп, қызмет атқара алмағаны болар. Талас-тартыс. Кер уақыт… Осы жайды Әзекеңнен сұрағанымда: «Таких актеров, как Жанбырбаев и Кожабеков нет», – деп, ойына оралған келеңсіздеу көріністің бірі есіне түскендей боп, бір күрсінді де қойды. Әлде өзі, болмаса біреудің бір себебі болды ма, кім білген. Жалпы, Әзекең әңгіме айтуға өте шорқақ. Бірдеңе білгің кеп сұрасаң, бар айтары: «А, что ты хотел? Ушло время и нет. Все на этом» Болды осымен. Не айтары болса да ішінде. Әрине, қашанда мұндай өткен өкініштің салдары, айтқаннан гөрі еске түскені қиын. Өтті заман, кетті солай.
Сөйткен Жаңбырбаев Мәмбетовтің өзі шақырып тұрғанда Әуезов театрында неге қалмады? Өз айтуы: «Театрдың ішкі бықсығы мен артық-кем сөздерін көтере алмадым. Оның бер жағында, орын теуіп өскен Семейімді де қимадым. Барым – осы», – деп шорт қайырды да қойды. Жаңбырбаев Әуезов театрында қалғанда, талайлардың құрғақ жеген талқаны ас болмас еді. Бұл – шындық. Өнер жолы – біреуге сор, біреуге бақыт. Соры мен жоғы – «талантқа» сый, «бақыты» – қашанда ортақол «талантсымақтардың» жемісі.
Жалпы, Әбекең де – өз табиғатында өсек-аяң, артық айтылар ғайбат сөзге жоқ адам еді. Не десе де айтары ішінде жүретін адалдығымен бірге, көбіне-көп томаға-тұйық үнсіздіктің кейпінде жүретін мінезі бөлек жан. Өнер адамына әркез бұйыра бермейтін, адами тазалық кісілік келбетінен бір айнымай өтті. Кейде жаман әңгіменің шеті шыға бастаса, қабағы тыржиып: «Қолмен ұстап, көзбен көргендей болмай жайларыңа отырыңдар, оттамай», – деп бір-ақ қайыратын адал мінезінен әсте таймады. Өнерден өткен талай таланттардың тағдырына тірі куә Әбекеңнің өткен өмірден сыр шертуі де бір жосық. Кейде көше аралап, Семейдің мен көріп білмейтін жерлерін аралататыны бар. Сонда: «Мынау – ежелгі «Татарский край». Мына үйде мен, ана қарсы үйде Бекен Жамақаев тұрды. Бекенғалиды театрға әкеп әнші-актерлық жолға салдым. Қазақтың «Вальс королі» атанған Бекен сол кезде-ақ ән шығарып жүретін. Ана көшеде Болат Сыбанов тұрған», – деп, бала кезден көріп өскен көшелеріне саяхат жасатады. «Нұрғиса Тілендиев тартатын әйгілі «Баламиска» күйіне себепкер болған татардың баласы Мишка менің серігім болды. Екеуіміз гармондатып билеп, талай той-жиынның көркі де болдық», – деп бір қояды. Әбекеңнің, құдай бойына берген бір асыл өнері – осы «двух-рядка» гармоны. Татаршалап бастап, орысша қазақшаға басып әндеткенде, өнердің нағыз тірі пірі. Тек бастап берсең болды, сөзге келместен қас жүйріктей жосылтады. Шабыт. Өнеге. Ел ішінен жаралған нағыз талант. Мойындайсың. Мойындатады.
Кейде аптасына бір Абай музейінің шырақшысы, білгір ғалым Төкен Ибрагимов бастап, композитор Теміржан Базарбаев және Абай елінің соңғы бір тұяғы Бекен Исабаев, Әбекең боп бас қосып өткен-кеткенді «шәйлетіп» не бір әңгіменің түбін түсіреміз. Айтатын айтқыштар – Төкен, Бекен ағалар да, көбіне тыңдаушы – Теміржан, Әбілқасым ағаларым және мен. Теміржан көкемнің жоқтауы (көбіне) таза «кәсіби» өнердің айналасы ғана. Өтірік-өсек, құрғақ сөзге мүлде жоқ. Соның көбін қағазға түсірмегеннің зардабы, міне, енді туды. Дегенмен еміс-еміс есте қалғандары біртіндеп ойға оралып, жайлап жазылуда.
Осындай күннің бірінде Төкен ағам: «Сен, ана Жаңбырбаев тірі тұрғанда Шекспирдің «Король Лирін» сахнала. Жасы, тағдыры дөп келіп тұр. Бала-шағасының түрі анау. Олар енді оралмас. Оның үстіне, жары да о дүниелік болды. Ең бастысы, Жаңбырбаев емес, қазіргі мына Қазақстанның қайғысы, қоғам көрінісі. Шекспир жазған «Король Лир» пьесасы бүгінгі Назарбаев билігі мен соның өз өмір уақытына дәл кеп тұр. Соны ескер», – деді. Бұл ой өз басымда болса да алдында Иранбектің «Керкеткен» дүниесімен аузым күйген басым бірден жауабын бермей: «Ойланайын», – деп құтылдым. Содан, еш жанға білдірмей Әбекең екеуіміз «Король Лирге» астыртын дайындықты бастадық. Саясат­тан хабары жоқ Жаңбырбаев сөзге келместен келісті. Шатағы көп Семейдің бір пәлесіне ұрынбайын деген ниетпен: «Тек, тісіңізден шықпасын», – деп өзара ауызша шартқа отырып, пьесаны қолға алдық. Бастама жаман емес. Күндіз – театр, түнде – репетиция.
«Король Лир» нұсқасы (1135 жыл) – Джеффри Монмуттың авторлығымен жазылған аңыздан бастау алып, Шекспир пьесасы «Король Лир» қойылымымен әлемге танылып, кинорежиссер Козинцевтің экрандауында классиканың нағыз үлгісін танытқан асыл дүние. Музыкасын арнайы жазған – ұлы композитор Д.Шостакович, басты рөлде – әйгілі Ю.Ярвет. Кейін қазақша үнін (дубляж) жасаған – өнер жолын Семей елінде бастаған қазақтың біртуар актеры Байділдә Қалтаев. Сол Бәкеңнің қоңыр үнін көзіңді жұм да тыңдай бер… Қазақ даласында домбыра күй өнерінің қоңыр үніндей боп туған үні – дала желінің самалындай. Ерекше дауыс. Қалтаев – домбыра. Дәл осындай үн, қазақ сахнасында осы күнге шейін әлі бір туған емес. Табиғи үн, дара талант. Ішкі жан дүниесінің болмысы мен жаратылысы тіптен бөлек актер. Бойына біткен өнерін тек сахнадан көр, дауысын залдан тыңда. Лановойдан үні асып түспесе, кем түспейтін Бәкең осындай. Бір айыбы – айтып, жазар жоқтаушысы жоқ. Тәуба дейтініміз көбіне «дубляж» өнерінде артына ерген інісі Мұхтар Бақтыкереевтің ерекше «қоңыр» үні ғана. Бұл жерде Бәкеңді «Король Лирге» сабақтас болғаннан жазып келтіріп отырмыз. Жалпы, Семей – ерекше таланттарды тудырған топырақ. Соның бірі – Әнуарбек Байжанбаев. Сөз реті келгеннен осы ағаларымызды ауызға алып отырмыз.
Бір-екі айдай уақыт өткенде: «Сөзі көп, жаттауға шама жоқ, менен шықпас», – деп Әбекең отыр. Сонда да болса, ара-арасында дайындықты үзбедік. Бір күні ертерек келсем, басын ұстап: «Мен шынында қартайыппын. Әлде өнерімнің соңы ма? – деп өз басын өзі тоқпақтап, ал кеп балаша жылап, – Мына жаста құлаш-құлаш сөз жаттау да оңай емес, бекерге мені қинама», – деп қатты қиналсын. Содан қулыққа басып: «Онда, Әбеке, былай істейік. Еріккен патша не істемейді, оның шет жағасын өзіңіз де көріп жүрсіз. Бүгінгі Қазақстан – тура «Король Лирдің» заманы. Сіз тақта отырып, ойыңызға не келсе, соны істеңіз. Керекті, ұтымды сөздеріңізді қасыңыздағы Шут (Сайқымазақ) айтсын. Ең бастысы, рөл иесін тапса, сөз жүйесіне келеді», – дегеніме көнгендей болып, артынан: «Сен мені мүлде мазаққа айналдырайын дедің бе?» – деп ролі жазылған қағазды қақ айырып, лақтырып кете барды. Апта өтті, келмеді. Өнер деп туып, өз сахнасында өскен жан қайда барсын. Оралды. Татуластық. Ойландық та қайта жолға түстік.
Әттең, сол кезде Әбекеңнің жасы 50-дің үстінде болғанда, қазақ сахнасында «Лир» бейнесінің қайталанбас сом бейнесі сұрыпталатыны сөзсіз еді. Патшаға сай қайсар мінез, шат қимыл, биік менмендіктің бар тынысы бір бойына толық біткен Жаңбырбаевтың қайталанбас «дара образы» болары сөзсіз еді. Бүгін, міне, ойналмаған бейне, қойылмаған дүниенің ащы дәмі еске оралған сайын, күйік дәмнің күйініші жыл өткен сайын сағынышқа айналды. Қай аяқтың қалай қажалғаны иесіне мәлім. Патша ойын, мазақ өмір…
Дайындығымыз не әрі емес, не бері емес итырқы болып жүргенімізде, «Король Лирдің» әңгімесі театр «тыңшылары» арқылы әкімге де жеткен. Билікпен менің арам о бастан жаман. Оған себеп, осының алдында Семейге Дариға Назарбаева келіп «Асар» партиясын құрарда, «Театрдың бар қызметкерін «Асарға» енгіз», – деген жарлыққа: «Ол – әркімнің өз шаруасы», – деп қарсы шыққаным бар.
Анекдотқа бергісіз талай қызық басталып, Жаңбырбаев рөлсіз, мен қойылымсыз қалдым. Түбімізге жеткен – «Король Лир». Авторы – баяғыда сүйегі қурап қалған Шекспир. Жыласаң да, күлсең де – осы.
Семейдегі аз жылғы қызметімде (2000-2005 жылдар) Мұхаңның «Қаракөзінде» Күләш Сәкиева апам Мөржанды, Әбекең Жабайды ойнағаны ғана – көңілге медеу. Осы «Қаракөз» қойылымына Төкен Ибрагимовтің: «Әй, Ерсайын. Мен талайды көргем. Сенің осы дүниеңді, әттең, Мұхаң тірі боп көргенде, орнынан тұрып қолыңды алар еді», – деп пікір білдіруі өнердің әділ бағасындай әсер етті. Бұл қойы­лымның сол кезде көп көрерменнің көзайымына айналғаны да – шындық. Ал көре алмайтындардың көкіме сөзі мен әр жерден үрген иттердің де ішіне қан кеткені және рас. Дүниенің бір азабы – өз уақытыңнан кешіккенің. Әсіресе өнерде. Көресің. Көресің де көнесің. Өмір – сахна, сахна – өмір. Ойын. Ойынпаздар. Маскарад.
Әбекең дүниеден өткенше, оның талант күші мен дауысы тыңдаушы көрерменнің құлағында төске ұрған ауыр сапты балғаның үніндей қалды. Дауыс-металл. Жойқын үнімен бірге «актерлік» іріліктің кісілік кейпінде биікте өтті. Тұлға өң, келбет-бет, бет әжімі, қасқыр мінезіне сай өткір жанары, сонау түркі ерлеріндей көзінен от шашқан нағыз дала қасқыры. Қасқыр болған да – Көкжал.
Әбекең – бөлек. Табиғи болмысында жаратылысы басқа, ерек талант. Қолға тиген аспаптың құлағында ойнап, қазақша, татарша әніңді шырқатқанда өнер құдіреті өмірден қайта туғандай күй кешетіні де ғажап. Жапон боп туғанда Куросаваның сүйікті белді актерінің бірі болар ма еді. Әр рольдің бейне-келбетінде (тұлға кейіпте) сахнаға шыққанда зор үні саңқылдап, табиғатынан біткен шымыр орта бойы, қай тұстан шықса да көрерменнің көзіне оттай басылатыны – нағыз қас талантының өлмес белгісіндей. Тау мұзбалағындай шаңқылдап, күндей күркірегенде «өлі» рольдің аруағын оятар күші мен қимылы – «мен» талантпын дегендерге де бұйырмаған сый. Сахна талабы – зор дауыс, ерекше үн.
Дауыс- үнің болмаса, сахнадан кеткенің жөн. Бұл – театр талабы. Әбекеңнің өнер тәжірибесінде шыңдалғаны сондай, әр айтқан сөзін сүйектен суырып, жүрекке жеткізуі де – бір ғажап. Театр өнерінің «жанры» – драма, трагедия, комедияның қайсысына салсаң да, алып түсер, шауып түсер ұрымтал кесектігі өз алдына. Өнердің балалық қуанышынан даналық табысына дейін талмай еңбек етіп, роль таңдамастан, әр ойнағаны – ойлы, санаға сіңімді (бейне-образ) сапасында өсті, жетті, жетілді.
Құдайдың қағуымен ашаршылық жылдарында жеті баладан тірі қалған «жалғыз» тірінің келер өмірі осылай өтті. Қазақ өнерінде Жаңбырбаев екеу емес – біреу. Жалғыз…
Өмірден өткен, біз көрген, нағыз көкжал, өнер арланы – Аркаша (1927-2012) Ол – актер Жаңбырбаев Жақсылықұлы… Көзден кетсе де көңілде қалған, тума талант, нағыз көкжал.

Ерсайын ТӨЛЕУБАЙ,
режиссер- драматург,
ҚР Халық артисі

 

ПІКІРЛЕР6
Қонақ 26.04.2024 | 14:42

Өте жақсы табыс жеңіс тілеймін. Жақсы естелік және мағлұмат.

Қонақ 26.04.2024 | 15:26

Бәрекелді Ерекше еске алған өткен өмірден хабар бүгінгі көрмеген жастарға сабақ

Қонақ 26.04.2024 | 15:32

Ерсайын, жарайсың! Мен де Жаңбырбаевтың ролін көріп қалған адаммын. Актердің тағдырын жақсы көрсетіпсің! Мықты! Тірі тарихсың ғой, жаза бер!

Қонақ 26.04.2024 | 18:24

Студент шақтарда театрдан шықпайтынбыз. Ол кездері театрға барудың сән-салтанаты болушы еді. Әртістерге ғашықпыз, театрға ғашықпыз, өнерге ғашықпыз. Мақаланы оқып отырғанда, сол тәтті шақтар еріксіз еске түседі екен… Авторға рақмет! Жылы естелік екен. Көкжал… Керемет дәл теңеу!

Қонақ 27.04.2024 | 01:44

Ер ака естелик тамаша жазылган мен
Жанбырбаев аганы кормесем де коп естуши едим мыкты Актёр деп енди
Ол Актерга гашык боп калдым.
Жаны жаннатта болсын. Сизге ракмет.

Қонақ 30.04.2024 | 14:52

Ереке көрмеген жанға көргендей қылып актерді қайта тірілтіпсіз. Рахмет. Режиссер актерін, актер рөлін тапса одан артық бақыт бар ма?!👏🏻👏🏻👏🏻

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір