ӨНЕР ЖОЛЫ – ӨМІРШЕҢ
Осыдан он жыл бұрын тірлік сапары шектеліп, келместің кемесіне мініп кетсе де қазақ өнерінің тарихында айтулы ізі қалған Еркеғали Рахмадиев туралы жазбамыз келер ұрпақ үшін қажет болар деген ой қолымызға қалам алдырды.
1993 жылы даңқты композитор Мұқан Төлебаевтың 80 жылдығын туған жерінде атап өтерде сол кездегі Мәдениет министрі Еркеғали Рахмадиевтің атқарған қызметі екінің бірінің аузында жүрді. Мұқанның мұражайы тарих тылсымынан сыр шертуге мүмкіндік берді, естеліктер кітабы жарық көрді, даңқты композитордың мерейтойы Алматыдан бастау алып, туған жері Бөрлітөбеде заңды жалғасын тапты, өлмес шығармалары тағы да жұрт жадында жаңғырды. Осы шаралардың ұйытқысы болған Ер-ағаңа жұрт алғысы шексіз еді.
Арада жылдар өтті. Уақыт атты таразының адамдарды жас деп жасамыс деп бөлері хақ. Ер-ағаң да министрдің креслосын зейнеткердің жайлы төсегіне алмастырды. Сол кезде бөрлітөбеліктер перзентінің толық шығармашылық жұмысқа бет бұруын қалап, туған жерге шақырады. Қарт Балқаштың жағалауынан композитордың шығармашылық үйі ашылды. Еркеғали Рахмадиевтің шығармашылық үйінің ашылуына орай Алматыдан өнердің кіл қаймақтары келіп, аудан орталығында, көл жағасында екі күн концерт берді де осы концерттің өн-бойында композитор шығармалары орындалды. Ағамызбен сұхбаттасу, зерде баспалдақтары арқылы өткенге үңілу ойымыз осы жылдары жүзеге асты. Қоғамда із тастаған жеке адамның көпке белгісіз кейбір кезеңдері туралы кейіпкердің өзі айтқаны тиімді болар деп үнтаспаға түскен Ер-ағаң естелігін ықшамдап, ұсынып отырмыз.
«Неңді сенің аңсаймын бала шағым?»
– Артық-кем кеткен жеріміз болса уақыт төреші: жадымды жаңғыртып өткенді ойға оралтқанда кім туралы айтсам да, көрген-білгенімді ортаға салып, ар атынан айтайын.
Мен барлық құжаттарда, энциклопедияда, хат-хабарларда 1932 жылы туылғанмын. Одақтық энциклопедияда, Бүкілодақтық музыкалық энциклопедияда, Қазақстан энциклопедиясында туған жылым осы датамен белгіленген. Прагада болған бір фестивальда Швецияның королевалық кітапханасында дүниежүзі музыкасы туралы 4 томдық энциклопедияға енгенімді естідім. Кейін 1983-84 жылдары Швецияда, Стокгольмде сол аталмыш кітапханада болып энциклопедиямен таныстым. Содан бері шведтің музыкалық журналын алып тұрамын.
Егеменді ел болуымызға байланысты жаңа төлқұжат алу кезінде туған жылымды дұрыстатқым келіп еді, оған туу туралы куәлік немесе үш адамнан куә ретінде қағаз алуым керек екен. Отызыншы жылдары бізге кім куәлік қағаз беріпті және менің туғанымды көрген адамдардың өздері де бұл дүниелік емес болар.
Менің әкем төрт ағайынды: Рахмади, Мұқат (Мұхаметқали), Аққали, Айтқали.
Кенже ағам Айтқали әкесінен бір жасында қалып, үлкен ағасы – менің әкем Рахмадидің қолында тәрбиеленген. Кейін біз осы кісінің қамқорлығын көрдік. Ол кісі де марқұм болып кетті, сүйегі Лепсіде.
Бертін келе ол маған «Сен 30-шы жылғысың. Жалшылардың I-ші жәрмеңкесі Қарқаралыда 1-августа өткен. Сол жәрмеңкеден келе жатып үйге соққанымда сен дүниеге келіпсің» дейтін.
Кенже ағам Айтқали – көзі ашық, сол кездің өзінде атқа мінген адам. Сонымен менің жылым – жылқы, жұлдызым – арыстан, туып-өскен жерім – Шұбартау ауданы.
1982 жылы мені Шұбартаудың бірінші хатшысы Мақашев туған жеріме де шақырды. Сол жылы алғаш рет кіндік кескен жерімді көрдім. Біз 32-33 жылдары туған жерден ауып, сол өңірге мен араға 50 жыл салып келіппін.
«Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деп біз Бөрлітөбеге қоныс аударып, Күркілдектің бойына қоныстандық. Әкем шеген құдыққа күзетші болып, қылды бақырмен су үлестіріп, бала-шаға нәпақасын ажырататын.
Мен де ашаршылықтың шет жағасын көрдім. Бекен-Бекбай деген аталас ағайындарымыз бар еді. Сол Бекеңнің бәйбішесі Айша мені өлімнен алып қалыпты. Аштан өлген бе, көтерем боп өлген бе, арық түйенің сол үйге тиесілі бір жапырақ етін шөңкеге пісіріп алдымызға қойғанда қасқа тісіме ілініп қалып шандыр ет не ары, не бері кетпей, өңешіме тұрып қалыпты. Сірә, азу тістің әлі шыға қоймай енді-енді қасқа тісім көрінген екі жасар кезім болса керек. Айша шешеміз желкемнен тоқпақтап жүріп әзер алып қалыпты.
Дүнгене деген ауру бар. Безгек, оба дегендердің «Жығылған үстіне жұдырық» болып, аш елге әлімжеттік қылған кезі. Өзімнен 10 жас үлкен ағам екеуіміз топ боп домалап қалдық. Тақым, қолдың қары тартылып қалған. Өз бетімізбен жүре алмаймыз, түзге отыра алмаймыз. Көктем шыға Арқа жақта сарымсақ шығады, шағала, үйрек жұмыртқалайды. Жұмыртқа мен сарымсақты айранға былғап жеп, сол аурудан ада болыппыз.
1934 жылдың күзінде жергіліктісі бар, көлдің арғы жағалауынан ауып келгені бар: Шұбартүбек өңірінен 6 балық колхозы ұйымдасқан: «Үлгі», «Жаңа тілеу», «Социалистік Қазақстан», «1-Май», «Балхаш рыбак», «Красный рыбак».
Біздің колхоздың атын әкем Рахмади қойыпты. «Жаңа тілеумен келіп отырмыз, аты «Жаңа тілеу» болсын», – депті. Бірыңғай біздің ағайындар осы колхоздың негізін қалаған.
1934 жылы қалыптасып, колхоз болдық. Ел еңсесін көтере бастады. Себеп той көп: оның қызығы – жаяу жарыс, қатын жарыс, бала жарыс, күрес.
Сондай жарыстың бірінде 4 жасар кезім ғой, үкідей ұшып келе жатып, тасқа сүрініп, етбетімнен түсіппін. Сонда тұра беріп: «Бұл Құдайдың жөні болған жоқ» деген екем. Кейінге дейін «Еркеш айтпақшы, бұл Құдайдың жөні емес» деген сөз ұмытылмай жүрді.
Біздің колхозда сол жылдары екі өгіз болды. Осымен егін егілді, орылды, бастырылды. Лепсіден бөшкемен су тасылады. Үй салынады, отын жеткізіледі. Елдің ұйымшылдығы, берекесі осы болар.
Мектеп салынады. Нар қамыспен жабылады. Күн ыстық. Қамыстың үрпек басын біреулер қырықтықпен қырқып тегістейік десе, екіншісі, оны сіріңкемен дыз еткізіп тез сөндіріп, «шипаттай саламыз» депті. Қырық күн шілде кезі. Бұлар «шипайттаймын» дегенде от лап етіп, жаз бойғы еңбек далаға кетіп, мектеп өртеніп кетіпті. Содан «Шұбартаулықтар» сияқты «шипайттап жіберейік» деген мәтел шықты. Бұл біреулердің қолапайсыздығын көрген кезде еске түсетін мысал еді.
39-40 жылы біздің ауылдан 40-қа тарта бала оқуға кетті.
Аймұхан деген ағамыз университеттің 3-курсынан соғысқа аттанды. Туған ағам Биғали құрылыс техникумында оқып жүріп, майданға алынып, бірде-бір жарақатсыз 1946 жылы аман-есен оралды.
Коллективтендіру зорлықпен, күшпен болғаннан кейін одан соңғы ауыртпалық жиі ауызға алынады. Ал жетістігіміз көбінесе ұмыт қалады. Сол 39-40 жылдары Жаңатілеуде футбол командасы құрылды. Өнерге, білімге құштарлық арта түсті.
1937 жылы Конституция қабылданып, сайлау болды, Күләш Байсейітова осы маңайдан депутаттыққа ұсынылды. Жаңатілеуге келгені есімде.
Кейіннен СССР Жоғарғы Советіне депутат болып, Торғай облысындағы бір ауылға барсам, совхоз басшылары кабинетте отыр. Кездесу үстінде айттым: «Күләш депутат болып біздің жаққа келгенде, ауылдың барша тұрғындары алдынан шығып еді. Біз – ойын балалары шаңмен араласып көп дүрмекпен бірге жүріп едік. Санамыз тым көтеріліп кетті ме, әлде білгеніміз осы ма?» – деп өткенді ойға оралтып, мысалға келтіріп едік.
Соғыс басталды. Ауылдағы мектеп төрт жылдық болғандықтан Үлгідегі интернатқа ауыстырды. Бөрлітөбеден шыққан азаматтардың 70-80 пайызы осы Үлгідегі мектеп-интернат түлектері.
Аюбай деген ақсақал соғыс кезінде аңшылық жасады. 1943 жылы интернатта үсіп кеткен картошкадан басқа тағам жоқ. Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кете ме? Кешке Аякең дала шошқасын аударып тастады. Шошқаның етін асады. Бәріміз дерлік «құдайсыздар қоғамына» мүшеміз. Соған қарамастан, шошқаның сорпасын ішіп, етін алып тастаймыз.
Өнерге барар жолда
Қазақстан Композиторлар одағын, Мәдениет министрлігін ұзақ жыл басқарған, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халық артисі, профессор Еркеғали Рахмадиев биік белеске оп-оңай жетті ме? Халықаралық конгрестерде, симпозиумдарда, конференцияларда ел атынан сөйлеген ағаның көсемдігі, шешендігі жүре қалыптасты ма, әлде тегінде бар ма? «Қамар сұлу», «Алпамыс» сияқты әйгілі опералар, «Амангелді», «Құдаша-думан», «Дайрабай» сынды әлемге танымал симфониялық шығармаларды, әуезді әндер мен соқталы туындыларды дүниеге әкелген көрнекті композитордың өнер жолына әсер еткен, ықпалын тигізген кімдер? Міне, кезекті әңгіме осы сауалдарға жауап береді.
– Мен – жас кезімнен Төлебаев тағлымын көрген адаммын, – деп бастады Ер-ағаң кезекті әңгімесін. – 1944 жылдың көктемінде Мұқан аға ауылға келді. Үлгідегі мектеп шын мәнінде де өнердің үлгі-өнегесі еді. Кейіннен ән өнерінің әйгілі тұлғасына айналған Бекен Жылысбаев – біздің мектептің түлегі. Ол кісінің үйіндегі жеңгеміз Нұрипа менен бірер сынып жоғары оқыды. Бірінің әніне, екіншісінің биіне сан мәрте куә болып, қол соққанбыз.
Бірде мектеп директоры төрт баланы Қарашығаннан пианино алып келуге жұмсады. Сол жылдары атағы шыға бастаған композитор Мұқан Төлебаевтың өтінішімен Бөрлітөбеден бұл пианино Қарашыған айлағына жеткізілген екен. Жолбасшы үлкендеріміз бар, біз өгіз арбамен қара күйсандықты мектепке жеткіздік. Пианино мектептің бір кабинетінен орын алды.
Мұқан ағаның дауысы тенор болатын. Орта бойлы, үнемі ойлы кескінде жүретін осы адамға қызыға қараймыз. Кезінде Мәскеуге әнші болам деп арман қуып барып, кейін композиция класына ауысқан, қазақта сирек мамандықтың жалына қол артқан дарынмен бұрын атағын естіп жүріп, туған жерінде осылай дидарласқан едік. Біздің құлағымыз кабинеттен үздік-создық шығып жататын ғажайып әуенде, ол кісі сыртқа шықса болды осынау біз үшін таңсық аспаптың маңынан табыламыз. Ұстаздардың шектеуіне қарамастан, олардың көзін ала беріп күйсандық тілін басамыз, үніне құлақ түреміз. Сол жылы Мұқан «Біржан-Сара» операсының бірінші актысын жазып жүр екен.
Біздің әулеттің өзі өнер ауылынан алыс қонбаған. Орман деген атамыздың түсінде Қызыр баба аян беріп, «Өлең керек пе, көген керек пе?» дегенде ол өлеңді қалапты. Содан бері бізге мал бітпей, өнер қонған көрінеді. Әкем Рахмадида мен білгенде бір сиыр, бір биеден артық мал болмады. Бірақ бедел-дәреже жағынан ешкімнен кенде қалған жоқ.
Әкем 1948 жылы қайтыс болды, ата-анам малда болып, мен интернатта өскендіктен әкемнің көкейіндегі барлық қазынаны алдым деп айта алмаймын. Бертін келе ол кісінің қасиет-қабілетін Кенжеағамнан (Айтқали марқұм) сұрап білдім.
Әкемнің Төлеу Көбдіковпен айтысы бар. Қасқадан шыққан Демесін болыстың сараңдығын тілге тиек еткен қанатты сөзі ел аузында. Ағайын болса да әкем сөзіне болысекең шамданбай:
– Ақын ел ардақтысы ғой, бұлар ақиқатты айтпай тұра алмайды, – дейді екен. Демесін атамыздың сүйегі Қостанай төңірегінде, кәмпескеленіп барып сол жақта қайтыс болыпты.
1934 жылы әкеміз Жамбыл, Омар Шипин, Шашубайлармен бірге халық слетіне қатысып, біздің колхозға өз сыйлығын тарту етіпті. Сөйтіп, колхоз 1 велосипед, 1 мандолин, патефонға ие болып қалды. Біз болсақ күйтабақтан «бір өзі – бір театр» дерлік Қалибек Қуанышбаевтың «Қыз ұзату» деген қойылымын естіп, құмарымыздан шығатынбыз. Шашубай, Исалардың әндерін тыңдап құлағымыздың құрышы қанбайтын.
Құрбандығы көп Отан соғысына біздің ауылдан 170-тей азамат аттаныпты. Ауыл ажарсыз, ел жүдеу. Еңсесі түскен елге осындайда біздің әкей сияқты құймақұлақ шежіре шалдардың тигізген көмегі зор болыпты. Кешкілік ауыл адамдары біздің үйді бетке алатын. Қалақша домбырасын бебеулетіп, әкем ескі қиссаларды зарлататын. Бір кезек «Алпамыс» сияқты – эпостарды айтып, жігер беретін. Біз, яғни ойын балалары да әбден шаршап жығылғанша тыңдаудан жалықпайтын едік.
Биқан ағайымнан ұзақ хат келмегенде әкемнің өзі шығарған сағынышты сазы ауылға тарап кетті:
Бозінген боздайды екен ботасына,
Ауыр жүк арқалаған жотасына.
Биқажаным айдай-ау,
әкежаным айдай-ау,
Қатпаған қауырсыны қайран қалқам,
Тапсырдым аруақты атасына,
Биқажаным айдай-ау,
әкежаным айдай-ау.
Әлгі 40 шақты шумақ, әркімнің алыста жүрген өз Биқажаны бар елге кеңінен тарады. 1944 жылы Мұқан аға елге келгенде әкеме арнайы кеп сәлем беріп, осы әуенді айтқызды. «Амангелді» операсын жазғанда оны Балымның зарына негіз етіп алды. Араға жылдар салып өзара кеңескенде «Рахаң саған әке болғанмен, екеумізге де ортақ» деп осы оқиғаны жиі есіне алатын.
Әкем қисса айтып, соғысқа бармай тұрғанда Биқан ағам мандолин тартып, мен қара домбыраны 6-7 жастан бастап шертетінмін. Мектепте өнер үйірмесіне ұдайы қатыстым.
Әкемнің ақындығы соғыс жылдарында өткен «Гигант» колхозының ақыны Мақсұтпен айтысында айқын көрінгендігін көнекөздер әлі айтып отырады.
Мектептегі оқу соғыс жылдары тым қысқа болатын. Ерте көктемнен кешеу күзге дейін балықтамыз. Оның қызығы мен қиындығы бір тарауға жүк. 1947 жылы біз сияқтылар «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды. Осылай аз оқып, көп уақытты еңбекке беріп мектеппен де қоштасар сәт туды.
1948 жылы Чайковский атындағы музыка училищесіне түстім. Қарағай домбырадан басқа көп нәрсе көрмеген ауыл баласына бәрі де таңсық, қаптаған аспаптардан шыққан алуан үнге елтіп, бейнебір таңғажайып дүниеге енгендей күй кештім.
Күләш апамыз орындайтын «Қазақ вальсіне» тамсанып өскен басым оның авторы Латиф Хамиди алып адам шығар деп көзге елестететінмін. Алғаш ол ағамызды көргенде амандықтан соң, «Қазақ вальсін» рас, сіз жаздыңыз ба?» деп сұраппын. «Не, маған ол әнді қимай тұрсың ба?» деген Латиф ағаның сауалына «Жоқ, сенім-түсінігім басқаша еді» деп көңілім толмай қалғаным есімде. Композициядан осы Латекең дәріс оқыды, мен домбыраны тастап теориялық факультетке ауыстым. Өзім де, Ғали Ормановтың сөзіне «Жас қорған» және тағы басқа әндер жазып, алғаш осы үлкен жүректі ұстаздың батасын алдым.
Біз сол кезде 75 сом стипендия алатынбыз, жатақтың бір бөлмесінде 25 бала жатамыз. Қазанның аяғында КазГУ-дің филфагын 3-курста тастап бізге Әбілахат Еспаев келді. Майдангер гвардия аға лейтенанты, туған ағамыздай бауырласып кеттік. Бірімізге ет-май, бірімізге ұн-талқан әкеледі елден. Артында көмегі жоқтар да аз емес. Қолда барды қылдай бөліп, уақыттың көбін сабаққа бердік.
Елуінші жылдары Қазақ драма театрында Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Шәкен Айманов, Қапан Бадыров, Шолпан Жандарбекова, Хадиша Бөкеева, Бикен Римова, Атайбек Жолымбетов, Камал Қармысов сияқты біртуар тұлғалар болды. Бір жағы соларды көру үшін, бір жағы топтап түсіруге қатысып тиын-тебен табу үшін театрға жиі барып жүрдік.
М.Мәметова атындағы педучилище бар, соның музыка факультетінде домбырадан, мандолиннен сабақ бердім. Училище Қызылордаға ауысқан соң тау-кен институтында (қазіргі политехникалық институт) оркестр басқардым. Осылай жүріп-ақ үйге салмақ түсірмедім.
1952 жылы училище бітіріп, консерваторияға түстім. Е.Брусиловский класында дәріс алдым. Бақытжан Байқадамов, Құдыс Қожамьяровтар да менен бұрын осы кісінің алдынан өткен, осындай тарландардан тәлім алу екінің біріне бұйыра бермейтін еді. Комсомол комитетінің хатшысы, сталиндік стипендиат болдым.
Консерваторияны қызыл дипломмен бітіргеннен кейін Москвадағы аспирантураға жолдама берді. Оқып жүргенде жазған «Амангелді» атты, «Абай жолы» деген фортепианоға арналған поэмаларым жоғары бағаланған. Алайда аспирантураға түсу туралы ойым жүзеге аспады, бір жылдық білім жетілдіру курсын бітіріп, Алматыға оралдым. Евгений Брусиловскиймен ақылдасып, соңғы курста С.Торайғыровтың «Қамар сұлу» поэмасының негізінде опера жазуға отырғанмын. Либреттосын Нығмет Баймұхамбетов деген ақын жазды. Консерваторияны осының бірінші актісімен аяқтағанмын. Кеудеме нан пісіп барғанда Мәскеу аспирантурасынан тауым шағылды. Дегенмен бұл өмір бақи іздену керек деген басты принципіме алып келді.
Консерватория бітіру, білім алу – сол ғылымның қыр-сырын жетік игердің деген сөз емес. Адам баласы өле-өлгенше білім шыңына ұмтылуы тиіс. Мұхтар Әуезовті айтпағанда, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, С.Мұқанов және тағы басқа ірі тұлғаларымыз академиялық білім алмай-ақ, академик деңгейіне көтерілген. Бұл әрине, жан-жақты ізденіс пен туабітті таланттың жемісі.
Композиторлық аспаптың ішінде фортепианоны мен консерватория қабырғасында бір-ақ игердім. Аға буын өкілдері аспап игеруде кешеулік көрсе де қазақ музыкасының табиғатын сәби кезінен түйсінген. Мысалы, Мұқан, Ахаң, Нұрғиса қанына сазгерлік қазақша айтқанда, ана сүтімен сіңген. Ал кейінгі буында бұл ұлттық бояудың жетіспей жатуы ол бұлардың профессионалдық деңгейге мектептен бастап үйір болуынан шығар…
Фортепианоны жете меңгеру деген – пианист ретінде сахнада ойнау емес, музыкалық шығарманы сауатты жазу деген сөз. Композиторлардың 90 пайызы рояльды пайдаланбайды, жазу үстелінде отырып тікелей партитура жазады.
Әңгіме өз шығармашылығым туралы ғана емес, өзім жүріп өскен жол қоршаған адамдар туралы.
Әр заманның өз ағымы бар. 1934 жылы біздің профессионалды операмыз «Қыз Жібектен» басталды. Одан кейін «Ер Тарғын», «Жалбыр», «Абай», «Біржан-Сара», «Назигүл», «Алпамыс», «Қамар сұлу», алдыңғы көштің заңды жалғасы. М.Төлебаев, А.Жұбанов қайтыс болғаннан кейін опера жүгі Ғазизаның, Садықтың және мына біздердің мойнымызға түсті. Біздің операмыз қазақ табиғатында емес, шетел дәстүрінде жазылса, жанбай жатып сөнер еді. Құрманбек, Күләш опера орындаушы болып көшті бастамаса, олардың Жібегі, Төлегені, Бекежаны, Ертарғыны мен Қамар сұлуы халық жүрегінен берік орын алмасы ақиқат. Әрине, кейінгілердің профессионалдық деңгейі алдыңғылардан жоғары, бірақ аға буында табиғат берген дарын күшті екені талассыз. Мүмкін, опера театры жалғыз болғаннан кейін шығар, халық театрға сыймай кететін. Отыратын орын табылмайды. Бұл операға ғана емес, оның орындаушыларына деген құрмет екенін жасыру мүмкін бе?
Симфониялық поэмалар осы операның көрінісінен шыққан, басқа да классикалық туындылардың түп-тамыры осы күрделі шығармалардан бастау алды.
Қазақ ән-күй өнері жиырмасыншы ғасырда өскелең деңгейге жетті. М.Төлебаевтың «Тос мені тосы», Р.Елебаевтың «Жас қазағы», С.Мұхамеджановтың «Жарқ етпесі», Л.Хамидидің «Бұлбұлы», Ә.Еспаевтың «Маржан қызы» қай елдің де сауатты тыңдарманын таң-тамаша қалдыратын шығармалар. Шәмшінің «Қайықта», «Менің Қазақстаным» әндерінің кәсіби деңгейін бағаламау мүмкін емес. «Әннің де естісі бар, есері бар» дегендей құр айқай мен асқақ әуенді зерделі тыңдаушы айыра алатын дәрежеге жетті.
Жомарт ИГІМАН,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі