«ӨЛЕҢ-ҚАЛПЫМ – АЙНАЛАР САФ-АЛТЫНҒА…»
21.10.2025
93
0

(Иран-Ғайып хақында жазылған «Бұ Дүние Ғайыбы» кітабынан)

…Жұматай марқұм Жақыпбаев Иранбек досының арғы атасы Қылды-Қарауыл Жазы биден дарыған шешендігіне таңдайқата болып отырушы ед… Сол тамыр-ие, топырақ-киеден дарыған қасиетті өнер құнар-топыраққа қайта түскенде өзгеше бүр жарады екен. Қызыл сөзге телімеңіз мұнымды, шайыр шығармашылығын көктей шолып шыққанда байқаған Сөз-Жасам, синкреттік амал тәсілімен жасалған бедерлі бейнелер, қанатты сөзге айналып кетуге сұранып тұрған көркем тіркестер жетіп артылады.

Сөзжасам демекші, Сыр сүлейлері шығармаларындағы мөлшері мол көне Сөз Қорынан ауызданған ақын өзі де тіл табиғатын бұзбай отырып, жаңа сөз туындатады. Солардың өзім аңғарған бір парасын назарларыңызға ұсынбақпын: көгенек, тосыну, нәрік, жайлығу, жаныс, төзіну, ешу, дүлеу, торқаю, көрбан, көрман, шоңкелте, айтуман, қорқұстөстену, құзану, өшіну, зытын, қондығу, құсану, тапшын, тасын, тарып-нәсіп, торыс, бижуан, бейшоқ күлқұты, құш, қозық, тінесу, сіртасақ, мазғын, жексену, құтайман, жұтайман-қыжылақ, тонастау, деңген, тобан, тасару, сырық-талан, құсана, қауыштау, шөгіну, сүйгу, топалану, хайуан-маңырақ, нәсүйек, көншін, құ­йығу, айжарықтау, құраю, нәзен, құсау, сір-кемел, аймандау, күлтөк, меркею, нәшық, тақұттықтану, кәс-күдік, төреймен, сереймен, тасару, тауандау, нұрмауыз, күнәстау, бұтқарақтау, меңдіту, жеркен, мөң, тәркін, өләл, тәуен, кегею, нөң, емек…
Енді осы сөздердің кейбірінің пайда болу жол-тәсілдеріне ой жүгіртейік. Мысалы, «Өсек иттің шіріген көгенегі» деген жолдағы «көгенек» көген сөзінен шыққаны танылады. Қазақ тілінде бар «кебенекпен» туысып, еш бөтендік танытпай өлең табиғатына сіңіскен. Сондай-ақ тосыну, жайлығу, төзіну, ешу, дүлеу, құзану, қауыштау, тонастау т.б. етістік түріндегі сөздердің де тамыр-тегін төл тілімізден тауып алуға болады. Бір ғана «Естайдың Қорланы» дастанындағы:

Кім айтушы еді?!
Түсің…
Түрің…
Жай түсіргендей төбемнен:
Жастайғы көрік-ажарың –
Думан-тобырыңнан аластап,
Тіршілігіңнің шұрай-шырайы –
Сал-серілеріңнен тонастап,
Соқа басыңды сорайтып,
Сиықсыз енгізген ұжымағыма –
Барымта-базары тарқасып,
Берекесі қашқан құр бопса –
Ісің айтып тұр, Естай… –

деген жолдарда ұшырасқан тонастау сөзінің тонау, яки үптеу етістігінің әсерімен пайда болғандығы байқалады, сонымен бірге – дәурені озған, ғұмыры тозған, сал-серілік салт-дәстүр ада-күде келмеске кеткен, шұрай-шырайдан жұрдай тоналған Естай образын аша түсуде ескі астарлы, жаңа тысты бір ғана тонастау сөзі үлкен қызмет атқарып тұр.

Төр – сенікі…
Сыртындамын есіктің,
Ерте туып,
Енші-бақтан кешіктім –
Түйемінез,
Теріс дәрет кежірдің
Еркі – өзіңде,
Шоңкелтесін кесіп тын.

Бұл шумақтағы шоңкелте – қоршаған орта, алқаған көппен қолайласа алмаған, өзін жат сезініп, қылық-құлығы кесірлене-кежірлене бастаған лирикалық кейіпкердің мінезін бейнелейтін образды сөз. Ал «Нұраййан» немесе көрші кемпірдің айтқаны» атты қасірет-намада мынадай шумақ кездеседі:

Бұдан асып –
Не дейін,
Өлең-Қалпым –
Айналар
Саф-Алтынға?!
Айтып,
Мен-ақ –
«Өлейін»,
Тәуен-Халқым –
Қалсын «шулап»…
Артымда! –

Осы шумақтағы экспрессиялық қуатқа ие тәуен сөзінің мағынасы, тіпті терең. Ақын бұл жерде, Сөз жүзінде Тәуелсіздік алған, бірақ Іс жүзінде тәуелділіктегі халық деген күрделі ұғымды бір-ақ ауыз сөзге сыйғызып отыр. Бұл – арнасы толық шеберлік, кенересі кең кемелдіктің ғана қолынан келер іс…
Тіл – тірі болмыс. Тілде – ұлттың ұлттығын сақтап тұрған құпия тетік жасырынған. Ол ұлт жаралғалы бергі барлық ұлтқа қажетті ақпаратты бойына жинаған құпия да тылсым күш. Неміс Вилгельм фон Гумбольдтың: «Тіл – ұлттың рухани күші» деуі, әсте тегін емес. Тіл бағзылық сипатын жоғалтып, қасаңдана бастаса, ол жақсылықтың белгісі емес. Сондықтан қазақы қасиетті құнарды бойына дарытқан ақындар – күллі ұлттың қастерлі қазынасы ретінде бағдарлануға керек. Ендеше, ақынның Сыр шүйгінінің жұпарын сіңірген тілін зерттеуді тілші ғалымдарға еншілеп, ары қарай жылжиық.
Жоғарыда айттық, ақын жыр-дастандарында қанатты тіркестер көп деп. Сөзіміз жұтаңданбас үшін бір-жар мысал келтірсек, әбестік етпес. «Түзелмейді бұл заман жан нәжісін тазартпай», «жігітке бір ашу – дерт, бір ашу – мерт», «үкілі нышан төбел топ», «еткені – еш болып, ерді уайым билегенін, құйымшақ – төстеніп, ездің елге күйлегенін көрмесем» сынды тіркестердің мол ұшырасып отыруы – жырдың құнарлы мәйегін танытары хақ.
Кейбір «көркемдік құралдарға салғырттық танытады» деп ақынға сын таққысы келетіндердің бар екенін жасыруға болмайды. Бірақ олар кемшілікке телігісі келіп отырған пікірлерінің ақын табиғатына қатысты ерекшелік екенін аңғара бермейді. Мәселен:

Боран аяғы тынған сияқты,
Ауаның райы сынған сияқты.
Сөредегі қардың аппақ жейдесін
Тіршіліктің Күн-Бұзауы жеп жатыр –
Соны көріп естен танған
Мұңлық Тау
Ене көңілін еңіретіп,
Ата сақалын жұлған сияқты… –

деген шумақта: метаморфоза (қимыл-әрекет үстіндегі метафора) да, тұрақты және синкретті эпитеттер де, бинармды (мағыналық өрісі жағынан бірі метафораланып, екіншісі метафоралап тіркесу) метафора да бар.
Ал:

Қыстан ыққан –
Құсталықтан,
Көңіл күйі –
Басыңқы бұлт:
Адамдардай…
Тірлігінен түңілген…
… Қарды –
Қара,
Арды –
Қара:
Ақ Ордадан –
Қашып шығып,
Ағаштардың…
Бұтағына –
Ілінген! –

деген екі-ақ шумаққа дастанның жүгін арқалатып жіберген өлең, өзінің астарланған параллелизм болмысымен әлемет салмаққа ие болып тұр. Сондай-ақ:

Алтын кірпіктеніп көктен күлгенде,
Жарқын бүртіктеніп
көктем кіргенде –
Қуарған бұтағы қайта көгеріп,
Қайың да, мен де жай табар ма едік?!.

Немесе:

Қырау тон, шық жағалы, мұз кемерлі,
Табиғат үскірігін түзге берді.
Күрк-күрк жөтеліп көксау аспан,
Запыран-жаңбыр лоқсытып
күз де келді…
Әйтпесе:

Сонда мен, бәлки, еске оралармын,
Орынын тырнап
жазылмас жаралардың –
Бейуақта батқан күнсің –
Ай-сырғаңды
Шетіне байлап бұлт-орамалдың…

Тағы да:

Жүрек жарғаным – қалауым,
Көзімді аштырмай,
Қия бастырмай –
Көбе-тырнақтың
топырақ парызы өтеліп,
Табанымды тоздырмай,
Бауырымды көтеріп,
Белімді жаздырмай –
Көк етімді жыртып,
Қолтығымды сөгіп,
Бейнетіңе жегіп –
Бұралқыдан бетер таладың, –

сынды тұрақты эпитеттер мен метафораларға, синкреттік амалмен жасалған фразеологиз­м­дерге тұнып тұрған мысалдар әлгіндей орынсыз сындардың тілін кесіп кететін поэтикалық оралым­дар екені ақиқат. Келешек ақын шығармашылығын зерттеушілердің құлақтарына тағар тағы бір алтын сырға – суреттеліп отырған объектінің сыртқы суретінен гөрі, мәтін ішіндегі мәтін арқылы ішкі суретін салатын аса күрделі, орыс поэзиясында А. Блоктар меңгерген тәсіл­дерді қолдануы да әлі күнге ешкім назар аудара қоймаған талант қыры.


Бір кезде Батыс футуристері шығармаларынан тыныс белгілерді аластап жіберсе, керісін­ше, біздің кейіпкеріміз тыныс белгілерді ойнатудың шебері. Сөз тасасындағы ой салмағын арттыру үшін сызықшаларды пайдаланып, жеке сөздерді даралап, жолдан-жолға ырғыту, бір қарағанда, әсіреқызылдау көрінгенмен, бажайлап үңілсе, сөздің сөлін сығып, сезімнің мағызын шығарып, ойдың маңызын арттыруға қызмет қылып тұрғанын аңғару қиын емес.
Шайыр шығармаларының даму үрдісін ізеуірттегенде бір аңғарғанымыз – Иран-Ғайыптың кейінгі шығармашылық өрісі тым шалғай маңып, мүлдем соныға тартқандай. Оның 13 томдықтан соңғы мәурітте мерзімдік баспасөзде жарияланған топтамалары мен поэма, толғаулары осыны айғақтайды.
Өнернамадан мәлім, көптеген шығармашылық өкілдері бір биікке шығады да содан ары аттап баспай жертабандап жатып алады. Жатып алса бірсәрі, төмен қарай құлдырап, бұрынғы ізін шиырлап – өзін де, сөзін де, ұлы мәртебелі оқырманын да мезі қылып жібереді. Сөйтіп, өзінен бұрын сөзінің, өмірінен озып өнерінің жаназасы шығып, әңкі-тәңкі күйсіздікке ұшырайды. Мұның сырын кімнен сұрасаң да – барға қанағат етіп, тоқмейілсуден туындайтын індет екенін тәмсілдей жөнелері хақ. Бір қызығы, «барға – қанағат, азға – шүкір, жоққа – сабыр» дейтін Құдайсүйер қасиеттің өнерге жүрмейтіні. Өйткені өнер, яки әдебиет – Рухтың қорегі һәм жемісі. Ал Рухты тынымсыз жетілдіру жолында мігірсіз күрес керек. Өнер мен әдебиет – тек жанкешті ізденіс пен сорқапты тер төгіске қана жүгінетін аса тәкаппар, кінәз да кірәп ару! Біздіңше, шығармашылық тоқырау – Рухани дерт. Таланттың жүректен берілетін эмоциональды инерциясы азайғанда, мыйдың рационалды дақылын семік шала бастайды. Содан барып, Құдай мен пенденің арасында дәнекерге айналуға тиісті Тұлға – кеспірсіз кейіптегі дәлдүріш-сүлделі рухани міскіндікке ұшырайды. Рухани міскінде құштарлық жойылады, ал құштарлықсыз құл – энтелехиядан, яки ішкі қуаттан жұрдай болады. Ондай жаннан көз сүріндіріп, көңіл сүйіндіретін нәрсенің тууы неғайбіл. Құштарлықтың көзі – нәпсінің сұранысынан емес, Түп-Иеге жетуге деген Ышықтан басталса, ол – Құдайдың пендеге берген ең асыл да шексіз қазынасы болмақ!
Бәз біреулер әсіре қазымырлыққа телитін Иран-Ғайып болмысындағы асыра мазасыздықтың төркінін, осы ішкі буырқаныстан – рухи сұраныстан іздеген ләзім. Адамзатқа алапат құштарлығымен мәлім Джордж Байрон айтпаушы ма ед: «… мен алып та ұлы тұлғамын, сондықтан шерленемін, көз жасымды көл қыламын, ал сендер – рухани ергежейлілер, мені өздеріңнің тар қалыптарыңа тыққыларың келеді… Неғұрлым терең қайғыға батсам, сонша биікке көтеріліп, жердің ұсақ шарттылықтарын тәрк қыламын…» деп?! Міне, осынау «төменді өзіне тең тұтпас» асқақ қасиеттен Иран-Ғайып та құр емес. Құлагер-Ілияс сипаттауындағы Ақан сері қандай?..

«Лермонтов болмағанмен біздің Ақан,
Адам ба ед ақындықтан құралақан?!
Ортасын олқы көрген ол да дара,
Имеген иттерге бас – сері-дарқан!..»

Байрон болмаса да, сол Ақан-серінің аталас туысы Иран-Ғайып та иттерге бас игісі келмейді. Өліп-талып, әзер-алдалап көрген Тәуелсіздігінің ақ көгершінін құзғын-құладындардың қанға бөктіріп шоқып жатқанын көргенде азаттық сүйгіш ақынболмыс қанасына сыймай аһ ұрады! Асау қан арнасына сыймай аласұрады! Ол сондықтан да қоғам, ұлт тамырын кеулеп бара жатқан індеттерді тамыршыдай басып, індетіп бағады. Оның: «Жеке басқа табыну мен табынту», «Нұраййан» немесе көрші кемпірдің айтқаны», «Бүтін адам» тәрізді кесек туындылары, күндердің күні болғанда, бүгінгі тексіздік теңдік бермей тұрған кеспірсіз қоғамның көрғау-бетпердесін тарих пен ұрпақ алдында сыпырып берер оқулыққа айналуы бек мүмкін!.. Ертең келер, өртеңге өнер алсын-буын, арлы ұрпақ «Ақынымды неге жылаттың?!» деп теңдік сұрар күн тууы мүмкін екенін кім жоққа шығарар?! Тарих бізге келгенде сүрлеуінен жаңылып кетпесе, әр кезеңді – ақындарына деген көзғарастарымен һәм ақындарының көзғарастарымен бағалап отырған.

Алла
Өзі
Жаратқан соң –
Адам ғып,
Ақыл-
Санаң,
Ар-
Ожданың –
Адал-
Құт!
Табынсаң,
Тек
Табын –
Тәңір-
Құдайға,
Жеке Басқа Табыну –
Ол –
Надандық!

Осылай әрбір жолы тобасыз әділетсіздікке қарсы айбат шегіп, әр әрпі жойдасыз озбырлыққа оқ болып атылғалы тұрған, тек қана етістікпен жазылған жырды аза бойың қаза болмай оқу мүмкін емес! Өйткені ол – мүләйім қоғамның мүттәйім бейнесін, яки шын болмысын ашады. Ал шындықпен бетпе-бет келу, ол – хан бол, қара бол, кім-кімге де оңай соқпасы хақ.

Жеке Басқа Табыну –
Ол:
Мәз болу!
Айдындану –
Үйрек-
Ұшу,
Қаз-
Қону! –

осы образды жолдарға назар аударыңыз, – «үйрек ұшып, қаз қонған» – береке мен жарастықты бейнелейтін тұрақты тіркес контоминациялану (өзгертілу) арқылы қимыл есім формасына ауысып, асты-үстіне түскен келеңсіз, беймезгіл кезеңнің бейнесіне айналған. Жеке Басқа Табыну:

Ығайласу –
Сығайласу,
Топтасу!
Шектен шығу,
Мұз құрсану,
Шоқ басу!
Бөлісе алмау,
Келісе алмау,
Кетісу!
Сатып кету,
Шатып кету…
Соттасу!

Бұл жерде тіліміздегі «ығай-сығай» есім сөзі, керісінше, «ығайласу-сығайласу» түріндегі етістік формасына еніп, бастапқы мәнін тереңдетіп, қоғамды жайлап алған «сыбайлас жемқорлық» атты дертті таңбалап тұр.
Поэманың түйіні – қасиетті «Кәлам-Шәріптің» «Ықылас» сүресін – жыр уәзінін сақтап, қазақша қалыптаумен аяқталады:

Тек –
Бір Өзің!
Алла,
Өзің –
Ғанасың…
Туылмайтын,
Тумайтын –
Үр-
Жаңасың!
… Жексұрындап,
Жеке Басына –
Табынтып,
Дерттендіре көрме –
Адамзат Баласын!..

Иә, солай, ақын рас айтады: кетеуі кеткен адамзат тірлігі – Құдай жөндемесе, адам жөндеуден кеткені әлдеқашан мәлім болған! Бірақ оны ақынынан басқа кім түсініп жүр екен? Түсінген ақынды түсінетін пенде қанша екен өзі?..
«Тарихты ұмытсаң – қайталанады». Осы тәмсілді кім айтса да, қапысыз айтылған. Тәуелсіздік алғалы Алматыдағы «Желтоқсан» қырғынын ұмытуға, ұмыттыруға жанұшырдық. Оның мәнін жою үшін, дәл сол Қазақ жастарының қаны төгілген Азалы күнді «Демократиялық жаңару күні» деген түсініксіз атауға телідік. Оған да болмағасын, біреулердің діни мейрамы Жаңа жылды қараша айынан бастап тойлай бастадық… Қойшы, әйтеуір, сонымен Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мейрамына да жеттік-ау. Басында бәрі дұрыс сияқты еді. Кенет… қайдағы бір санда бар да санатта жоқ, жапанда жатқан мұнайшы ма, ылайшы ма, – әйтеуір бір жерқұрты бәлелер Біздің «шампан-
шатт…» кешіріңіз, аузым – жақсылыққа, – жаңылысып жатырмын, «шаңқан шаттық, жасыл жарастығымыздың» күл-паршасын шығарды!.. Ұрыста тұрыс бола ма, кірісіп кеп кеттік!.. Нәтижесі – белгілі, несін қазбалаймыз?! Осы ылаңды ұйымдастырған, басқа ешкім де емес, оралмандар, жоқ, ойбай, жергілікті жебір – оншақты обыр оңбаған, сосын, солармен жең үшінен жалғасқан мұхит­тың арғы жағында жүрген тентіренділер екен, бәрін де орынына қойдық! Енді елімізде мұндай сұмдықтар болмақ емес! Оған біз жол бермейміз! Сүттей ұйып отырған көпұлтты елімізді кім-көрінгеннің қолжаулығына беріп қоя алмаймыз! Қазір, бәрі – бақылауда!..
Хош, сонымен, енді Жаңаөзендегі «Желтоқсан» қырғынын ұмыттырумен айналысып жатырмыз… Әй, қайдам, бұл да, әлгі алғашқысы да ұмытыла қояр ма екен?! Ұлттың һалалдан болған, адалдан жиған перзенттерінің Жанайқайы тым ащы шықты ғой бұл жолы. Ол оңайлықпен өшер ме Санадан?! Құдайдың назары – табиғаттың өзі – топырақпен көміп, таспен сыбап үш күн азалады ғой сол наһақ төгілген Қанды!.. Табиғатпен – «әулиесі күңіренген» Маңғыстаудың Аза-Желімен бірге сол табиғаттың арда перзенттері – ақындар аһ ұрды ғой, алдымен! Әрине, бұл бәйге емес, қайғы, алайда шындық айтылуға тиіс, солардың маңдай алдында тағы да Иран-Ғайып тұр:

Қару кезентіп –
Жасқамай,
Амалын тауып –
Басқалай,
Болмай қалды ма –
Аттыртпай…
Өлтіртпеуге?!
… Ойбай,
Масқара-ай!..

Масқара екенін ақын біледі және масқараның бәрінің ұзамай арты ашылатынын да жақсы біледі! Бірақ қаралы халыққа көңіл, басу айту орнына: «Біздің күшіміз жетеді! Бәрін орнына қоямыз!..» деп астамсып көпке күш көрсеткен тексіз әкім, қашан «кресло-табытын» басқа біреу тартып алғанша әспенсіп, ештеңені де ұқпастан, түкті де түсінбестен табытын қайық қылып мініп, ажал-дариясының өртті толқынында қақпақыл ойнап, Тозаққа қарай сапарға шығады!..
Ал Аза-Жырлы ақындар адыра қалған Ата-Қоныста етегі елпі, жеңі желпі қалпында – Алтын-Құлпы ашылып, Ата-Жұрты әз-қалпын – бәз-даңқын тапқанша, қазіргі ит-өмірлерін сүре бермек. Ел, Жұрт уа Байтақ, Дәулет құлығымен, қылығымен Жаратушы Жаббардың оң назарына ілінгенше, Аза-Жыр Аза-Желге қосылып алып, Жесір-Жердің шашын таулап, Жетім-Аспанның кеудесін кеулеп жүре бермек…
Әлбетте, Дулат Бекасыл әулие айт­пақшы, бәрінің де шегі – «Құдайдың бәрін жөнге келтірер бір күні бар!..» Оған дейін, осы кеткені – кеткен!.. Ал Ақын өзінің өксікті «намаларымен» Уақыттың, Тақыттың мазасын алып шырлай бермек…
Жоғарыда ой-жоталаттық, енді нақтылаймыз, – Шығармашылық кемелдіктің жалғыз ғана шарты бар, ол – мігірсіз рухани ізденіс! Рухани ізденіс демекші, ақын ғана емес, күллі адамзат рухы – Шынайы Руханияттан адасқан күннен бері сандалып, өзінің Түп-Иесін іздеп тентіреп жүр. Буддизм­нің Дхарм теориясын аласыз ба, ең ақыры Ебіропаны есінен адастырып жіберген экзистенциализмді қарайсыз ба, уызына жарымаған жетімдіктің мүжәлсіз дауысын естіріңіз даусыз. Заратуштраның «Нұрын» танымай, отқа табынғандар, Сакья Муниді Боғда-пұтқа айналдырғандар, Иса (ғ.с.) пайғамбарды «Құдай» деп алжасқандар, көпқұдайшылықтың шалығы тиген, манихейизммен әсіреңкіленгендер, тіпті өзіміздің жынды Тәңір тұтып, жын әлеміне арзулыққа ұрынған «тәңіршілдер», міне, осы аралықтағы ақылдан азап шегіп, сана сандырағына тап болғандар – онсыз да басы шырдай, ойы кәмілкісіліктен жұрдай, бойы иман-ибадан тырдай болған адам баласын қайта шықпас аранға айдап келеді!


Аталмыш һәм аталмаған теріс жолды тұтқан адам нәсілінен шыққан ұлы тұлға, шеңбірек шекелі құлжабастарының дүниежарықтан итиі болып, сана дертіне ұшырап – жын қағып, жазылмас жұқпалы кеселдер жұқтырып өлмегендері кемде-кем! Өздері адасқанымен қоймай, көпті де жынды қылып, олар әлгі ит-өлімдерін – айрықша жаратылыс, артықша болмыстың маңдайына жазылған мөр-тағдыр деп түсіндіретінін қайтерсің?! Шын мәнінде, оның бәрі Кәміл Иеден ажырап, малғұнға ілесіп кеткеннен болатын патология екені мыңғырларына дыңғыр етпейді…
Ал Тәңірді – Бір деп біліп, Түп-Бастау Исламға қауышқан біздің маңдайдағы Бағымыздың тигізер шарапаты, жеткізер нығыметін мөлшерлеп, өлшемдеп беру – беймүмкін! Алайда осы Ақиқатты дер кезінде Жүрек елегі, Сана тезінен өткізіп, еншілі сыбағасын қабылдап алу үшін де – ең әуелі халқына, адамзатқа деген кіршіксіз махаббат, кірбіңсіз құрмет керек!
Шындығында, Жаббар-Иенің мүбәрак Пайғамбарымызға еншілеген – адам көкірегін көгертіп, кәмілдікке, яки «толықтыққа», «бүтіндікке» жеткізер Ұлық Ілімнің аты – «Хал (Жүрек) ілімі». Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың «Хикма илаһия», Баласағұндық Жүсіптің «Жәуанмәртлік» (жәуанмәрт – футуәттік-жан жомарттығы-құсни құлық, яки әһлі тарихаттың 10-әдебі), Әзірет Сұлтанның «Инсан-ил кәміл», Абайдың «Толық адам», Шаһ-Кәрімнің «Ар ғылымы» деп, қазіргі ғылымда таңбаланып жүрген ілімдерінің бәрі Алла Тағаланың ладуни ілімі – «Хәл» ғылымынан бастау алары даусыз ақиқат. Осы ілімге қолы жеткен адам ғана Құдайлық кәміл ақиқатқа ие болмақ! Ал Кәміл Ақиқат иесінің – жүректазалығына қол жеткізген жанның алмайтын шыңы, бағындырмайтын биігі қалмайды!..
Әңгімеміздің орайынан тыс болғандықтан осы жерден кідіріп, нақты тақырыбымызға көшуге мәжбүрміз. Әрине, бар қазынасы үптеліп, бар білгенінен тақыр-таза тоналған, кешегі имансыз қоғамнан «үлгі» алған Қазақтың соңғы бірнеше буын ұрпағының маңдайына Ол кәміл ілім нәсіп болмады. Әйтсе де Өз Жүрек қалауын танып, адам бойындағы екі Қуат Көзі – Рух пен Нәпсінің қызметін, соған орай екі ықпал етуші Күш: періште мен шайтанның әрекетін тануға тырысқан, мемлекеттік-маркстік таным «сананы тұрмыс билейтінін» қанша жерден тәкпірлеп-тәпсірлесе де, бар хикметтің – патша-жүректе екенін таныған, тап басып танымаса да болжалдаған ұлттық тұлғалар болмай қалған жоқ!.. Мысалы, Әбіш Кекілбаев сонау 60-жылдардың ортасында Олжас шығармашылығы хақындағы мақаласында: «Ақынның қиын да ұзақ сапары бір жерден басталып, тап сол жерге келіп қайта тіреледі. Ол жердің аты да – жүрек. Жыр жүректен шығып, жүрекке жетуі керек» деп жазса, жас қыршын Төлеген Айбергенов: «Оһ, қандай жақсы болған туылғаным, адамдарда жүрек бар кезінде мен!..» деп әлденеден қауіптене отырып, шүкірана қылды… Мұқағали Мақатаев кесіп айтты: «Жүрегім – менің алтын қазығым-ау!..» Иран-Ғайыптың замандас досы Жарасқан Әбдірашов та:
«… ақындардың көбісі, туған елге жақындардың көбісі – Жүректен кететінін…» айтып қалды. Ал Иран-Ғайыптың өзі былайша егілді:

Бауыр да жау жүрекке,
Бүйрек те – жау,
Қаптаған жау
қастығын сиретпеді-ау.
Жүрек – патша,
Мен – құлмын,
Тобыр-мүшем –
Жан-тәнімді патшама билетпеді-ау.
Ішек,
Қарын,
Өкпе,
Өңеш…
Өт те – дұшпан –
Аңдып,
Кезін күтердей тақтан ұшқан.
Сыздап-сыздап алады –
Жалыға ма,
Шаншып-шаншып кетеді –
Кек пе қысқан?!

Өш – бәрі…
Жазығы не?!
Біле алмадым!
Білсем ет-ті
патшамның ұлы арманын?!
… Көп тобырдың қолынан не келмекші,
Патша-тағдыр – еркінде
Бір Алланың!..

«Жүрек-патшаның ұлы арманын танығысы» келіп, Жүректің аяқасты болғанынан кейін ғана – Жұмақ-Мекен Жер-Ананың тозаққа айналып бара жатқанын байқап жанұшырды:

Ел көшкен жұрттай күңіреніп,
Жылама, ғазиз жүрегім,
Керектей жедел уану –
Кісі күтетін күйге еніп,
Кеткен есімізді жиялық:
Көңіл төріне тіленіп,
Жан сарайына сұранып –
Келеді ғажап бір ару –
Тал шыбықтай мың бұралып,
Нәзіктігінен именіп,
Сұлулығынан ұялып…

Міне, сізге – футуәттік! Міне, сізге – құсни құлық! Міне, сізге – көркем мінез-құлық!.. Бұл, баяғы сәбеттік империя «коммунизмнің елесімен» «қауышар» сәт – 80-жылдардың өкпе тұсында жазылған жырлар!.. Иран-Ғайыптың сонау 74-жылы шығарған тырнақалдысы – тұңғыш кітабын «Жүрек жырлайды» деп атағаны тегін болмады… Ақын жүрек-патшалығының «Атлантидасы» қай мұхиттың астында жатқанын білді. Сондықтан ол – түпкі түркі, иісі – қазақ, арғы – араб, бергі ғажам түгел пір тұтқан «Ахмет сәни» (Пайғамбардан (с.ғ.с.) ке­йінгі екінші Ахмет), яғни Құл Қожа Ахмет Ясауи (р.ғ.) аруағына сыйынды!:

Ұлы Ұстазды
Үлгі тұту –
Мұратым:
Қалам тартып –
Қасиет-Нама –
Жыр жаздым,
Келер Ұрпақ
Ғибрат-лу қылатын…

Ұлық Астана (астана – бақыт қақпасы деген ұғымды білдіреді) Түркістанға тәу етті!:

Уа, Түркістан!
Рухани Астанам!
«Меккем» менің –
Кіндік Қалам,
Бас Панам!
Жерұйығым –
Жұмбағын жат шешпеген,
Алтын Құлпым –
Құпиясын ашпаған!

«Алтын Құлыптың» ашылар күнін күтті! Ұлық Ұстазға қылған ұлы құрметі үшін оған Кеңшілігі көп Жасаған Ие өзінің «Халін» сыйлады! Сондай – Хал-Мастыққа жетіп, мүршид пен мүрит жалғастыққа (фәнашших – ұстазға сіңу) бекіп, ышық отына өртеніп отырған шайыр Жүректегі Сырын жайып салды:

Жаным-Тәнім
Көнбей Жазмыш-Көгенге,
Арыстан жал
От ойнайды денемде:
Қожа-Ахмет Ясауидің Мүриті –
Менен құдірет
Шайыр жоқтай Әлемде!

Әуел – Құдай,
Сосын – Аруақ –
Сенерім!
Сенім барда –
Мәңгі өлместей Өлеңім:
Ұлы Ұстазша
Сараланып,
Сафтанып,
Сұрыптанып,
Сопылана беремін!
Міне, ақыры, енесін іздеген жетім қозы-рух Иесін тапты, Иеге жеткізер киесін тапты! Құдайдың достарының: «Тура жол сопылыққа жеткізеді, ал сопылықтың шыңына шыққан жан шайырға айналады» деген шындығының айқындалар тұсы, «ақын» атты рухани дәреженің қарақұрым өлеңшіден ірге ажыратар сәті де осылай белгі берсе керек…
Сонау 97-жылы – күллі ұлт, қоғам, барша адамұлы қамалған рухани тығырықтан қалай шығамыз? – деген күбіртке-сауалға жауап іздеп арпалысқан ақын: «… ҰЛЫ МӘРТЕБЕЛІ ТӘРБИЕ­ШІ – «Ділман» керек! ДІЛМАН!» – деп аруақ шақырған. Шынында да, шайыр көрегендікпен күткен Ділман – сол жылы өзінің Ата-Топырағына жетіп, жұмысын бастаған!.. Алайда иегін ібілістік «ілімге» сүйеген, сүйегін тажалдың қара жегісі кемірген кісікейіпті, ісіжөйітті кісәпірлер 15 (!) жыл соңына түсіп жүріп, Ұстаз-Ділманды Абақтыға тығып тынды! Енді бізге – Алла Тағаланың Ақиқат-Таңы атқанша күту ғана қалды!..
Осындай іргелі ізденіс, күрмеулі күңіреністердің соңы «Бүтін Адам» сынды Ғайып-Наманы дүниеге әкелді:

Ал,
Дүние…
Ар ма екен,
Алдың,
Артың –
Жар ма екен?!
… «Жарым»,
«Жарты» –
Өріп жүр,
«Бүтін Адам» –
Бар ма екен?!
Ақынның мынау «жарым», «жарты» дүниеден іздеп отырғаны, сол! Сол! Шариғат, тарихат, мағрифат қақпаларынан аман өткен, Ақиқатқа жеткен – Кәміл Адам! Күллі дүние жарым-жартылардың кесапатынан азып-тозып, іріп-шіріп бара жатыр! Ергізде – Іші бүтін еместің, ісі бүтін болушы ма ед?! Жаратушы Иеміз өз халифасы (орынбасары) қылып жаратқан адам-пендесі – Аманатқа адал болғанда Жүректегі Құтқа бағынуы керек-тін. Өкініш сол, әркім шайтанның жетегі мен нәпсінің қалауына ілесіп, көкірегіндегі пұтқа табынып кетті. Жүректен Құдай кеткесін, әркім өзі «құдайға» айналды. Адам, шын мәнінде, пұт-құдай емес, Құт-Құдайға айналуы тиіс-тін. Ақынның әл-Фараби, Баласағұни, Ясауи, Абайдан іздеп отырған «парасатты адамы», «тақлиди-яқини» иманның иесі, «мағрифаттанған» «толық адамы»:
«Бүтіндіктің» Белгісі:
Күндей –
Жарық,
Алтын –
Қалып,
Айнымас…
Жаратушы-Иені
Танып –
Ақыл-Санамен,
Пенделіктен –
Безіну;
«Оның» –
«Өзің» екенін
Жан-Тәніңмен –
Сезіну…

Яғни «фанафиллаһ» (Аллаға сіңу) мақамына жетуі, Құдайлық сипатқа айналуы керек-тін. Ал «құдайға» айналғандар – Жаратушы Иенің бүкіл заңдарын бұзып, тәуелсіздікті тонап, азаттықты аздырып, тілді – тұман, ділді – күмән, дінді ылаң қылып қойды!:

«Құрығының» ұзынын
Қамдай…
Қары талардай.
Екі Дүние Қызығын –
Түгел сатып алардай, –
болып жүр!..

Ал Бүтін Адамға олар көксеген «бақ» пен «құттың» түкке де керегі жоқ! Өйткені:

Саған –
Билік керек емес,
Білемін!
Саған –
Байлық керек емес,
Білемін!
«Бүтін Адам»,
Екі Бірдей Дүниеде,
Ең Киелің –
Басың емес,
Жүрегің!

Сондықтан:

Жаның –
Алла Рахымы –
Жауанмәрт,
Тариқатқа –
Бет түзерде…
Ауандап:
Жүрегіне сенбегендер,
Бұл Жолдың –
Ақырына жете алмайды…
Тауандап!

Жүректің ымбалын сезініп, оның қазынасына жетпегеннен кейін, ол дана бол, қара бол, жарым-жарты міскінге айналмақ! Ал рухани кембағалдар бақсыз елге – қожа, шексіз байлыққа ие болса, жаңағы айтқан: тілдің де, ділдің де, діннің де, бір сөзбен айтқанда, барша елдік құндылықтардың жендетіне айналып шыға келмек!
Сонымен, алдымыздан тағы да Жүрек шықты!.. Бұл кездейсоқтық па… Жоқ!
Уай,
Жүрегім –
Рахмани-Қорегім:
Запыран –
Құстыр,
Зығырыңды –
Ек,
Зар –
Иле?!
Саналыдан:
«Сабақ алсам» –
Деп едім
(Санасызға –
Қажетім жоқ,
Әрине…)?!!

Шайырдың қу жанын қуырдақ қылып аласұруы тегін емес. Оның Ақиқат Құбыласына назары ауған Жүрегі – енді бұрынғыша «жарым»-«жартыларды» «пір тұтып», алапес қоғамда ғұмыр кеше беруге болмайтынын еркінен тыс білдіріп тұр!
Қасиетті Құран-Кәрімнің 166 аяты, мүбәрак Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ондаған хадисі адам мүшесінің «ең киелісі» – Жаратушы Иеміз күніне 360 (!) мәрте Назарын салатын орын – Жүрек Қазынасының тұңғұйық сырларын ақтарады екен!
«Олардың басындағы көздері соқыр емес, жүрек көздері соқыр» (Хаж сүресі, 46-аят). Кәлам-Шәріп осылай десе, Хақтың Расулі былай ашықтайды: «Денеде бір кесек ет бар. Егер ол таза болса – бүкіл дене таза болады. Егер ол бұзылса – бүкіл дене бұзылады». Ал сол Жаббар-­Алланың сүйген құлдары – әулиелер не дейді?

«Бойдағы кірді қашырса,
Хақтықтың түсер сәулесі.
Жүректің көзі ашылса –
Адамның хикмет кеудесі…» –

Әмбеге аян, бұл – Абай.
«Жасырып тұр Жар өзін,
Бас көзімен қарама.
Жүрегіңнің аш көзін,
Жардың сырын арала…» –

Азға мәлім, бұл – Шәкәрім.

«Жүрек – таза болған жағдайда періш­тенің кілт салып, от алдыратын немесе басқаратын рулі, Хақтан тайып адасқан жағдайда – шайтанның кілт салып, от алдыратын немесе басқаратын рулі». –

Кемге мәшһүр, бұл – Исматулла мақсым…

Осынау шырын-шындық, кәусар-хақиқаттардан мағұлым болды: Жүректі таныған жанның ақылының айнасын (мират-ул Қулуб) шаң баспайтыны. Сондай-ақ аян-дүр: Ақыл Айнасы тазарған құлдың Рухы сафтанатыны һәм Хақты танитындығы. Ал рухы «сафтанған-сопыланған» жанның айтқаны келіп, атқаны тиетіндігі, жүмілаға – бесенеден белгілі шындық. Ендеше, Иран-Ғайып шайырдың:
Аңдап-Бақсам:
Жер-Бергі –
Аспан-Арғы –
Түнек!
Түнек!
Күллі әлем –
Тас-Қараңғы!
… Жүрек пенен Ой-Сана Жарасымын –
Таппай,
Жырым –
Жанарын жасқа малды…

Түнек!
Түнек!
Хас-Тылсым –
Қара Түнек!
Қараға –
Ақ жабудың қажеті не ед?! –
… Құс Жолына
Айналып барамын –
Мен:
Тәніме –
Хош,
Жаныма –
Пана тілеп… –
деген Өлеңіне сенейік. Сол Құс Жолының көңіл көгінде қанат қаққан «Құсқанатына» ілесіп Ұлықтар күткен Ұлы Жақсылықтың Таңы келеріне сене­йік! Ғаршыда басталар «Айт мейрамын» күтейік! Ақынның кәламына сенейік: «Уай, шыдайық… Аз қалды!..»

Тәмат. Тәмам.

08. 03. 2012 жыл
Ақтау шәрі

АЙТ-МАН (Светқали)
ҚР Мемлекеттік сыйлығының
иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір