Қаратау мен қара өлең
23.11.2023
2612
0

(Ақын Баян Бекетованың поэзиясы туралы толғаныс)

Жансебіл жазба ақындардың жолына түскен қыз-келіншектердің аты-жөндерін саусақпен санауға болатын шығар. Өйткені олар аз, тым аз ғой. Өмірі мен өмірі үйлеспей, тұрмыс-тіршіліктің тауқыметі қажытқан, оның үстіне бөріктінің алдынан кесе-көлденең өтпейтін жолдары жіңішке жандардың бұл да бір орны толмас еншісі-ау. 
Ең қайсар деген Фариза ақынның өзі бір кезде: «Шаршадым-ау… Қайтсем, енді тыныштық табар жаным, Жүйке менен жүректі тарамдадым. Ләззат ап әрнеден басқалардай, Өмір кешу – бұл күнде бар арманым. Күйретердей жанымды жанар жалын, Жүрегіммен жыладым, алаңдадым. Кең дүние салмағын, салқындығын, Жиып-теріп үйгендей маған бәрін» , – деп күйінсе, басқаларының күні қандай екенін өздеріңіз-ақ байжайлай беріңіздер. 
Баян ақынның пайымдауында, әйел-ақын сүйген жігітімен некелеспес бұрын поэзия деген серімен көңіл қосып қояды екен. Барын да, нәрін де жырына арнап, жан жылуын да, тән тыныштығын да содан тапқысы, содан алғысы, содан көргісі келеді. Мұны жүрегінің жартысына айналған жары түсіне ме, жоқ па, оны бір Алла ғана біледі. Өйткені олардың бәрі менің ақын ағам Қайырбек Асанов емес, ақын Күләш әкпемнің қас-қабағына қарап, «аһ» дегенде аузынан түсе қалған жырларының кіндік шешесіндей қасынан табыла кететін. Сондықтан «Бір қолында қаламы, бір қолында қазаны» (Баян Бекетова) жүретін әйел-ақындарының қазақ поэзиясындағы орны төрге лайық. Ал Баян сұлудың мына өлеңін әйел-ақын атаулының жыры мен сыры десек те болады.
Сылдырады күмістей бұлақ күлкім,
Сан бұлаққа өзім де құлақ түрдім.
Тәңір өзі өнермен тәнті етті де,
Өлең деген өлкеге ұзаттырды.
Нулы өлкенің таңдандым ғажабына,
Ақ маңдайлы ақ таңдай ажарына,
Сұлулыққа мәңгілік некелендім,
Бақытым ба, білмеймін азабым ба?
Өрттей жанған қырлары қызғалдақты,
Махаббатын ақ адал бірге арнапты:
«Боласың деп өлеңнің қалыңдығы»,
Ақ самалы сыбырлап, сырға тақты.
Жасыл пүліш жағасы – айна көлі,
Жырыңменен көмкерші, қайда – деді.
Махаббаты өлеңнің тым күрделі:
Күндіз-түні сүй мені, ойла, – деді…
Өлең де өр мінезді келеді: ақынның жүрегін ауыртады, жанын жаралайды, кей уақыттарда қарамай да, келмей де, хабарласпай да қояды. Отына күйдіріп, шоғына аунатып та алады. Ақын қыз бір құлап, бір жылап жүрсе де, бәрібір өзінің жаны сүйген, көңілі қалаған поэзия деген перісін аңсап, бәрібір соның үні қай жерден естіліп қалар екен деп құлақ түріп тұрады. 
Теңіз-толқын ақшулан лақтырды,
Сылдырады бәрібір бұлақ-күлкім…
О, өлең, сенімен некелі екенімді,
Көз жұмғанша өзіңмен өтерімді,
Тек артынан бір-ақ білдім!
Міне, ақын қыз-келіншектердің, ақын әйел-аналардың біз біле бермейтін, біз мән бере қараматйын бір сыры – осындай. Баян ақынның:
Бір қолымда – қаламым,
Бір қолымда – қазаным.
Тербетем де бөпемді,
Өлеңімді жазамын.
Таң нұрындай тазамын,
Бесік жыры – әз әнім.
Театрым үйімде – 
Балбөбегім базарым, –
деп өзін-өзі жұбататыны да сондықтан.
Бала кезімде «Қазақстан пионері» газетіндегі ақын әкпем Күләш Ахметовадан хат алатынмын. «Тақырып таңдама» деуші еді сонда ол. «Айналаңның бәрі – тақырып» дейтін. Ал мен ылғи «Көктем» деген өлеңімді жолдай беретінмін. Қазір ойлап отырсам, сол кісінікі дұрыс екен. Күн де, түн де, гүл де, гүлзар да, тамшы да, шық та, жапырақ та, тал да, су да, жаңбыр да, жел де, бұлт та – бәрі тұнып тұрған тақырып екен. Бәрі мен жазған көктемнің көркі екен. Тек көре біл, тек тани біл, тек сырласа біл, тек жырлай біл. 
Желдің өзі тарап берді шашымды,
Кемпірқосақ керіп берді қасымды.
Жауын өзі жуып берді жейдемді,
Самал өзі сипап берді басымды.
Көктем өзі шыға келді таранып,
Өз-өзінен еріп кетті қар анық.
Құстар өзі ұшып келді асығып,
Отанына аман-есен оралып.
Бақыт өзі сәлем берді, қол алып,
Сәуле сүйді, мойыныма оралып.
Оралмаған Боралдайдың бойында,
Қайран аңқау балалық.
Күн көзінің күлімдегенін де, өз жүрегінің өзінен-өзі мөлдірегенін де, сынық шынылардай сан түрлі реңге еніп, ойнақ салған сәулелердің бұлт етегін түргенін де, тал-теректердің өздері билеп, өздері ән салып, көкке қолын созғанын да, шабыт буып, найзағайлар шатырлап, ал мұңға батқан жаңбырлардың сыбдырлай жауып жыр жазатынын да көкірегіне құйып алған Баянның жанына жақынның бәрі – өлең. Оның өз жырында «оралмайтын бір-ақ нәрсе бар, ол – жастық шақ, ол – алғаусыз, алаңсыз балалық шақ» деп түйіндеуі қандай әсерлі. Ал… ақынның келесі шумақтары атан түйенің жүгін артар өмір туралы ойлармен өріледі.
Өмір өзі жазып берді өлеңді,
Өлең өзі қазып берді тереңді. 
Күннің көзін жабам деген көлеңке, 
батқан Күнмен өзі өлді… 
Таулар өзі тұрды маған қорған боп,
Кейде дана, кейде ойлы орман боп.
Тәңір өзі теңіз-ойды кештіріп,
Теңіз ойдан тапқан рас, олжам көп.
Көптен күткен… үзілтіп 
шын кешіккен
Бақыт өзі кіріп келді есіктен.
Шаттық өзі шашып беріп шашуын
Сәтсіздіктер өзі қашты өшіккен.
Мүлде осылай болмайтындай 
тілеп көр,
Бірін-бірі өзі тапты жүректер…
Кірпік ілмей босағамды күзетті,
Дос көңілі… жылы-жылы тілектер.
Өмір өзі жазып берді өлеңді,
Тамыр өзі қазып берді тереңді.
Толқын-тауға соғып-соғып басымды,
Теңіз өзі соғып берді кемемді.
«Барлық өнердің ішіндегі бірінші орынды поэзия ұстап тұр», – депті неміс ойшылы Иммануил Кант. Тікелей аудармада ол осылай қарадүрсіндеу естіледі. Сондықтан біз оны қазақы қалыпқа салып, «барлық өнердің бастауында өлең-сөз өнері тұрады» дейміз. Халқымыздың батырлар жыры мен ғашықтық дастандары, жеті ғасырға пара-пар бағзыдан жеткен жыраулар мұрасы, қиссалар мен термелер соның айғағы. Қазақтың сөзі о бастан-ақ теңеу­лерден, шенеулерден, ұйқастардан құралған. Мақалдары мен мәтелдерінің өзі – тұнып тұрған поэзия! Өлеңдетіп сөйлегенді де жандары қалап тұратын жандар да осы қазақта. Ал Вильгельм Гумбольд қара сөздің шеберлерін де ренжітпейін деді ме екен «Поэзия мен проза – тілдің пайда болуының түйіні» депті. «Халықтың рухы мен ойлау өрісінің қалыптасуы жолында тіл ең басты рөл атқарады» деп тұжырған тұлға ғой ол да.
Біздің Қағба – Қаратау мен қара өлең –
Сонда тұр ғой көк кеңістік, көп әлем.
Қасіретін қасиетке жеңдірген,
Мәңгі көктем – көнермейтін көне әлем, –
деп жырлаған Баян, қазақ халқының сонау көз жасына шыланған көшінен бері қара шаңырақтай киелі ұғымға айналған Қаратауының үні мен мұңына айналған қара өлеңді өзінің қасиетті қағбасына балайды. Қара өлең мен қара сөз, шынында, қазақты нағыз қазақ етіп ұстап келе жатқан қасиеті ұстыны емес пе?! Ойлы ақын осыны меңзеп отыр.
Өлең сөздің өркешті аруанасына айналған Фариза Оңғарсынова: «Әйел­дер поэзиясы»: ол қандай поэзия?» деп өзіне-өзі сауал қояды да: «Ақын болмысының, табиғатының әртүрлілігінен оның поэзиядағы үні дараланады. Бұл ақын атаулыға тән қасиет болса керек. Өзіндік үні жоқ, жақсы деп жақсылығын айту немесе жаман деп нашар дүние екендігін дәлелдеуі қиын туындылары бар адам – әйел ме, ер ме, кім болса ол болсын, әйтеуір ақын емес», – дейді.
Мағжан ақынның мұңы мен сырына мұрагермін деп жырлаған (бәлкім, жылаған) Баян – сол Фариза апасы айт­қан өз үні, өз ойы, өз айтары бар ақын.
Айыңды алып, алқа қылып  тақтым да,
Жұлдызыңды жүзік еттім, түсінгің.
Бар шығар деп адал бақыт, бақ мұнда,
Теңізіңе қайығымды түсірдім…
Теңізіңе тереңдедім, тілек қып,
Көрсетпейді тірлігімді түнек түк.
Сенің сұлу жырларыңа сусындап,
Ал мұңыңды мұра еттік.
Тарқамады таланымнан қайғы-мұң,
Әр бермеді дүниеге айлы үнім.
Қап-қара бұлт төніп алды төбемнен,
Айтшы аға, қайда еді, жайлы күн?
Заманыңда тықыршыдың,  торықтың,
Ашық аспан, тамұқ – таңың болып түн.
Көгімдегі аппақ нұрға малынып,
Жүріп мен де секем алып, қорықтым…
***
Зар қақтырар жанымды далам мұңы,
Түсінбейді түйсіксіз балам мұны…
Сөздің құны – дәл қазір соқыр тиын,
Ең арзаны – болыпты адам құны.
Тәнімді де ауырттым, жанымды да,
Жүрек болып, бір-ақ сәт 
жарылдым да…
Тас керең боп алғандар өлі тастай,
Естімейді үнімді, зарымды да.
Сауырынан сипатпай алтын жалды,
Арғымақ-жыр ағады қалпында әлі,
Мұрагермін мұңыңа Мағжан ақын,
Мен шаңыңмын шұбалған артыңдағы.
Ақындар мен жазушыларға өз қаһармандарының мінезіне адалдықты үлгі етуді жазып кеткен әдебиет сынының алыбы Виссарион Григорьевич Белинский: «…Шынында да поэзияға ұйқастар мен ақыл айту өнері деп қарайтын ақымақтар күлкілі де бейшара ғой. Оған қоса мұндайлар ақыннан махаббат пен достық, тағы басқаның бәрін ақыл үйрете отырып жырлауды талап етеді. Және сезім тұнған керемет туындының өзін, егер ішінде ақыл айту болмаса, поэзия деп қабылдамайды» деген.
Ақыл айту Баянға жат. Оның жырларының «құрылыс материалдары» құрғақ ақыл емес, «Сылдырлап өңкей келісім, Тас бұлақтың суындай, Кірлеген жүрек өзі үшін, Тұра алмас әсте жуынбай» (Абай) дегендей, сіз бен біз іздеген інжу-маржанның өзі. 
Шын ғашық періште пішінде,
Сол бір кез ән салар түсімде.
Сағыныш сезімі тербеген,
Сен жүрсің сол әннің ішінде.
Бақыт па білмедім, арман ба,
Ып-ыстық құшағы алғанда.
Мен бар ем және де Сен бар ең,
Қызылды-жасылды жалғанда.
Толысқан Айдай боп көріндің,
Ән болып, санамда өрілдің.
Есімде «Махаббат көпірі»,
Есімде ыстығы деміңнің.
Араны ақ көпір жалғайтын,
«Шағала» ән болып самғайтын.
Біздерге қызығып қараудан,
Ауылдың таулары талмайтын.
және:
Саған деген көңілде нала наз қап,
Жанарымнан жұлдызым тама 
жаздап.
Басу айтып отырмын ойларыма,
Жырларымды жылатып 
ала жаздап…
Қоңыр қазбен қоштастым 
қолым бұлғап,
Қоңыр кеште қоңыр ой, 
қоңыр мұң қап.
Қоңыр қаздар көктемде оралады,
Орала алмайтының да сенің жұмбақ?
Қоңыр күздің ойнайды қоңыр күйін,
Қоңыр самал желбіреп көңіл аулап,
Қоңыр қала үстімен қиқулайды,
Көк жүзінде қоңыр қаз қоңыраулап.
Сен кеткен соң, суыды қала да аздап,
Қоштасарда қиқулап ала қаздар,
Үш қайтара айналды дәл төбемнен,
Жүрегімді суырып ала жаздап.
Қиқулады сол қаздар көшерінде,
Жүрегінен жаз-өмір өшерінде.
Бәлкім, сенсің, бақытым мәңгі 
кешкен,
Қоштасуды ұзартқан неше күнге, –
деген жыр жолдарын оқығанда Абай айтқан талапқа Баян ақынның адалдығын байқайсың.
Колумбиялық жазушы, Нобель сыйлығының лауреаты Гариеэль Гарсиа Маркес «Әдебиеттегі жалғандық – өмірдегі жалғандықтан анағұрлым қауіпті» депті. Өтірік жылау, өтірік күлу, өтірік сызылу қандай жиіркенішті болса, өлең деген өнердегі өтірік айту да сондай, жүрек айнытады. Аңғал болса да, аңдығаны жанжал болса да, сөзінен бөзі мен өзі көрініп тұратын ақын мен жазушы ғана әдебиеттегі биікке көтеріле алады. Жалғандыққа, жасандылыққа бара алмайды. Сондықтан Баянның әрбір баянынан оның шынын сезініп, сол шықтай мөлдіреген шынмен бірге қуанып, сол шынмен бірге мұңаямыз. 
Тәтті арманым, білмеймін, 
ертегі ме?
Көкіректе күйді кеп шертеді не?
Өзімді-өзім жеңе алмай өтіп барам,
Күрмеуіме келместей келте дүние.
Аппақ таңдар алдымнан атты күле,
Таңдай қақты дүние пәктігіме.
Ай нұрынан жаралған тап-таза едім,
Қанат қаққан сәби ем шат күніне.
Кезім бүгін ызғарлы, көлеңкелі,
Бұлбұлдарым бақытқа бөленбеді.
Күндерімді қысқартты қара тірлік,
Сипамады басымнан өлең келіп…
Той-томалақ еріксіз кешті ұрлаған,
Ызыңы көп, шуы көп есті ұрлаған.
Көтеруге көңілді құрбы келер,
Қалдырмастан уақыт ешбір маған.
Деп жүргенде сырқаттан сауығалық,
Жыр – ақ нөсер өтетін жауып анық.
Өлген өлең аруағы тұз себеді,
Жүрегімнің жарасын тауып алып.
Осы өлеңнен өнер төңірегінде жүрген жансебілдер өздерін көретіні анық. Әдебиет сыншылары айта беретін көркемдік пен шеберлік дегенді де осы жерден табу керек шығар. Ойы жұтаң, сөзі жұпыны, сезімнен де жұрдай адамдар, бәлкім, мұны түсіне алмас. «Шөп те өлең, шөңге де өлең» деген, әне, не боса соны «сөз» деп, «ұйқас» деп айтып жүрген айтыскерлерді де көтермелеп, көлік мінгізіп жүр ғой» дер. Жоқ, жансебіл жазба ақындар ондай ойға жол бермек тұрмақ, жеңіл-желпі бердеңені «жыр» деп жаза салайыншы деп ойлау­дың өзінен қорқады. Өйткені…
«Көркем сөз – жанның сәулесі! Шын ақынның айтар сөзі – жүрегінің қанымен бірге шықсын!» деп Ғабит Мүсірепов желкесінен төніп тұр. Құр төніп тұрған жоқ, «Көркем сөзді құлқынға құл қылған, ол – бір надан адам, хайуан, ал ақыннан шыққан асыл сөздер, ол – биналар, ғимараттар, аспан тірер мұнара. Жер бетінде кездеспейтін мұнаралар. Сөз қаталы жауыңа ғана лайық, досыңа да солай айтсаң, жан-жүрегін өртегенің, Көркем сөздер күннен де жарық…» деп қабағын керіп, маңғаздана қарап тұғандай. Бірақ…
Жаңа жауған жырымды ақ қар ұқты,
Жүрегім – сыр, ағынан ақтарыпты.
Ақын-әйел бақытты, ал шынында,
Басқа әйелдер ақыннан көп бақытты.
Жыр жазамыз сезімнен жақұт құлап,
Ащы-тұщы өмірді татып – сынақ…
Өлең жазған қыз бала бақытты ғой,
Жазбайтын қыз одан да бақыттырақ.
Біреулер жүр аруларын сатып пұл ап,
Белшесінен күнәға батып, шын-ақ…
Бақытсыздар сезбейді бақытсызын,
Сезбегендей бақытын бақыттылар, –
деп Баян сұлу сөз зергерінің бұл сұрағы мен сынағына әдемі жырымен жауап береді. 
Баян – әлбетте, бақытты ақын. Жар қызығынан да, жыр құмарынан да кенде емес. Құрмет пен марапаттан да құралақан емес. Бірақ ақын жаны бақытты екенмін деп шалқып жүре алмайды. Қыл аяғы біреу сіріңкесін сырт еткізіп, лақтырып жіберсе де жердің желегі өртеніп, жемелегі жанып кетпесе екен деп селт ете қалады. Бәлкім, тіпті селк етуі… Әйтеуір, мамыражай, бейқам отыра алмайды. Шындықты сырға, сырды жырға бөлеп, бөбегін аялаған анадай поэзия бесігін баяу ғана тербетеді.
Ол жырлардың үні асыл шыныдай сұлу үнмен сыңғырлап, ал сезімге толы сырлары өлең-өзенінің түпсіз тұңғиығына тарта береді, тарта береді. Ол үн мен ол тұңғиық – Боралдайдың бозторғайындай зеңгір көкке шаншылып ап, қанаттарын дамылсыз қағып, боз даласының әз әнін үздіксіз шырқаған Баян Бекетованың жан сыры мен ән-жыры. Қаратау мен қара өлеңді қағабасына балаған ақын Баянның жауһар жырлары қалың қарашасына рухани қорек, ал қиналғандарына дем, жаны ауырғандарға ем болары анық.
Көсемәлі СӘТ­ТІБАЙҰЛЫ,
жазушы, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір