ҚАРА ӨЛЕҢ, ҚАДІРЛІ ӨЛЕҢ, АҢСАҒАНЫМ…
Азамат Тасқараұлы – ақын, ШҚО Ұлан ауданы, жоғарғы Тайынты ауылында дүниеге келген. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-при иегері, ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ҚР Ақпарат саласының үздігі. ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен марапатталған.

Азамат Тасқараұлы
Әкем туған бұл үйде, атам қайтып,
Жел гулейді ескі бір мақамды айтып.
Құс жолынан құраққа нұр төгіліп,
Мен аунағам ұйқыға бата алмай түк.
Қоңыр тартқан көңілге сағым бәрі,
Қырдан асып әжем де дамылдады.
Есімде жоқ, ескі үйім, сенен ұзап,
Есігіңнің қай кезде жабылғаны.
Жырлаймын деп жарық күн, түнгі әлемді,
Жүрегімнің жарасын жылдар емді.
«Ұмытпадым!» дегенмен, оралғанда,
Мені күтер ол үйде кім бар енді?!.
Сыр айтқанмен сарғалдақ гүлге бөлек,
Ол да ұқтырды «іштен тын, үндеме» деп.
Менің мұңым, өлеңім, кім болғаным,
Қара шаңырақ, айтшы енді
кімге керек?!.
Күтіп жатқан болар деп жолдар әлі,
Қос қанатын мұзбалақ қомданады.
Әжем жатқан бейітке барам жалғыз,
Бала күнгі бейненің сонда бәрі.
Күз бояуын жаққанмен өңірге әйбат,
Өтіп бара жатыр-ау өмір жайлап.
Қариясы азайған ауылды ойлап,
Қазынасы тоналған көңілді ойлап…
* * *
Қарашы анау қырларға солған өңі,
Есте сақтап жол жатыр сонда мені.
Сонда мені жұбатқан Күз бүгінде,
Сағыныштан сарғайып болған еді.
Сағыныштан сарғайған ол ма, мен бе,
Жойқын сезім жан деген толды әлемге.
Найзағайдың жарқ еткен сәтіндей боп,
Сазы бөлек бір ақын келді өлеңге.
Қыл пернесін жырының мұң қозғаған,
Бәрі мөлдір көрінген бір кезде оған.
Алдаған да сонда оны Күз еді ғой,
Күз дегенің – аяусыз, мүлде өзге адам.
Ей, боз қайың, сол Күзге болма құмар,
Жалғыз сеңгір басына қонбақ ұлар.
Сені жұтар иірім – ондағы өзен,
Сені сонша тоңдырар ондағы қар.
Көзің тұнып баулардан пісіп-толған,
Жүрегіңнен қанша арман ұшып…
қонған.
Күздің көркем жаңбырын
аңсаймын деп,
Талай гүлдің сабағы үсіп-тоңған.
Қыркүйектің бұлттары көшті неден,
Көңіліңді қай тылсым кескілеген?
Шарқ ұрмасыншы жаныңның шағаласы,
Күз ешқашан естімеген.
Күркіреген жыр-ғұмыр пешенемде,
Таспен ұрып қайрады неше жерде.
Кемесіне үміттің қолым бұлғап,
Мен де адастым тұманды көшелерде.
Лайсаң жол,
Бүрсең тал,
Түз көнерген,
Жоқты сонда не таптым іздегеннен?..
Үсіп-тоңған, содан соң пісіп-толған,
Түсі суық бұл күнде Күз деген – Мен…
Әділдік тағдыры
Жаралған алмағайып шақта нұрдан,
Өр тұлғаң асқақ еді бек тобырдан.
Адасып қайдан келдің бұл мекенге,
Жел тұрып, жекен түзі от жамылған.
Қақ бөліп аражігін ақ-қараның,
Жаутаңдап жан-жағыңа көп қарадың.
Жарымай жақсы сөзге, жалғыз қалып,
Тарыдай шашылды ма сақтағаның?!.
Қызғышым, мұздамай ма ішің мүлде,
Бір өзің жетер дейсің күшің кімге?!.
Келеңсіз күндеріңде бұл қоғамға,
Керексіз екеніңді түсіндің бе?!.
Егілдің, еңсең қалай езілмейді,
Мұндайды «мұң шарпыған сезім» дейді.
Найсаптар қабырғаңа найза қадап,
Кещелер рақаттанып көзіңді ойды.
Келмеді ақиқатты неге ескергің,
Шірідің арасында белестердің.
Дәме ғып жақсылыққа жаны асықты,
Әредік жолығатын елес болдың.
Бұл тарих саған таңсық, маған әйгі,
Ешкім кеп жалымызды тарамайды.
Жолсызда жолыққанда сол Елеске,
Жарым жас жанарымнан домалайды.
Обалын ойлап сонда жас-киенің,
Қоғамның моласына тасты үйемін.
…Қорқаулар сонадайда Әділдіктің,
Басып ап, кеміруде бас сүйегін.
Қара өлең
Қара өлең, қадірлі өлең, аңсағаным,
Үп еткен бала күнгі таң самалым.
Бұрылып бастауына баба жырдың,
Жанымның емдеп келем әр сабағын.
Қара өлең – қайран өлең, аңсағаным,
Күйіктің шайқап іштім бар шарабын.
Мен сенің қуатыңнан шошып кейде,
Мөп-мөлдір көздеріңе тамсанамын.
Қара өлең – қаймана өлең,
қасқалдағым,
Қаныңа сезімімнің тосқам бәрін.
Ініге қалай айтам анау келген,
Менің де жанарымда жас болғанын.
Аз шығар бермегенім бергенімнен,
Сен үшін төрге шығып, көрге кіргем.
Өзеуреп таң атқанда, қас қарайып,
Өзіңсің тепкілеген өңменімнен.
Қара өлең, данасың ба, сәбисің бе,
Біреу кеп мұңымызға мөлисін бе?!.
Тебіндеп қар астынан шыққан гүлдің
Жұпары әр сөзіңнің бар иісінде.
Қара өлең, бақсысың ба, қарисың ба,
Қобыздай күңіреніп налисың ба?!.
Сарғайған сары күздей сыңарыңмын,
Сағынған сыңарыңды танисың ба?!.
Ізімен Мұқаңдардың, Қасымдардың,
Жүрем деп талай тасқа басым жардым.
Сия алмай ортаға да, ордаға да,
Буырқанған бір арнаға қосылғанмын.
Буырқанған қосылғанмын бір арнаға,
Алдымда таулар жатты мұнарлана.
Біз кеттік, сен ертерек қайтып кетші,
Жарға кеп қол бұлғаған құмар бала!..
Қара өлең, жаңамысың, көнемісің,
Өзіңсіз жетер еді неге күшім?!.
Сен – менің бет түзеген һақ құбылам,
Сен – менің ғұмырымның дерегісің.
* * *
Көп күйбеңге еш қысылмас,
Болдым бүгін қаттылау.
Ертіс, Ертіс – ескі сырлас,
Үнсіз ғана ақтың-ау.
Сен асықсың арманыңа,
Толқын атып еселеп.
Менің қатты болғаныма,
Біле алмадым, не себеп?!.
Қанат талып, айдынға мың
Құс қонады топтана.
Бұл өмірдің ой-қырларын,
Сен ұғасың тек қана.
Құстар күздің салқыны ұрып,
Сая іздейді сенен кеп.
Жүрегімде әр түн ұлып,
Мені өртейді өлең көп.
Өлең де емес мені өртеген,
Бір өкініш, бір үміт.
Бұл тағдырға ел ертемен,
Қарай ма екен бұрылып?!.
Өтіп талай қия, құмнан,
Өліарада көрем түс.
Менің ұлы қиялымнан,
Жаратылған көне Ертіс!
Көңілімде құсың өріп,
Аһ ұрасың, Ертісім.
Шалғай кетсем түсіме еніп
Шақырасың, Ертісім.
Өзек тілген өткір, мұңды ой,
Ақ шағалам іштегі.
Түнге оранып кеп тұрмын ғой,
Толқыныңмен құш мені.
Сезіп күздің ерте лебін,
Бөгелсем де белесте.
Аялауға серт беремін,
Айналғанша елеске.
Айналғанда елеске анық,
Келер тағы бір ақын.
Сені көрсе, мені еске алып,
Мені еске алып тұратын.
* * *
Сауыр арша иісі аңқып,
сәруар шақ,
Жусап тұрмын жылқыдай, ауыл аңсап.
Бүлкілдейді беткейде қасқа бұлақ,
Көмейіне басып ап лағыл моншақ.
Теріскейдің желінен бұғып қалмай,
Қарағайда салады бүлік торғай.
Бұлтқа сіңген бір шеті кемпірқосақ,
Жаңа иілген сәмбіден уықтардай.
Маужыратып даланы кіші бесін,
Мәуелі ағаш күбірін түсінесің.
Киелі ермен түшкіртіп рет-рет,
Шіркін, көңіл, оған да кісінесін.
Сауыр арша иісі аңқып,
сәруар шақ,
Бөрте гүлдер, ақшешек, бәрі де ән сап.
Мал қайырып кеш түскен қара шалды,
Бала құсап тұрамын тағы қарсы ап.
Жалғыз сеңгір жұбатып ақ сұр айды,
Бұла бұлттар түмені сап құрайды.
Көз алдымда тіршілік тәңірленіп,
Тау есінеп, тас сөйлеп, шөп жылайды.
Бозаңы бар, қылаң бар үйір өріп,
Ұсақ тамшы барады жиіленіп.
Танауына жел кірген арғымақтың,
Мен отырмын көрсем деп күйіне еніп…
Сауыр арша иісі аңқып,
Сәруар шақ,
Көңілімнің салдауын сағым қамсап.
Қара шалдың сөзіне иланамын,
«Қаладағы тірліктің бәрі жаңсақ».
Боз жусандай бұрқырап мида өлеңім,
Шабытымның ағытсам түймелерін.
Туған жердің шаңытқан топырағын да,
Дүлей құйын сияқты сүйген едім…
Ойнақтаса бойдағы сабаншы үміт,
Тұма жырдың көз жасын алам сығып.
Күре жолдар жарға әкеп тірегенде,
Тамыр жайып сақтаған тарам шілік.
Сауыр арша иісі аңқып,
Сәруар шақ,
Сапарымнан қала алмай сабылам сәт.
Тағдыр деген азуы алты қарыс,
Ауылымнан тартады тағы да алшақ.
Тағы да алшақ тартамын қыр, белестен,
Жұртта қалған сол күшік үрген іштен.
Алтын шыңның басынан арқар түсіп,
Арпалысып шығамын түнгі елеспен.
– Несібеңді сол көштен күнде теріп
Жүрсің ғой, – деп жол жатыр, – жүр,
кетелік!
Тал шарбаққа сүйенген қара шалым,
Оң қолымен аспанды тұр көтеріп.
Жанталас
Сүйреген қыл шылбырын сәйгүліктей,
Қара өлең құрығыма қойды ілікпей.
Айтар ем орманыма арманымды,
Жазар ем шөпке талай жайды ірікпей.
Кептіріп таңдайды шөл, маңдайды жел,
Жүректен, о, неліктен тамбайды шер?!.
Жер аңсап құйқылжыған көңіл құсын,
Түрленген төре көбелек те арбай түсер.
Жыр қозғап Тоныкөктей кәрі сеңгір,
Шешек қыр, сидаң терек – бәрі селдір.
Нөсердің қырғынына қарсы тұрған,
Жұпаргүл сыбырлайды:
«Тағы өсем-дүр!».
Көтеріп мүйізімен арқар айды,
Тірліктің мазаң күйін орталайды.
Бұтадан мұздай қарап ақ үкілер,
Қос көзі құбыланың қанталайды.
Тағы бір күн парағы енді ескірер,
Жарықтың жанайқайы желге естілер.
Сардар түн!
Қап-қара аты ойқастап тұр,
Ең соңғы жанталас бұл сел көштірер.
Осы ма алар биік, жетер жерің,
Қара ту, неткен сұсты көтергенің.
Ұшында өлім ойнап найзасының,
Шулап тұр қалың селеу – нөкерлерің.
…Жеңіспен аяқталып қанды арпалыс,
Тағы да қамданады жолдарға алыс.
Әмірін қабыл алып ұлы түннің,
Әлі үміт хабаршыдай таңға артамыз.
Осы сәт ақындарға мұң шынымен,
Көзімнен ыршып өлең.
Жастанып ертоқымды жантайдым да,
Алтайдың қатарластым бір шыңымен.
* * *
Ұланы ем мынау өлкенің,
Ұзақтау жүріп оралған.
Көтерген аппақ желкенім,
Көрінген жерден жамалған.
Селеулер сыңсып бірыңғай,
Қалмаған сынды бойда зіл.
Қиядан шапқан құлындай,
Қиялшыл әлгі ұл қайда жүр?..
Жүр екен қайда сол қасқа,
Жүздескен тірі жан бар ма?
Барайын іздеп жартасқа,
Барайын іздеп орманға.
Көрсем деп жүр ем бейнесін,
Шаңқай түс.
Көкте жанып Күн.
Шешіп сап жыртық жейдесін,
Желіп жүр әне-е-у…
Жолықтым.
Жолықтым оған, а, Құдай,
Теңселіп басым тоғайша.
– Мен – сенмін! – десем танымай,
– Өзгердің, – дейді, – қалайша?!.
Қашқаны менен о несі-ей,
Іздеген сені бейбақпын.
Артта қап талай белес, ой,
Ақкөбік өзен қайда ақтың?!.
Білмейді ол тағдыр-талайды,
Асығып, өзен жаққа кеп.
Бұрылып маған қарайды,
Ишара қылам «Тоқта!» деп.
«Тоқта!» деп оған өтінем,
Арамыз солай бөлінді.
Жылжыған судың бетінен,
Елесі ғана көрінді.
Білмеймін, көңіл неге алаң,
Өзенге қарап, болдырып:
«Ақынмын!» – дедім мен оған,
«Мөлдірмін…» – деді ол күліп.