Еркелемейді өлең-жыр…
10.04.2024
356
0

Серікбай
ОСПАНҰЛЫ

Ақынның жаны

Халықтың қамы,
Шабытты шағы,
Көңілдің әні,
Өмірдің мәні,
Беріле сүю,
Ел үшін күю,
Дәстүрі – ділі,
Салтының бәрі –
Ақынның жаны!

Бауырдың бағы,
Ауылдың бағы,
Батырдың бәрі,
Батылдың бәрі,
Жанарлардағы
Жарқылдың бәрі,
Біреулер үшін
Өкіну, өксу –
Ақынның жаны!

Қансырағандар
Қақтығыстарда,
Алғы күндерге
Аптығыстар да,
Егілулер де,
Серігулер де,
Тебірену мен
Емірену де –
Ақынның жаны!

Ұлылықтар да,
Сұлулықтар да,
Тау көшіретін,
Дау өшіретін
Дауыл, жауындар,
Жырларын оқып,
Сырын ұққанға –
Ақынның жаны!

Зұлымдықтардың
Қолдарын қаққан,
Көңілдің көрік –
Шамдарын жаққан,
Жандардың бәрі,
Заманның зары,
Адалдың Ары,
Арманның әні,
Ағарып атқан
Таңдардың бәрі –
Ақынның жаны!

Тұманда

Маңай қалың тұманды,
Тұманда адам күмәнді.
Киген күңгірт көзәйнек–
Күннің көзі мұнарлы.

Сәл аттасаң, жар бардай,
Жар жоқ десең,
жалғандай.
Біреу түртсе, шоршисың,
Сайтан түртіп қалғандай.

Көзге түртсе, көрмейсің,
Қарманып,
қол сермейсің.
Аяқ бассаң,
Аянып,
Қолыңа да сенбейсің,
Жолыңа да сенбейсің,
Оңыңа да сенбейсің,
Солыңа да сенбейсің,
Бағыты жоқ сеңдейсің.

Өрепкіген жел тынды,
Дөңбекшіген көл тынды.
Біреу аспан түндігін
Жаба салған секілді.
Жер тарылып,
Аспан да
Аласарған секілді.

Нелер күтіп тұр алда?!
Жар бол өзің, бір Алла!
Қолтықтасып күдікпен,
Арпалысып үмітпен,
Жүріп келем тұманда
* * *
Баяғыдай абығып,
Жүрегімді ән қылып,
Жанымды өртеп, жандырып.
Еркелемейді өлең-жыр,
Жетелемейді алға үміт.

Нұр төгеді Күн көктен,
Кенде емеспін
құрметтен.
Әнмен-күймен бірге
өткен,
Бағым күліп қарайтын
Сағындырып жүр көктем.
* * *
Сұрағы көп дүние-ай,
Жауап іздеп әуремін.
Ылаңы көп дүние-ай,
Сауап іздеп әуремін.

Азабы көп дүние-ай,
Жеңіліңді іздемен.
Ғажабы көп дүние-ай,
Жолдас емес бізбенен.

Ойлы-қырлы дүние-ай,
Ойлы-қырлы ойларым.
Қойны нұрлы дүние-ай,
Тереңіне бойладым.

Бір қиялдан бір қиял,
Мың қиялды жас шағым.
Жаныма тек нұр құяр
Құпияңды ашпадым.

Қызығы көп дүние-ай,
Қайсысына жетесің?! –
Қызылы көп дүние-ай,
Қызығумен өтесің…
* * *
Жанарындай Күннің
Күлгеніңді көрдім.
Сағағындай гүлдің
Сен нәзік едің.
Жүрегімде менің
Жүреріңді білдім.
Өткізбедік күлген
Бала күнді кіммен?
Көз алдымда жүрген
Жанарыңды Күнмен
Теңестіргеніммен,
Жүрегі түнмен
Қаларыңды білгем…

Көрдім бір тойда,
Танымай қалдың.
Көзіңде Күн жоқ –
Жарығы айнаның.
Сығыраяды,
Танымай қалдым.
Жаным аяды.
Сонда да
келді
Бағыңа айналғым…
* * *
«Сүймейді, барма!» –
дегенмен,
Ақылын тыңдап,
Көнген кім?!
Арқалап арман
Елден мен
Сені іздеп тағы келгенмін.

Тұр еді жаным жылынып,
Жарыққа терезеңдегі.
Жүректегі үміт үзіліп,
Батырды мұңға сөнгені…

Жанбады сәуле
мен күткен,
Жанымды осып от тілді.
Терезеңе сол телмірткен
Жарық боп
кіргім кеп тұрды.

* * *
Көңіл көктемі
Өзің кеткелі
Жаным жылынбай,
Қыс пен суық күз
Төңіректеді.

Мұң жамыламын,
Қайғы оранамын…
«Оранайын да,
Қайда орамалың?!»–
Деген мені енді
Үміт арбады.
Жылытушы еді
Жайда орамалың,
Жылыта алмады…

Көңіл көктемі
Өзің кеткелі
Жанымнан,еркем,
Сағынғам екем
Бір-бірімізді
Түсінген күнді,
Жаныма сәуле
Түсірген күнді!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір