Өмір мен өлең үндестігі
«Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең»,– депті ғой бір кездері ұлы Абай. Демек, адам туғанда өлеңмен бірге туады екен. Бірақ ол – ұйқасқа құрылған өлең жолдары емес, сананың биігіне, өмірдің әсемдігі мен мөлдірлігіне ұмтылатын табиғи анықтама. Адам адам болып, шикі еттен гөрі піскен еттің дәмділігін ұғып, қорқынышты аңыз әңгімелерден жүйелі әңгімелерге, жүйелі қара сөзден көтеріңкі өлең сөзге көшкелі бері өлең жолдарын бір жерге жиса, Алатаудай болмаса да биік-биік поэзия тауына айналар еді. Мыңдаған жылдарға созылған поэзия тауының пайда болу жолында қаншама ұлы ақындар, қаншама әйгілі шығармалар дүниеге келгенін ойға елестетудің өзі мүмкін емес. Сонау Гомерден бастап Пушкинге дейін қаншама өлең жолдары дүниеге келді десеңізші! Адамзат бұдан кейін өлең жазып әуре болмай-ақ, осы қазыналардан сусындаса да жетіп артылатын сияқты. Гомерден соң, Пушкиннен соң, Абайдан соң да өлең жазу бір сәтке толастаған емес. Әсіресе Ресей мен Қазақстанда. Неге? Ұлылардың айтпағанын айту үшін бе, әлде, олардың ойларын толықтыру үшін бе? Жоқ! Әр заманның өзінің трибунасы, әр заманның өзіндік үні болуы керек екен.
Мәселен, Қазыбек Иса өлеңді не үшін жазады? Жұмысы бар. Парламент депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары. Оған не жетпейді? Өлең жазбай-ақ тыныш жүре бермей ме? «Туғанда дүние есігін ашқан өлең» ер жете келе сырттағы сан-сапалақ оқиға ішке түсіп «адамды ойлантпай, тебірентпей қоймайды екен. Парламент пен партия өмір-өзеніндегі тасқындаған ойларды сыртқа шығаруға аздық етеді екен. Сондықтан да ақын өлең-патшаға жүгінеді екен. Оның өлеңге жүгінудегі мақсаты не? Бұл сұраққа Қазыбек Иса «Мұрат» деген беташар өлеңінде жауап беріпті.
«Маңдайын күнге күйдірген,
Табанын жерге тілдірген
Қайран ел, қазақ ақысын
Қайтару үшін жүрмін мен…»
Бұл жолдар Қазыбек ақынның ақындық, азаматтық кредосы. «Сырымды айттым далаға» деп аталатын бір томдық жинағына енген басқа да өлеңдерінің мақсаты мен идеяларын анықтап тұрған жолдар. Кітап үш бөлімнен тұрады. Кітапқа ақынның әр кездері жазылған лирикалық, азаматтық тақырыптағы өлеңдері мен балладалары қамтылыпты. Баллада демекші, Қазыбектің «Емханадағы би» балладасындағы кемтар адамның би қызған кезде балдағын тастай салып билей жөнелгені, баян үні іркілгенде құлап түскен оны жұрттың көтеріп әкеткені, өмірдің бұралаңын көп көріп, ғұмырында бір де бір рет көңіл көтеріп көрмеген байғұстың бір сәтке бәрін ұмытып, билей жөнелгені адам жанындағы күйініш пен өкініштің ызаға булығып, соңғы рет өзгелер секілді би қызығын көріп қалуға тәуекел еткен кемтар пенденің ішкі трагедиясын жан тебіренттірердей дәл аша білген.
Ақын жаны әрқашанда беймаза. «Жанды да жансыз, көрінген заттан сыр бағып, өлетін болдым өзімнен-өзім ұрланып» деп Мұқағали зарын шаққандай, Қазыбек те көрінген заттан уайым уытын іздеумен әлек. Сырт қарағанда Қазыбекке жетпей тұрған ештеңе жоқ, бәрі бар, бәрі жеткілікті. Бірақ оның жанын жегідей жейтін нәрсе – тоғышарлық пен топастық, халықтың емес, қара бастың қамын ойлайтын, ешқашан тойдым дегенді білмейтін жемқорлық, халық үніне құлақ аспайтын биліктегі саңыраулық, елдің ертеңі мен тілдің мүсәпір халі. Сырт қарағанда Джордж Гордон Байронға да бәрі жеткілікті еді: ол Лордт болды, екі сауда кемесі болды, сөйте тұра ол беті қайтпас пессимист атанды. Демек, «ойлы адамға қызық жоқ бұ жалғанда» деп Абай жарықтық дәл айтқан екен. Қазыбектің өлеңдерінен де жалпы емес, нақты беймазалықтан туындайтын ыза мен ашудың, мұң мен түңілудің сарыны сезімтал көңіл мен көреген көзге анық байқалады. Оның өлеңдеріндегі мұң мен уайым – кейбір ақындардың құрсағында баласы жоқ әйелдің толғағы секілді жасанды уайым емес, нақты уайым. Менің қалаулы жазушыларымның бірі – Андрей Битовтың «Великая поэзия должна быть конкретна» деп жазғаны бар еді. Сондай нақты мұң мен нақты ашу-ызаға құрылған «Өмір өтіп барады» деген өлең барша жұрттың басындағы ойларды оп-оңай ғана қағазға түсіре салған.
«Ессіз өткен есіл күн еңіретіп,
Өмір өтіп барады, өмір өтіп…
Жазы қалды жылт етіп қыр астында
Азы қалды өмірдің көбі кетіп…
Қайда менің кешегі көктем-нұрым,
Жеңіс пе екен жетістік жеткен бүгін?
Бал дәуренім баяғы қайда кетті
Оралар ма, Құдай-ау, өткен күнім?
«Құдай-ау, қайда сол жылдар
Махаббат қызық, мол жылдар?
Ақырын, ақырын жылыстап,
Алыстап кетті-ау, құрғырлар –
деп өткен күндерді сағынған Абай атасы секілді, Қазыбек те өткен өмірдің қайтып оралмайтынына өкініп, зарыға бастапты. Бұны – торығу мен зарығу барлық тірі пендеге тән, сол ортақ сезімді Қазыбек ақын оптимистік трагедия шеңберінде шебер жеткізе білген. Өмір мен өлім жайлы жырламаған ақын жоқ.
«Өмір – қайық, өлім – теңіз,
Айырылмайтын екеуі егіз.
Сол қайыққа мінген болсаң
Қайырылмасқа кеттім деңіз».
(«Мың бір түн»)
«Неменеге мәз болдың бала батыр?
Кәриялар азайып бара жатыр.
Біреу мініп келместің кемесіне,
Біреу күтіп кезегін жағада тұр».
(Мұқағали Мақатаев)
Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,
Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес.
Менімен менікінің айрылғанын
Өлді деп ат қойыпты өңкей білмес.
(Абай)
«Никакая философия не примирит
меня со смертью»
(А.П.Чехов)
«Шаң шығармас жолдағы,
Сыбдырлай алмас жапырақ.
Тыншығарсың сен дағы
Сабыр етсең азырақ»
(Гете)
«Ағаш екеш ағаш тағы мың
көгеріп қуарар,
Менің өмірім бір-ақ рет
көгерер де қуарар».
(Саттар Ерубаев)
Сонау «Мың бір түннен» бастап өлім жайлы жабығып жыр жазбаған ақын жоқ екен. Қазыбек те олардан шет қалмапты. Бұл – ойлы ақынға тән табиғи сезім.
Бас-аяғы 400 беттей болатын «Сырымды айттым далаға» атты жинаққа енген әрбір өлеңге тоқталып өту мүмкін емес. Ол кітапты әр оқырман өзі тауып алып оқып шықса, Қазыбек ақынның сан-алуан тақырыптағы өлеңдерімен етене танысып, әркім өзінше ой түюлеріне мол мүмкіндік туар еді.
Қазыбек Иса өлеңдегі өзгеше өрнек, өзіне ғана ақындық үнімен ерекшеленеді.
Ақынның 50 жасқа толған мерейтойына байланысты Алматы, Шымкент қалаларында өткен жиындарда айтқан пікірлерім сақталып қалмапты.
«Осы біз кітап оқымайды деп оқырмандарымызды кінәлай береміз. Ал залға әрең сыйып отырған осыншама жастарды кітап оқымайды деп қалай кінәлауға болады? Осыншама оқырманы бар Қазыбек шын мәнінде бақытты ақын. Бақыт демекші, Бақыт деген сөзге анықтама табу үшін талай ұлыларымыздан бастап, бәріміз жапа-тармағай пікір айтып келдік. Ал Қазыбек болса:
«Бақытсыздар көп ойлайды бақытын,
Бақыт деген – Бақыт жайлы ойламау»,–
деп бір-ақ ауыз сөзбен жауап береді. Бұны – бақыт жайлы поэзиядағы жаңа түсінік деп бағалаймын.
Әлгінде ғана Т.Жүргенов атындағы Академия студенттері қойған «Мұңлық-Зарлық» спектаклін көрдіңіздер. «Мұңлық-Зарлық» дастаны – әлемде қабірі бар екі жырдың бірі. Бірі – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», екіншісі – осы «Мұңлық-Зарлық».
Қазыбек «Мұңлық-Зарлыққа» тереңдей бара біліпті. Көне жырдың оқиғасын бүгінгі күнмен сабақтастыра ой түйеді, тереңнен тартып, кемел ойға жетелейді.
2014 жылы Алматыда Қазыбек Исаға С.Есенин атындағы «Алтын күз» орденін тапсырғанда да сөз сөйлеген екенмін.
«Қазыбек Иса Есенин сыйлығына лайықты ақын. Оның да Есенин секілді өзгеге ұқсамайтын ерекше мінезі бар. Мінезсіз ақын болуы мүмкін емес. Тәуелсіздікті әрбір ақын өзінше жырлайды. Қазыбек ақиқатын тап баса айта білетін, ақындығына азаматтығы сай, өлеңі мен өмірі бірге өрілген. Маған Қазыбектің азаматтық позициясы мен ұлттық ұстанымы ұнайды. Әрине, Есенин атындағы сыйлыққа лайықты ақындар бізде баршылық, өзге елдерде де жеткілікті. Ал Қазыбек ініміздің орыс халқының ұлы ақыны С.Есенин атындағы сыйлық – «Алтын күз» орденін Қазақстанда тұңғыш рет алуы, әрі оны әлемдегі 37 елді біріктіріп отырған Халықаралық жазушылар одағы қауымдастығы төрағасының орынбасарлары, жазушы, Украин халқының өкілі Владмир Серединнің Мәскеуден арнайы келіп тапсыруы бүкіл қазақ халқы үшін үлкен мәртебе».
Ұзынды-қысқалы 200-ден астам өлеңнен тұратын өлеңдердің бәріне тоқталып-ақ өткің келеді. Олардың бәріне талдау жасау ағаш жапырағын санап шығумен бірдей. Қазыбектің азаматтық үнін танытатын, философиялық лирикаларына тоқталып өтуге тура келді. Жұрт ойлап та қалуы мүмкін – осыншама өлеңнен мақала авторы бір кінәрат тапты-ау деп. Кінәрат бар, неге болмасын, Қазыбек өлеңді ұзақ жазады, бір өлеңде екі-үш тақырып қатар жүреді. Кейде бітіп тұрған өлеңді әрі қарай жалғастыра беріп, оқырманды жалықтырып алатыны да бар. «Жер бетінде періштеге жоқ орын» деген күйінішке толы философиялық өлеңінде Астананың аязды күні бірін-бірі құшақтап жатып өліп кеткен бес қыздың аянышты өлімі жайлы айта келіп:
«Бұдан кейін қоғамға кім сенеді?
Көктей солды қызғалдақтар көкөрім.
Көке ұшып кетті олар, себебі
Біздің елде періштеге жоқ орын…»
Өлең осымен бітсе болар еді, Қазыбек одан әрі созып, мүлде басқа тақырыптарға ауысып кетеді. «Ұйықтау деген – өз еркіңмен өлу ғой», немесе «Қарап тұрсаң, бар ғұмырың біткенше қайталанып отыратын бір-ақ жыл», «Қарап тұрсаң бар ғұмырың ай сайын, қайталанып отыратын бір апта» деп бұрын ешқандай айқын айтылмаған ойға тереңдеп бара білген ақынға ауық-ауық кездесетін кемшіліктерін тізбектеп жату да артық сияқты көрінді. Әйтпесе, кітаптың атына да сын айтуға болар еді ғой. Қазыбек неге бар сырын далаға, яғни айдалаға айтады. Менің «Өкпек жолаушы» деген повесімде Барақат деген шал бар еді. Сол шал ауылда жөні түзу әңгімеге құлақ асатын адам таппаған соң айдаладағы ескі құдыққа барып айғайлап қайтушы еді. «Өзге емес өзіме айтам өз жырымды» деп Қасым Аманжоловша кітаптың атын «Өзіммен сырласу» деп қойса, есіл сөзі далаға кетпес еді деп те ойлап қаласың.
Қазыбек Иса Парламент депутаты ретінде де басқалар секілді тым-тырыс отырған жоқ. Ол тіл туралы, жер туралы, ұлттық идеология туралы тынбай сөз сөйлеп, билік басындағыларға депутаттық сауал жіберуде де алдыңғы қатардан көріне білді. Солардың бір-екеуі:
«Тіл болмаса, әдебиет те болмайды. Тіл болмаса біз кім үшін жазамыз?».
Ұлттық мемлекет ретінде ұлттық идеологиялық концепция қабылдауымыз қажет.
ҚР Премьер-министрі Ә.Смайыловқа
«Биылғы 32 жылдығы аталып өтетін Қазақ елі тәуелсіздігі жиынындағы ғасырлар бойғы жанқиярлық күрестердің ішінде Алаштың орны ерекше. Қайран, кешегі Алаш арыстары азаттық жолындағы ұлы майданда ұлт болашағы үшін саналы түрде құрбандыққа бара білуімен қандай жоғары құрметке де лайықты. Басты ұраны: жерді сатпау, елді сақтау, тілді сақтау болған» – дей келіп, осы кезге шейін белгісіз болып келген 700-ге жуық Алаш қайраткерлерінің есімдері атаусыз қалып бара жатқанын, көше, мектеп, тағы басқа нысандарға олардың есімдерін беру жөніндегі ұсынысымыз жергілікті басшылардан қолдау таппай келеді. Ал, Кеңес империясына қызмет еткендер әлі төрден орын алып келеді деп нақты ұсыныстармен жіберілген депутаттық сауалға әлі күнге дейін мардымды жауап жоқ.
Замандасымыз М.Шаханов болса: «Дәл қазір бізге ұлы ақын, ұлы ғалымнан гөрі ұлтшыл ұлы Азамат керек?» – деп ұран тастаумен келеді. Осы ұранға сәйкес ұлтшыл ұлы азаматтар көбейді ме, азайды ма белгісіз. Алайда ақындық пен азаматтықтың тізгінін тең ұстап келе жатқан Қазыбек Исаның ұлтының ертеңі мен бүгіні үшін күресіп келе жатқаны – Алаш рухын қайта тірілтіп, алашшыл идеологияны Тәуелсіз мемлекетіміздің негізгі идеологиясына айналдыру үшін ақындық және азаматтық қуатын аямай жұмсап келе жатқан көрнекті тұлғалардың бірі, немесе, бірегейі.
«Алматау» демалыс орны,
Шымкент
Дулат Исабеков