ЖАЗАМ АСЫЛ ЖЫРЫМДЫ АҚ ЖАУЫНДАЙ…

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ
Мен берген сары жапырақ сақтаулы
жүр екен әлі,
Ол бәлкім ескерткіш шығар,
ал бәлкім махаббат әні.
Сен оны ұстанғаныңда қолдарың
дірілдейді екен,
Көздерің тұңғиық терең,
не айтарың білінбейді екен.
Бірақ сол жұмбақ жанарың
жүректі тілімдейді екен,
…тілімдейді екен.
1979 ж.
Сыйлаппын бекер саған…
Жырларым бала күнгі,
Жан қалқа, жадыңда ма?
Тіктің бе жанарыңды,
Ұзаса сағымдана?
Өзіме кінә тағам,
Сол сезім жасымапты.
Сыйлаппын бекер саған,
Сарғайған жапырақты.
Болса да сондай көркем,
Болса да тым тартымды.
Ол мұңның бейнесі екен,
Аңдаусыз сый тартылды…
Ал, сезім суыған жоқ,
Тек сорым қалыңдаған.
Сағыныш сұлу ән боп,
Жыр болып жалындаған.
Алыстан мұнартасың,
Шыңдай бір құпиялы.
Кімге енді сыр айтасың.
Кеудеме күй тұнады.
Қонбаған бағым едің,
Әлемсің әлі керім.
Ойлармын, қиялдармын,
Таусылмас әбігерім.
Толғанып алабөтен,
Ойлаймын бұрынғыны.
Апырай болады екен,
Мұңның да сұлулығы.
Жалғаннан шыным артық,
Мың сөзден қылық артық.
Жәдігөй қуаныштан,
Сені ойлар мұңым артық.
Сезімнің өшпейтінін,
Мен бүгін мойындағам.
Сен жайлы жазар жырдың
Нүктесі қойылмаған.
Күн болар жетер саған,
Аралар жасыл бақты.
Сыйлаппын бекер саған,
Сарғайған жапырақты…
2005 жыл
Жаным, мен сені өкпелеттім бе?
Жаным, мен сені өкпелеттім бе,
Көңіліңді – жайлау көктей өттім бе?
Кездесер жерге келмей көп күндер
Сезіміңді әсем – өртең еттім бе?!
Жаным, сен менен күдер үздің бе,
Таяу секілді неге күз мүлде?
Жолықпас болсақ, оңаша тұрған,
Таң тамшы ілер таныс дүзгінге.
Көңілде кірбің, бөліндім кей күн,
Әзілге азапты ой төрін бермейді.
Ерте көктеп-ап, шашылып жатқан,
Аппақ гүлдерін өрік тербейді.
Жаным, мен сені өкпелеттім бе,
Көңіліңді – жайлау көктей өттім бе?
Нұрым деп сенген қызғалдағым-ау,
Сәулемді саған төкпей өттім бе?
Көңіліңді – жайлау көктей өттім бе?
Нұрымды саған төкпей өттім бе?
…Сағынған көзде ізгі арманын,
Қымбат бір тамшы мөлтең еттің бе?
Көңілің сенің өткенді жоқтады ма?
Түсіп алып көне бір соқпағына,
Көңілің сенің өткенді жоқтады ма?
Кездестің бе, таңырқап, әлі күнге,
Жайнап жатқан жырымның шоқтарына!
Наз айтты ма, тал-тоғай, тілдеді ме,
Майда-қоңыр ендің бе, түндеріңе.
Кездестің бе таңырқап, әлі күнге,
Үзілсе де солмаған гүлдеріме?!
Көз қысты ма, жадырап, жұлдызымыз,
Жұлдызымыз – қапалы мұңлығымыз.
Жерде жүріп екеуміз қиналсақ та,
Соған жетіп қалмағай «ұрлығымыз».
Қарайлаудан, мейлі, көз талай талсын,
Жырым бүрін өзіңсіз қалай жарсын.
Ошақ жаққа кешкілік бара жатып,
Жұлдызыңа баяғы қарай салшы…
1981 ж.
Шалқар шабыт
Қорғалама, бұл – тағдыр, айналайын,
Сен болдың оңнан туып, жанған айым.
Ойда жоқта кез болған от сезімді,
Ақыл қонған шағымда алдамайын.
Тартынба сен, именбе, қарашығым,
Көрсеткендей тағдырым дара шыңын.
Дүниеде еш қызық саған жетпес.
Сенсің асығатыным, бар асылым!
Саған арнап төгілді өлеңдерім,
Тағы, тағы көрсем деп елеңдедім.
Бұл өмірде басқа әуен тыңдағым жоқ,
Саған бағыт түзеді кемем менің!
***
Жолықтырған өзіңді кезім – дара,
Тебірентер жүректі сезім ғана.
Тұнжыраған түндей боп жүрер едім,
Шалқар шабыт сыйлаған өзің ғана!
Өмір сүре алмаймын немқұрайды,
Тұлпар көңіл тарпынып, арқырайды.
Ақ таңына бақыттың асықтырып,
Қарсы алдымнан жанарың жарқырайды!
Мен осылай жырлаймын ғашық әнін,
Шын сезімді несіне жасырамын.
Сілкіп тастап тірліктің көп күйбеңін,
Шың бақытты болуға асығамын!
Беу, махаббат, естігем биік шың деп,
Қабағыңа қараймын күй ұққым кеп.
Отырамын күбірлеп жүрегіммен,
Ұлы Алла өзіңді бұйыртсын деп!
***
Алқынамын бойымда қаным ысып,
Жүрек соғып кеудемде алып-ұшып.
Бал-бұл жанып, толықсып сен отырсың,
Ақша жүзің Айменен шағылысып!
Талай мәрте сүрініп, құлағанмын,
Талай сынақ тап келіп, шыдағанмын.
Алла қолдап сен болсаң жанымда ылғи,
Айды аспанға мен әлі шығарармын!
Көңілімді сен келіп толтырғанда,
Алда сайрап ап-анық жол тұрғанда.
Алдаспандай көк тіліп жарқылдармын,
Хор қызындай құлпырып сен тұрғанда!
***
Маған ерек шуақ бар сенде ғана,
Маған ұнар қылық бар сенде дара.
Сарытап боп сарғайып, сағынамын,
Отырсаң да қол созым жерде ғана!
***
Басталғандай бақытты тәтті өмірім.
Таңғы тұнық ауадай пәк көңілім.
Жазам асыл жырымды ақ жауындай,
Бетін ашып махаббат дәптерінің!
…Сол бір шаттық шарықтап үдегенде,
Ақ ұлпалар кеудені тірегенде.
Қуаныштан ақыл-ес алқынғанда,
Одан артық бақытты тілер ем бе?!
Жан дүнием сілкініп, түлегенде,
Түс пе дерсің ұйқысыз кірер өңде.
Бақыт қонған сәтім деп білер ем мен,
Қанат қомдап, шағымды түрегелген!
***
Қадам бастым өзің жүрген ақ таңға,
Қызыл арай әлемге сыр ақтарған.
Қалай шыдап отырасың, өртенбей.
Өзіңе арнап жыр төгіліп жатқанда!
Сұлу көркем саз қалдырып санада ең,
Алдыңа кеп бас игенде нар өлең.
Қалай ғана отырасың, толқымай,
Алдыңа кеп иілгенде бар әлем!
***
Тыңдаған мың бұлбұлды бағындағы,
Шығыстың шырын тілді шайырлары.
Бар әлемді тамсантып, таңдантқан-ды.
Жырларымен махаббат жайындағы.
Махаббатсыз шыңға ту қадамаппыз,
Сол сезімге шөліркеп, қаталаппыз.
Басқа-басқа айтқан ғой Абай хакім,
Дүниенің бостығын махаббатсыз.
Мен де бүгін тағдырдың тойындамын,
Жүзеге асты тілегім ойымдағы.
Сендім мен де күшіне махаббаттың,
Ұлылығын сезімнің мойындадым!
***
Еһ, неткен ойым тұнық, мөлдір менің,
Бастайды болашаққа өр күндерім.
Бәрі сенің арқаңда, бәрі сенің,
Балқытады жанымды жалын демің!
Сол екен…
Сол екен бақытсыз күн басталғаны,
Сенің жолда себепсіз тасталғаның.
Желіккеннен жалт беріп бақытымнан,
Өзге бақтың гүліне бас салғаным.
Содан менің күйрепті жасыл бағым,
Содан кейін аспаным ашылмады.
Содан екен тағдырдың тайраң қағып,
Қайта-қайта жол кесіп, басынғаны.
Сен едің ғой аңсаған нұр-арманым,
Өмір-түлкі алдымда бұлаңдады.
Сенің ғана есімің шабыт сыйлап,
Беске жазған оқушы ем шығарманы.
Сен ғана едің тілегім, ұмтылғаным,
Одан бері қанша өлең жыртылмады.
Өзің жайлы төрт бөліп түн ұйқысын,
Сөз бастасам жұрт тынып сыр тыңдады.
Ненің жайын пайымдап, бақ сынап ек,
Қашан мансап, өмірден тақ сұрап ек?
…Кейде ойлаймын, жанымда жүргеніңнен,
Арман болып қалғаның жақсы ма деп!
Қара құлып
Шынымды жұрт көрсетті жала қылып,
Кеудемнен сезім көшіп, барады ұлып.
Келсемде ақ көңілмен алып-ұшып,
Қарсы алды жабулы есік, қара құлып.
Жүректі тілім-тілім жара қылып,
Сананы құлазыған дала қылып.
Барады ботадайын боздап, әне,
Жайлауынан үркіген жаралы үміт.
О, неткен жарасымды бала қылық!
Осы еді-ау, кезікпеген дара қылық!
Осы еді-ау өлеңімді өрт қылатын,
Осы еді-ау жіберетін дана қылып!
Арманның ақ сәулесін пана қылып,
Тағы да қия алмаған қарады үміт.
Талып қаққан есігім осы еді ғой,
Қайдан ғана іліндің қара құлып!
Жәудіреген сұлудың жанары қып,
Гүлзар бақтан ескен таң самалы қып.
Аңсарымды тым терең жасырыпты,
Кедергілер құрыпты қамалы қып.
…Маңдайыма шық болып тамады үміт,
Қайта оралды-ау, талпынып, сан арылып.
Жақсылыққа жанарым ұмтылса да,
Қараңдайды алыстан қара құлып!..
Мен сені ұмыта алмайды екенмін…
Мен сені ұмыта алмайды екенмін,
Басымды тасқа соқсам да.
Сол қалпымменен өтермін,
Күтумен сені оқшауда.
Мен сені ұмыта алмайды екенмін,
Әлемің бөлек, өйткені.
Әйтеуір, бір күн жетермін,
Жалықпай күткін, тек мені.
Мен сені ұмыта алмайды екенмін,
Қылатын айла, емім жоқ.
Шырқауға мені көтердің,
Өзіңнен басқа теңім жоқ…
Көкшетау қаласы