Асыл қазыналы қарттарымыз
27.11.2023
180
0

Ескінің көзін көрген, даналықтың алтын кілті ол біздің асыл қазыналы қарттарымыз. Әрбір шаңырақтың берекесін келтіріп, ақыл кеңесін айтып отыратын ата-әжесі бар отбасы өте бақытты отбасы.

Қарт, қария бұл екі сөзде өте үлкен дидарлы мағына жатыр. Бір отбасының тірегі, ақыл кеңесшісі, қамқоршысы. Бір отбасының ғана  емес елдің басы болу, ақылын айтар дана, ел арасында құрметке бөленген кісі ретінде қарастырсақ болады. Себебі  ол кісілердің айтқан әрбір жауһар, баға жетпес асыл сөзді ақылдары жас ұрпақтың болашаққа қарай өсіп-өркендеуіне аса үлкен үлес қосады.

Қазіргі кезде сол асыл қазыналарын мемлекет қарауына неше түрлі себеппен өткізіп жатқан қарттарымыздың ұл-қыздары көптің қасы.  «Біз жұмыстамыз, дұрыс қарай алмаймыз, ол жерде жақсы қарайды, дәрілерін уақытымен беріп, күтім жасайды»,-деседі. Алайда, баласын дүниеге әкеліп, оны өсіріп, жетілдіріп, оқытып, енді міне өз жолын тапты-ау, деп нағыз бала-шағасының қызығын қызықтайтын шағында, жанарын мөлдіретіп қарттар үйіне өткізіп жатады.  Әрине, мемлекет қарттарға қызмет көрсетіп, қамқорлық жасайтын шығар. Дегенмен де, өз шаңырағында, өз балаларының ортасында, солардың күлімсіреп қарағаны, әрбір айтқан жылы сөздерін естігенге ештеңе де теңесе алмайды. Тек балалары ғана бере алатын жылулықты ешқандай қарттар үйі бере алмайды. Сол бақыттан өз балалары ата-анасын қалай ғана айыруға дәті барады екен?

Осы тұста өзім көріп, сезінген сол бір мен үшін өте ауыр болған жайтпен бөліскім келіп отыр. Студентпін, бәріміз жиналып, бір қуантып қайтайық деген оймен, қарттар үйіне бардық. Ойымызда ештеңе жоқ, мүмкін бала болған шығармыз. Алайда, ән айтып, би билеп жатқанымызда көздері жәутеңдеп, екі жанарлары жасқа толған ата-әжелерді көргенде өзімді әзер ұстадым. Ол кісілердің де бізбен қатар балалары, немерелері бар шығар, соларды сағынып, «қазір балаларымның ортасында отырсам ғой», деп ойлап отыр ма екен деген ой келді. Қимай, қимай қоштастық. Өте мейірімді жандар. Қарттар үйінен көзіміз жасқа толып, жүрегіміз ауырып өзімізді әрең дегенде қолға алып келе жатқанда, тағы да әжейді қарттар үйіне алып келе жатқан сәтіне куә болдық. Қалай ғана бауыр еті балалары ата-анасын сондай қапасқа алып барады екен?!

Қазіргі қоғамда, қарттар үйі мәселесі өте өзекті тақырып деп білемін.

«Жас жүрген жер — мереке, Қарт жүрген жер — береке», — демекші, қарттарымызды аялап, оларға сый-құрмет көрсету әрбір перзенттің парызы.

                                 Аружан ОРАЗБАЙ,
                 Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық
      Қатынастар және әлем университетінің 2-курс студенті

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір