АСЫЛ МҰРАТ. БАР мен ЖОҚ
05.10.2023
227
0

Жазушы, ғалым-этнограф Зейнолла Сәнік марқұм өмірден озғалы да біраз жылдың жүзі болды. Су он рет мұз болып қатты, мұз он рет су болып ақты. Қоңыр күзде қош-қошын айтып кете барған ақсақалдың қадари хәлінше халыққа қылған қызметі, еткен еңбегі марқұмды ел есіне жиі түсіреді. Бұл енді бір рет берілетін өмірді зая жібермей, өз болмысын экзистенция жасай алған тұлғаларға тән қасиет.

Болмыстың жанайқайы

Әйгілі жазушы, экзистенцалист Жан-Поль Сартр «Болмыс болмыстан бұрын тұрады. Бірақ экзистенция эссенцияның алдында жүреді» дейді. Яғни адам ақыл-ой, сана сезімі құндылық жасайды. Сол арқылы өз өмірінің мәнін анықтайды дегенді меңзейді. Марқұм Зейнолла Сәнік – әне, сондай еңбегімен, халыққа бергенімен ел жадында. Ештеңе тындырмай, ғұмыры босқа өткен адамның өлім сәтіндегі хәлін АҚШ-тық психолог және психиатр Герман Фейфель: «Анығында адамның арғы дүниеге аттанар мезетіндегі үрейі, қиналысы тән азабынан ғана тумайды. Бұл – болмыстың жанайқайы. Өмірді босқа сүріп, уақытты зая жіберген адам сол күйі кім екені анықталмаған өз болмысынан өзі шошиды…», – деп сипаттайтыны бар. Ғалымның бұл сөзімен келіспеске лажың жоқ. Қазақтың суырыпсалма ақыны, әуелетіп ән салған атақты композиторы Әсет Найманбайұлының өзі қара орман халқымен қоштасқан соңғы сөзінде:
«Болжаусыз осы екен ғой өлім деген,
Күн бұрын көзге келіп көрінбеген…
Абайдай арт жағына сөз қалдырып,
Жақсы еді-ау, әттеген-ай, өлу
деген…», –
деп толғайды, өзіне көңілі толмайды. Есті адамның ерек қасиеті екен ол.
Мұның бәрін айтып отырғандағы себеп – еңбегі ел руханиятында айналымда жүрген, жиырма томға жуық кітап жазған қаламгер Зейнолла Сәніктің болмысын, қылған харакет, басқан жолын тағы бір еске алып, түгендей кетсек деген ниет.

Жасампаз жаратылыс

Зейнолла Сәнік – жазушы, фольклоршы, баспагер, этнограф, аудармашы. 1935 жылы 15 сәуірде ҚХР, Тарбағатай аймағына қарасты Шағантоғай ауданында дүниеге келген. 1945-1953 жылдар аралығында мектепте, 1953-1958 жылдары Бейжіңде Коммунистік жастар одағы орталық комитетінің мектебінде оқыған. 1953 жылдан бастап Шағантоғай ауданының екінші, үшінші райондарында қызмет еткен. 1957-1970 жылдары Үрімжідегі «Жастар баспасында» редактор болған. 1970-1978 жылдар аралығында «Халық жауы» атанып, Бұратала облысының Жың ауданында еңбекпен өзгертуде болды. 1978 жылы ақталды.
«Біз сүрген өмірді баяндап бастағанда жасампаз жаратылысқа айналамыз» деген әйгілі сөз бар. Әрине, бұл – көргені көп, түйгені мол кісі ғұмырбаянын меңзеп тұрғанында дау жоқ. Қаламгердің өмір есігін ашып, оң-солын танып, ілім-білім қуып, «Халық жауы» атанып, кейін ақталған – 1978 жылдар аралығын бір дәуір, жаңағы жасампаз жаратылыстың бірінші кезеңі деуге болады.
Жазушы «Із» атты биографиялық хикаятында (оныншы том) басына қара бұлт үйіріліп, қуғын-сүргінге түскен кезеңін: «1966 жылдардың бас-аяғында «Шетелмен астасқан элемент», «Советтің Шыңжаңға қағып кеткен шегесі», «көнені жырлаушы», «ертек айтып, елді адастырушы» деген секілді саяси айыптар тағып, бес-алты жыл құлақтан қиқу кетпеді. 1971 жылдың басында еңбекпен өзгертуге кеттім. Ол кезде 36 жаста едім. Отбасын құрып, үш балалы болған­быз…» деп баяндайды. Осы кітапта жазушы басынан өткен оқиғаларға қандай позиция ұстанғанын, нені құндылық деп танығанын жазады. 14 жасында Освенцимдағы концлагерьге түсіп, тірі шыққан атақты суретші Иегуда Бэкон естелігінде: «Жас кезімде Освенцимның сұмдығын, қиянатын бүкіл әлемге жаям. Мұндай сұмдықты білсе, әлем өзгереді деп ойладым. Алайда одан өзгеріп кеткен әлем жоқ. Тіпті көп адамның ол тозақ туралы тыңдауға құлқы да болмады. Күндер өте келе шеккен азабым мен көрген қорлығымның мәнін ұқтым, басқа адам болып өзгердім» дейді екен. Өмір көрген адамның мейірімге толы жүрегі, ізгі ниеті Зейнолла ақсақалдың да «ізінде» сайрап жатыр.
Қаламгер өмірінің екінші кезеңі – түрлі саяси айыптардан арылып, ақталып «Халық баспасында» редактор, 1980 жылы «Шыңжаң халық баспасының» қазақ редакциясы балалар бөлімінің редакторы, 1982 жылы аға редактор, 1992-1999 жылдар аралығы «Шыңжаң жастар-өрендер» баспасында аға редактор болып еңбек еткен уақыты. Бұл кезең марқұмның кемеліне келіп, ұлт руханиятына үлкен олжа салған алтын дәуірі еді. Оның Бейсенғали Садықанұлымен бірге құрастырған Қабанбай батыр туралы тұңғыш жинағы 1986 жылы «Қабанбай батыр» деген атпен жеті мыңға жуық таралыммен халыққа тарады. Осы кітап 1991 жылы Алматыдағы «Жазушы» баспасынан «Қаракерей Қабанбай» деген атпен көп тиражбен басылып шықты. Осы еңбек негізінде алғаш рет Қабанбай батырдың 300 жылдығы Талдықорғанда аталып өтті. Елдікті, ерлікті ұлықтаған еңбек «балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен» заманда тәуелсіздікті аңсаған елдің рухын көтеріп, санасын сілкінтті. Баһадүрдің жетінші ұрпағынан тарайтын жазушы кейін өз шығармашылығын «Хан батыр Қабанбай» еңбегімен толықтырды. «Адамзат тарихи тізбекте өмір сүреді» деген қағидатты ескерсек, отарлық кезеңнің қолдан жасаған «баһадүрі мен батыры» бізді қандай неврозға айналдырғанын анық аңдар едік. Өйткені ғалымдар: «Тарихи тізбектегі бір звено үзіліп түссе, ол сол заманға кері әсер етеді. Ықылым заман мен бүгінді жалғап тұрған алтын шынжыр – тарихи тізбекті невроз ғана мойындамайды» дейді. Халықтың сонау сексенінші жылдың басында қаталап кеп тас бұлаққа бас қойғандай хан батырымен қауышқаны – әне, сондай орасан олқылығының орнын толтыруы еді.
Жазушының бұл кезеңде жазған «Баспай», «Сергелдең» секілді романдары, әңгіме-хикаяттары, зерттеу еңбектері, өзі редактор болып жинаған, құрастырған дүниелері ұшан-теңіз.

Сартрдың қайшысы

2000 жылы тарихи Отанына оралған жазушы Алматы қаласына келіп кереге жайды. 2013 жылы қыркүйек айында мәңгілік сапарына аттанғанша қолынан қаламы түспеді. Барын берді, жоғын іздеді. Бұл – жазушы ғұмырының үшінші кезеңі. 2017 жылы «Ан Арыс» баспасынан Зейнолла Сәніктің 15 томдық шығармалар жинағы оқырман қауымға жол тартты. Міне, бұл біз сөздің басында айтқан «өз болмысын БАР еткен, экзистенция жасай алған» – ғұмыр өнегесі.
Жан-Поль Сартр «болмыс болмыстан бұрын тұрады. Бірақ экзистенция эссенцияның алдында жүреді» деген танымын былай түсіндіреді. «Қағаз кесетін кішкентай қайшыны еске алыңыз. Қайшы жасалмас бұрын шебердің миында бұл зат туралы, оны неге қолдануға болатыны жайында идея болды. Сол негізде қайшы жасалды. Болмыстан болмыс бұрын тұратыны – осы. Бірақ адам дүниеге келгенде оның кім боларын қайшы сияқты анық білмейсің. Адамның эссенциясын экзистенция көрсетеді…». Заттардың ерекшелігі, даралығын көрсететін эссенция екені белгілі. Ал Адамнның эссенциясы деген не? Ол – адамның өз болмысын экзистенция жасап, тысқа көріну, даралану екенін Сартр бастаған экзистенциалистердің бәрі айтады. Экзистенция арқылы қалыптастыра алмаған эссенциясын жартыкештер қолдан жасап, қоғамға күлкі боп жатады. Кез келген салада кездеседі бұл құблыс. Қазақ оны «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады» дейді. Халықты қайыршы хәлге түсіріп, өзіне ескерткіш-мүсін соққан диктатордың рефлексиясы да сол. Осы жағдаяттар қолынан қаламы түскенше барын беріп, соңына пәленбай том қалдырған Зейнолла ақсақалды қалайша еске түсірмесін?! Баба танымы «ел үмітін ер ақтар, ер есімін ел сақтар» деп түйіндепті мұны.

Ырысбек ДӘБЕЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір