САҒАН ЖАЗҒАН ЖЫРЫМДЫ ОҚЫП, ЖЫЛАП АЛ…
17.04.2025
244
0

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

1 Арыздасу
(Батихаға)

Сау жер жоқ: балақ – жыртық,
балтыр – тыртық
Жүз жара, жүрек – жамау, көңіл қаяу.
Өт­тім-ау, әр «үміт­тің артын күтіп»,
Десем де «өмір – жалған, өлім – таяу».

Бар ма екен мына мендей ердің – ері,
Жыр жазған, атыңды атап, менше қақсап?
Көрдің бе, кеш те болса сендің бе енді,
Өмірден өткеніме тек сені аңсап?

Бұл жұрт­тың күн кешетін мың заңменен,
Қыңбадым тепкеніне, сөккеніне.
Күні ертең куә қалмас
Мырзан деген,
Ақынның келгені мен кеткеніне.

Өмірдің алды – Үміт, арты – Күдік,
(Шықсаң да төре болып төрге мынау).
Сонда да сені күту – артық үміт,
Екенін біле тұра өлмедім-ау.

Дүнияда малғұндардың мазағына,
Душар боп қосылмаған жалғыз біз бе ек?!
Біздерден артық ақыл, ажары да,
Бейбақтар қасірет толы қалдырды із көп.

Қой, жаным! Сұрама еш кешірімді,
Немене, жылап өткен тек мен бе едім?!
Мені қой! Өзімді-өзім өшіруді,
Үйреткен көп үмітсіз көктемдерім.

Оқыма, мына мендей өлі кеуде,
Жыр жазса,
Жыр емес ол, заты – жылау…
Ризамын есіңе алсаң мені кейде,
Қызығын құзғын көрген бақытым-ау!

– Ей, Мырзан!
Түсірмепсің құныңды әлі, –
Дей көрме, – бұл керемет бір ақыл ғой.
…Уһ, қайтем! Шаршадым-ау, бұның бәрі –
Өтірік өзімді-өзім жұбату ғой.

2. Өмірден мен өткен күн бір жылағын

Жүрек – мұз, тәнім – қырау,
жаным – жұбау…
Біз жүрген бір кез­дегі бағым мынау.
Тілі жоқ, ескі орындық қарайды үнсіз,
Дегендей Батиханы сағындым-ау.

Қашаннан қиял дертке шалыққан тек,
Мен өмір не екенін әлі ұққам жоқ.
Мен құсап біз кеткелі бұл бақты да,
Бақытқа Құдай онша жарытқан жоқ.

Болса да өмір жайлы білігім кем,
Сен өзің сүйген тентек жігітің ем.
Сол көктем кет­ті, мені бақыт жайлы,
Үздіріп ең үрзада үмітімнен.

Білсем де заманның да алдайтынын,
Сағынам сол көктемнің балдай түнін.
Батиха-ау, сағынамын
Білсем-дағы,
Бақыт­тың онша ұзақ болмайтынын.

Аңсамай, сағынбай еш басқа күнді,
Шаққандай болам қара тасқа мұңды.
Бір сөзбен Батиха деп атап кет­тім,
Сенімен бірге кеткен жас шағымды.

Білмеймін Мұң менен Күз жараса ма,
Қиқулап құс қайтқанда қарашада.
Сен, сірә, білмейсің-ау Мырзан әлі,
Еңіреп, жыр жазады оңашада.

Қамаған қайғы деген керең құшақ,
Кеміспін келсе-дағы кемелді шақ.
Жанымда тек Батиха атың қалды-ау,
Иесі қыршын кеткен өлең құсап.

Бере­йін несін айта, несін айта,
Өмірдің оралмайды көші қайта.
Жырлаумен бақи кеткен бақытыңды
Өтуге болады екен осылай да.

Тұманға тұрғанда да тұнып аспан,
Жан едің кірпігіңді күліп ашқан.
Өмірден мен өткен күн бір жылашы,
«Мен жайлы таусылды-ау, – деп, – Тірі Дастан!»

Өкініш пен өтініш

Мен өмірден қат­ты қорықтым,
Сөйте тұра, одан көп нәрсе күт­тім.
Л.Толстой

Жанарың – жалын, от – демің,
Өтсе де көп күн көктем боп.
Есіме түссе өткенім,
Өзіме ғана өкпем көп.

Ісінен гөрі сөзі көп,
Арманның тізіп тізбегін.
Аты бар, бірақ өзі жоқ,
Бақыт дегенді іздедім.

Ақылын алмай ешкімнің,
Жақтырмай және жетегін.
Ес білдім, бірақ кеш білдім,
Тірліктің есеп екенін.

Көз салсам өткен күніме,
Жас шақтан іздеп бір дерек.
Қаптаған қателігіме,
Артамын кінә кімге деп.

Қиялдың құсын қаңғыртып,
Балдырдан тартып бал-шырын,
Алақаныммен Ай сүртіп,
Аспанның бұлтын аршыдым.

Қамаса қайғы-қаншығы,
Қиналмап еді қай күштің?!
Көзімнен тамған тамшыны,
Шарапқа қосып қайта іштім.

Кәйіптен күтсем тәт­ті елес,
Тірліктен түгел суынғам.
Ешбірі уың ащы емес,
Ақынның ішкен уынан.

Жайласа жетім жеке мұң,
Жұртың жоқ, жолдас-жора жоқ.
Үңірейеді үй-жай, мекенің,
От жағып қойған қора боп.

Таң атып сұп-сұр сазарған,
Түңілтсе зәре-құт­ты алып.
Бір толқын атып ажалға,
Бір толқын жүрді құтқарып.

Жүрекке беріп билікті,
Ақыл мен Миға таңдатпай…
Килікпес дауға киліктім,
Қаңғырып келген қаңбақтай.

Жан болса мені ақтайтын,
Жырыма жаны жақын боп…
Жырымды жүрсін жатқа айтып,
Өксумен өткен ақын деп.

***
Кезектесіп Тәт­тісі мен Кермегі,
Болдық-ау деп ессіз шақтың ермегі,
Отауыңда сәл оңаша қалғанда,
Білем, әлі еске аласың сен мені.

Болғаннан соң, әзәзілге несібе,
Өкініштің ертесі не, кеші не?!
Сәбиіңді алдыңа алып, ән салып,
Отырғанда мен түсемін есіңе.

Сағындырып сонау шырын шақтарың,
Оңашада альбомыңды ақтарып.
Біз екеуміз қатар түскен суретке,
Телміресің жанарыңа жас тамып.

Жылуы жоқ сұлулыққа сүйініп,
Ол құшқанда иіскеп те иіліп,
Тағдырыңа лағнет айтып жатасың,
Мен бұныкі емес ем деп күйініп.

Жолымызда жатпаса да жыра, жар,
Екі айрылдық. Кім кінәлі, кім адал?
Білгің келсе, жат құшақта жатқанда,
Саған жазған жырымды оқып, жылап ал!

Ақылдым-ай, Жетім-Жүрек, жетелім,
Ол білмейді бақыт­тың не екенін.
Мен білемін! Білгенімнен не пайда,
Қол созымға қолым жетпей өтемін.

Тағдыр деген қиямпұрыс құрғырың,
Осы екен ғой, білген оны кім бұрын?!
Енді, міне, сүйреп жүрмін
өмірдің,
Сағыныш деп аталатын шылбырын.

Көңіл қалып жақыннан да, жат­тан да,
Қаңғып жүрсем баяғы сол бақтарда.
Қоштаса алмай қалам ба деп қорқамын,
Бір күні кеп ажал есік қаққанда.

Әйгерімге
(әзіл)

Қиял шіркін, бірі – жұт та, бірі – құт,
Тұтқыны боп жүрмін қазір тәт­ті ойдың.
Сені армандау болғандықтан құр үміт,
Әйгерімсіз Абай – мен деп ат қойдым.

Ғашық бола білген жанға өлім жоқ,
Ақындардан көргем оның талайын.
Сүйе білмес ақындарға сенім жоқ,
Әйгерімсіз Абай емес, Абайың.

«Мені көрсе кімді еске ап, кімді ойлап,
Жымияды?» – деп ойға кетем әрқалай.
Жанарыңда жұмбағы мол күлкі ойнап,
Мені әуреге сап қойдың-ау, қалқам-ай!

Дей алмаймын, ей, Әйгерім! Сүй мені!»
Өзім сені ойша сүйіп өтемін.
18-ге келген Уль Рикені,
80 жаста сүйгені рас Гетенің!

Ешқашан ойлай көрме мені өлді деп

Жүргенде өмір – көктем, ізгілік деп,
Соқты-ау бір қарасуық ызғырық кеп.
Кіршіксіз, кінәратсыз сен құшушы ең,
Үрзада жүрегіңмен үздігіп кеп.

Ойлаушы ек көркі – біз деп Жердегінің,
(Білмеппіз өткінші-өмір ермегі кім!
Қалай тез бітіп қалды,
жүр едік қой,
Ішінде бітпейтін бір ертегінің.

Кеткесін басымыздан бақ-құс ат­тап,
Саған да қамшы-тағдыр қат­ты бат­ты-ақ.
Білемін жар-төсекте жас төгесің,
Жатқанда жанұшырып жат құшақтап.

Жұбымыз жер бетіне еді көрік,
Кет­тік-ау жәдігөйдің жемі болып.
Білемін, бақыт­тымын дей алмайсың,
Бақытқа жарымаған мені көріп.

Қайте­йін жаным жайлы күй тапқанын,
(Келеді күңіренген күйді ақтарғым).
Сен кет­тің қайта оралмас бір ғұмыр боп,
Көңілімде көлеңкеңді сипап қалдым.

Жоқшыңмын бұ дүнияда мен енді тек,
Арнаймын дем біткенше өлеңді кеп,
Мен өлсем, өлем,
Бірақ сен тіріде
Ешқашан ойлай көрме мені өлді деп.

Жалғыз қалған жабайыдай

Бүлк-бүлк соққан Жетім-Жүрек жетелім,
Тағдыр – мұздай, тек сен ғана от едің.
Шаршадың-ау, қайтем енді,
Саған бір
Исінбеген ит өмірді нетемін?

Сұп-сұр тағдыр қойса сұрқай сұрағын,
Мидан емес, сенен ақыл сұрадым.
Миға емес, сен бейбаққа мұң шағып,
Қос қолыммен сені басып жыладым.

Әлдиінен төгілетін Зар мен Мұң,
Өмір деген өгей шешем бар менің.
Ол жымиып, сен қуансаң сәбидей,
Шашу ет­тім шат­тық жырдың әр лебін.

Әт­тең, дүние, әт­тең, дүние, әт­тең деп,
Басын шайқап, бармақ шайнап өткенде.
Қателігін кеш ұғады, қайтесің,
Мына біздей жалған сөзге жат пенде.

Жоқтығынан Ақыл, Айла, Амалдың,
«Жынды судың» желігінен нәр алдым.
Жалғыз қалған жабайыдай күн кештім
Ортасында адам білмес аралдың.

– Сынағым ғой, – десе өмір, – бұл менің,
Жылағанға ұқсап кетеді күлгенім.
Кешір, Алла! Өмір бойғы сол сынақ,
Сыбағамдай көрінеді бір менің.

Өте шықты дәурен, міне, дөңгелеп,
Кінәламан жылауықсың сен де деп.
Қақ жарылып өткіздім-ау өмірді
Болғандықтан миым – бөлек, сен – бөлек.

Неғыласың, дүния жыртық, бүтін бе,
Бергеніне, көргеніңе шүкір де!
Сосын қоштас ақырғы сәт бір жылап,
Бұл жалғанның бетіне бар түкір де.

Никольский базары скверіндегі көктем

Мына көктем қайтеді, мына көктем,
Қылаң еткен алдымнан, сынақ еткен.
Меңдуана жегендей мына баққа,
Тағы келдім бақ бар ма, бұдан өткен?!

Жапырағында ойнатып, күн арайын,
Әлі тұр ғой аппақ боп мына қайың.
Куәсі еді балшекер балғын шақтың,
Жанарыма жас толды, ал күл, ағайын.

Осы бақта, қалқамды осы шақта,
Шығарып сап жүргенмін, тосып ап та.
Менен өзге тірі жан сала алмайтын,
Бір Қорлан ән көмілді осы бақта.

Қол бұлғаған беймәлім арман елі,
Бұл бақ бізге бақ та еді, бағбан еді.
Есіме алсам ішімде ит ұлытқан,
Бір тәт­ті сәт осында қалған еді.

…Біз екеуміз көктемге көрімдік боп,
Көк шалғынды көрпе қып көмілдік кеп.
Әне, қара! Мұңаяды маған қарап,
Біз отырған баяғы орындық тек.

Мұңымды айтсам, өткен шақ жайлы бұлай,
Күлсең күл, жұрт, – деп – «Мырзан
Қайғысың, әй»
Жалғыз бұлбұл бар еді мен тыңдайтын,
Ол да жоқ қой, қайда екен байғұсым-ай.

Көктем-дүние! Көңілі қош, айналам,
(Жоқ бақыт­ты жалғанда жасай ма адам?!)
Неге келдім бұл баққа, кілең қарға,
Өз «әніне» мәз болып масайраған.

Есіңді жи, ей, Мырзан, көресің бе,
Келді ғой ол, келді әне, сенесің бе?
…Неге ғана жылап тұр маған қарап,
Сенсің бе бұл, әлде тек елесің бе?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір