Ата дәстүр, асыл сөз
11.11.2025
141
0

Алматыда Қазақстан Жазушылар одағы мен Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының ұйымдастыруымен жазушы, этнограф-ғалым, баспагер, фольклорист Зейнолла Сәніктің 90 жылдығы аталып өтті. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің ғимаратында өткен ұлт руханиятына өлшеусіз қызмет еткен қарымды қаламгердің мерейтойына арналған «Ата дәстүр, асыл сөз» атты әдеби-сазды кешке қала тұрғындары, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер қатысты.

Кеш шымылдығын ашқан Қазақ­стан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі, жазушы Мереке Құлкенов өз сөзінде қазақ
этнографиясының еңселі тұлғасы, қаламы мен ғұмырын халқымыздың болмысын танып-білуге арнаған жазушы-этнограф Зейнолла Сәніктің 90 жылдық мерейтойы, бұл – тұтас ұлт руханиятына қызмет еткен және оны қызғыштай қорғап, көзінің қарашығындай сақтаған жандарға тағзым ету екенін атап өтті. «Зейнолла Сәнік – халқымыздың көнеден жеткен мәдени, рухани қазыналарын жинақтап, жүйелеп, ғылыми тұрғыда саралаған, сонымен бірге көркем сөздің құдіретін этнографиялық таныммен ұштастырған тұлға. Ол – дәстүр мен әдебиеттің, тарих пен тағылымның тоғысқан тұсындағы көпір. Оның шығармалары – халқымыздың тұрмыс-тіршілігі мен дүниетанымының шежіресі, ұлт мінезін, салт-санасын танытатын айна. Ол жазған «Қазақтың тұрмыс-салт білімдері», «Табиғат тәлімі», «Дала мәдениеті туралы толғаныстар», «Қазақ этнографиясы» сынды еңбектер – тек этнографиялық туынды ғана емес, ұлт болмысын ұрпақ санасына сіңірер тағылымды мектеп.
Биыл Қазақстан Жазушылар одағының бастамасы, Мәдениет және ақпарат
минис­трлігінің қолдауымен «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы. Зейнолла Сәнік – 90 жыл» атты республикалық ғылыми-шығармашылық экспедиция ұйымдастырылды. Бұл игі шара елдің барлық аймағын қамтыған, Алтайдан Атырауға дейін ұлт рухания­тының ұлы көшін жалғаған сапар болды. Экспедиция барысында зерттеушілер мен қаламгерлер Зейнолла Сәнік еңбектерін қайта зерделеп, ел ішіндегі көне дәстүрлер мен этнографиялық деректерді жинақтады. Бұл Зейнолла Сәнік мұрасының өміршеңдігін, оның рухани ілімінің бүгінгі ұрпаққа қажет екенін айғақтайды. Зейнолла Сәнік мұрасы – ұлттың мәңгілік қазынасы. Оның қалдырған ізі – жас зерттеушілер мен қаламгерлерге бағыт, болашақ ұрпаққа рухани темірқазық. Біз оның еңбектерін тек зерделеп қана қоймай, өміріміздің өнегесіне айналдыруымыз қажет», – деді Мереке Әбдешұлы.
Шара барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президент әкімшілігі Мемлекеттік кеңесшісі хатшылығының консультанты Қалқаман Сарин, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет және Абай облысы әкімдігі аппарат басшысының орынбасары Ербол Алшынбай ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның, Абай облысының әкімі Берік Уәлидің арнайы жолдаған құттықтау хаттарын оқып берді.
Қазақстан Жазушылар одағы мен Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры жазушының 90 жылдығына арналған Халықаралық этнографиялық әдеби байқау жариялаған болатын. Бұл байқауға тек Қазақстаннан ғана емес, алыс-жақын шетелдердегі қандастарымыз да белсене қатысып, ұлт мәдениеті мен дәстүріне арналған үздік туындыларын ұсынды. Халықтың салт-дәстүрін, рухани құндылықтарын, этнографиялық мұрасын көркем сөзбен жаңғыртуға бағытталған халықаралық әдеби байқау өз мәресіне жеткен кеш барысында жеңімпаздар марапатталып, «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы. Зейнолла Сәнік – 90 жыл» атты республикалық экспедиция­ның қорытындысы жарияланды. Үздік туындылар топтастырылған «Ата дәстүр, асыл сөз» атты жинақтың тұсауы кесілді.


Әдеби байқаудың Бас жүлдесін «Сармерден» этнографиялық әңгімесі үшін Ғалым Қалибекұлы, 1-орынды этнографиялық өлеңдері үшін Нұрлыбек Қалауов, 2-орынды «Қарашегір» әңгімесі үшін Айгүл Кемелбаева, этнографиялық өлеңдері үшін Ақсұңқар Ақынбаба, 3-орынды «Клоун» әңгімесі үшін Нұрғали Ораз, «Бабалардың көштері» этнографиялық жыр-толғауы үшін Әбубәкір Қайран және «Салт-дәстүрін сақтаған…» этнографиялық өлеңдер топтамасы үшін Толыбай Абылаев иеленді. Сонымен қатар байқаудың Арнайы жүлдесі «Кеудеңде қоңыр қобыз бебеу қағар…» өлеңдер топтамасы үшін Мұрат Шаймаранға, балаларға арналған этнографиялық өлеңдері үшін Азамат Әбілқайырға, өлеңдері үшін Фатиһ Сұлтан Йылмазға, «Желтабан» әңгімесі үшін Ерғали Бақашқа, «Ердің қасы» әңгімесі үшін Қанағат Әбілқайырға, «Жылан тілін білетін бала» әңгімесі үшін Дүйсенәлі Әлімақынға, «Шыманбай» әңгімесі үшін Көлбай Адырбекұлына берілді.
Ұлттық құндылықтарымызды сөз құ­діреті­мен жаңғыртып, әдебиет пен руханият әлеміне өзіндік үн қосқан барлық жеңімпаздарға байқау жүлдесімен бірге, Зейнолла Сәнік атындағы мерейтойлық медаль табысталды. Бұл марапат – халқымыздың рухани өміріне, әдебиет пен этнография саласына сүбелі үлес қосқан азаматтарға көрсетілетін зор құрмет.
«Ата дәстүр, асыл сөз» деген атының өзі айтып тұрғандай, бұл кеш – саналы ғұмырын ұлт руханиятын зерттеуге арнаған ғалым, қаламгердің шығармашылық мұрасын дәріптеп, тағылым алар сәт болды. Биыл жыл бойы еліміздің барлық аймағында өткен «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы. Зейнолла Сәнік – 90 жыл» атты республикалық экспедиция осы мерейтойдың рухани өзегіне, темірқазығына айналды. Бұл республикалық экспедиция – этнографиялық сапар ғана емес, ұлт қазынасын түгендеген, жастарға барды бағалауға шақырған мәдени оқиға. Сол сапардың нәтижесі ретінде Батыс өңіріндегі 4 университеттің үздік студенттеріне ақын, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Есенғали Раушанов атындағы стипендия табысталып келеді. Бұған қоса, экспедиция аясында Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Зейнолла Сәнік атындағы этнографиялық аудитория ашылды. Қазақстанның барлық өңірінде жастар, ғалымдар, өңір тұрғындары, жергілікті өлкетанушылар және зиялы қауым өкілдерімен кездесулер, талқылаулар мен конференциялар өтті. Сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде Зейнолла Сәнік атындағы Баспагерлік-редакторлық орталық, Семейдегі Шәкәрім университетінде Зейнолла Сәнік атындағы шетелдегі қазақ әдебиеті дәрісханасы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Зейнолла Сәнік атындағы этнография аудиториясы ашылғанын атап өткен жөн.
Осы орайда кеш барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма төрағасы-ректор Жансейіт Қансейітұлының, Шәкәрім университетінің төрағасы-ректор Думан Рымғалиұлының, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы-ректор Саламат Нұрмұханұлының жазушының 90 жылдық мерейтойына жолдаған құттықтау хаттары оқылды.
Зейнолла Сәнік – сөздің киесін сезінген, жыр мен дәстүрдің сарынын тыңдатқан тұлға. Әуен мен күй – сол мұраның жалғасы. Зейнолла Сәнік «Ұлт болып сақталып тұрудың төрт тағаны бар. Бірінші – сол халықтың үні, ән-күйі, музыкалық мәдениеті. Екінші – тілі. Үшінші – тарихы, салт-дәстүрі, асыл әдеби мұралары, этностық белгілері. Төртінші – ата мекені, тарихи қонысы. Осы төртеуінен айырылған ұлт ел болудан қалады» деген еді.
Расында да, ән мен күй – халқымыздың жаны, тілі мен дәстүрі – оның рухы. Мерейтойлық осы кеште Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі мен елімізге танымал мәдениет қайраткерлері орындаған ән мен күй – саналы ғұмырын ұлт руханиятын зерттеуге арнаған қарымды қаламгердің өмірлік философиясы іспетті. Оның еңбегі де, өмірі де – үйлесім мен жарасымға, парасат пен ұлттық құндылыққа құрылған.
Жиналған қауымның зор қошеметі мен ықыласына ие болған бұл кештің мәні де сол – ұлттың ұлы дәстүрін ұлықтау, асыл сөздің қадірін арттыру, Зейнолла Сәнік сынды тұлғалардың рухани мектебін жалғастыру. Оның шығармашылық мұрасы халқымыздың жадында мәңгі сақталып, ұлт руханиятының алтын арқауы бола бермек.

Дайындаған
Рымтай КӨКЕНАЙҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір