Азаттық– жүрегімнің асыл әні
07.05.2024
189
0

Күләш АХМЕТОВА

Тәуелсіздік – бәрінен қымбат.
Қ.К.Тоқаев

Баяғы ауасы – әтір самалы ескен,
Балауса балғын шақты алам еске.
Құлпырған гүл бәйшешек арасында,
Нұр тұнған қасиет­ті далада өскем!

Қай шебер табиғатпен таласа алған?
Таза су, тәкап­пар тау, тамаша орман.
Осынша ұлан-ғайыр кең даланы
Жаратқан қазағыма бере салған!

Қабылдап ырзалықпен бұйырғанын,
Қарауға қанағатпен бейім қауым.
Адамды құрмет­теуді биік қойған,
О, менің текті халқым, мейірбаным!
* * *
Жаратқан жақсылықты жақтайды анық.
Президент сөз айтыпты
қат­ты ойланып:
«Егілсе екі миллиард ағаш, шіркін
Байтақ жер кетпес пе еді баққа
айналып?»

Кім ондай ұсынысты қолдамасын?
Табылған ақыл-ау деп таңғаласың.
Ауа да тазармай ма жұпар аңқып,
Көркейтсе қазағымның кең даласын.

Күллі әлем жаһанданып жатқаны шын.
Қазағым жерұйығын тапқаны шын.
Әлемдік салтанат­тың бір жұлдызы –
Мерейлі мемлекетім, мақтанышым!

Өтпеген Ел басынан не замандар?
Көк – куә, көмкерілген аспан заңғар.
Бір сүйем жерді бермей қан майданда
Қорғаған баһадурлар, қаһармандар.

Түсініп аспан сырын, дала заңын.
Таба алған табиғат­тан қалағанын.
Меңгеріп мезгілдің әр құбылысын
Мықты екен өмір сүрген бабаларым!

Күй қайда домбыраның күйіне тең?
Ән мен жыр – рухани биігі екен.
Салт-дәстүр,
жол-жобаны нықтап кеткен
Халқымның қасиетін сүйіп өтем!

Жүрегім қуанады, лүпілдейді,
Мендегі бүкіл ықылас, бүкіл мейірім
Тоғысып,
Жаратушы Иеміздің
Өлшеусіз нығмет­теріне шүкір деймін!!

Туған жер, дидарыңа көз қана ма?
Ғашық ем боз жусанды боз далаға.

Бозторғай, боз ала таң – жыр мен сурет
Дүние-ай, не жетеді өз далаңа?
* * *
Бұл өлке – біздер үшін бақ, құт дер ек.
Осында бақыт кілтін таптық дер ек.
Айырылып ата-жұрт­тан қалмау үшін
Бауырлар, бірлік керек, сақтық керек.

Дұшпанның жобаларсың түр-тұлғасын.
Қайткенде болу керек рухың басым.
«Ақтабан шұбырынды» еске оралып,
«Алқакөл сұламалы» күн тумасын!
«Қаратаудың басынан көш келеді,
Мөлтілдеп қара көзден жас келеді»
Тарихи оқиғаны сурет­теген
Түседі жыраулардың еске өлеңі.

Ерлердің бағдарласақ ерлік ісін,
Заманның сараласақ белгілісін,
Тарихта барлық соғыс
Болған екен
Жер үшін, Отан үшін, теңдік үшін.

Азат­тық – жүрегімнің асыл әні.
Көк туым көзіме от­тай басылады
Тәуелсіз, еркін елде ұрпақ үшін
Арманның бар гүлдері ашылады.

Тұрсын деп түн де тыныш,
таң да құт­ты.
Қарсы алып керуенін мәңгі уақыт­тың
Ұлтының мүддесі үшін, ертеңі үшін,
Тас түйін бола білген ел бақыт­ты!
Құйылып көк аспаннан көркіне нұр,
Жатыр-ау мейірленіп алтын өңір.
Бағынбай басқа жұртқа,
Енді қазақ
Сүрсе екен өз жерінде еркін өмір!!

Саналы жас ұрпаққа тіл қатамын.
Тереңде – мағынасы бұл батаның.
Иманды жүрекпенен сүйе білсең,
Бақыт­тың тұғыры ғой – нұрлы Отаның!

Ойланбай күн кешудің өзі айып қой.
Қай кез­де ақындарда азайыпты ой?
Жас ұлан, басқа жақтан бақ іздеме,
Өз елің, өз Отаның ғажайып қой!!
* * *
Төрт түлік мал жайылған жайлауында
Барсаңыз жаздыгүні қой ауылға,
Қарсы алып туысындай, не досындай
Ұсынар қымызын да, айранын да.

ХАЛЫҚ

«Жасаған, әуелі халықты сақта,
халық ішінде қалқайтып бізді сақта»
(Әжемнің ұйықтар
алдындағы дұғасынан)

Өз Отанын келетін танытқысы
Халықта көп кеудесі жарық кісі.
Халық даусы – қашан да айбынды, асқақ,
Қай кез­де де қаһарлы – халық күші.

Халық күші – қашан да десең де ерек,
Лайықты бір перзент өсер бөлек.
Қанша күшті, қанша ұлы болса-дағы,
Әр халыққа кемеңгер көсем керек!

Халқын ақын жырлауға қақылы деп,
Білем,
Оның ойы көп, ақылы көп.
Таңдамалы аз топқа алдарқанбай,
Қалсам дедім халқымның ақыны боп.

Қуаныш аз жолымда кезікпеген,
Кеудемдегі жырымды ең нәзік деген
Арнаған соң
Біртұтас байтағымнан
Бүкіл елдің құрметін сезіп келем.

Мейіріміне қалай мен тоя аламын,
Сол емес пе аяулым, сая бағым.
Халқым аман болсын деп көзімді іліп,
Халқым аман болсын деп оянамын!

ЖАРАТЫЛЫС

Алла – бір!
Барлығынан сол ғана асқан.
Қарасам, ғаламатқа толған аспан.
Жұлдыздар керуен түзеп,
Кеңістікке
Тәңірлік шеберлікпен орналасқан.

Құс жолын құндағымда көрсем керек.
Қарасам, биіктейді еңсем бөлек.
Ауқымын алыс көктің парықтауға
Ғарыштық құдірет­ті өлшем керек.

Шарқ ұрып,
Тап­паған соң теңбе-теңін,
Ойымды жер бетімен тербетемін.
Мәңгі бол,
Жаратқанның хикмет­терін
Көтерген көгілдір шар, кең мекенім!

Дәл мендей тауға біреу құштар ма екен?
Сонша асқақ сонша сұлу сұс
бар ма екен?
Ауаға бауырымды төсеп қана
Ақ таулар үстіменен ұшсам ба екен?

Су менің таңданғаным сосын анық
Ілесем кит­терге іштей қосыла құп.
Жүзгендей кең мұхит­та кедергісіз
Түпсізді түзу жарып, осып ағып.

Мұхит­тар дөңбекшиді шабыт қысып,
Бұлт­тар да жүйелі бір бағытқа ұшып,
Ай мен Күн алмасады
Айнасынан
Айналған Жер жүзіне жарық түсіп.

Табиғат толықтырып бір-бірін бек,
Жел тұрып, жасын ойнап, су гүрілдеп,
құс ұшып, орман шулап, мал жайылып,
Шегіртке секіреді –
Гүл дірілдеп!

ТУҒАН ДАЛАМ

Тұла бойын ұйытып түнімен мұң
бұлбұл таңын күткеннің бірі – менмін.
Бір-ақ күнде ағаштар бүрін жарып,
ұлы уақыт, білінді ұлы белгің!

Жер жадырап, жазға да қалып бір ай,
жаратылыс мырза қол таныт­ты рай.
Адамзатқа мейірімін төге қалса,
рахымы өлшеусіз, жарықтық-ай!

Өркендерін жайып тұр өлкем, мықтым,
келсін тағы осылай ертең құт күн.
Алматының алқалы көшелері –
көрмесіндей әлемдік көркемдіктің.
Үміт­терім сыймайды үйге менің,
құйылады күмбірлеп күй дегенің.
Барып қайт­қым келеді Талас жаққа,
еске түссе жыңғыл мен жиделерім.

Туған далам, бұл менің арман далам,
тұра бергей көл де аман,
орман да аман.
Күймен тербеп, әнменен оятатын,
Жер бар ма екен жететін
жалғанда оған?!

САРЫАРҚА

Туған ел!
Қайдан сендей жай табылсын?
Ақының асылыңды айта білсін.
Сарыарқа!
Басқа алтынға қызықпаймын,
Сен – менің шексіз алтын
байтағымсың.
Көріндің маған ыстық өзің бірден,
Мен бұрын Жезқазғанның
жезін білгем.
Мезгілге рақмет жер танытып,
Өзімді еркін, ерке сезіндірген.

Жан дала! Дәстүрің бар ел сақтаған,
Інжу мен маржаныңды көрсет маған!
Елімнің өнер қонған бесігіне
Өлеңмен тізілдіріп моншақ тағам!

Жүректе жататын ең атың ұнап,
Көрудің бүгін түсті сәті бірақ.
Кеңдігің бақыт дейміз,
Көшпелі елің
Тар болсаң тұрар ма еді татуырақ …

Қайте­йін, қозғамайын өткеніңді,
Шештім ғой бүгін түйе шекпенімді.
Тоқтатып жолдастарды тұрдым біраз,
Иіскеп жол бойы өскен шөптеріңді.

Жақсыңды іздестіріп, сұрастырғам,
Талантқа біздің дәуір гүл аштырған.
Замандар заңғарынан ән дарыған
Өлке бұл – Әсет туған,
Күләш туған.

Ақтоғай, жер екенсің ақ түсі көп,
Ақша бұлт аспаныңда бақ құсы боп.
Сызылған ракетаның белдеу ізін,
Қалқиды қанатымен жапқысы кеп.

Жоқ менде оңаша арман, оңаша мұң,
Жер – ошақ, аман болсын сол ошағым.
Кең далам, ойлантады кешегің мен
Бүгінің, әсіресе болашағың.

Батады мұңың болса, ботаңа тым,
Ботаңмын ардақтаған Отан атын.
Бабамның жаны болған, әні болған,
Сарыарқа – мақтанышым, махаббатым!

Сарыарқам, жазық арқам,
жарқын арқам,
Әлемде бөлек сенің даңқың, арқам.
Байтағым, байғазым деп көргеніме
Өлеңім – тағып кеткен алтын алқам!

АСТАНА

(Тұсау кесер)

Өнерлі орда, аспаны ән,
Жаңбыр – нұрмен жуынған
Көшіп кет­тің, Астана
Жауһар Жетісуымнан.
Алатаудан бата алған,
Арқадағы қаламсың.
Қаратаудан апарған
Қара мәрмәр қалансын.

Ақтауымнан алынған
Ақтастарым көрінсін.
Көкшетаудан шағылған
Көк тастармен өрілсін.

Асқақ тұрған қалпы – айбын,
Айбатымен танылсын.
Ағашынан Алтайдың
Айшықты есік салынсын.

Әміриат­тан алғызған
Асыл шамдар ілінсін.
Ұсталарға салғызған
Ұлы сесі білінсін!

Ап­пақ Есіл аққанда
Айдың нұры ашылсын.
Ай орнына батқанда
Күннің нұры шашылсын.
Бір қарағай, бір емен,
Орманымдай созыл сен.
Көктен медет тілеген,
Қолдарымдай созыл сен!

Береке бол халқыма,
Әулетіме кие бол.
Сәулет­теніп жарқыра,
Дәулетіме ие бол!

Ұқсап ыстық құшаққа,
О шетің мен бұ шетің.
Ақсұңқардай ұшақтан
Ақылдылар түсетін.

Астана бол, аман бол
Ақылман бол, амал бол.
Тайсалатын тәмам қол,
Тәуелсіздігіме қамал бол!

Қара өлеңім жететін,
Қайда барсын ол да ұзап?
Жалғыз – менің мемлекетім,
Жан далам да жалғыз-ақ.

Өс, Астана, өркенде,
Көзіңде – байтақ жерұйық
Бүгін де және ертең де,
Ел мүддесінен не биік?!

ЕСІЛДІ КӨРДІМ

Есілді көрдім. Кезі еді сұлу көктемнің.
Көрімдік сұрап көшеді бұлт­тар –
көк торғын.
Әдемі самал желпушімен желпіген
Есілді көрдім, еркелеп аққан еркімен.
Жырыммен үндес
ап­пақ гүлдердің үлбірі,
Есілді көрдім. Естілді күміс сыңғыры.

Ішінде жүр ғой іздеген сырға,
шолпым да
Үңіле бердім, інжуін шашқан толқынға.

Кернейді толқын арнасын кербез,
алқынбай.
Көлбейді толқын көгілдір менің
шарфымдай.

Суреті қалқып,
тұңғиық суда тоғайдың…
Көркемім менің, көсіліп жатқан
көк айдын.
Тәңірдің өзі-ау таратқан ұлы суларды.
Ұлы өзендердің жағасы –
жасыл ну мәңгі.
Сайраған құйт­тай құстардың
іңкәр келді үні.
Сезіліп тұрды қайран даламның кеңдігі.

Мейірімді неткен бетімнен еп­пен
өпкен нұр.
Көңіл де – шалқар.
Ауа да, су да – мөп-мөлдір.

Есілді көрдім, көрмедім одан әріні.
Тербет­ті мені телегей судың сарыны.

Есілді көрдім, келгенде сәті, кезегі.
Қаланың бағы – қақ жарып аққан өзені.

Есілді көрдім.
Көзайым дүние айтады ән.
Қайтайын десем,
көргім келеді қайтадан.

РУХТЫҢ БОСТАНДЫҒЫ

Қабан жыраудың тойына

Қарасам мынау өңірге,
өртейді мені от­ты мұң.
Қамысты көлдер азайған,
қасқалдақ құстар жоқ бүгін.
Ақиықтарды көрмеген теңеуі жұтаң
біз пақыр
Қызыл кітаптан оқыдық қыран,
бүркіт­тің көптігін.

Сарыөзек жақтан күдік кеп,
күңірегенде орманым,
Бозторғайларым сескеніп,
шырылдап салған соңғы әнін.
Кеш білдік біздер өзінің
Ғасыр-ғұмырына сыймайтын
Ұлы жырларды туғызған
ұлы жыраулар болғанын…

Қақ жарып өтіп заманды,
қақ жарып өтіп қоғамды,
Толғағы жеткен мезгілде тозаң қып
бұзып тоғанды,
Толағай желге ілесіп,
толайым жылдар түбінен
Аспаннан келген медет­тей
асқақ рухым оралды!

Тарихқа терең қарасақ,
қалар ма көзден таса зат?
Бағынып өту басқаға –
табиғатымызға аса жат.
Бостандығын рухтың
жұпардай бойға таратқан,
Еңсесін тіктеп, серпілді,
ержүрек халқым басы азат!
Атырау, Алтай арасы
дүр етіп түгел сілкінді.
Бесікте жатқан нәресте
бостандық сұрап бұлқынды.
Бұлт­тардың қалың қабаты
парша да парша жыртылып,
Оң жағымыздан Ай туды,
сол жағымыздан Күн туды!

АБАЙ АУЫЛЫНА
КЕЛЕ ЖАТҚАНДА

Ақын баба!
Сен туған жерге келем,
Асығамын, мен бұрын көрмеген ем.
Аруағың сезді ме,
Мазалайды,
Жанымды тербеп өлең.

Көз алдымда дөңгелек айдын-әлем,
Шақырды елің,
Құшағын жайды да кең.
Бас иіп ұлы заңғар ойларыңа,
Ортақ ем қайғыңа мен.

Бәрі өзгерер,
Қызулы от та сөнер.
Баянсыз-ау – мұратын тап­паса өнер.
Бақыт­тырақ болар ед бүкіл қазақ,
Жырыңды жат­таса егер.

Нөсер тілеп, көңіл бұлт түнереді,
Нөсерден соң жүрегім жыр өреді.
Әр сөзіңді ұқса елің, парасат­тың
Не екенін білер еді.

Қалар бәрі астында ұлпа құмның,
Өнер өлмес!
Болады бір таңың мың.
Ризасың ба, ата, сен бүгінгі
Ісіне ұрпағыңның?

Мезгіл өтер, жаз келер, туар тамыз.
Өткінші деп өмірге кінә артамыз.
Біз пендеміз, бір күні ашындырып,
Бір күні қуантармыз.

Туған жұрт­тың мере­йін өсірерсің,
Өспейтін ұл соңыңнан несіне ерсін?
Данасың ғой, жақсыны желеп-жебеп,
Жаманды кешірерсің…

Ақын баба! Сен туған жерге келем,
Асығамын, мен бұрын көрмеген ем,
Аруағың сезді ме, мазалайды
Жанымды тербеп өлең.

ШӘЙІ БҰЛТ­тАРДАН ШӘЛІ
БАЙЛАҒАН АЛМАТЫМ!

Жайнаған гүлдей
жамалы бөлек кентімсің,
Көктемнің нұры
көркіңді сенің келтірсін.
Ғимарат­тарымен
кеңейіп қанат сермеген
Қазақ­станымның еркесіндейсің,
еркінсің.

Шаһарым менің, шат­тығым,
әнім, шәрбатым,
Шапағат­танып жатасың-ау сен таңда тым.
Шілдеде гүлге, ақпанда қарға бөленіп,
Шәйі бұлт­тардан
шәлі байлаған Алматым!

Құйын фонтаннан
сезімнің алып бастауын,
Қыдырсақ алтын алма бақтарда
жас қауым.
Сүйген жүректің лүпілін қосып үніне,
Сыңғырлаушы еді бұлақтан
таққан шашбауың…

Гүлдеймін бірге гүлдейтін болсаң
егер сен,
Көгерем бірге көктемде өзің көгерсең.
Сенімен бірге селге де қарсы тұрам мен,
Сенімен бірге көремін мен де не көрсең!

Өзіңнен күндей
тарар деп байтақ елге ізгі үн,
Жыр жолдарына
жақсы үмітімді енгіздім.
Тәкап­пар таудың
тәжді шыңдары сүйеген
Намысымыз бен мәртебемізсің
сен біздің!

МАХАББАТЫМ – АЛМАТЫМ

Мәшһүр болған ғаламға атың,
Қадам басқан заманға тың,
Жасағанның нұры түскен
Жасампазым, жан Алматым!

Күй керуені, ән төресі,
Әлдилеген өлкем – осы
Алатаудың өр шыңдары –
Алматымның мәртебесі.
Өлеңімде өз өрнегі,
Өмірімде кезеңдері
Сұлулықтың салтанаты –
Алматының өзендері.

Айдын нұры – орамалы,
Алаулаған гүл алаңы.
Имандылық белгісіндей –
Мешіт­тері мұнаралы.

Аяласаң көріктім деп,
Алма гүлдеп, өрік гүлдеп,
Алматының табиғаты
Шақырады келіп тұр деп!

СЫР ЕЛІНІҢ КЕЛІНІМІН

Дүние сыйласқанға
ғаламат – кең,
Шөмішбай досым айт­қан
аманатпен:
«100-де де жүресің ғой
өлең жазып,
Қазақтың ақын қызы
деген атпен».

Жақсының жақсылығы білінеді.
Ізгілер өлеңіме үңіледі.
Ардақтап, Атырауда Лұқпан ақын:
«Тараздың ақ райхан гүлі», – деді.

Аралап келем дала, кең жазықты
Алтын ел аяласа, мен – нәзікпін.
«Сыр бойы» газетіне Қатира ақын:
«Сырдың сұлу келіні», – деп
жазыпты.

Тілектің атқыласа ақ бұлағы,
Көңілде мерекелі сәт туады.
Үш теңеу тебірент­ті,
Әсіресе
Үшінші статусым қат­ты ұнады.

Шықпаған кезім еді сәл бір даңқым.
Жыр-соқпақ ұласпаған
даңғылға тым.
Жалғасы сүлейлердің
Сырда туған –
Қол жайып бата берген
Әбділда ақын.

Неше жыл жүрсем-дағы жерді басып,
Жайнайды сайын дала сан гүл ашып.
Жыр сүйдім, жігіт сүйдім,
ұрпақ сүйдім,
Келінмін Сыр Еліне
мәңгі ғашық.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір