Шановтың контраст әлемі
30.09.2025
479
1


Мүсінші Өмірзақ Шановтың шығармалары салтанат пен азадай қарама-қайшы. От пен судай бөтен. Күн мен түндей алма-кезек. Қолданатын материалдары да балауыз бен гранит, саз бен мрамор, гипс пен қола болып, кереғар келеді. Келбетінен қарайтын барельеф, горельеф те бар, айнала көретін мүсін де жеткілікті. Мүсіндерінің жасалу мәнері де сан-қилы: бірде бұжыр-бұжыр, енді бірде жып-жылтыр. Төртбұрыш һәм домалақ, созылыңқы да келте, қалың да жұқа. Қылаң ұрып тұрғаны, ұсқынсыз да болып тұрғаны. Дулығасы күнге шағылып, алшая ат мінген батыр мен жарадар, жадау тұтқын да (үпелектей әзіл мен запырандай сарказм да) – осында. Қатарлай қарғыған қара ат мініп, белінен бұрылып, жағалай жақ тартқан біркелкі жауынгерлерімен шендеспейтін «Жанасу» көрші қонады. Шеберханасында бейқұт балақайлар ойнап жатады, олармен қорлық пен аза композициясы алқа-қотан отырады. Ине мен жіптен жаңа шыққан, аса ұқыптылықпен тігілген ықшам киіммен, дөңгелек бөрік киіп, шиыршықтап хат ұстай, тақта отырған бозбала мен кең мол пішілген, етегі жер сызған, ұзын жеңін неше қайыра киген шапаны, басына баса киген мұрағы бар ханзаданы да параллель қояды. Желгек әулие шаолин де, жеңіл арба сүйрегіш рикша да – осында. Шанов шеберханасынан үнін шығартпай ауызын желім қағазбен жапсырып-жауып, желкесінен тартып, сан рет орап, аяқ-қолын орындыққа таңып тастаған жазаланушының сұлбасы да, әдемі коллона болып жасалып, капителиі әйелдің аршын төсті торысы болып бітетін мүсін де, «Аверс» пен «Реверс» те қатар табылады.

         Оның барлық шығармалары адамға, оның айқын ажары мен қатпарлы көлеңкесіне, ұлылығы мен малғұндығына арналған. Қолынан шыққан күллі бұйымдары кісі баласының арда басы мен аяр қалпын, бүтін тысы мен түнек те түтін ішін бүкпесіз көрсетіп тұрады. Түп санасын қопарып, қоясын ақтарып береді. Туабітті карлик қалпы мен жүре бітті кембағал, бәкене де топас түрін көрермен назарына қатар тартады. Қақтығыс, итжығыс, қимыл-қозғалыс, тартылыс бір мезетте байсал тартып, дағдарып, сілтідей тынып, тоқтап-тоқырап, қалшиып қалады. Іле шалт қимылдап, құбылып, асаусып, дес бермей аспандап-қияндап кетеді. Қолына түскен шикі саз, өлі пластилин сәтте жадтанып, жансыз тастар «тіріліп», түрленіп сала береді.

         «Соңғы сапары» қандай? Мұнда мезгілсіз қайтқан қимасын иықтасып көтерген топ мүсінделген. Оң жағынан төрт, сол жағынан төрт адам (қайтқанменен тоғыз)  қайғымен ілбиді. Композицияда адамдар мүшесі, бет әлпеті, аяқ-қолдары айқындалмаған. Ым-ишара ғана бар. Алайда білінер-білінбес буылтық-буылтық, шаршы топтан аза сезіледі. Қайтқан жанның өз мәйітін көтеріп келе жатқандарға деген ұлы қимастығы, тірілердің удай өкініші кернеп-буып тұр. Осынау шағын ғана жұмыстан озандау, жылап-сықтау «естілмейді», жым-жырт, зұлмат қайғы еседі…

         Сан мәрте айналып соққан Шоқан Уәлиханов образы қандай? Ақ күмістен құйып та жасағаны мен  ақ мәрмәрдің қойнынан аршып та алғаны қандай? Аса беріліп, ықтияттап, шұқшия да үңіліп, материалдың өзегін кеулей, зергердейін сүйрік қуалап жасағаны қандай? Шановтың қарулы да сезімтал қолынан өрген Шыңғыс төренің арда ұлы бірде сырлы, бірде мұңды. Сонша жастығына қарамай байсалды, сабырлы да төзімді. Салмақты. Бірде асқақ, бірде балаң, енді бірде дана. Дегдар, аристократ та эрудит, қалжыңбас та жомарт. Туасы жазушы, суретші, ғалым, зерттеуші секілді қабат-қабат мүмкіндік жаратылысына дөп қонған сан-қырлы Шоқан баба ғасыр айналып келіп Шанов шығармашылығына осылай енеді. Қазақтың көгінен күндей болып көшкен бірегей ғұлама мүсінші жанымен қабаттаса сіңісіп, көрерменге қайыра жол тартады.

         Шановтың 1987 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнап жасаған мүсінін көргеніңіз бар ма? Сол құрбанды мен көрсем,  оның сұм заманы (замананың өн бойына кеселдей жабысқан жауыздар)  толарсағынан жерге тығып, белін екі бүктеп, басын иіп топырақ қаптырып, екі қолын белінен асырып, қайырып, үзілмейтін сымтемірмен шандып тастаған екен. Екі жаққа қарап, адырая қалған саусақтар қорланушының, бүкіл бір таптың, тұтас бір халықтың агониясын, жан тітіретер азабын паш етіп, тарбиып жан шошытып тұр екен. Қолдардың пропорциясы әдейі үлкейтіліп, жүйкені инедей шабақтау қалпын үдете түседі. Тырнақтары суырылып, азаптан қисайып,  ісініп, алақандары тілініп, буындары шор болып қалған азапты саусақтар жан тітіренісін еселеп ұлғайтып жібереді. Мұрнымен емес, ауызымен ауыр тыныстап тұрған міскіннің жұтқыншағы азаптан ғана жоғары-төмен қозғалатындай. Бүктелген бел, доғадайын омыртқалар, қабысып қалған қарын, шодырайған тізе, шығыңқы жамбас, үшкір шынтақ пен созылған сіңір… – бәрі-бәрі адамзат баласының өзіндей адамзат баласына істеген жойқын жауыздығының шырқау шегін паш етеді.

         Өмірзақ мүсінші Ташеновтің де мүсінін жасады. Оң  қолына жеңіл сырт киімін іліп, қалпағын сол қолына серпе ұстап, басын сәл иіп, қабағы әнтек түйіле, ойлана түсіп, Жұмабек қайраткер алға қарай адымдай басып келеді. Жазғы костюм-шалбары бойына бек жарасқан. Оның әр қыры, сызығы мен қыртысы, тігісінен адам бойының сыртқы дәлдігімен қатар көрнекті тұлғаның ішкі бұлқынысы, отты жігері сезіледі.  Өң шырайынан, елге, жерге деген мүддеден айнымайтын қайсарлығы мен табандылығы, ақылы мен шапшаң шешімталдығы қатар білінеді.

         «Жад» дейтін еңбегі және бар. Осы еңбегінде жазықсыз атылған, кінәсіз қорланған, зұлмат ашаршылықтан қырылған, жоқталмаған, аза жыры айтылмаған, жер қойнына арулап тапсырылмаған, сайда саны, құмда ізі қалмаған (ақ сөңке сүйектері екі миллион жеті жүз жиырма бес мың шаршы шақырымның өн бойына тарыдай шашылып қалған) мың-сан жақсылар азабы жадында қалған естінің шөге түсіп, басы кеудесіне кіріп, аяқтары бауырына тығылып, етпеттеп, бір уыс болып, жер соғып қалғанын қалай ғана дөп көрсеткен?

         Суретші назарынан ақыл иесінің тән сұлулығы еш түскен емес. Ол адам анатомиясының шығармаға арналған бар мүмкіншілігін өз шығармасына ерекше бір ықыласпен қолданады. Шығармаларының өн бойынан жақ тартып тұрған сарбаз, бұлшық ет білеп тұрған бодибилдинг-спортшы, Қажымұқан балуанның тұлғалары кездеседі де отырады. Көкірек, қолдың қары, бицепс пен трицепс, иық белдеуі, қабырға аралық, құрсақ, жамбас, сан, балтыр бұлшық еттерін аса бір ықыласпен сомдайды. Шаршы, үшбұрышты, жұмыр, трапеция, күмбез тәрізді бұлшық еттерді кейіпкер қаңқасына қондырып, ойнатып, бұлтылдатып жібереді. Буындардың жазып, бүгіп, серпіп, жиырылып тұратын қасиетіне ерекше назар аударады. Мүсін өнерінің өн бойынан әмсе түспейтін бұл әдіс Шанов шеберханасында да өз орнымен, орайлы сәтімен жүзеге асады. Әсіресе күш атасы Қажымұқан бабамыздың образына сан рет айналып соғып, қазақ жыраулары әсірелеп айтатын «шодырайған екі шекелі», «жауырыны қақпақтай», «жұдырығы тоқпақтай», «екі йығына екі кісі мінгендей», «кеудесі төңкерілген қазандай», «екі саны бурадай», «балтыры баладай» дейтін теңеулерімен теңдей көрініс жасап бағады.

         Басына біресе алма қойып, біресе бақа отырғызып, ұртын томпитып, белесепет тепкізіп, (кенет кіш еткізіп), біресе қалың шапан кигізіп, қолына кітап қыстырып, милығына ауыр тұмақ кигізіп тұрғызып, одан жатқыза салып екі қолымен жағын тіреп ойландыра қойған сүйкімді балақайлар образдары бір төбе. Тағы да ала граниттен шауып алады, саз балшықты ұсақ жапырақтап алып, жанталастырып жапсырмалап та шығады.

         Шановтың қолында сонау бала кезінде, үш-төрт жасында киген кіп-кішкентай аяқ киімі сақталған, миында Мамай қорғандағы «Отан анадан» да үлкен (биіктігі 80, тұғырымен қосқанда 120 метр болатын, Волгоградтағыдай қылыш білемеген, сәби көтерген) «Жер-Ана» жобасы және бар. Осы мүсін жобасын «Менің суретшілерім» айдарымен әлеуметтік парақшама салғанымда, ең көп дауысқа ие болған еді (астына жазылған пікірлердің күллісі  «ғажап» пен «кереметтен» тұратын). Алайда жұрт жабыла мақтап отырғанда «қырық би – бір жақ, қисық би – бір жақ» дегендейін, біз де бір қыңырайып көрейікші:

         – Басын шәлімен жауып, ұзын жең, бүрмелі көйлек, түймелі камзол киген ананың жалаң аяқ жүрісі несі? Бұл кісінің жалаң аяғы баяғы бала кезімізден есте қалған суретші С.Герасимовтың «Партизанның анасындай», фашист алдында қасқайып тұрған әйелдің жалаң аяғындай нық та нақ болмай тұрғаны қалай? Сол қолындағы баланың отырысы да күмәнді-ау? Әдетте баланың денесін орай көтермеуші ме еді, арқалап алмаушы ма еді? Мына сәби өз тепе-теңдігінен ауып кетердей, құлап қалардай (тумысынан ебедейсіз солақай қол құлағанды қақшып алып үлгермейтіндей). «Жер-ана» образы өзіміздің далалық балбал тас үлгісімен жасалса, қалай болар еді? «Жер-ананы» жасарда скифтік бейнелердегі философияға жүгінсе еді? Мысалы, мүсіншінің «Бейбітшілік», «Мейірім» секілді анаға арналған жұмыстарының сарынында қалыпталса нетер еді? Оларда бауырына басқан баласын өліп-өшіп иіскеп, құшып-сүйген ғажайып мейірім бар еді. Сәбиін орап құшақтап, басынан асыра көтерген ұлы махаббат бар еді. Екі ананың жасалуы, стилі екі түрлі болғанымен әсері бірін-бірі қуаттап, дамытып, аса байытып тұратын.

***

         …Өмекең тақыр басына беторамалдың төртбұрышын түйіп барып киіп алған автопротретімен не айтқысы келді екен? Оң жақ көзімен аспанға қарап, сол көзін сықситып, жауып алғаны, сол жақ езуі мен танауы қатпарлана қалғаны қалай? Оң жақ беті байсал тартып, сол жақ бетінің қимыл қозғалысымен нені меңзеді? Езуінен сілекей аққаны, мойын тамырларының білеуленіп, сіңірлерінің адырайып кеткені несі? Екі қастың ортасындағы терең әжімдер қабақтан асып, маңдайына жалғасып, шиырлап бетормал-тақияның астына сіңіп кетеді ә?

         Жонына жебе қадалды ма? Қабырғасын суырды ма? Шіміркеніп тұр ма, тітіркеніп тұр ма? Жиіркеніп тұр ма?  Езуінен аққаны сілекей емес қара қан ба, бәтір-ау?

         …Мүмкін автор шілде туып, шөп шауып жүрген болар? «Күн шыжып кетті» деп, тыжырынып көкке қарағаны болар? Алдында ғана бір жұтым су ішкен, езуден аққан сол судың сарқыны болар?..

         Жоқ әлде автопртрет астарсыз жай мимика шығар?

***

 Қош.
Өмірзақ Шановтың мүсін қорөзіміздің Әбунасыр, Міржақып, Мұқағали, Нұркен, Әбу, Ғабит, Әбіш, Шапық, Нәзір,  Мұқан, Хамит, Сәтімжан, Қадыр, Асанәлі, Шота,  Нұрсұлтан, Темірәлі, Ахат сынды тұлғалармен қатар сонау Сократ, Веллингтон, Черчилль, Элизавет ханшайым, Ататүрік секілді қайраткерлермен молығып (портреттердің  жасалу мәнерінің әралуандығымен менмұндалап) тұрады. Сумо палуаны мен американың азамат соғысындағы жауынгер, ерні жырық масқарампаз, беті қорасан дағынан көрінбейтін император,  сәукелелі қалыңдық, періште, биші,  акробат, салт атты, сыңар мүйіз жылқы, кентавр, сиам егіздері, әбжылан, арыстанмен де толығып тұрады.

         Кітап сөресі Вергилий, Вольтер, Гердер, Бабель, Фрейд, Челлини, Тит Ливий, Шиллер, Платон, Макиавелли, Пруст, Гомер, Камю, Цицерон, Софокл, Аполлинер, Ницше, Шекспир, Гитлер, Шопенгауер, Плутрах, Шпенглер, Ключевский, Цвейг, Набоков,  Довлатовтың кітаптарына сықап тұрады.

         Сурет қоржыны графикалық суреттерге кемерлеп тұрады. Онда басы аяғына келіп, төңкеріліп, ат-матымен түпсізге құлап бара жатқан адам да, қарғыған пегас, қару сілтеген баhадүр, шапшыған кентавр да  бар (әлеуметтің барша суретшінің сыртынан айтатын «есі дұрыс емес», «ауыш», «хулиган», «бунтарь» дейтін эпитеттерін жандандыра түсетін суреттері және бар). Суреттерінің штрихтары, дақтары, абрис пен көлемі сан тараулы. Шиыр соқпақты, оппалы.

         Өмірзақ суреткердің ерекшелігі сонда болмыстың тереңіне кетіп, астарын зерттеп, таптырмасын аңдап, кейде олармен келісе алмай кейіп, қазымырланып, қарсыласып та қасарысып отыратынында. Өзге ақылмандар секілді «қызғанба, өш алма, шағынба, жамандама» демейді. «К милому, талантливому молодому коллеге! Айналайын, оглянувшись невольно назад, среди обогревших от зависти тел, это ты идешь по верному, вдохновенному пути! Вперед, и не оглядывайся! Зависть, лучшая похвала и вечный спутник таланта, гласит убеждение со старых дневникових записей», – дейді. «Вся жизнь – преодоление собственного невежства», «гостепримство и чистосердечие – наше проклятие», – деп және қосады.  Бұл да болса мүсіншінің конртаст та қиямпұрыс қалыбының парасы.

         Заман желісін сәтте аңдап, оны мүсінге ыңғайлап, өз пайдасына шешу, шығарманың дискурсын, берілу тәсілін тану да Шанов шығармашылығының жұлын тұтасы деп білеміз. Автор заманның түр-сипатын, уақыттың бет-бейнесін, мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін, жан толқынысын, сезім тебіренісін беруде соны ізденістерге барып, идея белсенділігімен сапа биігіне шығып кетеді. Қым-қуыт мінезімен, кесек қалпымен болашақ назарына да  жол тартады.

         Өмірзақ суретші жылқы баласын өте-мөте жақсы көреді. Ол ұшқыр ат пен қаражон-қақпан белді қосар мінген аңшы секілденеді. Керегін иек артпадан да соғып алады, ұзақ-сонардан да олжа түсіреді.
 «Сыралғы» дейміз.

Жеңіс КӘКЕНҰЛЫ,
суретші

ПІКІРЛЕР1
Аноним 30.09.2025 | 22:46

Өте керемет жазылған екен Өмекең туралы.
Жеңіс бауырым қаламың еш уақытта мұқалмасын, жазарың көп болсын!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір