ӘБДІЖӘМІЛ ӘЛЕМІ
04.11.2024
618
0

Биыл Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы, КСРО Мемлекет­тік сыйлығының лауреаты, қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісов­тің туғанына 100 жыл толып отыр. Қазақ халқына ғана емес, әлем оқырмандарына кеңінен танылған суреткердің ғасырлық тойы жыл басынан бері өңір-өңірлерде аталып өтіп жатыр.

 25 қазан күні Алматы қаласындағы Ұлт­тық кітапханада Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл толуына орай Қазақ ПЕН-клубының ұйымдастыруымен жазушылардың халықаралық конференциясы өтсе, 26 қазанда қаламгер өмірінің соңғы жылдары өткен Мұқан Төлебаев көшесіндегі 156-үйге мемориалды тақта орнатылды. Қазақ зиялылары бас қосқан жиында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, жазушы Мереке Құлкенов: «Бұл көшеде ұлыларымыздың көбі өмір сүрген. Солардың қатарында бірегей жазушымыз Әбдіжәміл Нұрпейісов те бар. М.Әуезовтен ке­йін көп аударылған ұлы қаламгер осы көшеде орналасқан үйде біраз жыл тұрды. Қалам иесінің «Соңғы парыз» романы, негізінен, осы жерде жазылды. Шығармаларының барлығы дерлік осы үйінде орыс тіліне, басқа тілдерге аударылды», – деп әдебиет абызының ғұмыр жолынан сыр шертсе, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Кәдірбек Сегізбаев: «Ұлы Отан соғысының қан майданынан оралған қаламгер Әбдіжәміл есімді жас жігіт ғасырға бірер қадам қалған ғұмырында қаламгерлер қауымына ғана емес, бүкіл қазағының айтулы тұлғасы болып, Әбағаң атанып, мәңгілік сапарына ат­танды. Ол Ілияс, Сәкен, Бейімбет­тер сынды Алаш арыстары ғана емес, Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабидендер сияқты қазақ әдебиеті алыптарының қатарына қосылған классик жазушы болды. Бәріміз де – оның «Курляндия» романын, атақты «Қан мен тер» трилогиясын, «Соңғы парыз» дилогиясын қайыра-қайыра оқыған інілеріміз. Әбағаңның еңбектерін жоғары бағалаған көптеген елдің әдебиетшілерінің айтқан пікірі ұшан-теңіз. Белгілі ғалым Шерия­з­дан Елеукенов: «Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы қазақтың революцияға де­йінгі, «Соңғы парыз» дилогиясы кеңес кезеңіндегі тіршілігін толғайды. Бұл шығармалар – қазақ өмірінің бүтін бір ғасырының айнасы», – десе, Ақселеу інісі: «Әбдіжәміл шығармалары – тұтас эпопея. Оны «XX ғасырдың қазақ әлемі» деуге болады», – деп бағалапты.
Бүгін Әбағаңның құт мекенінің қабырғасына белгітас қойып жатырмыз. Оның есімін мәңгі есте қалдыру үшін қала, ауыл көшелеріне, мектептерге жазушының есімі берілер. Еңселі ескерткіштер бой көтерер. Қазақ жеріне ізі түспеген Шаляпин, Гоголь сияқты кісілердің аруағы бізге разы шығар, ел басшыларына, қала әкімдігіне сол кісілердің атындағы көшелердің біріне классик жазушымыз Ә.Нұрпейісовтің есімі берілсе деген ұсыныс айтқым келеді. Иә, ол тіршілігінде артық мадақ, орынды-орынсыз қолпаштауларды естімеу үшін айтулы мерейтойларын да өткіздірмейтін. Ал енді ол тарихқа біржолата бет алды. Бұдан былай оның қадір-қасиеті туралы қалай айтсақ та, қалай жазсақ та жарасар. Өйткені ол қазақ әдебиетінің классигі ғана емес, қазақ жұртының намысы үшін орыстың кейбір оспадарларымен биік мінберлерден қалай «майдандасқанын», баспасөздерде қандай мақалалар жазғанын, оның қазақ руханиятының жоқшысы болғанын жақсы білесіздер. Әбағаң – ұмытылмайтын, ұмытуға болмайтын тау тұлғаларымыздың бірі», – деп жазушыны ұлықтау шаралары әлі де жалғаса беруі керек екенін тілге тиек ет­ті.
Ұлт зиялыларының басын қосқан ауқымды жиын Достық үйіндегі көз сүйсінтер көрмемен жалғасты. Осы ғимарат­та ҚР Ақпарат және мәдениет министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен, Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен өткен Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияны Жазушылар одағының төрағасы Мереке Әбдешұлы жүргізді. «Қадірлі ағайындар, ұлы даланың айтулы перзенті, қазақтың классик жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов күні кеше, 22 қазанда 100 жасқа толатын еді. Екі-ақ жыл жетпей қалды. 
Қазақ деген халықты бүкіл әлемге танытуға, қазақ әдебиетін әлемге танытуға Әуезовтей еңбек сіңірген бір жазушы болса, ол – Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов. Бүгін біз «Әлем таныған Әбдіжәміл» ат­ты конференциямызды бастағалы отырмыз. Осы конференцияға арнайы келген қонақтарымыз бар. Олар Француз жазушысы Ив Готье, Ресей жазушысы, қазақ қаламгерлерінің көбісін орыс тіліне аударуға еңбек сіңіріп жүрген Георгий Пряхин, Сергей Шаргунов, Әзербайжан жазушысы Низами Мамедов, Беларусь жазушысы Александр Карлюкевич, Қырғыз жазушысы Акбар Рысқұлов, Өзбек жазушысы Хуршид Даврон.
Бір ғажап нәрсе, Әбдіжәміл Нұрпейісов тек қана Аралды жазды, өмір бойы Аралды жазды, Аралдың айналасындағы халықты жазды. Оның басқа жазушылардан ерекшелігі де осында. «Туған жер» деген үлкен очеркі бар. Сонда да өзінің туған жеріне деген шексіз махаббаты арқау болған. Өмірінің соңына де­йін сол Беларанға, сол Аралға көшіп кетсем деп армандады», – деп алқалы жиынды бастаған Мереке Құлкенов сөз кезегін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға ұсынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құт­тықтау сөзін оқыған Аида Ғалымқызы қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтерген тұлға хақындағы өзінің толғамды ойын да ортаға салды.
Сондай-ақ Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Бескемпірұлы әкім Ерболат Досаевтың құт­тықтау сөзін жеткізсе, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың құт­тықтауын оқыды. Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубай, Мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаев, Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты, ақын, драматург, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Оразалин, Қырғыз Республикасының ел ақыны, академик Мархабай Азаматов, аты аңызға айналған кино және театр актері, Халық артисі Асанәлі Әшімов Әбдіжәміл Нұрпейісов жайлы толғана сөйлеп, қаламгер болмысын жан-жақты ашатын баяндама жасады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр актері Бауыржан Қаптағай жазушының «Монологін» оқып, жиналған қауымды ерекше күйге бөледі.
Көрнекті жазушы Сұлтан Раев: «Құрмет­ті Аида Ғалымқызы! Құрмет­ті Мереке Әбдешұлы! Құрмет­ті зиялы қауым! Бүгін, 26 қазан – биылғы жылдың айтулы күні. Бұлай дейтін себебім – Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты, соғыс ардагері Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығын атап өткелі отырмыз. Ә.Нұрпейісов – қазақ әдебиетіне өлмес шығармалар ұсынған дара дарын иесі. Әбеңнің шығармашылықтағы асқан жауапкершілігі, жан аямас қайсарлығы аңызға бергісіз. Л.Толстой «Соғыс және бейбітшілік» романын 12 рет өзгертіп, қолымен көшіріп жазса, Әбең «Қан мен тер» трилогиясын 13 рет көшіріп жазып, тезден өткізген. Бұндай ерлік екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Бұлай жасау оқырмандар алдындағы, рухани әлем алдындағы шексіз адалдықтан болар.
Мен Әбеңнің келбетінен құмды шөлде, сортаң жерде өсетін өміршең қасиетке ие жұп-жұмсақ, жап-жасыл жыңғылдың, шөлде, түзде құмды тосып қасқайып тұрған сексеуілдің, мыңдаған ғасырлармен мұңдас тораңғының бейнесін көрем. Әбеңнің шығармаларында тіршіліктің нәрі – тұздың, дәннің, теңіздің қасиеті бар. Қара қосқа жылу сыйлап таңға де­йін жететін сексеуілдің шоғындай қызу, шынайы өмір бар.
Әлемдік шығармашылық тәжірибеден қарағанда, жазушылар кесек туындылар, әсіресе ауқымды роман жазардан бұрын кішігірім шығармалар жазып, жазу машығынан өтетіні жасырын емес. Ә.Нұрпейісов – бұл қағиданы бұзып, шығармашылығын бірден романнан бастаған жазушы.
Әбең Отан соғысынан ке­йін 1949 жылы шығармашылығын «Курляндия» романымен бастап, оны бір жылда жарыққа шығарды. Ке­йін «Күткен күн» деген атпен жарияланып, Қазақ КСР-нің сол кездегі Жамбыл атындағы республикалық сыйлығына ие болды. Бұндай жетістік – екінің бірінің қолынан келетін іс емес.
Ә.Нұрпейісов – қазақ әдебиетінің ғана емес, әлемдік әдебиет­тің үлкен тұлғасы, түркі әдебиетінің шолпан жұлдызы», – деп қазақ қаламгерінің дүниежүзілік даңққа бөленген туындыларын тарқата талдаса, қазақ сахнасының саңлағы Асанәлі Әшімов: «Әбе туралы әңгімені жазушының қай қырынан бастасам екен… Оның жан-жақты болмысы, түрлі мінезін көрген, қасында жүріп көп ақылын естіген адаммын. Табиғат пен адам тығыз байланысты. Бүгінгі күнді қараңызшы, бұлт­танып, жауайын ба, жаумайын ба деп тұрғандай. Әбенің мінезі сынды…» – деп бастаған сөзінің желісін өнердегі, өмірдегі бірге жүрген шақтарына ұластырды.
Мереке Әбдешұлы Әбдіжәміл әлемін айшықтаған көрмеге жазушының әр жылдарда жазған очерктері мен ойлары топтастырылғанын, бұл игі іске мұрындық болған Аида Ғалымқызы мен Ұлт­тық кітапхана директоры Бақытжамал Қайырбекқызына алғыс білдірді. Алқалы жиынның тағы бір жаңалығы – жазушы ғұмырының таспадағы бейнесі фото­альбом болып жарық көрді. Одақ төрағасы: «Көрмеде Аида Ғалымқызы тұсауын кескен үлкен фотоальбомды Иманғали Тасмағамбетов демеушілік жасап, алғы сөзін де өзі жазып шығарып берді. Екі тілде жарық көрген «Әбенің әлемі» фотоальбомында Әбдіжәміл Нұрпейісовтің бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған фотосурет­тері топтастырылған. Жүзге жуық сурет­ті белгілі фототілші Сайлау Пернебаев жылдар бойы жинаған», – дей келіп, аталған альбомды Қырымбек Көшербаевқа, жазушының қызы Шұғыла Нұрпейісоваға, немересі Кәрім Нұрпейісовке тарту ет­ті. Көрменің көркін ашқан фотосурет­тер де осы альбомнан алынған.
Конференция соңында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Халық жазушысы Смағұл Елубай қозғаған мәселеге министрліктің назар аударатынын, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің немерелеріне мұра етіп қалдырған, бүгінде сатылып кетуі мүмкін болып отырған іргелі шаңырақтың, ондағы жазушының қолжазбалары мен қолданған бұйымдарының мемлекет­тің қамқорлығына алынуын қадағалайтынын айтып, көпті күпті етіп қойған жайдың шешімін жеткізгендей болды.
Қазақтың көрнекті ақыны Нұрлан Оразалиннің Әбдіжәміл Нұрпейісов турасындағы толғанысын келесі бетте оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір