ОНЫҢ ӨЗ ӘЛЕМІ БАР…
Менің әңгімеме өзек болғалы отырған Қансейіт Әбдезұлы – өзіне ғана тән ақкөңіл, адал, елгезек, қарапайым мінездің иесі… Оның өз әлемі бар. Оның әлемі туған әдебиеттің кешегі мен бүгінгісін бойына тоғыстырған сырлы әлем. Көркем сөздің мәйегін төгіп кеткен, ерекше шешен, өзгеше сырбаз, бөлекше толғаулы Тәкен Әлімқұлов ұстаханасында шыңдалып, ширыққан әуезді әлем. Қансейіт – қазақтың рухани байлығына Тәкен Әлімқұлов шығармалары ашқан айқарма қақпа арқылы жол алған әдебиеттанушы ғалым.
Қазақ әдебиетінде ешкімге ешқашан ұқсамайтын сүрлеу салып кеткен жазушы Тәкен Әлімқұловтың «Жұмбақ жанындағы» – ақын Абайды, «Телқоңырдағы» – күйші Сүгірді, «Сейтек сарынындағы» – сезім нөсері Сейтекті, «Қараойдағы» – дауылпаз Махамбетті, «Көк Қаршығадағы» – ақиық Ақан серіні, «Қаралы қобыздағы» – қобызшы Ықыласты, «Сары жайлаудағы» – шертпе күйдің шебері Тәттімбетті қайта тану, оқырман алдында қайта ашу арқылы зерттеуші Қансейіттің өз әлемі де байи түскен. Оған айғақ – Қ.Әбдезұлының әдебиет пен өнердің тұтастығын, ел мен жер тағдырын, кейіпкер келбетін саралап зерделейтін, күйшідей пернелейтін салмақты зерттеу еңбектері.
Қансейіттің зерттеуші ретіндегі өзіндік өзгешелігі ыңғайында бір мәселені қадап айтқым келеді. Ол әр нәрсенің басын бір шалып, ауа жайылмай, бір ғана мәселені егжей-тегжейлі таразылап, тақырыпты түп-тамырымен қопарып талдауға әбден төселгендігі. Туысқан қырғыз ағайындарда бір ғана Шыңғыс Айтматов шығармашылығын әр тараптан алып зерттеу бар. Бар болғанда да тіпті көп.
Ал біздің Тәкен Әлімқұлов сияқты біртуар дарын иесінің шығармашылық лабораториясын ашып, суреткерлік ерекшелігін көрсетуге Қансейіттей ғалым білек түріп, бел шешіп кірісіп жатса және ол ізденістері үлкен нәтижелер беріп отырса, оған тек қуансақ керек.
Зерттеуші Қ.Әбдезұлы Тәкен Әлімқұловтың қаламынан туған алпысқа жуық әңгімені, жеті повесті, екі романды, төрт поэзиялық жинақты, «Жұмбақ жан» атты сыни-зерттеу кітабын, әдеби-сыни жинақтарын, очерктерін, аударма саласындағы елеулі еңбектерін түгел саралап, олардағы көркемдік кестелерді айқындауға бар күш-жігерін жұмсады. Ол еңбегі өз жемісін берді де. 2002 жылы «Тәкен Әлімқұлов шығармашылығы мен 60-80 жылдардағы қазақ прозасы» атты докторлық диссертациясын сәтті қорғады. Кейіннен «Ел мен жер» атты Тәкен шығармалары туралы толымды монографиясын жарыққа шығарды.
Қансейіт – ұстаз, педагог ретінде де республикаға аты танымал азаматтың бірі. 1975 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, кейіннен осы оқу ордасының аспирантурасын, докторантурасын тәмамдады. Бірнеше жылдар бойы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында доцент, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология факультетінің деканы қызметтерін атқарды. Мұнан кейін Абай атындағы Алматы университетінде оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректор ретінде жауапты істің басында болды. 12 жыл бойы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филология факультетінің деканы қызметін абыроймен атқарды. Ол декан кезінде ҚазҰУ-де шығармашылық орта қалыптастыра білді. Әсіресе М. Әуезов атындағы әдеби бірлестіктің жұмысын жандандырып, қазақтың бірегей қаламгерлері Әзілхан Нұршайықов, Қадір Мырза-Әли, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова, Қабдеш Жұмаділов, Мұхтар Мағауин, Сайын Мұратбеков, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов, Софы Сматаев, Марал Ысқақбай, Темірхан Медетбек, тағы басқалармен жарқын жүздесулер, ғажайып кездесулер өткізуге мұрындық болды. Қазір Қансейіт Әбдезұлының тұтас ғылыми мектебі бар. Ол ғибратты ғалым, ұлағатты ұстаз ретінде Абай атындағы ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, профессор болып, шоқтығы биік шоң тұлғаға айналды.
Қансейіт – өз әлемін үнемі байытып, өзгелерге де асыл сөздің қасиетін шын ұғындыруға бар болмысымен, бүкіл жан тәнімен еңбек сіңіріп жүрген әдебиеттанушы ғалым.
Кешегі күні қазақ өмірін мәңгі өшпес картиналарға айналдырып, әлемге әйгілі суреттер салып кеткен қылқалам шебері, Мұстафа Өзтүріктің ең жақын серігі болған таэквондо спортының майталманы, бұл дүниеден ерте озып, қапыда кеткен біртуар суретші Бексейіт Түлкиев – осы Қансейіттің туған інісі екенін де біреу білсе, біреу біле бермейді.
…Келер жылы 90 жылдығын тойлайтын әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде небір жаны жайсаң, елім деп еңіреген, ұлтым деп тебіренген ғибратты ғалымдар бар. Солардың бірі – филология ғылымдарының докторы, профессор биыл жетпіске толып отырған ақжарқын азамат Қансейіт Әбдезұлы.
…Оның өз әлемі бар. Оның әлемі – ұстаз бен шәкірт, аға мен іні, кітап пен оқырман, суреткер мен кейіпкер, ел мен жер, әдебиет пен өнер, қалам мен қағаз, ой мен сезім, аспан мен жер, күй мен күйші, қобыз бен домбыра, ғалым мен ғылым, сын мен сыншы, ақын мен өлең, саз бен сөз астасып жатқан ерекше әлем…
Бауыржан Жақып,
ақын, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының
корреспондент-мүшесі