ОҢАЙГҮЛДІҢ ОЙ ӘЛЕМІ
Шерқала мен Айрақты
Шерқала мен Айрақты,
Шерлі таулар байрақты.
Шетпедегі ширыққан,
Шайырларды сайратты!
(Журналистік фольклордан)
«Өмірде де, өлеңде болдым ашық, Тамырымды талайлар көрді басып», –
деп Жарасқан ақын айтқандай, өрген өлеңі қандай әрлі болса, сүрген өмірі де сондай нәрлі ақындар болады. Осындай өзі де, сөзі де зерделі зергердің қолынан шыққан бұйымдай болып, сыртқы сипаты мен ішкі әлемі үйлесіп әрі үндесіп тұратын жандардың бірі – Оңайгүл Тұржан. Оның өлеңі өмірге, ал өмірі өлеңге ұқсайды. Баяғыда біздің жастау кезімізде Бақытжан Абызов деген ширақ шайыр: «Жердің беті нөсермен шайылғасын, Өлең басып қалыпты қайың басын. Шырқап кетіп барады бір сұлу қыз, Менің махаббатымның қайырмасын», – деп әдемі өлең өріп еді. Оңайгүл поэзиясында да дәл осындай әсемдік тұнып тұр. Қашан да жазған жырының этикасы да, эстетикасы да, поэтикасы да, патетикасы да ерекше сап түзеп, көркемдік керуенін бастап келе жатады.
Ол шынында да, қыры мен қыратын, жықпылы мен жырасын өлең басып қалған өлкеде өмірге келді. Көз ашқалы көргені – Шерқала мен Айрақты. Табиғат-ана Шетпенің шетіне үндемей ғана әкеп қоя салған ғаламның ғажайыптары. Екеуі екі поэманы бауырына басып жатқан тау тектес түзілім. Тау емес қой десең, адайдың алдында тау ғой десең, Құдайдың алдында кінәлі болуың мүмкін. Ал бірақ ақын қыздың көзімен қарағанда қырдан қырқаға, қырқадан дөңге, дөңнен төбеге, төбеден тауға айналған Шерқала мен Айрақты – тас пен топырақтан жымдасып өрілген нағыз поэма. Авторы – дала. Айтушысы – дана. Тыңдаушысы – дара. Арқалы ақын болуға міндеттейтін тұмса табиғаттың туындылары. Қасына кеп жер тарпып тұрған қара өлеңнің қарагеріне аяқ артпау Оңайгүлге де оңай емес-ті. Сөз өнерінің сәйгүлігіне қарғып мінген қыз Шерқаладан шығып, шерлі даланы шарлай жөнелді. Отпантаудан от алды. Оғыландыдан ой алды. Жығылғаннан жыр алды. Бозжырадан сыр алды.
Оңайгүлдің туған ауылы Үштаған деп аталатын еді. Сол үштаған деген ұғым тағдырының да берік тұғыры болған сыңайлы. Маңғыстаудан қара үзіп шыққаннан бергі өмірі қазақтың әйгілі үш шаһарының арасында өтіп келеді. Алдымен, Тұманбай ақын «Сезім шіркін ақ жаңбырға ұқсайды, Алматыда жаңа жауып басылған», – деп суреттеген ару қалада білім алды. Содан соң «Қарағанды бір қараған секілді, Күйе басқан кірпіктерін сәл ашып», – деп Жұмекен жырлаған шахтерлер шаһарында қызмет істеді. Қос ғасырдың тоғысынан бері Есілдің жағасына ел қондырған алқалы Астанада тұрады. Оның мезгілдік және мекендік үштағаны осы.
Шығармашылықтың жолына түскелі үш саланың тізгінін тең ұстады. Поэзия, ғылым және публицистика. Поэзиясы парасатты. Ғылымы ғибратты. Публицистикасы пәрменді, яғни өлеңі өрелі, зерттеуі зерделі, мақаласы маңызды. Демек, оның шығармашылығын шыңдайтын бұл үштағаны да берік.
Маңғыстаудың мәнерлі мақамынан қуат алып, әдемі әуеннің әлдиімен өскен бойжеткен қыз Сарыарқаның дәулескер күйші жігітіне тұрмысқа шықты. Бәлкім, Арқаның арқа тұсына тағдырын байласа да, өз үйін, өлең төсегін ұмытпай, Құрманғазының «Сарыарқасын», Махамбеттің «Қайран, Нарынын», Динаның «Тойбастарын» тыңдап отырғысы келген шығар?! Осылайша, Үштағаннан шыққан ақын қыздың күй керуеніндегі үштағаны да туған өңірімен төркіндестік танытады.
Арқа демекші, Қарағандыдан шығатын «Орталық Қазақстан» газетінің тілшісі Оңайгүл Тұржанова кезінде өз басылымына тіл мәселесі туралы проблемалық мақала жазыпты. Бұл жөнінде «Қайраткер-қалам» деген эссемізде егжей-тегжейлі баяндағанымыздай, «Алдымен, тақырыпты жете зерттейді. Сосын, кемшіліктерді көрсетіп, азуы алты қарыс мекеме басшыларын аяусыз сынайды». Шынында, Оңайгүл оларды сынағанда да қатты сынайды. Езуін тіліп, еңіретіп тұрып, іреп сояды. Қысқасы, абайлаңқыраудың орнына адайлаңқырап жібереді. Бірақ жазғаны өте өткір дүние болып шығады.
Үзіндіні әрі қарай жалғайық. Батыл бас редактор Нұрмахан Оразбек мақаланы көп ұзатпай жариялап жібереді. Ертеңіне облыстық партия комитетінің хатшысы
Қуаныш Сұлтанов тілшіні шұғыл шақырып жатыр деген хабар жетеді. Жас журналист қипақтап, көзі жыпылықтап, бастығына барады. «Мақаланы басқан мен ғой, сондықтан өзім жауап берем. Қорықпай бара бер», – деп жігерлендіреді ол. Бәрібір көңілі алаңдаулы Оңайгүл обкомға келсе, хатшы мақалада аты аталған басшыларды жиып алып отыр екен. Бұл жолы хатшы тілшіге емес, мекеме басшыларына шүйіледі. «Көрсетілген кемшіліктердің бәрі дұрыс. Соны тез арада жөндеп, «Орталық Қазақстанға», мына автордың атына есеп жолдайтын болыңыздар», – деп тапсырма береді. Тапсырма алған Қарағанды облысындағы ірі өндіріс орындарының басшылары үнсіз ғана бас шұлғиды. Бұлардың ішінде, Қарағанды металлургия комбинаты, «Қарағандыкөмір» өндірістік бірлестігі, машина жасау зауыты, кондитер фабрикасының директорлары бар еді. Сөйтіп, айқай естимін деп барған жас тілші обкомнан алақайлап шығады. Обкомның идеология жөніндегі хатшысының қаламның қадірін білетін журналист екеніне мың мәрте шүкіршілік етеді…»
Сол кезде отыз екідегі Оңайгүлді қолдаған қырық екідегі Қуаныш аға, өзі де сексеннің іргесіне таяп қалғанына қарамастан, жетпіске жеткен ақын қарындасының тойына арнайы келді.
Енді Шетпенің шетіндегі Шерқала мен Айрақтыға қайта оралайық. Бұл бір тылсым әлем. Бірінен-бірі өткен жұмбақ дүниелер. Жанына жақындасаң, өзге кеңістікке тап болғандай күй кешесің. Ширақ шебердің бір деммен қашап жасаған таңдаулы туындысы секілді. Екеуінің арасы соншалықты алыс емес. Тек біреуінен екіншісіне жетем дегенше, ойың он саққа бөлініп, толқып-толғанып барасың. Әйтеуір, жан дүниең аласұрмайынша жете қоюың қиындау. Әлде, туғаннан ес біліп, етек жапқанша жөнді тау көрмеген біз бейбаққа солай көрінді ме, білмейміз ғой. Білетініміз, Оңайгүлді ақын еткен осы – Шерқала мен Айрақты. Бұл жерде өмірге келген соң, қолға қалам алмау мүмкін емес. Осы Маңғыстау ауданында Шайыр деп аталатын ауыл бар екенін естігенде таңғалғанмын. Сол Шайырдың іргесінде туған соң шайыр болмағанда кім болмақсың?!
Оңайгүлдің ілгеріде шыққан «Шерқала» деген кітабы бар. Ал «Айрақты» деген кітабы әлі жазылған жоқ. Айттық қой Шерқаладан Айрақтыға оңайлықпен жете алмайсың деп… Оңайгүл де сөйтіп жүрген шығар.
Бейне мен болмыс
Отпан барса, маздайды,
Отқа түсе жаздайды.
Ой қорыған Оңайгүл,
Оңай өлең жазбайды!
(Журналистік фольклордан)
Үстірттің үстінде ортекедей орғып ойнап өскен ойлы бойжеткен ешқашан үстірт өлең жазған емес. Үстірттің атынан да, затынан да сыр іздеп, жыр жұмбағының тылсымына терең бойлады. Маңғыстаудың маң даласы, Алатаудың паң даласы, Сарыарқаның сары даласы оны айналадағы құбылыстарға жеңіл-желпі қарамай, не нәрсенің де өзегіне үңіліп, түсініп-түйсініп толғауға үйретті.
Мысалы, мына бір өлеңіне зер
салайықшы:
Сары құмдар көрсетесің бөлек бой,
Сені әлде мазалай ма деректі ой?
Тау бола алмай олай-бұлай көшесің,
Тау болуға тұрақтылық керек қой.
Өмір өзі құм деп, тас деп жұптайды,
Жұптап қойған алып пенен құйттайды.
Сарғайғандар теңейді өзін тек саған,
Құйындар да саған келіп ұйықтайды.
Тоқта, осы сары мен сарғаю сарынын қайдан естідім? Е, Светқали екен ғой. Оның да «Дала – сары, мен – сары, сары – бәрі, Сары ойларым санамда сарығады» немесе «Сары күз ғой, қазір де сары күз ғой. Сары дала жатыр ғой сарын үзбей» деп келетін, жап-жас кезінде жазған ой-толғаулары бар еді. Жұрттың баласы көгеруден бастап, сарғаюға дейін жырласа, «көгеруді көрерміз, сарғаюды айтсайшы» деп төтелеп тартатын бұл маңғыстаулық өрендерге не болған?! Сөйтсек, бұлар сары даладағы сарытап сағыныштың ойлы образын кейіптейді екен ғой. Тегеурінді Төлеген ақынның «Әуелі әбден сағынып алмай, шығушы болма сапарға», – деген ескертпесін зердесінде мықтап түйген де… Ұзаққа сілтейтін шығармашылық сапарға да сарғайған сағыныш арқылы келген сияқты.
Оңайгүл Тұржан – ақын, бірақ қияли емес. Ғалым, бірақ ғылыми жетістіктерін айтып, жұрттың миын ашыта бермейді. Шешен, бірақ бір бастаса кеңінен көсілетін сөзшең емес. Оқытушы, бірақ студенттердің апшысын қуырып, үрейін алу әдетінде жоқ. Әйел заты, бірақ дәстүрлі өсек-аяңға да соншалықты үйір емес-ау. Менің ауыздығын қарш-қарш шайнап, шоқ түкіріп, от бүркіп жүретін адай достарымның аяулы апасы сондай салмақты адам. Ойлы. Оралымды. Орнықты. Ал енді жұмыс десе, жанын салады. Айдалаға сапарға шықса да, қыр төсінде бүкіл қағазын құшақтап жүреді.
Бір сәт болмыс-бітіміне қарасаң, қарағайға қарсы біткен бұтақтай қасқиып, ақырып теңдік сұрап тұратын азулы ақын Айт-Манның өзінен аумайтын апасы емес, мінезі жайлы, сөзі сайлы, қазаны майлы, сабыр сақтайтын сауыты берік, сырбаз академик Дихан Қамзабекұлының әпкесі ме деп қаласың. Жыр әлемінде жасын ойнатқан, ел-жұртына еркелеп, еркін ғұмыр кешкен, ешкімге ұқсамайтын Фариза Оңғарсынова апайының қасында талай жыл жүрсе де, оған қатты еліктеген жоқ. Апайдың өзіне ғана тән болмысын айнытпай көшірген жоқ. Мәнерін көзсіз қайталаған жоқ. Апайша сөз саптаған жоқ. Үлгісін алды, үрдісін ұстанды. Бірақ өмірде де, өлеңде де өз қолтаңбасын сақтады. Абайдың «Болмасаң да ұқсап бақ» немесе «Мен боламын демеңдер» деген өсиетін тереңнен ұқты, яғни абайтанудың да, апайтанудың да табиғатын түсінді.
Өмірінде бір-ақ рет қана махаббат туралы өлең жазыпты. Оның өзі тым алыстан бір-біріне көз салып, екі-үш метр жерге жақындаса екі иінен демалып, жүректері аузынан шығардай бұлқынып, біреуі – айға, екіншісі – сайға қарап тұрып сөйлесетін қыз бен жігіттің кіршіксіз сезімі. Ақын қыздың жалғыз өлеңіне арқау болған жалғыз махаббатының хикаясы мынау ғана:
Ай-қабақ күннің әніне салғанда дала,
Ақ шыңға барып түн бұлты қонғанда жаңа.
Дөңгелеп тұрған дүние дүрсілін тыңдап,
Екеуміз ғана қалып ек жалғанда дара.
Әмірші уақыт еркіне көндіре келіп,
Түн көшіп еді жұлдызын сөндіре беріп.
Қоштасқан сәттен болсын деп мәңгілік белгі,
Аспаннан біздер қос жұлдыз белгілеп едік…
Осылайша, Оңайгүл әпшем кемелденген бойжеткендікке жетіп, ай астында тұрып, аспандағы жұлдыздарға жаңа ғана ен салған мезгілде бесіктен белі шықпай жатып жөргегінен қағынған біздің Бауыржан Жақыптар: «Мен сені сүйдім бір рет, Сен мені сүйдің бір рет. Әлдилеп алды біздерді, Махаббат атты құдірет!», – деп өршеленіп өлең жазып жүрген-ді. Бұдан соң ақын қыз сезім тақырыбына қалам тартпады. Өз бақытын ертерек тапқан соң біреудің махаббат-сахаббатында не шаруам бар деген шығар.
Махаббат туралы өлеңді жазбаса да, Махамбет туралы ғылыми еңбек жазды. Ақынның жорық жырларын зерттеп-зерделеп, диссертация қорғады. Қорғап болып: «Нарын құм бұрқырап, Дүниені үптердей. Өзін-өзі жүн етіп түткендей. Кейде құйын боп түрегеледі, Махамбеттен бір хабар күткендей», – деп қайта сілкініп шыға келді.
Ол өз өлеңдерінде мезгілдік және мекендік өлшемдерді сығымдап, алақанына салып, уысына сыйғыза алатындай етіп қолданады. Оңайгүл үшін шығар күнің де, батар түнің де, тіпті тұтас ғұмырың да – мезеттік дүние. Сол ұстанымға мықтап бекініп, «Қурап бір құм боп тусаңдар, Турап бір тастар тұғыр күн», – деп толғайды. «Бір шаршы түнге оранып, Ойымды қырық бүктеймін», – деп торығады. «Бір ұрттам ғана ғұмыр-ау, Осылай сенде түстендім» – деп күйзеледі.
Сол бір ұрттам ғұмырды мағыналы етіп өткізуге тырысты. Мағыналы өлең жазды. Мағыналы іс тындырды. «Бір ұрттам ғұмыр» деген ұлағатты ұғымның өзі азғантай тірлікте ауқымды шаруа атқаруға міндеттейді. Өмірге келдің екен, онсыз да бір ұрттам ғұмырыңды өзің бір-ақ ұрттап құртпауың керек дегенге саяды.
Оңайгүлдің ой әлемінің бір сабағы – осы!

Ақын мен ағаш
Үрдісін жұрт қолдайды.
Үлгі етпесек болмайды.
Үнсіз өскен ағаштай,
Үндемей-ақ толғайды!
(Журналистік фольклордан)
Бүгін, міне, оның тағы бір кітабы ортамызға озды. Аты да ерекше. «Ағаштар үнсіз өседі». Неге үнсіз өседі? Неге улап-шулап, айналасын даңғаза қылып, өлерменденіп, өршеленіп өспейді? Атам заманнан бері келе жатқан ағаш философиясын Оңайгүл ақын былайша бедерлепті: «Ағаштар үнсіз өседі, Үнсіздік – оның шыдамы, Ағаштар үнсіз өседі, Үнсіздік оның – Құраны». Десе дегендей, өзі де өлеңді үндемей жазады, яғни жаңағы ағаш кейіпкері секілді үндемей өседі. Бірақ үндемегенімен Оңайгүл шайыр – оңай шағылатын жаңғақ емес. Бұл ойымызды мына жинағына енген ойлы өлеңдері қуаттай түседі.
Үнсіз өсетін ағаш сынды тұйықтау әрі тұңғиықтау ақынның кітабын әдебиетті шексіз жақсы көретін және терең түсінетін Жаңабай Сүйіндікұлы деген кластасы шығарып беріпті. Алғы сөзін де өзі жазған. Оны «Біз – әлі де кітап оқитындармыз» деп атапты. Астанада тұратын шырайлы шайырдан көмек сұрамай, қайта қол ұшын ұсынып, жинағын шығарып, оқырманға тарту еткен қайырымды кластастан айналып кетпейсің бе?
Екі поэма, көлемді жырлар, балладалар және лирикалық өлеңдер топтастырылған бұл кітаптың негізгі ортақ тақырыбы – ел мен жер, адам мен заман, байып пен байлам десе де болар. Ақын өзінің туып-өскен өлкесі – мұнаралы Маңғыстауды да, байрақты бабалардың ізі қалған басқа өңірді де жан дүниесімен жырлаудай-ақ жырлап келеді. Әсіресе өзі талай жыл дәмін татып, отын көсеп, қазанын көтерген, суын ішкен, ақыры әбден бауыр басып, тұрақтап қалған Арқаға деген ықыласы тіпті бөлек.
Сарыарқа бұл – ақ бидайдың дестесі,
Белгілі енді тарихымның өшпесі.
Ұлылардың бәрі туған бұл өлке,
Ой-қиялдың «Менделеев кестесі», –
деп жыр періштесі Төлегеннің сүрлеуіне салып жырласа, бұл тұжырымды ақынның қазақ жерінің қай мүйісін де жат санамағаны деп ұғынған жөн шығар. Сондай-ақ ол Шерқаланың шер-наласын сипаттаса да, оны бүкіл ұлттың зар-мұңы деп ұғындырады. Сол Шерқала мен Айрақтыны Алаштың тәжі деп тәпсірлейді. Онысы жүректен шығады, көңілден көрінеді, сені қапысыз сендіреді, сендірмек түгілі сүйсіндіреді. Маңғыстауда тумаған маңғыстаутанушы Жанат Әскербекқызы екеуміз мұны жақсы түсінеміз.
Бәрібір туған жердің аты – туған жер! Сондықтан ақын әпкеміздің: «Көк аспан сынды баяны дара, Толқиды ғажап көз ілмей. Жағасындағы аялы қала, Қазақтың көркем көзіндей», – деп қарт Каспий мен ару Ақтауды жанымен жырлағанын көріп, тілеулестік танытасың, шеберлігіне тәнті боласың, мықтылығын мойындайсың.
Бұл кітаптағы өлеңдердің негізгі идеясы – ізгілік пен ірілік. Адамды аялау, сезімді саялау. Қатыгездің қатал жүрегінен жақсылық іздеу. Оңайгүл ақынның өлеңдеріндегі ізгілік мен мейірімділіктің шектен тыс екенін көрген соң жанталасқан жаудың өзіне де, көзіне де жәудірей қарағың кеп кетеді.
Мәселен, «Жыландар жыры» деген өлеңін алайық. «Ала таңмен таласа, Жетім қалған балаша, Бейуақытта жылан кеп, Түндігіңнен қараса… Бейуақытта жылан кеп, Керегеңе керілсе, Дөдегеңе өрілсе, Адамдай ойлы көзімен, Өзіңе қарай емінсе», – деп жырауларша жосылып, жыршыларша көсіліп, ағыла ақтарылған кезде, әншейінде денеңе діріл жүгіртіп, тілі сумаңдап, уын шашып тұратын жылан екеш жыланның өзі сенің көз алдыңда сүйкімді боп сала береді. Сөйтіп, жаныңа жаққан жылан онысымен қоймай, «Жезбен түстес құйрығым, Орайын деп келген жоқ, Тілімдегі зәрім де, Тамайын деп келген жоқ. Адамдардың үрейін, Алайын деп келген жоқ», – деп ағынан жарылып, бейбітшілікті аңсаған ақ кептердің кейпіне кіреді.
Оңайгүл Тұржан, осылайша, стереотипті бұзып-жарып жазады. Мерездікті мейірімге жеңдіреді. Қатыгездікті қайырымдылықтың алдына апарып, тізе бүктіреді. Тіпті өз қолымен тізерлетеді. Сондықтан да өзгенің жыланы ысқырынып тұрса, оның жыланы ақ жалау көтеріп, адамдарды аялап жүреді. Мұны осы жинақтың тілеулесі, тағы бір жылантанушы шайыр, «Тарымшы» дастанының авторы Ербол Алшынбай да жақсы біледі.
Оңайгүл Тұржан – жаңашыл жыршы, өзі әріптестеріне арнап айтып жүргендей, модерн-мінездің ақыны. Ол бүгінгі қоғам туралы түсінікті өзгеше оймен өрбітеді. «Парадокс дәуірінің тозаңы – «А» әрпінен «Б» әріпі озады», – деп төтеннен жол салады. «Макро-тірлік ішінде жүрер у-шу боп, Микро-ойлар өлемін деп те қорықпай», – деп оқшау пікір айтады. «Қурайлар өзін құдіреттердей қайта ашып, Инстаграмның көшелерінде байқасып», – деп қазіргі заманның әлеуметтік әуеніне салады. «Адам деген – көнбісті де, жанкешті, Адам деген – супержүйе қашаннан», – деп көтеріңкі леппен ой өрбітеді. Осының бәрі оның уақыт көшіне ілесіп, үнемі ізденісте жүретінін айғақтайды.
Оңайгүл ақынның пір тұтатын құдіреті – сөз. Ол сөздің бүкіл болмысын өзгеше қырынан жырлайды. Қалыптан тыс қағидаға салады. Сөздің шерін «Қинады оны архивтерде өксіген, Қағаздардың сия-сия көз жасы», – деп көрсетсе, кей сәттегі халін «Сөйлеп кетсе сонда даусы дірілдеп, Мәтіндер де инсульт алып құлардай», – деп бедерлейді. Сөзден түзілген жазбаның сипатын «Солай, мұнда қайнап жатыр ғасырлап, Мәтіндегі мұңлы-шерлі тіршілік», – деп танытса, сол сөзді аманаттаған арыстарды «Мәтіндердің арасынан мұнартып, Түрегеліп қарап тұрар боздақтар», – деп емірене еске алады. Соның бәрінен дарыған әсерін, дәлірек айтқанда, әрі-сәрі көңіл күйін:
Сан ғасыр өтті,
Отырмын әлі үстелде.
Ұмыттым мүлде
Қағазы қайсы, мен қайсы? –
деп торығып түйіндейді. Олай болса, үнсіз өсетін ағаштарды жырлайтын ақынның осынау «үнсіздігінің» табиғатын танып та қалған шығарсыз. Бұл жердегі үнсіздік – мылқаулық емес. Классикалық мағынасындағы үнсіздік те емес. Бұл үнсіздік – үлгісі мол үнсіздік. Үнсіз отырып та көп нәрсе айтуға болатынын дәлелдейтін үнсіздік. Үндемей-ақ үн қату, сөйлемей-ақ сөз саптау сипатындағы үнсіздік. Ауыз ашпай-ақ ауыз толтыратын іс тындырудың жолын нұсқап тұратын үнсіздік. «Бәрі де үнсіз, үнсіз аспан, үнсіз жер, Үнсіз орман, үнсіз таулар, үнсіз көл. Мен де үнсізбін, дәрменім жоқ күрсінер, Үнсіз кеуде… үнсіз жүрек дүрсілдер», – деп Мұқағали жырлағандай, жан айқайыңның шыққаны мен жан-жүрегіңнің соққанына дейін ел-жұрттың бәріне естіліп тұратын ерекше үнсіздік.
Үнсіз өсетін ағаш пен үнсіз жазатын ақынның өзара өзектестігі де, міне, осында…
Ақ қағаз бен қара өлең
Биікте ғой жұлдызы.
Беткейде ғой сырлы ізі.
Боз даланы жырлап жүр,
Бозжыраның бір қызы!
(Журналистік фольклордан)
Ақын поэзиясындағы кітап-образдар ойға қалдырады. Ол оны жерден де («Күлтегіндік ойдың шың-құз ұясы, Тас-кітаптың кепкен жоқ тас-сиясы»), судан да («Теңіздің кітап бетін оқығандай, Үміт үзбей, әйтеуір, ақтарады») іздеп табады. Тіпті оны тарихтың қойнауынан да көріп, дәстүрлі өлшемді ұлғайтып, «Күлтегін-тастың бір өзі, Алып бір кітапхана ғой», – деп ой түйеді. Қыр мен қыратты, жыра мен жартасты шарлап, «Құлпытастар – ол да бір көне кітап, Айдалада күбірлеп сөйлеп тұрған», – деп тұжырымдайды.
Оңайгүл Тұржан – тосын тіркестер мен оқшау образдардың шебері. Оның өлеңіне өзек болған күнделікті қолданыстағы елеусіз сөздердің өзі ерекше өңге, өзгеше түрге енеді. Ақынның заман туралы («Адамдардың нөпірін алдыңа сап, Қайда зытып барасың, құмай-заман»), адам туралы («Сүйегі қашып шығып денесінен, Оқшырая қарап тұр саған, маған») қырық қатпарлы, алпыс астарлы терең тұжырымдары көп ойға жетеледі. Әр тіркесін талдасаң, ұзаққа кетесің. Мәселен, оның өлеңдеріндегі тас-образдардың өзі бір мақалаға жүк болар еді. «Біз кеткен соң кетпейтұғын ешқашан, Қара тастар – даладағы тас-қонақ» – сол қаптаған тас-тіркестердің жиынтық образы.
Оңайгүлдің азаттық туралы парық-пайымы да ешкімге ұқсамайды. «Тоз-тоз болған көйлегімнің ішінде, Азаттығым келе жатты алаулап» немесе «Тас бабалар тас көйлегі желбіреп, Азаттыққа бір керемет берді леп», – деген тұжырымдар осыны аңғартса керек. Соның бәрін өзі айтқандай, Көкбөрінің демінде, Күлтегіннің көгінде, Шерқаланың шерінде, Желтоқсанның желінде шыңдалған шабытының арқасында жазып шықты.
Тас образдарды кейіптеуге шебер екенін айттық. Тас-баба, тас-көйлек, тас-кітап, тас-кітапхана, тас-қонақ, тас-сия… Сол дарқан даладағы самсап тұрған тас-қонақтардың арасынан даралап алып, кәдімгі балбал тастың портретін бедерлеген ақын қызды көргеніңіз бар ма?!
Балбал тастар, кәрісің бе, жассың ба,
Жаңалыққа доссың ба, әлде қассың ба?
Тасқа айналған адамсың ба сен, әлде,
Адам болып келе жатқан тассың ба?!
Балбал тастар, мәнімізге мән қоса,
Мейіріммен тербетесің жанды аса.
Өңіңдегі нұр-күлкіңнің қалдығын,
Жел ұшырып кеткендігі болмаса…
Жарайды, балбалды да баладай өбектеп, жырына қосқан ақындар бар шығар. Әйтсе де олардың бәрі бірдей Оңайгүл секілді «Тасқа айналған адамсың ба сен, әлде, Адам болып келе жатқан тассың ба?!», – деп ғасырлар бойы мелшиіп үнсіз тұрған бейкүнә балбал тастың өзін сұрапыл сауалдың астына алып, өзгеше түйін түйіп, ойлы образ қалыптастыра бермес. Оның балбалы – орны бөлек орнықты балбал, жүзіне жылылық ұялаған мейірімді балбал, төл тарихыңның терезесінен сығалап тұратын қазақы балбал, өңінде жел ұшырған нұрлы күлкінің ізі қалған ізгі балбал…
Жалпы, оның өлеңдерінде ақ пен қара үнемі арпалысып жатады. Өзі ақ түсті жақсы көреді. Сол ақ түсті айшықтай түсу үшін контрасты қара түсті де жек көрмейді. Ақ таң, ақ өлең, ақ дәптер, ақ қалам… Өзге ақынның қағазы ғана ақ болушы еді. Ал бұл кісінің қаламына дейін аппақ. Сол өңкей ақ түстің ажарын ашу үшін қара көйлек киеді:
Жан біткеннің жүрегін аралай кеп,
Түн-шабытым ақырын қағады әйнек.
Жүрегімде ақ таң бар, ал кигенім,
Қара түннен тігілген қара көйлек.
Арман шығады алдымнан асқар биік,
Таулар шығады алдымнан аспан киіп.
Ақ дәптердің бетінде жазық дала,
Ақ қаламның ұшында – қашқан киік.
О, оның қаламынан қашқан киік енді оңайлықпен ұстатпайды. Ол тек қана өлең болып оралады. Шынайы өлең. Шебер өлең. Ширыққан өлең және бір ғажабы, таң алдында келеді. Жай таңда емес, сол баяғы ақ таңда… Өлеңнің өзіне сөз берсек, міне, былай:
Түн осы – сан әуенді, боямалы,
Дөңгеленіп ақ таңға таянады.
Түніменен тербеліп таң атқанда,
Ақ қағазда қара өлең оянады…
Ақ түсті ардақтайтын ақжарқын ақынға ақ тілектен артық не керек?! Аман болыңыз! Ақ таңдарыңыз таусылмасын! Ақ қағазыңыз түгесілмесін! Ақ өлеңіңіз де, қара өлеңіңіз де ешқашан қалғымасын! – дейміз.
* * *
Көп дабыра қылмай-ақ қояйық, осы жерде қалсын, Оңайгүл апайымыз осы күндері бір адам айтқысыз әйбат жасқа кеп жатыр деседі. Әдемі әпкеміздің әр-әлпетіне, кейіп-келбетіне, жүріс-тұрысына, қимыл-қозғалысына қарап, Бұқар жыраудың байламына онша бағыныңқырамай, «Жетпіс деген жасыңыз, Жарға ойнаған лақтай», – дегің келеді.
Осы кітабыңызда мынадай бір өлеңіңіз бар екен. Сол туындыңызда:
Тынығып ертеңіне аттанатын,
Тағы айналып келгенше қап-қара түн.
Адам – көшкен керуен, бұл тірлікте,
Жүзге жетсе дейтұғын шапқан атым!
Жүзге жетіңіз! –
деп жазыпсыз. Енді бүгін сол тілекті өзіңізге айтамыз. Сіздің де Маңғыстаудың маң даласынан Сарыарқаның сары беліне дейін көсіле шапқан жүйрігіңіз жүздің желкесіне дейін жетелеп жеткізсін!
Жеміс беретін ағаштарыңыз көп болсын! Бәрі де шетінен үнсіз өсе берсін!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
ПІКІРЛЕР2