«ӘКІМ ТАРАЗИ ӘЛЕМІ»
05.06.2023
348
0

Осы аптаның дүйсенбісінде Астанадағы Ұлт­тық академиялық кітапханада классик жазушы, Қазақ­станның Еңбек ері, Мемлекет­тік сыйлықтың иегері Әкім Таразидің 90 жылдық мерейтойына арналған «Әкім Тарази әлемі» ат­ты әдеби шара өт­ті. Қаламгердің он екі томдық шығармалар жинағы мен «Ауыл шетіндегі үй», «Мұстафа Шоқай» кітаптарының тұсауы кесілді. ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов кеш тізгінін ұстап, аса көрнекті жазушының шығармашылығы туралы тұшымды ой өрбіт­ті.


Зиялы қауым өкілдері, жазушының қаламдас інілері мен шәкірт­тері Тарази шығармашылығының астарлы иірімдері туралы кең көсіле сөйлесе, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов пен Мәдениет комитетінің төрағасы Арман Жүдебаев домбыраны бебеулетіп, қосыла күй тарт­ты. Мәдениет саласының тізгінін ұстап отырған атқамінерлердің қаламгерге ерекше ықыласы мен шынайы пейілдері жұртшылықты тәнті ет­ті.
Іс-шара аясында Әкім Таразидің Ұлт­тық архив қорындағы «Жеке тектік қорындағы» құнды құжат­тар, сирек кез­десетін кітап көрмесі мен қолтаңбалар көрмесі және фотокөрме ұйымдастырылды. Кеш соңында қаламгер шеберханасында шәкірт­терімен кез­десу өт­ті.
Әкім Тарази – жазушы, кинодраматург. «Қорқау жұлдыз», «Тасжарған», «Шер», «Қиянат», «Андрей», «Москва-Баласаз» секілді көптеген шығармалардың авторы. 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір