ЭТНОГРАФ ӘЛЕМІ
28.04.2025
130
0

зерттеуші, ғалым, марқұм Болат Бопай туралы

Әйгілі Пифагор: «Ақылға бас иген – құдайға бас иген» депті. Ал Төле би бабамыз «Бір үйдің баласы болма, көп үйдің санасы бол!» дейді. Осынау бір данышпандық дәнектері этнограф ғалым Болат Бопайға тікелей қатысты болды. Қазақтың этнографиялық әлемі көз жеткісіз кең, мұхит суындай мол болса марқұм Болат Бопай соның бәрін ақыл тезімен жүйелеп, тамырын теріп, саралап, туған халқына жаңа қыр, жаңа сипатымен ұсынып жүрді. Ұлт этнографиясы жөнінде әлі де талай дүниелер жазылар, талай асыл дүниелер айналымға қосылар. Алайда оның алпыс бес жылдық ғұмырында жазған еңбектері сол ұлт этнографиясының алтыннан да қымбат қазынасын байыта түскені анық. Этнограф ғалымның қырық күндігі тұсында төмендегі мақаланы жариялап отырмыз.

Қазақ жерінде бұрынғыларды айт­пағанда кеңестік кезеңде Әлкей Марғұлан, Халел Арғынбаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Уахит Шалекенов сияқты аға буын этнографтар туған халқын танып-білуге өлшеусіз үлкен еңбек сіңірді. Олардан кейінгі Жағда Бабалық, Ақселеу Сейдімбек, Зейнолла Сәнік, Нұрсан Әлімбай, Серік Әжіғалиев, Ахмет Тоқтабай, Аманжол Қалыш, Қасымхан Бегманов сияқты замандас этнографтар тобын сөз етсек, осы топтың қақ ортасынан Болат Бопай есімін де көрер едік.
Болат Бопайды осы салада алға сүйреген ұлтына деген сүйіспеншілік, ұлтына деген жанашырлық және тынымсыз еңбек. Бұған оның өскен ортасы әсер ет­ті. Тарихтан мәлім, Ресей отаршылығы бастала шығысқа қарай жылжи көшкен қазақтың ең ірі тайпаларының бірі Абақ Керейлер Алтай, Тарбағатай, Іле тауларын екі ғасырдан астам дербес мекен еткен кезде ондағы қазақи өмір қаймағы бұзылмай сақталды.
Отаршылардың басқыншылығына қарсы шыққан Бөке, Зуқа, Елісхан, Қасым, Ақтеке сияқты батырлар халықтың рухына дем берді. Олар шығыстағы қазақтың қорғаны, рухани қалқаны болды. Ол өлкеде қазақтар сырт­тай Манжур-қытай билігіне бағынса да, өз ішінде Көгедай хан бастаған хан билігін сақтап, әйгілі Оспан батырдың ұлт азат­тық көтерілісіне дейін өз негізін сақтады. Міне, осы тарихи өлкенің киелі бесігі саналатын Қу Ертіс өзенінің сағасындағы Көктоғайда Болат Бопай туып өсті.
Туған ауылының өзінде ауыздыға сөз бермейтін сөз сәйгүліктері Имамағзам, Нұрғали, Тұрахан болса, әйелдерден Қамария, Алшын, Алтын апалар ел есінде қалған асыл адамдар еді. Болат­тың өз әкесі Бопай да бір сөздің тоқсан тоғыз түрін теріп айтатын туабіт­ті этимолог, шешесі Нұрбәтіш те әр сөзін мақалдап мақаммен сөйлейтін мерген тілді ана болған екен.
Сөйтіп, болашақ этнограф ғалым Болат Бопай қаршадайынан қалыптасқан хас қабілетімен, көзін ашса көретін, құлағын салса еститін, қолын созса ұстайтын… дайын этнографиялық ауылдың отбасынан басталған дала академиясын бітіргенін өзі де білмей қалғандай.
Болат Бопай жоғары білім алған соң Шыңжан өлкесінде оқу-ағарту ісіне өз үлесін қосты, жас буынның ұлт­тық санасын қалыптастыратын бірқатар еңбек жазды. Мәселен, 1986–1993 жылдар аралығында сол елдегі қазақ орта мектептеріне және университет­тің қазақ бөлімдеріне арналған қазақ тілі және әдебиетіне арнап, Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуы негізінде жиырма жеті оқулық құрастырғанын айтуға болады. Сондағы аға буыннан өнеге алып, шыңдалды, қаламгерлікке төселді. Оның шұбыртып жазған кітаптарынан-ақ басына бір институт­тың білімін жинағанын байқайсың.
Ғалым еңбектері туралы сөз еткенде оның «Қазақ мінезі», «Қазақ кәдесі», «Қазақы түс жору», «Қазақтың аспан есебі», «Қазақ наурызнамасы», «Бастаудан бақиға дейін» сияқты кітаптары алдымен еске түседі.
Этнографтың шығармашылығы туралы сөз болған соң оның осындай бірнеше кітаптарына тоқтала кеткенді жөн көрдік. Оның шығармаларының ең сүбелісі саналатын кітабы – «Қазақ мінезі». Біздің қазіргі жоқтап жүрген «ұлт­тың ділі» дегеніміз осы қазақи мінезде екенін кітап бастан аяқ дәлелеп шығады.
Ал «Қазақ кәдесі» кітабында қазақтың ағаш бесіктен жер бесікке дейінгі өмірінде атқарылатын барлық ұлт­тық әдет, салт­тары түгел қамтылған. Мәселен, кітапта елу төрт түрлі дастарқан мәзірі жазылған, Бас табақ, Сый табақ, Құда табақ, Құдағи табақ, Күйеу табақ… деген секілді.
Менің қолыма түскен «Қазақы түс жору» кітабының зерт­теу тақырыбы да қызық. Әлбет­те, түс жору хикметі мұсылмандық негіздерден бастау алады. Мәселен, түс жорудың яғни түспен келген аянды шешуді Алла Тағала Жүсіп пайғамбарға нәсіп еткен.
Сөйте тұра бұл кітапта, үш мың түрлі түстің жоруы жазылғанын айта кетейік. Кітаптың танымдық жағы басым. Оқырманға да осы жағынан қымбат.
Бөкеңнің «Бастаудан бақиға дейін» деген кітабының қайнар көзі ислам тарихында жатыр. Оған қазақ қауымы ұзақ жылдар көз жазып қалған шығармалар негіз болған.
«Қазақ наурызнамасы» кітабында ұлтымыздың төл мерекесі Ұлыстың Ұлы күні туралы көптеген тың деректер беріледі. Дүниенің жаңарған көктем айы, күн мен түннің теңеліп, адамзат пен жан-жануар­лар, өсімдіктер дүниесінде ғажап
маусымның басталу хикметін дала халқының қалай қарсы алатынын өлең-жырылары арқылы көрсеткен.
Маған ұнаған кітаптарының бірі «Қазақ аспан есебі» болатын. Нағыз қазақи астрономия оқулығы сияқты көрінген. Бұл кітапта бір ғасыр уақытында келетін күндер түгел қамтылады.
Осынша кітаптар қазақ этнографиясына қосылған сүбелі үлес екені анық. Тақырыпты жалғастыра отырып Болат бауырымыз қазақстандық «Жұлдыз», «Ел Мұра», «Дәстүр», «Той әлемі», «Жазира» т.б республикалық журналдарда, басылымдарда ондаған этнографиялық мақалалар жариялап, көптеген сұхбат­тар берді. Қазақ радиосы мен телеарналардағы тәлімдік лекциялары да – айтуға тұрарлық өз алдына бір төбе еңбек.
Болат Бопайдың қоғамдық еңбегі де ұлтқа қызмет етумен ұштасып жатыр. Шығыс қазағы деп аталып отырған Алтай, Тарбағатай, Іле үш аймақ өлкесінде тұрып жатқан этникалық қандастарымыздың рухани көшбасшысы саналатын Ақыт қажының төрт томдық туындыларын және көрнекті жазушы Жақсылық Сәмитұлының «Қаһарлы Алтай» трилогиясын екі жүз сағат­тық аудиокітап етіп дайындау­да Болат Бопай айтулы үлес қосты.
Тіпті Бөкеңнің «Қазақ этноауылы» деген жобасы Алматы қалалық әкімшілігі тарапынан қолдау тауып, қазір құрылысы жүріп жатқанын да айта кеткенді жөн көрдік.

Марат БАЙДІЛДАҰЛЫ,
Қазақстанның Құрмет­ті жазушысы

 

Айтылмай қалған бір ауыз сөз

Иә, оразаның он сегізі, яғни Наурыз айының он сегізінші жұлдызы, аспанның бір жұлдызы ағып түсті. Түн түнеріп, келесі таңның түстігі бозарып атты. Түн бойы көз ілмедім, ойым он саққа жүгіріп, қиялым қиянды шарлады. Ертістің суынан бірге суысындап, Өр Алтай атанатын өңірдегі қаймағы бұзылмаған ұлағатты тағылымынан бірге нәр алып өскен марқұм Бөкең өзімнен төрт жастай кіші болса да мені «құрдас» деуші еді. Сондықтан да бір-бірімізге сыйластығымыз өте жақсы еді. Бәрінен де өмірде халықтың мәдениеті мен әдебиетін ұшпаққа жеткізуге өз әлімізше бірге ынтығып, жоғын жоқтап, барын биікке көтерсек дейтін талпыныс жолымыз да бірдей еді. Сөйтіп, тер төгіп жүрген Бөкеңнің еңбегі тегін кетпеген. Болат Бопайұлы бұл күнде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, этнограф-жазушы болып еліне танылды, халқы қадірлер азаматқа айналды, елдің кешегі ұмыт болған құндылықтарын тірілтіп, том-том кітап етіп шығарып, ертеңгі ұрпаққа қомақты да құнды еңбектер қалдырды. Әрине, майда қоңыр, жібек жал азамат болғандықтан тамам елдің сый-құрметіне ие болды…
Ұйқысыздық адам ойын әрнеге апарады екен, әлден уақытта бір өкініш ішімді шым еткізді. Әлгінде Бөкең алда өзінің кітаптары шығып, министрлік тарапынан тұсаукесері болатынын айтып, қуанышын бөліскенде өзімнің «құтты болсын!» айтпағаныма өкіндім. Кейде өстіп бірімізді-біріміз қадірлеп, қуанышқа ортақтаса алмай қалуымыздың өзі өкініш болады екен. «Әрине, ол – сыйластық, қимастық еді ғой» деймін өз-өзіме. Міне, келте өмір осымен аяқталды, енді осы бір айтылмай қалған «құтты болсын!» деген бір ауыз сөз ендігілерге ғибратты сабақ болса екен. «Ажал – айтып келмейді», «Қаза қас-қағымда» екенін бұрын құлақ естісе, міне, енді көз көрді. Сондықтан адамдар бірін-бірі тірісінде түсінісіп, сыйласуы, бір-бірінің қуанышы мен қайғысына ортақтасуы керек екен» деймін. Бақұл бол, елінің есіл ері. Топырағың торқа болсын!

Байахмет Жұмабайұлы,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі,
Қазақстан тарих және
Қоғамдық ғылымдар академиясының академигі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір