ШЕШЕМДІ ШЫҒАРЫП САЛҒАН «ҚҰСТАР» ӘНІ
«Менің бір бақытым, заманында халқымыздың аса дарынды адамдарымен бірге ғұмыр кешіп, сырлас, пікірлес болдым. Мұхаң айтқандай, олардың басым бөлігі «адамгершілік академиясын» бітіргендер еді.
Осындай мағына мен мазмұнға негізделген мектептен өттік. Осы мектептің қайта тумас марқасқалары Нұрғиса Тілендиев пен Ыдырыс Ноғайбаев есіме түсіп отыр. Екеуі немере ағайындар. Нұрғиса бурадайын буырқанып жүретін. Ал Ыдырыс тұйықтау, бірақ ғажап психолог еді. Екеуі де аса дарынды болды. …Нұрғиса Тілендиевтің өзі де талай бұлақтың көзін ашты. Басқасын былай қойғанда, бүкіл қазақ элитасы жабылған «Қыз Жібек» фильмінің үлкен жетістікке жетуінде Нұрғисаның еңбегі де көл-көсір.
Бұл өзі жалпы, болмысы бұзық адам. Күнделігімде: «Нұрғисаның мінезін бензин құйып өртеп жіберіп, өнерін алып қалу керек« дегенім бар. Шыны солай. Қара тырнағына дейін шенеунік Асқаров жағдай сұрағанда, «Таңертең қазы, түсте қазы, кешке «Отырар сазы» дейтін Нұрғиса ғой. Оған бәрі жарасып тұратын.
… Қайсыбір жолы Нұрғисаның Ахмет Жұбанов туралы айтқан естелігі жанымды толқытты. Бұл бір азаматтық болды. Расында Ахаң болмаса, Нұрғиса болмас еді…»
Асанәлі Әшімұлы «Актермін мен, мың өліп, мың тірілген» атты кітабында (117–118.б) Нұрағаңа осындай ілтипат білдіреді. Тұлға тұлға туралы қысқа қайырымын «…осындай тұлғаның 100 жылдығының ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтуіне тек қана ұзақ қол соғу керек» деп түйіндейді.
Сөнген жұлдыздың жарығының өзі миллион жылдарға жететіні тәрізді, көзі тірісіндегіні былай қойғанда, өмірден озған соң да оның өнеріне қол соғушылар саны миллионнан асып, миллиардқа бет бұрған болар-ау. «Тұлға – халқымен мәңгі бірге болу» дегенді айтқанда, Штраус осы ойды меңзеген шығар. Дәл, дөп айтқан. Мәңгі болатыны сол, оның мұрасы, өнегесі өлмейді, салған ізі өшпейді. Жұлдыздар із тастап ағады деген тәмсілге ден қойыңыз. Тұлға қай кезде де сіздің рухани қажетіңізді өтейді, алдыңыздан шығып отырады, елімен бірге жасайды. Оған таңғалу, тамсану үздіксіз жалғасып отырады. Сондай тұлғаның бірі де бірегейі – сөз жоқ Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев.
Бұрынырақта аса көрнекті композитор туралы «Нотаға сыймаған Нұрғиса» деген эссе жаздым. Сол шіркіннің бір тұсынан жылы ағыс болып көрінуге тиісті сәтті жеке тақырыпқа сұранып тұрған соң ұстап қалып едім. Соның сәті енді келді.
Аса дарынды туған адамның ерекшелігі – жұрттың бәріне жаппай ұнайтыны. Ол халыққа жай, өткінші ұнап қоймайды, жүрегінде мәңгілік қалып қояды, тіпті тағдырын өзгертіп жіберуі мүмкін. Мұндай адамның ұсақ-түйек кемшілігі болса, атыңнан айналайын аяулы патша көңілді тыңдарман оны да елемейді, еркелікке балайды. Кемшілік деген не тәйірі, түзетілуі қолдағы нәрсе ғой. Нұрағаңдар ең бастысы пендешіліктен биік тұрды. Әрине өзі талантты адамның адам ретінде де талантты болмауы мүмкін емес. Мұқаң айтқандай, «адамгершілік академиясын» бітіргендер ғой. Нұрағаның осы қасиеті туралы да аңызға бергісіз әңгіме көп. Бұл қырын өзінің әріптестеріне деген қамқор көңілінен де байқауға болады. Соның бірі – Шәмші. «Шәмші ән әлеміндегі менің туған інімдей еді. Ол Естайдың «Қорланын», халық әндерін жанындай сүйетін. Көп әндерінің негізін халық қазынасының әдемі нақыш-бояуымен әсерлі өрнектейтін. Қай әні болмасын, халыққа тез жету себебі оның халықтық, ұлттық нақышында деп білемін» дегені де бар еді. Бір заманда тағдырдан көп таяқ жеген сол Шәмшіні Димекеңнің алдынан бір-ақ шығарғанын да естідік. Бұл енді жеріне жеткізіп жазар жазарманы табылса, ғажап баян. Таланттың талантқа қорған болып, араша түсуі де әркімде кездесе бермейді. Тілендиевтің талайды тәнті еткен қасиетін бөле-жарып айтуымыз да тегін емес. Тағы бір оқиға еске түсіп отыр.
Қайсыбір жылы Тынышбай Рахымның «Алтайдың ар жағынан келген ару» әні жөнінде «Мәдениет» деген басылымда жайсыздау жазба жарияланды. Бұл ән қытай қазақтары айтатын «Ақ көйлек» әніне ұқсайтын көрінеді. Содан ақиқатына көз жеткізу үшін белгілі адамдардың пікіріне жүгініп мақала беруге тура келді. Ә.Бейсеуов, Н.Нүсіпжанов, қытайдағы жүзден астам қазақ әндерін сол тұста «Мәдениет және тұрмыста» нотасымен жариялап жүрген О.Асқар бұл пікірдің тас-талқанын шығарды. Сондағы Нұрағаңның мәшінкеге бастырып, өз қолымен түзеген қолжазбасы әлі күнге архивімде тұр. Былай депті.
«… Мен бұрын Тынышбай Рахымды белгілі лирик ақын ретінде білетінмін. Оның Мұқағали Мақатаев туралы
«Жыр-Естелік» дейтін өлеңі тек маған ғана емес, жырқұмар қауымға тегіс әсерлі деп ойлаймын. Кейіннен ақын інімнің Шәмші туралы «Ән-естелік» деген телехабарын көргенімде оның өнерді, Ш.Қалдаяқовты шын сүйетініне көзім жетіп, жаңа қырынан таныдым. Кейінгі кезде ән сүйер көпшілікке қуаныш сыйлаған, біреулерде қызғаныш тудырған «Алтайдың ар жағынан келген ару» дейтін әнімен өрісін кеңейте түскен Тынышбай інімнен өз басым әлі де тамаша туындылар күтемін. Құдайым соған жазғай! Өйткені «Аққа құдай жақ» деген сөз бар ғой, ағайын!
Осы екі әннің екеуі де мен өз басым халықтың музыкалық тарапынан өзінің орнын алатынына сенемін және екеуін де оркестрге түсіріп, лайықтап әншілерге айтқызамын. Халықтан шыққан дүние үлкен қазына, бекер жерде жатпау керек. Ол – халықтыкі, менікі де емес, басқа композитордікі де емес, халықтың өз перзенті» деп «Егемен Қазақстанда» «тәйт» дегені бар.
Бүгінде Нұрағаңның қамқор көңілімен қанаттанған бір ғана Тынышбай емес, елге танымал болған қаншама тұлғалар ойыңа орала кетеді. Олар – Нұрғалилар, Тұяқтар, Қошқарбектер, Алтынбектер, Майгүлдер, Мейрамбектер…
Бір деректерде күйлерін, басқа да музыкалық туындыларын былай қойғанда бес жүзге жуық ән қалдырған делінетін композитордың байтақ мұрасы қазіргі кең тараған шығармаларымен ғана шектеліп қалмаса керек. Біз кейде тәуелсіздік қолымызға өзі келіп қона қалғандай сайраймыз. Кешегі күндей күркіреп өткен Алаш арыстарын айтпағанда, бертіндегі тоталитаризммен тайталасып өткен тұлғаларымыздың да тәуелсіздік таңын жақындатып кеткеніне ешкім дау айта алмас. Соның бел ортасында ішкі дүниесі ұдайы көтеріліс жасап жататын Нұрағаң да болып еді. Желтоқсанның желі жас жүректері қарығанда композитор ертеден сөзі жазылып, жадында жаңғырып жүретін «Жас тұлпар» әнін бұрқ еткізген екен. Бірақ жылдар бойы белгілі, белгісіз себептермен жарияға шықпаған сол алапат сезімді Нұрағаңның өмірден өткеніне үш жыл толған еске алу кешінде Нұрғали әнші жеткізді. Демек, зерделі зерттеушісі табылып, композитордың қоржыны ақтарылса, талай олжаға жолығарымыз да ғажап емес.
Композитордың қай әні жөнінде төгілтіп жазуға да болар. Дей тұрсақ та «Құстар» әнінің жөні бөлек. Оны білмейтін қазақ жоқ. Осы әннің әсерімен құстар әлемін бірқыдыру зерттеп, «Құстан асқан әнші жоқ» деген көлемді танымдық эссе де жазып едім. Содан соң бұл әнмен жылдар өткен соң тағы бір мәрте бетпе-бет келдім. Бұл жолғы әсер, қауышу аса ауыр еді.
Шешем марқұмның ауруы да, қайтуы да тез болды. Алматы мен ауылдың арасына сабылып, дәрігерден дәрігер, емшіден емші қойғанымыз жоқ. Ақыр соңында дәрігер ақтық шешімін айтқан соң, құтқанасына алып келе жаттық. Жанары жәутеңдеп бізге қарай береді . Сезеді әрине. Біз сездірмеуге тырысамыз. Үйге келген соң шешеме: «Қырғызда бір керемет емші бар екен, соны алып келемін», – дедім де Алматыға тарттым. Ауыз үйге шыға бергенімде кеңестің бес сомдық радиосы «Құстар» әнін төгілтіп жатыр екен. Мына сұмдық үйлесімге ұйып, дәлізде дірілдеп, екі дүниенің ортасында мелшиіп тұрдым да қалдым.
Құстар, құстар сызылтып ән салады,
Сол әнімен тербетеді даланы.
Ал адамдар күліп бастап өмірін,
Кетерінде жылай да алмай қалады.
Төр үйде шешем хал үстінде жатыр, ауыз үйде мынау құдіретті әуен сарнап тұр.
Екі күн өткен соң, яғни 1998 жылдың 24 шілдесінде шешем өмірден озды. Қайран уақыт көңіл төріндегі сырды жайып салуға мұрсат берген бе? Осы бір сәтті ұлы адамға барып айтып, жеңілдеп қайтуды да ойлап жүруші едім. Өкінішке қарай, сол жылдың 15 қазанында ұлы композитор да келместің кемесіне мінді. Отбасымызбен барып қоштастық.
Дерек үшін, білмек үшін айтайық. «Құстар» әнінің, жалпы құстардың адамзат өмірінде алатын зор эстетикалық қуатын бір ауыз сөзбен айтып жеткізу қиын. «Маған ғажап музыкалық фантазия жазу үшін құстың бір түшкіргені жетіп жатыр» дейтін Глинка ғой деймін. Ұлы әншілердің кезекті концертке шығар алдында орманға барып, құстардың дауысын тыңдауды да әдетке айналдырған деректер бар. Бір жылдары тыңдарман арасында жүргізген әлеуметтік зерттеу қорытындысында ең көп айтылатын ән Нұрағаңның «Құстары« мен Шәмшінің «Ана туралы жыры» екеніне куә болып едік. Рас қой. Құстан асқан әнші, анадан асқан мейірбан бар ма!? Қазір әлемде музыкалық терапия жақсы дамыған. Әсіресе Жапонияда. Бұл үрдіс бізде де бар. Бір қызығы Жапонияда науқастарға ем жүргізуде «Құстар» әні де айтылады екен. Мына Балтық жағалауы елдерінің бірінде «Халық әні» деген ескерткіш бар. Сонда ұшып бара жатқан құстар бейнеленген. Біздің Нұрағаң да өзгесін айтпағанда, осы бір әнімен-ақ өзіне мәңгілікке мызғымас ескерткіш тұрғызып кетті. Бұл ән әр орындалған сайын адамдарға өмірдің соңы өкініш, өткінші екенін ұқтырып тұрады. Шешемді соңғы сапарға шығарып салған әннің авторына деген менің тыңдарман ретіндегі әуелдегі жұрт қатарлы сүйіспеншілігімнің жылдар өткен сайын биіктей беруінің бір сыры да осында.
«Қазақты мендей сүйетін адам болса, бұл қазақ жаман болмас еді. Мен қайтқанда халқым жоқтау айтпайды, әнмен шығарып салады. Мен елдің рухын көтеріп кетуім керек. Сол үшін де жаратылғанмын», – деп еді Нұрағаң.
Мұндай адам ұмытыла ма? Жыл құсы секілді ғой. Келіп, кетіп тұрады.
Қали Сәрсенбай
ПІКІРЛЕР1