ҚАЛАМЫНА ҒАСЫРЛАР ҰЯ САЛҒАН…
21.01.2025
207
0

10 қаңтар…
Едіге Мағауиннің таңғы сағат 5-тің тұсында Ұлы далаға өзегін өксік пен өрт­тей ыстық жас буып тұрып: «Арыстан әкем өмірден өт­ті», – деп жеткізген суық хабары демде Алтай мен Атыраудың, Қыр мен Сырдың, Алатау мен Қаратау­дың қойын-қолтығын кезіп, қайғылы хабар қалың қазақты қабаржыт­ты… Алаштың ұлы жұрты теңселіп кет­ті…
Сексен бес дейтін сеңгірге жиырма екі күн жетпей, екі ғасыр тоғысындағы ұлт мүддесі мен руханиятының ауыр жүгін арқалап жүріп, алып жүрек соғысын тоқтат­ты. Алып тұлға бақиға ат­танды…
Өмірден Мұхтар Мағауин өт­ті…
Өзі де…
Сөзі де…
Мінезі де…
Қолына қалам ұстаған жұмырбас пенделердің біріне ұқсамайтын, кемел ойынан, кескекті қалыбынан жаңылмай, бір замандарда «Ағажай Алтайдан» ауып, орман шарлап, мұхит кешіп, табанын тасқа тілдіріп, ата түркілердің ұмыт болған ұрпақтары үнділердің сары жұртында жаны үзілген қазақтың қайып­берен мінезді қайсар перзенті Бақиға ат­танды. Мына жарық Жалғанның міндеті мен парызын сыпыра атқарып, Ұлы даласымен, Ұлы жұртымен алыста жатып қош айтысты. Білетіндердің айтуына қарағанда, шынайы кәсіби жазушылық жолға біржола бет бұрған, жазу мен ойлаудың, өнерді өрістетудің үлгісін планетаралық деңгейде игеріп, сол үлгіге өзінің ішкі ұстанымын да әбден бекемдеген қаламгер «топырақ бұйырған» жерде – екі дүние түйісіп, тәні суып, жаны ғарышқа бет алған ұлы сызықтың үстінде мәңгілік ұйқыға кетуді жөн көрген секілді…
11 қаңтар күні Бақыт жеңешеміз бен Едіге бауырымыз бастаған Мағауиндер әулетіне көңіл айтушыларда есеп болған жоқ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған Қазақ елі тегіс аза тұт­ты…
Алыс Америкада мұсылмандық салт­пен жазушының жаназасы оқылып, мешіт төрінен шыққан қасиет­ті Фатиха сүресінің сарыны ой-санамызды тербеді. Сарын сардаланы кезіп, жаңғырығы аспанды шарлады.
Иә…
Қазақ руханиятының аса көрнекті өкілі, жаратылысы бөлек, әр шығармасынан Ұлы даланың болмыс-бітімі, мінез-құлқы, ешбір ел мен ешқандай ұлтқа ұқсамайтын өмір сүру қалыбы, ойлау, сөйлеу салты, ғажайып мәнері менмұндалап тұратын, ұлтжанды, ұлыс ойлы, суреткерлік тағдыры туған халқының тағдырымен, мінезімен біте қайнасып, тұтасып кеткен, қос ғасыр тоғысы тұсауын кесіп, қаламына көне ғасырлардың тілі мен ділі, сарыны мен арыны ұялаған ұлтымыздың үлкен жүректі ұлы жазушысы Мұхтар Мағауин өмірмен осылай қоштасты.
Иманы саламат болсын!
Мен, Мұхаңды білгелі, әдебиет дейтін ұлы кеңістікте алғаш танысып, батасын алып, мына аумалы-төкпелі өмірдің күнгейлі-көлеңкелі сәт­терін бөліскелі ат­тай алпыс жыл болыпты…
Бәрі күні кешегідей… Әр сәті, әр сағаты, әр күні жады төрінде жат­талып қалған жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы, жетпісінші, сексенінші жылдары әдебиет пен өнердің керегесін кеңейтіп, уығын ұзартып, шаңырағын биіктеткен, тарих жылнамасына «алпысыншы жылғылар» деген қанат­ты ұғыммен енген тегеурінді де талант­ты буынның көрнекті өкілдерінің бірі, бірегейі болған, кескіні мен келбеті жарасқан, шешен тілді, көсем мінезді, ойы мен бойынан білім мен білік аңқып тұрған жігіт ағасын алғаш көрген сәтім қаз-қалпы есімде… Жүріс-тұрысына, киім киісіне, әнтек күлкісі мен өткір көзіне қарап тұрып, әлдебір Батыс романдарының эрудит кейіпкерлерінің бірін көргендей күй кешіп едім…
Басынан башпайына де­йін саулаған білім мен ағыл-тегіл парасат… Сөйлесе – сөзі, тербесе – ойы кез келген аудиторияны баурап, байлап алатын қабілеті бізді тәнті етуші еді. Алғашқы амандасу… Алғашқы ой бөлісу… Бәрі көз бен ойдың төрінде…
Алғашқы сезім алдамапты… «Қобыз сарынын» оқып сүйсіндім… Ұлт­тың өрісі мен өркенін көне ғасырлар қойнауынан іздеген жас ғалымның жұрт назарына бірден іліккен тұңғыш монографиялық зерт­теу еңбегі қазақ әдебиеті мен қазақ ғылымына құбылыс болып енгені жадымызда.
«Бір атаның балалары», «Көкбалақ», «Тазының өлімі» секілді иірімі терең шығармаларын оқып сүйіндім… «Көк мұнарды» оқып таңырқадым!.. Қазақ әдебиетінде бұрын болмаған шендестірулер мен уақыт, заман, ғасырлар сәйкестігін шебер өрген. Шынын айтсам, «Көк мұнар» жаңа тұрпат­ты әдебиет жасауға бет бұрған автор ретінде Мұхтар Мағауинді менің рухани кеңістігіме алып келді…
Жаны ғарышқа көтеріліп, рухы Ұлы дала мен Ұлы ғаламның арасында көкті кезген жазушы аруағының алдында бөтен сөз айту – күпірлік! Ақиқатын айтып, шындыққа жүгіну – екі дүниенің парызы. Мен «Көк мұнарды» 1973 жылы «Развилка» дейтін жерде (Алматы қаласы, Карбышева, 43 дейтін мекенжайда) пәтер жалдап жүріп, бір күн, бір түн оқығаным есімде… «Көк мұнардың» айтары – қазақтың айтары! Сөзі де, ойы да – қазақтыкі! Қайғысы мен мұңы да – қазақтыкі! Едігенің өзімен-өзі оқшау кетіп, бармағын қарш-қарш шайнап, ой-қиялында тілдесетін, жауынгер мінезді ұлы бабалардың рух бейнелі тарихы да – қазақтың қабырғалы тарихы! Алаштың арқалы дәурені! Біртұтас түркі жұртының өртенген өрісі!
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары жазылған жаңашыл рухтағы әрі реалистік, әрі постмодернистік үлгідегі «Көк мұнар» тақырыбына суреткер 2007 жылы «Жармақ» ат­ты романында қайта оралып соқты. Сартр, Дюрренмат­т, Жан Ануй секілді әдебиет­тің интеллектуалды бағыт­тағы көсемдерімен иықтаса отырып жазылған айтулы шығарма төркініндегі екі дүниенің барын кем ойлайтын, сезімі селт етуден қалған, тілі – жетім, ділі – шетін, діні – өгей, санасы жаһандану есімді алпауыт­тың мұнарына сүңгіп бара жатқан қайырсыз дәуірдің қаңбағына айналған қандастар қасыреті ойлы оқырманды елең еткізді!
Өйткені…
Бұл – сақтандыру еді!
Бұл – күн санап қиындап, күрделеніп бара жатқан дәуірдегі жаңа, жас ұрпақ санасын сақтаудың, сақтандырудың суреткер ұсынған өзгеше үлгісі еді…
Бұл – жаңа дәуірмен бетпе-бет келген қазақтардың қамын ойлап, жан дүниесі арпалысқа түскен жазушының жанайқайы еді!..
Мұхаң екеуміз ағалы-інілі болып араласып, әдебиет дейтін айдыны кең әлемде әріптес, қаламдас болып ұзақ жыл Жазушылар одағында бірге қызмет­тес болдық. Өтпелі дәуірдің сан тарау қиындықтары мен хикмет­терін де бірге жүріп атқардық. Бөлістік. Мұхаң өмірде де, өнерде де алған бетінен қайтпайтын, ұстанымына берік, тіршіліктің ұсақ-түйек әңгімесіне уақыт өлтірмейтін, өзінің өрісі мен өркенін қадағалап, әлемдік әдебиет пен ұлт әдебиетінің бағыт-бағдарын түгендеп отыратын жазушылық кәсіптің хас шебері еді… Ұлт, ұлт­тық құндылықтар дегенде доданың қандайына болсын, тартынбай араласатын. Алысса, алмай тынбайтын баяғының батырлары секілді еді… Әлемнің арғы шеті мен бергі шетін СӨЗ дейтін ұлы өнермен ғана өлшейтін! Талант көрсе – қуанып, бейталант көрсе – қуарып, айтарын жасырып-бүкпей тура айтатын… Қазақтың ұлы тарихын дәл Мұхтар Мағауиндей саралап, талдап, жеріне жеткізе танитын адам жазушы дейтін қауымда сирек еді…
Жалпы, Мұхаң өзін сол ұлт топырағындағы сиректер қатарынан екенін жасырмай айтып жүретін. Онысы өзіне жарасып тұрушы еді…
Сол сиректерге тән өз мінезімен, өрісі өлшемдерге сыя бермес үлкен суреткерлік қалыбымен өмір сүріп, ғұмыр кешті! Біреуге ұнады… Біреуге ұнамады… Шындап келгенде, ол пенделік қорығына қамалып, ұнау үшін өмір сүруді мақсат еткен жоқ! Ол өмірде бір-ақ нәрсені мақсат ет­ті. Ешкімге ұқсамай жазуды! Оқырманына ұнауды мақсат ет­ті! Ол қайда жүрсе де әдебиет дейтін киелі әлемге адал болды. Халқын шексіз сүйді. Ұзақ уақыт ұлы Едігенің қамқорлығында болып, кемел туындыларын жазып, шет­те жүргенде де елінен алыстаған жоқ! Қос ғасыр ақиқатын Алашымен бірге қарсы алып, Қазағымен қатар жүрді… Бірге болды!
Ол Сөзді – Қазақтан, Қазақты әдебиет­тен бөлген емес! Ол Тарихты –ұлт­тың тамыры, Сөзді Қазақтың жаны санайтын.
Мұхтар Мағауиннің әр шығармасын, тіпті өмір, қоғам ақиқаты жайлы қағазға түскен әр ірілі-ұсақты жазбаларын қалың оқырман іздеп жүріп оқитын. Жазушы бақыты дегеніміз – осы! Мұхаң осындай бақыт­ты көзі тірісінде жанымен, жүрегімен сезінді!
Ұлт әдебиетін кең өріске шығарып, соны биіктерге көтерген қостомдық «Аласапыран» мен төрттомдық «Шыңғыс хан», соңғы дүниесі «Алтын Орда» – айбынды мінез бен айдынды мақсат­тың жемісі! Алып Ойдың ұрпаққа, ұлтқа қалдырған аманаты! Мәңгілік ескерткіші! Сарқылмас мұрасы!
Ол мына жалғанның қызығы мен қуа­нышын, қайғысы мен қасыретін СӨЗ дейтін жұмбағы мен сыры мол әлеммен қалай өлшесе, бақи дейтін беймәлім әлемге де сол СӨЗ өнерінің сыры мен сипатын, жұмағы мен жұмбағын арқалап, ұзап барады…
Артында – Елі! Алдында – Мәңгілік!
Жаныңызға мекен жәннат төрінен бұйырып, рухыңыз пейіште шалқысын, халқына қадірі асқан, сөзді әлемнің кіндігі санаған Қайран Мұха! Бақұл болыңыз!
Қош, қаламына ғасырлар ұя салған Суреткер!

Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Қазақ­стан Республикасының
Мемлекет­тік сыйлығының лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір