ҒЫЛЫМҒА ТҮРЕН САЛҒАН…
23.08.2023
324
0

Әбдеш Тәшкенұлы Төлеубаев – Отандық ғылымның дамуына ұшан-теңіз үлес қосқан белгілі ғалым. Үшінші Алтын адамды тауып, әлемдік археологияға сенсациялық жаңалық әкелген танымал археолог, этнолог. «Тарих ататек, шежіре таратудан басталады», – деген Лев Гумилевтің тұжырымын негізге алар болсақ, Әбекең де – осал емес, тұлғалық қасиеті бар жақсылардың жалғасы, өзіне тән бекзат бітімі жарасқан тектілердің бірі. 
Көңіл аударып қараған адам тылсым сырлары мен құпиясын ғасырлар бойы өз қойнына жинаған даланың өз тарихын ішінде сақтап, уақыты келгенде бір-бірлеп сыртқа шығара беретінін байқар еді. Жалпы қазақ халқының көне тарихы, жазба тарихы кенжелеу дамыған археологиялық ескерткіштер мен жыр-дастандар ауыз әдебиетінде молынан сақталғандығы белгілі. «Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» дегендей, ғылымдағы сабақтастық ешқашан үзілген емес. Ә.Бөкейхановтан бастау алған, Ә.Марғұлан, Ә.Оразбаев, Ә.Төлеубаев төрт­тігі арасындағы байланысқа үңіле қарасақ, бір қызығы, төртеуінің де аты «Ә» әрпінен басталады екен. Кез­дейсоқтық па, әлде заңдылық па? Әлихан 1928 жылы Петербордағы Шығыстану институтында Әлкей Марғұланға сабақ берген. Жас кезінен бастап Желтау маңындағы «Беғазы – Дәндібай» дәуірінің тас қорғаны жатқан тарихи тастардың ерекшелігіне мән беріп, тылсым сырларына үңіле қараған Әлекең сол кездің өзінде-ақ талант­ты шәкіртінің санасына таңбалы тастардың сиқырына терең бойлау керектігін сіңіре бастаса керек. Қалай десек те, Әлкей Марғұланның ең алғашқы археологиялық сапарын дәл осы «Орталық Қазақ­стан археологиялық экспедициясы» деген атпен Желтауда бастауы тектен-тек болмаса керек. Ұстазсыз ғалым болмайды, ал ғылыми ізденістердің сабақтасып, жалғасып жатуы заңдылық. Орталық Қазақ­станның қола дәуірі тұрақтарын жарты ғасыр бойы зерт­теген ғұлама Әлекеңнің қасында Қазақ­станға белгілі кәсіби археолог, тарих ғылымдарының көш бастауында тұрған осы бір ғылым саласына бүкіл саналы ғұмырын арнаған Әбдіманап Медеуұлы Оразбаев болған еді. Ал жетпісінші жылдардың бас кезінде осы экспедициялар құрамына іліккен балаң студент Әбдеш Тәшкенұлы болашақта осы ұлы ұстаздарының «таяғын» ұстап қаларын сезінді ме екен?!
Жер шарының Азиялық бөлігін мекен еткен көптеген халықтардың архео­логиялық және фольклорлық мағлұмат деректеріне көз салсақ, олардың бірнеше ондаған мыңжылдықты қамтитынын байқаймыз. Осы тұрғыдан алғанда, Әбекеңнің де этнология ғылымын біраз зерт­теп, белгілі бір деңгейге жеткізген соң одан бой тартып, археология саласына бет бұруының да объективті себептерін түсінуге болады. Этнология аясы тар тарихтың «бүгінгі болмысын» ғана зерт­теу мүмкіндігіне ие.

Ал археология ғылымының ауқымы мыңдаған жылдарға созылады. Қазақ тұрмысындағы тәңірлік түсінік бастауларын қаузай, түбірлей жасаған зерт­теулері сабақтаса, жалғаса келе оны ақыры археология ғылымына алып келді. Туған жерінің топырағы тарихына терең үңіле жасаған зерт­теулері замандастарының, жерлестерінің ой-санасын ашып, бір сілкініс тудырғаны ақиқат. Тегінде бар тектілік, қанында бар бекзат­тық оны арыстар жүрген жолға бағыт­тады. Уақыт өте келе Әбекеңнің бастамасымен Шығыс Қазақ­стан облысының Шілікті және Елеке сазы алқабындағы қазба жұмыстары ел тарихындағы ең танымал жаңалықтардың бірі болып қалды. Дала өркениетінің адамзат дамуына қосқан теңдессіз үлесінің бірі – сақ бабаларымыздың қолынан шыққан аң стиліндегі жауһарлар. Археология ғылымы саласы мамандарының бағалауы бойынша, Ә.Төлеубаевтың Шілікті жәдігерлерін зерделеуінің нәтижесінде сақтар өнеріндегі «аң стилі» деп аталатын бағыт осы біздің қазақ жерінен, оның ішінде Шығыс Қазақ­стан жерінен бастау алады. Алайда Қазақ­стан археологиясында баға жетпес құндылық ретінде саналатын сақ дәуірі кезеңіне тән делінетін «аң стилі» деген атпен мәлім қолданбалы өнер өте жоғары дәрежеде дамығандығы қаншалықты дәлелді десек те, Әбекең – осы тұрғыда толықтай ғылыми тұжырым жасауға негіз салған ғалым. Мал кәсіпшілігі мен тұрмыс тіршіліктері қазақтарға өте жақын болған Моңғолияда «аң кескінді стилі» одан да ерте, қола дәуірі кезінде-ақ басталып кеткен деген болжам бар. Дегенмен де ғалымның сақ-скифтердің жерлеу ғұрпындағы ұқсастықтарды зерделей отырып, қазақ даласының әр қиырынан табылған (Алатау, Алтай, Атырау) «Алтын адамдар» қазақтардың ежелгі сақ, үйсін, қаңлы мәдениетінің мұрагері болып табылатынын, яғни бір ғана мәдениет­тің үлесіне тиетінін дәлелдеп шығуының өзі – тарих үшін батыл қадам. Профессор Ә.Төлеубаев – кәсіби этнолог ретінде Шілікті көсемінің шапан үлгісіндегі «алтын киімін» қалпына келтіру, әлеумет­тік статусы мен дүниетанымын анықтаудан бастап, азиялық сақтарда мемлекет­тілік болмаған деген еуроцентристік көзқарастағы ғалымдар пікіріне жалаң сөзбен емес, археологиялық деректер негізінде тойтарыс бере білген алғашқы қазақ­стандық ғалым. Шілікті «Алтын адамы» сақтардың тайпалық одағының патшасы, яғни ерте темір дәуіріндегі мемлекет патшасы деген нық сенімге келеді. Бұл туралы ғалымның өзі академик М.Қозыбаев туралы жазған естелігінде: «Мен Шіліктіден тапқан сақ заманының «Алтын адамының» бас киімінің маңдайын­да алтын бесжұлдыз қадалған екен. Бажайлап, тәптіштеп қарап едім, Есіктен табылған алтын адамның да бас киімінің маңдайындағы пластинада бояумен салынған бес тармақты бірнеше жұлдызшасы болғанына назар аудардым. Бесжұлдыз – ең көне символ, сақтар дәуірінен де көп уақыт бұрын болған. Бесжұлдыз – патшалықтың белгісі. Бесжұлдыздың түпкі семантикасы, ішкі мәні екі қолын екі жаққа жіберіп талтайып тұрған адамның бейнесінен кеп шығады. Мұны ғылымда біз «символ всемогущего человека» дейміз. Адамның керемет қасиетін, артықша қабілетін білдіретін дүние. Бұл он сегіз мың ғаламды жаратқан құдайдың бір мақұлығы, табиғат әлемді билеуші деген мағынаны да білдіреді. Тіпті осы ой Құранда да бар. Жалпы адамзатқа тән символды кейін массондық еврейлер өздерінің символы етіп алған. Бертінде пролетарлық диктатура бесжұлдызды басқа таптарға үстемдігі деп белгіледі», – деген ойларын алға тарта отырып, бұл белгінің семантикалық тарихы тым тереңде, мыңдаған жылдарға жол сілтейтінін жазып, батыл болжамдар жасаған тұңғыш ғалым.Өмірінің осылай кенет­тен үзілерін сезді ме, әлде армандаған, бастаған, қиялында жүрген істерінің аяқсыз қаларын ойлады ма екен, Әбекең өзінің алпыс жастан аса жазған ғұмырнамалық естелігінде: «Алпыс жас бүгінгі жас өлшемімен есептегенде аса көп жас емес. Зиялы адамдар өз өмірі туралы естеліктерді әдет­те, үлкен ақсақалдыққа жеткенде жазып жатады. Мен бұл жұмысқа ертерек кіріскен сияқты болып көрінермін. Бірақ солай жасағанды қаладым», – деп жазып, өз өміріне пайғамбарлық болжам жасап кеткен сияқты. Мен Әбекеңнің археолог ретінде Шіліктіден «Алтын адам» тауып, Қазақ­стандық археологиялық ғылым саласын әлемдік деңгейге көтеріп қана қоймай, кейбір «зерт­теушілердің» қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толған «тарихи» концепциясын жоққа шығара отырып, қазақ мемлекет­тілігінің пайда болу дәуірін Ақ Орда, Жошы ұлысы, Алтын Орда кезеңдерінен де әрі асырып, тереңдетіп, 25 ғасырға дейін көтеріп тастағаны өз алдына, қазақ мемлекетінің бастау бұлағы сонау сақтар дәуірінен тамыр алатынын, әрі сақтардың біздің тікелей ата тегіміз, протоқазақтар екендігі туралы да гипотезалық пайымдаулары бүгінгі күні құлаққа тосын естілгенімен де, түбінде ақиқатқа айналатынына сенемін.
Әбекең – сәруар тұлғалы, өте ардақты азамат еді. «Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін» ұстазымыздың өнегелі ғұмыр жолы ұмытылмақ емес. Ғылымдағы үлгере алмай кеткен, бастаған ісін кейінгі шәкірттері жалғастырар…

Дәурен ЕСКЕКБАЕВ,
этнолог, тарих ғылымының
кандидаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір