Ұстаз салған дара жол – ғылымдағы сара жол
6 желтоқсан күні Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымының докторы, профессор Рәбиға Сыздықтың туғанына 100 жыл толуына орай, «Сөз сыры мен сынын саралаған ғалым» тақырыбында республикалық дөңгелек үстел отырысы өтті.
Тіл ғылымы зерттеулер үйлестіру орталығы мен университет ректорының қолдауымен өткізілген жиынға Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов бастаған бір топ академиктер мен елге белгілі ғалымдар қатысты. Шараның басты мақсаты – жаңа тұрпатты жастарды ғылым-білімге тартып, бойларындағы ұлттық тіл мен отаншылдыққа деген құрметті арттыру.
Тіл ғылымы зерттеулер орталығының президенті, ҚР ҰҒА академигі Кәрімбек Құрманәлиевтің модераторлығымен үш жарым сағатқа созылған тағылымы мол рухани басқосу халқына қалтқысыз қызмет еткен Рәбиға Сыздықтың тағдыр жолын жан-жақты ашуға бағытталған әрі қоғамға тигізген пайдасы мен өнегесі дәріптелген «Тағдыр жолы» атты деректі фильмнен бастау алып, ғалымдардың ғылымға негізделген сүбелі баяндамаларымен жалғасты.
«Бүгін Рәбиға Сыздықтың ғасырлық тойы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға үлкен мән беруіміз керек екенін айтқан болатын. Ұлттық құндылық деген не? Бірінші, ол – тіл. Тіл жанашыры, ұлт мақтанышына айналған Рәбиға апайға арналған мұндай дөңгелек үстелдің өткізілуі – келешек жастарымыздың бойына тәуелсіз мемлекетіміз бен тілге деген сүйіспеншілікті қалыптастыру. Рәбиға Сыздықова тек қазақтың көрнекті өкілі емес, ол – қазақ тіл білімін түркі әлеміне танытқан кісі. Сол себептен, жастар мұны білуі керек. Ғылым мен білімді екінші орынға қойған мемлекет ешқашан бірінші орынға көтеріле алмайды деген жақсы қағида бар. Жастар – біздің келешегіміз. Сондықтан бүгінгі жиынның мәні – жастарды ғылымға тарту», – деді модератор Кәрімбек Құрманәлиев.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтауын Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов жеткізді. Құттықтауда қазақ ғылымы қашан да ғұлама ғалымдармен тұғырлы, шоқтығы биік таланттармен танымал екені және солардың алдыңғы легінде ұлттық тіліміздің өсіп-өркендеуі мен қазақ тілтану ғылымына елеулі үлес қосқан шексіз қажыр-қайрат иесі – Рәбиға Сыздықтың ерен еңбегі баяндалып, бір ғасырлық мерейтойдың күллі қазақ үшін маңызды екені айтылды.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова:
– Қазақ тіл білімінде 59 салада қалам тартқан, 10 бағытты дамытқан ғалымның ғылыми еңбектері халыққа 12 том болып ұсынылды. Рәбиға апай – «қазақ әдеби тілінің негізі жазба тіл емес, ауызша тараған жалпыхалықтық тіл» деген теорияны бекемдеп, нықтап, шегелеп кеткен ғалым. Абайды тұңғыш лингвист ретінде қарастырғанымен, Абайға дейін де қазақ әдеби тілінің өкілі болған Дулат Бабатайұлы, ноғайлы дәуір кезеңіндегі жыраулар тілінің мысалдары мен көріністерін зерттеді. Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауи, Қадырғали Жалаири сияқты жазба мұра қалдырған тұлғалардың еңбектеріне ғылыми талдау жасап, алуан түрлі формамен жазылып жүрген қазақ жазуын 1954 жылдан бері бір жүйеге түсірген ғалым.
Филология ғылымының докторы, профессор Қалбике Есенова «Ұстазым салған сара жол – ғылымдағы дара жол» атты баяндамасында:
– Рәбиға Сыздық ұстазымның қасында 30 жылдан астам уақыт болған екенмін. «Рәбиға» есімін әйгілеген оның мінезіндегі үш түрлі қасиет секілді. Біріншіден, академик Рәбиға Сыздық өте намысшыл және қайсар жан еді. Өйткені әкесі «Халық жауы» атанып, репрессия құрбаны болды. Кішкентай ғана қыз өмірде көп әділетсіздік көрді және сол әділетсіздікпен күресті. Екінші қасиеті – адалдықты өмірлік ұстанымына айналдырған жан. Үшінші қасиеті – қара қылды қақ жаратын турашыл, шыншыл мінезі еді. Әдеби тілдің орфографиялық және орфоэпиялық нормаларын жетік меңгерген, өзгелерге де сол талапты қоятын элиталық топтың көрнекті өкілі болды. Тіл тарихын терең зерттеген, көне дәуір мұраларына жан-жақты талдау жасаған, көне сөздерді жаңғыртушы, түркітанушы маман, – деп ұстазына деген зор құрметін жеткізді.
Ал Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжениринг университетінен келген филология ғылымының докторы, профессор Бибайша Нұрдәулетова «Ұстазыммен соңғы сұхбат» баяндамасында Рәбиға Сыздықтың ең елеулі жұмысы халықтың рухани, материалдық болмысының өлшемі – тілдің халық жадынан өше бастаған бөлігін қайта жандандырып, тірілткенін айтты. Ғалымның ұстаздық тұлғасын сопылық ілімдегі ұстаздардың болмысымен байланыстыруға болады деп есептеген профессордың «ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыс бірінші кезекке қойылуы керек» деген пікірі де баяндамаға негіз болды.
Университеттің 3-курс докторанты Акрам Муса-Акунов «Ұстазымның ұстазы Р.Сыздықтың ғибартты ғұмыры» баяндамасы арқылы Рәбиға Сыздықтың шәкірттеріне айтқан бес түрлі өсиетін атап көрсетті.
Ұстазымның бірінші өсиеті: «Күнделік жазыңдар. Бір ғасырға жуық ғұмырымда талай адамдармен кездесіп, Қазақстанның тарихында маңызды оқиғаларға куә болдым. Соған атсалысқан адамдар жайлы 4-5 сөйлем болса да түртіп, күнделікке жазып қалдырғанда, ұрпаққа, жас зерттеушілерге игілігі тиер еді». Екінші өсиетінде: «Жарысып білім алыңдар, еңбек етіңдер», – деді. Үшінші өсиеті: «Қандай да бір шет тілін үйреніңдер. Мен шет тілін үйренбедім. Шетелдің әдебиеті мен рухани мұрасымен танысу үшін шет тілін үйрену қажет еді. Бірақ орыс тілінде көркем әдебиетті көп оқып жүремін». Төртінші өсиетінде: «Шәкірт жинаңдар», – дейді. «Білімді шәкірт ғалымның уақыты, қолы жетпеген сан-салалы тақырыптардың зерттелуіне көмектеседі. Ғылымның дамуына септігін тигізеді». Бесінші өсиеті: «Курортқа ерте барыңдар. Курортқа ерте бармадым, жұмысты істей бердім, істей бердім, денсаулығымды ойламадым».
Түреннен жол салып, ғылым биігінде толымды табыстарға қол жеткізген, көркем мінезді көрнекті ғалым, академик Рәбиға Сәтіқалиқызының шәкірттер санасында ойып тұрып орын алған ғибратты даналығы және том-том болып жарыққа шыққан монографиялық еңбектері мен ғылыми шығармалары қайталанбас дарын иесінің атын өшірмесі анық.
Дана БОЛАТҚЫЗЫ
ПІКІРЛЕР2